«Осы процесті іске асыру мүгедек адамдардың қызмет берушімен байланысын болдырмауға мүмкіндік береді, қызмет көрсету уақытын едәуір қысқартады», — деді министр.
Бұл жобаны толыққанды іске асыру үшін жыл аяғына дейін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің министрліктің және басқа да мемлекеттік органдардың жүйелерімен кіріктіруге дайындығын аяқтау маңызды.
«Мүгедек адамдардың экономикалық дербестігі және сапалы жұмыспен қамтылуы басым бағыттардың бірі», — деді Б. Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, еңбекке қабілетті жастағы мүгедек адамдардың жалпы санынан бүгінгі күні 100 мың адам немесе 23,3%-ы жұмысқа тартылған.
2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 30%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.
«Еңбек» бағдарламасы белсенді іске асырылуда. Биыл 13 мың мүгедек адам жұмысқа орналастырылды, 626 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 830 өтеусіз грант және 350 шағын несие берілді.
Қазіргі уақытта мүгедек адамдарға арналған Кәсіптер атласын әзірлеу аяқталуда.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды сұранысқа ие мамандықтарға, оның ішінде ІТ дағдылары бойынша оқыту жүргізіледі.
«Даму» қорымен бірлесіп «Scale-up» бағдарламасы бойынша мүгедек адамдардың қатысуымен іске асырылатын 76 бизнес-жобаны қолдау шаралары басталды.
Жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп мүгедек адамдарды мемлекеттік қызметшілер қатарына тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 1 қарашасына олардың саны 701 адамға жетті, оның ішінде 391 адам Мемлекеттік басқару академиясының онлайн-курсынан өтті.
Сондай-ақ, 2021 жылы барлық өңірлер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Ten Qоgam» әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.
Мұндай орталықтар бүгінге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ашылды.
Б. Нұрымбетов өңірлерде кәсіпорындармен мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру жағынан белгіленген квоталарды орындау бойынша жұмыс жүргізу өзекті болып қалып отырғанын айтты. Бүгінгі таңда кәсіпорындардың 36%-ы заңнама талаптарының орындалуын қамтамасыз еткен.
«Мүгедек адамдарды оңалту мәселесі өте маңызды. Қазіргі уақытта елімізде 40 стационарлық оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның ішінде ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 12 жаңа оңалту орталығы іске қосылды», — деді министр.
Мұқтаж адамдарды оңалту орталықтарымен қамту 47%-ға дейін жеткізілді.
Бүгінге, оңалту орталықтарын қосымша құру мәселесі өзекті. 5 өңірде стационарлық үлгідегі оңалту орталығы жоқ және 3 өңірде оңалту қызметтеріне қажеттілік олардың мүмкіндіктерінен асып отыр.
Осыған байланысты, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін қоса алғанда, барлық 8 өңірде 150 орынға шақталған стационарлық үлгідегі жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарлануда.