Қазақ мәдениетінің негізгі архетипі К-гі тағы бір маңызды мәселе ондағы әлеуметтік құрылымға, қоғамдық ұжымдасу ерекшеліктеріне қатынасты. Мұндағы алдымен көзге түсетін нәрсе – қауымдық тұтастық. Егер еуропалық нарықтық қоғамда зат иелену мен азаматтық қатынастар шешуші қызмет атқарса, көшпелілерде туысқандық, рулық байланыстар ең құнды болып есептелінеді. «Ата қонысың» ұғымы К-лер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындау. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әр жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзендер, көлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жатқан молалардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әфсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырылған. К. мәдениет пен климат ерекшеліктерін ұтымды қолдана білген. Мысалы, Қазақстанда ерте заманнан бері маусымдық жайылымдар пайдаланылған. Жауын-шашыны молырақ арқаның теріскейіндегі орманды-далалы алқапты, оңтүстік-шығыстағы таулы өнірді жұрт ең алдымен жайлау, ал шығыс және орталық аймақты қыстау ретінде пайдаланып келген. Көктеу мен күзеу мал қыстайтын жерлерге тікелей жалғасып жатқан. Қалыптасқан дәстүр бойынша маусымдық жайылымдардың рулар арасында бөліске түскенімен мал қыстайтын жерлерден басқасын елдің бәрі бірдей пайдаланған. Қазақта көшіп-қонудың тарихта белгілі «Көлденең бағыттағы», «Тіке бағыттағы» және «Тұрақтың үш түрінің бәрі болған. Олар ең алдымен жылжымалы шаруашылықтағы малдың құрамымен, көшпелі қауым өмір сүрген табиғи-климаттық жағдайларға байланысты болған»,– дейді Ө.Жәнібеков. Қатал даланың табиғатын түсіну, оның ішкі заңдылықтарын терең білу, болжамдық – бұлардың бәрі көшпелілер мәдениетінің маңызды жақтарына жатады. «Құрғақ даланы,– дейді А.Тойнби, – тек бақташы ғана меңгере алады, бірақ сол далада тіршілік етіп, табыстарға жету үшін ол өзінің шеберлігін тынбай жетілдіре беруге міндетті, ол ерекше адамгершілік және парасаттылық қасиеттерді қалыптастырады». (Постижение истории. М., 1991. С.195.). Малшылық егіншіліктен гөрі күрделілеу, өйткені дихан табиғат өнімдерін тікелей тұтынса, көшпелілерде мал табиғи өсімдіктерді өңдейтін механизм тәрізді. Белгілі бір парасаттылық, ізгілік, ұстамдылық, интуициялық жоғары қабілеттері жоқ адамдар қатал далада өмір сүре алмас еді. Кеңістікке үйлесімді мәдениетте адам мен табиғаттың арасында «қытай қорғаны» тұрған жоқ. Керісінше, мәдениет олардың арасындағы нәзік үндестікті білдіретін дәнекер қызметін атқарады. Әрине, көшпелілік мәдениетті бүкіл адамзат үшін ең жоғарғы үлгі деп көтермелеудің қажеті жоқ. Номадалық (ежелгі гректер көшпелілерді nomades – номады деп атаған) өмір салты қалалық мәдениетінің қалыптасуына, оған байланысты жазу-сызудың, оқу орталықтарынның, қолөнердің, техниканың дамуына жағдай туғызбады. «Мен кіммін», «Неге өмір сүремін, қалай өмір сүремін, ажалды қалай қарсы алу керек?» тәрізді сұрақтар қауымдық қоғам мүшелерін тым көп ойландырмайды. Бәрі алдын ала шешіліп қойылған, аталардың белгілеп кеткен жолынан таймаса болды. Салт-дәстүр уақытқа бағынбады, ол мәңгілікпен теңесті. Бұрын жасалғаннан айырылу өліммен бірдей. Ал егер табиғи апаттар, әлеуметтік қақтығыстар, жаугершілік келсе, онда көп жағдайда көшпелілер өзгерген ортаға бейімделе алмады. Ескі құндылықтар жүйесі жоғалып кетіп, қауымдық адамдар жаңа игіліктерді өздеріне пір тұта алмады. Талай атағы жер жарған көшпелілер империялары тарих жолынан шығып қалып жүрді. Бұл жерде ғұндар мен моңғолдардың, түріктер мен арабтардың тарихи тағдырын еске алсақ жеткілікті. Әдебиет: Философия. Энциклопедический словарь. – М., 2004. Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т.1. Астана: Аударма, 2005.
КУЛЬТ, Ғибадат (лат. cultus – күтім, құрметтеу) – ерекше тылсым күшке сену бағытында жасалатын қимыл, әдет-ғұрып, салт-жоралар жиынтығы. К – орталығы түрлі ғибадат етер заттары бар храм, табынатын үйлер.Көп жағдайда көркем шығарм.-тың классикалық үлгісі де К-тік қызмет атқарады. К-тің негізі түрлері – магия (қоршаған ортаға бір тылсым күштің әсер етуі, арбау); тілек тілеп жалбарыну, шарапат күту (құдайға, рухқа, Аллаға, Аруаққа жалбарыну); қасиеттілер К-ті.
КУН Томас Сэмюэл (1922 – 1995) – американдық философ және ғылым тарихшысы, қазіргі постпозитивистік ғылым философиясының көшбасшыларының бірі. Гарвард университетінің физика факультетінде оқып, 1943 ж. теориялық физика бойынша бакалавр, 1946 ж. магистр, ал 1949 ж. доктор ғылыми дәрежесін алады. Кейін ол ғылым тарихы және философиясымен айналысып, басты еңбектерін осы сала бойынша жазады. 1958 ж. профессор атағына ие болады. ХХ ғ. 40-50 жылдары ғылым философиясында неопозитивизмнің абыройы әлі өте зор болатын. Неопозитивизм өкілдері (М.Шлик, Р.Карнап, Ф.Франк және т.б.) өз зерттеулерінде ғылым тарихынан абстракцияланып, ғылыми теориялардың формалдық-логикалық құрылымын талдаумен шектелетін. К. батыс философиясында ғылым тарихына баса көңіл бөліп, ғылым философиясын оның тарихымен тікелей байланыстыра зерделеу қажеттілігіне назар аударған ойшылдардың бірі. Бұл бағыттағы «Коперникандық революция» (1957) деп аталатын бірінші монографиясында, К. астрономия тарихында орын алған ғылыми төңкерісті тәптіштеп талдап, оның мазмұнды тетіктерін айшықтайды. Басты еңбегі 1962 ж. жарық көрген әйгілі «Ғылыми революциялардың құрылымы» деп аталатын монографиясында ол өз идеясын әрі жалғастырып, ғылыми революцияның парадигмалдық тұғырнамасын негіздейді. Бұл тұғырнама бойынша ғылымның дамуы бір сызықты емес, өте күрделі үш сатылы үдеріс: парадигмаға дейінгі ғылым, парадигмалық (нормалдық) ғылым және экстраординарлық ғылым. Алғашқы сатыда ғылымның дамуында әртүрлі гипотезалар өзара бәсекелесіп, ғылыми қауымдастықтар арасында пікірталас өршіп, әрқайсысы өз моделін ұстанып, эклектикалық күй кешетін болса, екіншісінде ғылыми қауымдастықтың барлық мүшелері мойындаған жаңа теорияның туындауы негізінде ғылым мәселелерді шешудің үлгісі ретінде парадигма пайда болып, нормалдық ғылым орнығады. Парадигма дегеніміз – ғылыми іс-әрекеттің қалыптасқан ережелерінің, стандарттарының, әдістерінің, идеялары мен құндылықтарының, мәселелерді шешу үлгісі болатын жиынтығы. Парадигма пайда болғаннан кейін соның негізінде ғылыми мәселелер бірінен кейін бірі қойылып, табысты шешімін тауып ғылыми прогресс қарыштап алға басады. Біртіндеп берілген парадигмаға қайшы келетін, оның шеңберіне сыймайтын «аномалиялық» фактілер пайда болып, барған сайын көбейіп ғылымның дамуында дағдарыс туындайды, сөйтіп экстраординарлық ғылым сатысы өз күшіне енеді. Мұның нәтижесінде жаңа парадигма туындап, ғылыми революция (ескі парадигмадан жаңасына өту) орын тебеді. Осылайша жаңа деңгейдегі парадигмалық (нормалдық) ғылым дүниеге келеді. К. ғылым дамуының психологиялық, мәдени-әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдаяттарын да ескеріп, олардың жаңа парадигманы таңдау мен қабылдау кезіндегі әсерін көрсетуге ұмтылады. К. ұсынған парадигмалық тұғырнама қазіргі ғылымның философиясы мен методологиясына оң әсерін тигізіп, постпозитивистік дәстүрдің қалыптасуы мен дамуына зор ықпал еткені белгілі. Әдебиет: Т.Кун. Структура научных революций. М.: АСТ, 2003. С. 9-269; В.С.Степин. Философия науки. Общие проблемы. М., 2006.; Т.Кун. Ғылыми революциялардың құрылымы//Ғылым мен техниканың батыстық философиясы. Әлемдік философиялық мұра. Жиырма томдық. 10-том. А.: Жазушы, 2006. 201-258 бб.