Энциклопедиялық сөздік философия саласындағы көптеген зерттеулерге ықпалын тигізері сөзсіз. Жұмыстың нәтижелерін философия, мәдениеттану және саясаттану ғылымдарына арналған кешенді зерттеулерге, пәнаралық жобаларға, жалпы ағартушылық және тәрбиелік бағдарламаларға енгізуге болады. Энциклопедиялық сөздіктің теориялық және қолданбалы нәтижелерін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің барлық мекемелері қолдана алады. Оқушылар, студенттер, магистранттар, докторанттар және ғылыми қызметкерлер кітап түріндегі бұл еңбекті күнделікті пайдалана алатын кітабына айналдыруына болады. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасының қауіпсіздік Кеңесіне, Ұлттық-мәдени орталықтарға, әкімшіліктерге, Үкімет органдарына пайдасын тигізеді деген үміттеміз. Білім мен ғылымның әртүрлі салаларына қатысты энциклопедиялық сөздіктер мен анықтамалықтарды жариялау жағынан бізбен көршілес Ресейдің анағұрлым алда екені күмән туғызбайды. Ал біздің елімізде бұл бағыттағы жұмыстардың енді ғана қарқын алып келе жатқаны белгілі. Негізінен мұндай жинақтардың пайда болуына «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы мұрындық болып келді. Гуманитарлық білім салаларына қатысты қазақ тіліндегі осындай еңбектердің зәрулігі байқалады. Елімізде жазылған жұмыстардың көпшілігі нағыз ғылыми сипатта емес және қолданбалы тұстары аздау. Сондықтан осы ғылым салаларының негізгі ұғымдарын тарихи-философиялық зерттеу мәдени-тарихи ахуал мен рухани жағдайды қайта қалпына келтіруге септігін тигізіп қана қоймай, оның сабақтарын қазіргі Қазақстандағы қоғамдық ойды дамытуға да пайдалануға болады. Осы себептерге байланысты бұл энциклопедияның күтілетін ғылыми нәтижелері бәсекеге толықтай қабілетті бола алады, сонымен қатар, олар ұлттың ұйысуы мен қоғамның бірігуі үшін қазіргі әлеуметтік саланың модернизациялануы кезеңінде үлкен маңызға ие болары анық. Авторлар философияның дәстүрлі кезеңі мен қазіргі жаһандану процестері арасындағы сабақтастық идеясын терминдерге жеткілікті деңгейде түсіндірмелер беру арқылы айқындайды. Әрбір ұлттың, ұлттық мәдениеттің философиялық салалар бойынша жеткілікті деңгейдегі энциклопедиялық сөздігі болуы керек, ол тек тілдік қорды ғана нығайтып қана қоймай, сонымен қатар жалпы дүниетанымдық көкжиекті кеңейтеді, қазақ тілінің рухани ауқымын да барынша кеңейтеді, сонымен қатар практикалық жағынан алғанда қоғамда ұлтаралық қатынастардың келісімдене түсуіне өз үлесін қосады.
АБАЙ (Ибраһим) Құнанбаев [29.7(10.8).1845, қазіргі Шығыс Қазақстан обл. Абай ауд. Қасқабұлақ жайлауы – 23.6(6.7).1904, сонда, Балашақпақ жайлауы, бейіті Жидебайда)] – ақын, философ, ағартушы гуманист. А-дың ұлылығын танытатын өлеңінің бірі – “Өлсе өлер табиғат, адам өлмес”. Осы өлеңнің бастапқы тармағындағы сөздердің мәнісіне үңілсек, табиғат сөзін қалыпты мағынада алып, аспан мен жер, күн мен айды айтып отырған сияқты. Олардың өмірі адам өмірінен ұзақ екені талассыз. Ескі филос. еңбектерде табиғат өлсе де, адам өлмейді деп, осы екеуін біріне-бірін қарама-қарсы қою кездеседі. Мыс., Сократ адамды табиғатқа қарсы қойып, әділдік, ізгілік секілді адамның жақсы қасиеттерін зерттеу қажет те, ал табиғатты зерттеу деген көңіл бөлуге тұрмайды деп санаған. Табиғат өзгереді, құриды, мәңгі өзгермейтін жаратушы бір Алла ғана деген ұғым бар. Жақсы адамның өзі өлсе де, жаны өлмейді деген пікірді философтар да айтқан. А. әлемге көзқарасы қалыптасқан, өзіндік филос. түйіндері бар ғұлама. Ақынның рухани, даналық мұрасы – терең мағыналы филос. идеяларға толы. Ол күллі Шығыста филос-ның негізгі мәні болып табылатын “жетілген адамды” өзекті және басты проблема етіп қарастырып, соған айрықша көңіл бөлді. Адамгершілік туралы ілімді дамыта отырып, адамды адамгершілік, кісілік тұрғысынан жетілдіру принциптерін, ұлттық эстетика мәселелерін алға тартты. Адамның шексіз танымдық мүмкіндіктері жөнінде, білім мен ғылымның әлеум. рөлі туралы, адамтану мәселелерін көтерді. Даналықтың өлшемі бола білген философ-ақынның рухани мұрасы шын мәнісінде, қазақ халқының зерделі ойы мен өмірі тұрғысындағы энциклопедия секілді. А-ды танып, белсенді игере отырып, сол кездегі қазақ қоғамының экон., саяси, құқықтық, отбасылық, мәдени-тарихи, моральдық хал-жайынан айқын да толық мағлұматтар алуға болады. “Әрбір ғалым-хакім емес, әрбір хакім-ғалым”, “Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса дүние ойран болар еді” – деген пікір ғұламаның филос. көзқарасы. Жалпы, А-дың философиялық, көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. А-дың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын А-дың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. А. өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған. Сөйтіп, көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. А-дың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. А-ға дейінгі қазақ ақындары мен жырауларының дүниетанымдық айшықтарына көркем филос. тән. А-дың шығармашылық келбетін, дүниеге деген көзқарасын айқындаған үш қайнар көз туралы сонау отызыншы жылдардың өзінде-ақ М.О. Әуезов «Абай Құнанбаев қазақ халқының ұлы ақыны» атты еңбегінде белгілі бір жүйелі пікір қалыптастырғаны белгілі. Ол «Ұлттық және бүкіладамзаттық мәдениеттің үш түрлі мол арнасы данышпан ақынның творчестволық ісіне азық болды. А. қазақ елiнiң ұлттық рухы мен менталитетiн, оның көкейтестi арманы мен данагөй ойларын абыздық көрегендiкпен өлеңмен өрнектеудi қазақ эпосынан үйренді. Сондай-ақ А-дың жүйелі ойларының үлкен бiр арнасын қалыптастыруына Шығыстың рухани қазынасының да ықпал-әсерiнiң аз болмағандығы сөзсiз. Өйткенi, ол күллi араб пен парсының батырлық жырларын, Шығыстың атағы жер жүзiне мәшhүр классик ақындарын, ат-Табари, Рабғузи, Рашид-әд-Дин, Захиреддин Бабыр, Әбiлғазы Баhадур ханның тарихи еңбектерiн, сондай-ақ логика ғылымының негiздерi мен мұсылмандық құқ, Шығыстың шариғат қағидаларын ұғындырар ғұламаларының еңбектерiн жетiк меңгерген-дi. Сол еңбектердi түпнұсқасында оқитын жан-жақты бiлiмдар, ғұлама бoлaтын-ды. Барлық Шығыс ойшылдары секiлдi ақынның «Адам бол!» дейтiн үндеуден өрiс алатын, оның бүкiл творчествосының өзегiне айналған, адамды адамгершiлiк тұрғысынан жетiлдiруге, сол арқылы қоғамды сындарлы кейiпке жеткiзуге ниет ететiн ақындық негiзгi мұрат бұл тұрғыда оның ежелгi алып ой өкiлдерiмен рухани туыстығына куәлiк бередi. A. aдaмгepшiлік идеясын өмiр бойы ту қылып көтерiп өткен. Ол азаматты шыққан тегi, атқарып жүрген қызмет-мансабы, атақ-даңқы мен дәулетiне қарай емес, оның жан дүниесiне, өз елiне, халқына көрсетер қызметіне қарай құрметтеуге үндейдi. Fылым, философия, бiлiм, тарих, әдебиет пен өнер барлық мүмкiншiлiктерiн жұмсай отырып, мемлекетке ықпал етуге, ондағы адамдардың адамгершiлiк тұрғысынан жетiлуiне көмектесуге тиiс деп бiлдi қазақ данасы. Оның философиялық-этикалық концепциясының, жалпы дүниетаным жүйесiнiң негiзгi мәнi, мiне, осында. А. – қазақ философиясы мен әдебиетiнiң классигi ретiнде қазақтың күллi рухани өмiрiнiң тұтастығының тұғырнамасы, барша шығармаларында бүкiл адамзаттық мұрат пен арман-мүдделердi жыр еткен бiр ұлттың әлемдiк деңгейдегi терең ойлы асқақ философ-ақыны. Ол өзiнiң бүкiл творчестволық қажыр-қайратын адамгершiлiктің биiк мақсаттарын, нағыз кiсiлiктiң, салауатты халық болудың жолдарын iздеуге және оларды iске асыруға, сөйтiп, тұлғаның адамгершiлiк тұрғысынан биiктерге көтерiлуiн насихаттай отырып, ол өмiр мен өлiм туралы кең мағыналы қорытындылар жасайды. Соның арқасында ол тек бiр халықтың даньшшан философ-ойшылы ғана болмай, бүкiл әлемдік мәдениеттiң көрнектi өкiлiне айналды.