Редакторы Кәмшат Әбілқызы Суретшісі Ақназ Молдаш Роман туралы



бет3/33
Дата29.01.2023
өлшемі223,9 Kb.
#63514
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33
2. Қарт Том мен Нэнси
Нэнси төбедегі бөлмені ысқылап тұрып, тілмен жалағандай тазалап жуды. Әсіресе бөлменің қуыс-қуыс, бұрыш-бұрыштарына көп мән берді. Бұл шынында әбден титықтататын жұмыс еді. Бірақ бұл Нэнсидің үйді барынша тазалауға тырысқанынан гөрі, ашуын келтіргенін дәлелдеп тұрғандай. Иә-иә, ашуын келтірді! Сырт көзге қожайынына берілген, тіл алғыш қыз боп көрінгенімен, Нэнси ондай емес еді.
– Мен оның жан дүниесінде не болып жатқанын білсем ғой, – деді ол қуыс-қуыстың шаңын қоймай сүртіп жатып. – Бұл жерді тап-таза қылар едім, – деп жалғастырды ол еденді қатты ысқылап жатып. – Осындай жерге бақытсыз баланы тұрғызу туралы ой қалай басына келді екен? Жазда бұл жер күннің бар қызуын өзіне тартып тұратындай қапырық, ал қыста керісінше, азынап, қақап тұрады. Ал оның үйінде ешкім тұрмайтын бос бөлмелер жетіп жатыр ғой. «Онсыз да адамы көп әлемге бала сыйлау» дейді ғой – деп қожайынын кекетті. – Ұятсыз екен!»
Нэнси еден жуып жүрген шүберегін қатты сыққаны сонша, саусақтарын шығарып ала жаздады.
– Мүмкін әлемде адам сондай көп шығар, – деп қайтадан бұрқылдады ол, – бірақ жер бетінде пәк сәбилерден гөрі, тасжүректер көп!
Тазалық жұмысын аяқтап, Нэнси айналасына көңілсіз кейіпте көз салды.
– Мен өз жұмысымды жанымды салып орындадым, – деп дем алды ол. – Енді бұл жерде көлденең жатқан бір қылпық жоқ. Шынында, – ол көңілсіз күлді, – бұл жерде артық зат та жоқ. Алда, байқұс қыз–ай! Айтар сөзім жоқ, жалғыз жан үшін жақсы жер!
Бөлмеден шыға бере, ызаға булыққан Нэнси есікті бар күшімен тарс еткізіп жапты.
– Әй, – деп есіне әлдене түсіп кетті. Қазір осы әрекеті үшін қожайынынан еститін сөгісі де қорқытпады. – Маған бәрібір, – деп бұрқылдады. – Қайта, осынысы жақсы! Есікті қатты жапқанымды естісін!
Сол күні ол кеште бос уақыт тауып, Харрингтондарда көп жыл бойы бақташы боп жұмыс істеп келе жатқан Том қартты іздеп тауып алды. Ол гүлзар жанында жүр екен. Қарт Том төмен иіліп, гүлдерді сиқырлап жатқандай.
Мистер Том, – деп бастады сөзін Нэнси. Ол артына жалт қарап, өзін ешкім бақылап тұрмағанына көз жеткізген соң, сөзін жалғастырды: – Мистер Том, мисс Поллиге бір қыз бала келетінін білесіз бе? Ол осында тұратын болады.
– Қандай қыз? – деп сұрады бүгілген белін әрең жазған қарт.
– Сондай қыз. Ол мисс Поллидің үйінде тұратын болады.
– Айта түс, айта түс! Сен маған тіпті ертең күн шығыстан батады дерсің.
– Мен шын айтып тұрмын, мистер Том. Маған Мисс Поллидің өзі айтты. Бұл бала оның жиені, жасы он бірде.
Қарт таңғалғаннан орнында сілейіп тұрып қалды.
– Солай де, – деген оның көздеріне мейірім тұнып, жүзі жадырап кетті. – Мүмкін емес, – деп жалғастырды сөзін қарт, өз ойын дауыстап айтып. – Бірақ солай. Иә, солай. Басқа емес. Өзге екеуі ешқашан отбасылы болмаған... Нэнси! – қуаныштан төбесі көкке екі елі жетпей қалды. – Иә, дұрыс, мисс Женнидің кішкентай қызы! Құдай маған осы күнге дейін өмір сүруді жазыпты. Мен оны көре алам ба?
– Мисс Женни деген кім?
– Ол жаратылысынан керемет жан еді, – деп мейіріммен сыбырлады Том. – Ол қарт қожайындар үшін жай ғана қыз болды. Үлкен қызы. Жиырма жасқа толғанда, күйеуге шығып, кетіп қалған. Менің естуімше, оның бірнеше баласы болыпты, бірақ кішкентай кезінде бәрі шетінеп, тек біреуі ғана қалыпты. Міне, келе жатқан – сол кішкентай қыз ғой.
– Ол он бір жаста.
– Ол да мүмкін, – деп қоштап, басын изеді қарт.
– Мистер Том, ол қызға арнап шатырдан орын дайындатқанын білесіз бе? Сонысына қалай ұялмайды екен? – деді ашумен Нэнси, сөйтіп қожайынының үйіне жау көзімен қарады.
Қарт Том жабырқап қалды. Бірақ біраздан соң ол күлімсіреп:
– Мисс Поллидің ол қызбен қалай тіл табысатынын көз алдыма елестете де алмаймын, – деді.
Нэнси мырс етіп:
– Ал мен балақайдың мисс Поллимен тіл табысатынын елестете алмаймын, – деді.
Қарт күлді.
– Байқаймын, сен мисс Поллиді онша жақтырмайсың ғой деймін?
– Оны жақсы көруге болады деп ойламаймын, – деп жауап қатты Нэнси.
Том қарт оған ерекше таңдана қарады да қайтадан гүлге еңкейді.
– Сен, әрине, мисс Поллидің махаббат хикаясын білмейсің ғой, – деді жай ғана.
– Махаббат оқиғасы? Мисс Поллидің? – деп Нэнси таңданғаннан көзі шарасынан шыға бақташыға қарады: – Басқа-басқа, дәп ол махаббатты түсінеді деп ешқашан ойламаппын!
– Түсінемін! Түсінемін! Бірақ сондай оқиға болған. Ал оның сүйіктісі әлі күнге дейін біздің қалада тұрады.
– Мистер Том, оның кім екенін айтыңызшы?
– Мен оны айта алмаймын, – деп қарт үй жаққа қарап қойды. Көп уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан Томның түрінен оны қорғайтынын және қолдайтынын аңғаруға болатын.
– Ананы қара! – Нэнси әлі де таңғалысын жасыра алмай. – Мисс Полли және оның махаббаты!
Қарт Том қызға ойлана қарады:
– Сен оны мен сияқты көптен бері білсең, осыншама таңғалмас едің, – деді ол. – Маған сенші, ол көрген жан тамсанатын сондай сұлу қыз болатын. Кемпірлердің көйлегін киіп, шашын түйіп алуды қойса, қазір де әдемі болар еді.
– Мисс Полли? Ол бұрын әдемі қыз болған ба? – деді күмәнін жасыра алмаған Нэнси.
– Иә! Қазір де ол дәл бұрынғыдай шашын жайып жіберіп, басына гүл қыстырған қалпақ, үстіне тоқыма ақ көйлегін киіп шыға келсе, сен оның сұлулығына тәнті болар едің. Ол әлі қартайып тұрған жоқ, Нэнси.
– Қартайған жоқ? – деп кекетті Нэнси. – Олай болса, сізге мынаны айтайын, мистер Том, ол қарттықты жақсы сомдайды.
– Білемін, қалқам. Сүйіктісінен ажырағаннан кейін осындай күйге түсті ғой, – деп жауап берді қарт. – Сол күннен бері ол тек тікенектермен тамақтанатын сияқты, өңі сондай суық, ашулы...
– Иә, дәл солай, – деп жылдамдата жауап қатты Нэнси. – Оған не істесең де жақпайсың. Егер ол маған жақсы ақша төлемегенде және осы жұмысқа отбасым зәру болмағанда, ешқашан да мына жұмысты істемес едім. Бірақ бір күні шыдамай, осының бәрін бетіне айта саламын. Сол кезде маған бұл үймен қоштасуға тура келеді. Мистер Том, мен сізге мынаны айтайын, шыдай алмаймын! Дәл солай айтамын.
Қарт Том Нэнсиге мұңайып қарады.
– Түсінемін, – деді ол жай ғана. – Сенің айтып тұрғаныңа еш таңғалмаймын. Бірақ, маған сенші, адамның айыбын бетіне басып айта салу оңай. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес, балам. Жақсы жол емес.
Ол қайтадан гүлдерімен айналыса бастады.
– Нэнси! – деген дауыс шықты.
– Келе жатырмын, мэм, – деп Нэнси үйге қарай жүгіре жөнелді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   33




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет