Қр бғМ Ғк философия, саясаттану және дінтану институтының


(лат. absurdus – жалған естілетін, үйлесімсіз



бет6/267
Дата20.09.2023
өлшемі1,22 Mb.
#109258
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   267
Байланысты:
Филос Энцикл Создик Документ Microsoft Office Word (2)

АБСУРД (лат. absurdus – жалған естілетін, үйлесімсіз) – мәнсіздік, қайшылықты ой. Орта ғасырларда логикалық категория ретінде қолданылған. А.Камюдің шығармаш.-нда философиялық мәнге ие болды. Француз ойшылы өзінің «Сизиф туралы миф» деген шығармасында: «Мағынасыздық адамзат өркениетінің тағдыры, осыны түсінген тұлға тағдырын жеңіп шығады» дейді. Бұл ой бағыты белгілі дәстүрге айналып, ХХ ғ-дың 2-жартысында С.Беккет, Э.Ионеско есімдерімен әйгіленген А. драмасын тудырады
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т. 12. Астана: Аударма, 2007.

АБЫРОЙ – жеке адамның рухани сапасын, құндылықтық тұғырын анықтайтын моральдық ұғым, жеке тұлғаның өзіне-өзі, оның әлеуметтік ортаға және қоғамның жеке адамға моральдық қатынасын бейнелейтін этикалық категория. А. жеке тұлғаның өзінің өзіне деген талғампаздығы мен талапкерлігі негізделетін, өзіндік сананың бақылау формасы. А. ар-ұжданмен қатар, адамның қоғам алдындағы өз борышы мен жауапкершілігін саналы түрде түсінудің бір тәсілі. Жеке адамды құрмет тұтып қадірлеу, сыйлау, оның құқығын, ерік-бостандығын мойындау және т.б. талаптардан тұратын жеке тұлғаның абыройы оған деген қоршаған әлеуметтік орта мен жалпы қоғамдық-әлеуметтік қатынас арқылы көрініс табады және сол арқылы реттеліп отырады, яғни қоғамның адамға және адамның қоғамға деген қатынасын білдіреді. А. адамның қоғамдық бітім-болмысын, бейнесін, беделін танытады. Бұл жағдайда А. жеке тұлғаның әлеуметтік және моральдық бостандығының маңызды жағы болып табылады. Адам абырой үшін қызмет етеді, ал жасалған абырой адам үшін қызмет істейді. А. адамға ғана тән сапалық қасиет. А. адамның бойына туа бітетін немесе біреуден сыйға алатын нәрсе емес. Сондықтан А. жүре қалыптасып, жасалынады, яғни моральдық процесс және ол шексіз үдеріс, адамның саналы ғұмырынан бастап өмірінің соңына дейін созылады.

АВАНГАРДИЗМ, авангардшылдық (франц. avant gardіsme алғы шептегілер) – қалыптасқан қағидалар мен дәстүрден, өмір бірқалыптылығынан алшақтай отырып, көркем мәдениетті жаңғыртпақ болған мәдени ағым. А. ХІХ ғ-дың аяғы мен ХХ ғ-дың 60 – 70 жылдарында өрістеді. Ол модернизмнің тым әсіреленген бағыты ретінде қалыптасты. А-нің басты мәнісі – мәдени мирасқорлықтың маңызын кемітіп, « мәңгі құндылықтар» деген ұғымды қайта қарау. А-нің пайда болуына философияда постклассикалық ағымның (Шопенгауэр, Ницше, Бергсон, Хайдеггер, Сартр, т.б.) ықпал етуі; психологияда – фрейдизм мен психоанализдің қалыптасуы, лингвистиканың мәдениеттанулық деңгейде көрінуі; еуропаорталықтық принциптен бас тартып, шығыстық мәдениеттерге, дінге назар аудару; теософия, антропософия, жаңа эзотериялық ілімдердің жандануы үлкен әсерін тигізді. А. ұғым-терминін өнертануда алғашқы рет қолданысқа енгізген француз көркем өнер сыншысы Т.Дюре болды. А. өкілдері өнерді өмірден айырып қарап, оның әлеум. маңызын жоққа шығарды, өнердің ерекше эстет. табиғатын әсіреледі. Реализмді теріске шығарғандардың барлығы өздерін «авангардшылар» қатарындамыз деп есептеді, тарихи-мәдени маңыздылығы бойынша А-нің екі бағытын айыруға болады: ғаламдық және шағын аумақты. Соңғылары өздерінің жеке ізденістері мен тәжірибелері арқылы жалпы А-нің ықпалын күшейтті. А. өнердің әр саласында өзінше көрініс тапты: театрда реалистік декорация абстракті конструкциямен алмастырылды, қойылымның шарттылығына, еркіндігіне ерекше назар аударды (Б. Брехт, Вс. Мейрхольд, Е. Вахтангов т.б.); әдебиетте (А. Бехер, П. Элюар, М. Пруст, Ф. Кафка, Э. Ионеско т.б.) жаңа рәміздік-шарттылық тәсілдер кеңінен қолданылды; бейнелеу өнерінде (П. Пикассо, М.Шагал, С. Дали, Маттисс т.б.) абстракшылдықтың, дадаизмнің, сюрреализмнің, конструктивизмнің т.б. тәсілдері алдыңғы қатарға шықты; музыкада, әсіресе, таспаға жазып алып алу және электронды синтезатордың пайда болуы, оны 20 ғ. ырғақтарына сәйкестендірді; сәулет өнеріндегі А. стиліндегі ғимараттар адамзат қиялының нәтижесі ретінде көрініс тапты. Ғасыр басында А. бағыты қаншама әділ сынға ұшырағанымен, өзінің мәдени құндылығын жоғалтпады.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Мәдениет философиясы. Т. 19. Астана: Аударма, 2006; Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т 12. Астана: Аударма, 2007.

АВЕСТА – ежелгі Орталық Азияда, Иранда және оған көршілес аймақтарда кең таралған зорастризмнің (әулие Зәрдештің ілімі – б.з.д. VI ғ.) қасиетті жазбалар жинағы. «Авеста тілі» деп аталатын көне тілде б.з.д. III ғ-да хатқа түсірілген. Сасани әулеті заманында (III – VII ғ.ғ.) А. 21 кітаптан құралған. Ғалымдардың сараптауы бойынша, біздің заманымызға соның төрттен бірі ғана жетті. А-ның діни-философиялық мазмұны өзінің әсіре дуализмімен айқындалады. Ол бойынша, әлемде екі күш – жақсылық пен жамандық бір-бірімен толассыз күресте болады. Бұл қағиданың терең мәдени маңызы бар: жақсылық пен жамандықтың арасын ашу өркениетті дамудың түбегейлі мақсатына жатады. Адам зороастризмде еркін таңдау құқығына ие: ол жақсылықтың, немесе зұлымдықтың жағында бола алады. Түбінде ізгілердің саны көбейіп, жақсылық бастауы жеңіске жетеді. А. тек діни мінәжаттар мен уағыздардан тұрмайды, оны Шығыс мәдениетінің әмбебапты жәдігерлігі деп қарастырған жөн. А. бойынша барлық жан иелері тұтас әлеммен үзеңгілес, үндес дамып отырады. Жаны бар барлық құрылымдар тек мағыналы болып табылады. Бұл бүкіл адамзатты құрметтеуге жол ашады. Сондықтан зороастризмнің құнды идеяларының әлем мәдениетіне қосқан үлесі жоғары. А. исламдық мәдениетке, әсіресе, сопылық ағымға үлкен әсерін тигізді. Көптеген ғалымдар (М.Бойс, В.Бартолд, А.Бернштам, Ә.Марғұлан т.б.) Зәрдеш ілімін қалыптастыруға Орталық Азияны мекендеген сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпаларының қатысқандығын атап өтеді. Зороастризм қазақтың дәстүрлі мәдениетінің қалыптасуына да зор ықпалын тигізген (барлық Иран-Түркі халықтарына ортақ Наурыз мейрамы, от және сумен тазарту, аластау дәстүрлері, қалыңдықтың отқа май құйуы т.б.) А. сарындары мен желілері ежелгі түркі эпостарымен үндесіп отырады. Ғалымдар А. ықпалы Оғызнамадан, Қорқыт Ата кітабынан, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи, Асан Қайғы, Бұқар жырау шығарм.-нан байқалатындығын дәлелдейді.
Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Ежелгі көшпелілер дүниетанымы. Т 1. Астана: Аударма, 2005: Ислам. Энциклопедиялық сөздік. /құр. Б. Аяған. – Алматы: Аруна, 2009.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   267




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет