Байланысты: Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)
Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004; Әлемдік философиялық мұра. Алматы: Жазушы, 2006.
ДҮНИЕ – тұтас алғандағы бүкіл объективтік шындықта бардың бәрі. Д-ге бірлік, біртұтастық тән. Д-нің бірлігі, біртұтастығы философияда әртүрлі түсіндіріледі. Қандай көзқарасты ұстану адамның дүниеге көзқарасын, дүниетанымын анықтайды. Философия мен ғылымды Д. мен адамның қарым-қатынасы мәселесі қызықтырады. Адам да сол Д-нің бір бөлігі, бірақ Адам сонымен бірге Д-мен барабар: ол Д-ні сезінеді, тұтас қабылдайды, танып-біледі, өзгертеді, оған тереңдеп бойлайды, оның тұтас суреттемесін жасайды, меңгереді. Адам әмбебап жан иесі ретінде дүниемен теңгеріледі, сол Д-де еркін өмір сүруге ұмтылады. Адамзат практикасының дамуы бұл еркіндік дәрежесінің барған сайын арта түсуіне әкеліп соғады. Д. ұғымымен қатар кейде Әлем, Ғарыш (Космос) ұғымдары қолданылады. Әлем ұғымы астрономиялық мағынасы бар ұғым, ол галактика, мегагалактика сияқты ұғымдармен нақтыланады. Космос ұғымы антикалық философияның жемісі: онда миф пен логос, хаос пен космос қарама-қарсы қойылады. Космос хаостан мүлде бөлек, ол белгілі бір тәртібі, ішкі заңдылығы бар біртұтас Д., сондықтан антикалық философиясының басты ерекшелігі оның космоцентризмінде делінеді. Яғни бәрі, табиғатта, қоғамда да, адам баласы да, сол бір Космос, сонымен қамтылады, сонымен анықталады. Бүкіл Д. макрокосмос делінсе, адам микрокосмос деп есептеледі. Қазіргі ғылымда космос ұғымы астрономиялық (аспан, аспан денелері) мағынасында қолданылады. Д. ұғымы – қазақтардың таным-түсінігінде жетілген, арнайы философиялық ойтолғам деңгейіне көтерілген, өзіндік сипаттары бар іргелі мәселе. Он сегіз мың ғалам – әлемнің сан алуан күрделілігі мен шексіздігі, шетсіздігі мен жасампаздығы, ақиқаттығы мен мәңгілігі туралы ғарыштық-болмыстық түсінік ретінде орныққан. Тылсым Д. – адам танымының шегін білдіретін және әлем өзінің ішкі терең мән-мағынасын өзінде сақтайтындықты тұспалдайтын, Д-нің асқақтығы мен қыр-сырының танылмаған жұмбақ құбылыстарының бар екендігін ұғындыратын рухани және заттық болмыстың бірлігі. Жарық Д. – адам өмірінің осы болмысқа келуінің мағыналылығын білдіретін, оптимистік пен өміршеңдікті, әрекетшілдік пен жігерлілікті сипаттайтын әлемнің кеңдігі мен асқақтығын, шексіздігі мен әсемдігін бағалай білу қажеттігіне шақыратын ұлттық таным түсініктегі ұғым. Жалған Д. – алдамшы, уақытша өмірді және тұтас әлем мен адам болмысының өткіншілігін, өзгермелілігін түйсінуден туған алаңдаушылық көңіл-күй мен тіршілікке деген тойымсыздықты, өмірге деген бағалаушылық көзқарасты білдіретін түсінік.
ДҮНИЕГЕ қатынас – адамның дүниемен байланысын, өзара қарым-қатынасын білдіретін ұғым. Оның басты түрлеріне практикалық, танымдық, этикалық, эстетикалық және діни қатынастар жатады. Адамның дүниемен байланысы, қарым-қатынасы оның дүниеге көзқарасында бейнеленеді, сонымен қатар, керісінше, оның дүниеге көзқарасы, дүниетанымы оның іс-әрекетінде, мінез-құлқында, басқа адамдарға, жалпы дүниеге қарым-қатынасында көрініс табады.
ДҮНИЕГЕ көзқарас, дүниетаным – тұтас дүние және ондағы адамның алатын орны туралы жалпылама түсініктердің жүйесі. Д.к-тың басты түйіні дүние мен адамның қарым-қатынасы мәселесінде жатыр. Дүние бар, сол дүние дамуының ең жоғарғы нәтижесі болып есептелетін саналы адам бар, ал бұлардың арақатынасы қандай? Ең алдымен дүние дегеніміз не? Адам дегеніміз кім? Дүние шекті ме, шексіз бе, мәңгі ме, өткінші ме? Адам қалай және қашан пайда болған? Оның өмірінің мәнісі неде? Адам дүниені танып-біле ала ма? Адамның бұл дүниедегі орны қандай? Адам нені қалайды, нені таңдайды, неге ұмтылады, нені армандайды? Ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен жауыздық, қайырымдылық пен қайырымсыздық, бақыт пен бақытсыздық, өмір мен өлім, ақылдылық пен ақымақтық және т.б. осындай сауалдар адам баласын мазалайды, толғандырады, күйзелтеді, ойлантады, сана-сезімін серіктіреді. Міне, осындай дүние мен адам қарым-қатынасы төңірегіндегі бітпес сұрақтар тізбегі Д.к. құрамына еніп, жауап күтеді. Сондықтан ол адам санасының қажетті құрамдас бөлігі болып табылады. Адам баласы пайда болғалы бұл мәселелер заманына сай әр елде, әртүрлі дәрежеде шешіліп отырады. Әр дәуірдің өзіне сай жиынтықты Д.к., дүниетанымы бар деуге әбден болады. Сонымен бірге бұл дүниетанымның жекелеген адамдар санасында қалыптасып, индивидуалды көрініс табатынын ескерген жөн. Д.к. құрылымында әртүрлі білімдер (өмірлік-практикалық, ғылыми, кәсіби және т.б.) мен құндылықтар жүйесі, іс-әрекет бағдарламалары өзара байланысында орын теуіп, адамдардың дүниені және өзін-өзі мүмкіндігінше тұтас түсінуіне жағдай туғызады. Д.к-тың жалпы адамзатқа тән тарихи формаларына әпсана (миф), дін және философия жатады. Философия Д.к-тың өзегін құрайды. Белгілі бір философиялық жүйеде құрылған Д.к. сол философиялық ілімнің принциптеріне негізделеді, сондықтан ол теориялық түрде ой елегінен өткізілген, барлық бөліктерінде өзара жымдастырылған, сындарлы түрге еніп, сол көзқарасты ұстанған адамның барлық іс-қимылын, ойлау желісін, құндылықтық бағдарын, эмоциялық реакцияларын, өмірлік ұстындарын анықтайтын болады.