Отпан тау Адай ата кесенесі. Маңғыстау жерніде орналасқан Батыс Қаратаудың ең биік шыңы 530 метрге жетеді. Оны Отпан тауы деп атайды. Таудың басынан төменге көз тастасаң, бұлттармен сыр шертіскен Бес шоқыны, қазақтың дархан даласын, жоталар мен қыраттарды, сарылдап ағып, күннің көзімен шағылысып жатқанбұлақтарды, шеті көрінбейтін теңізді, алыстан сағымдайтын Ақтау қаласын, жайылып жүрген төрт түлікті көруге болады. Мұндағы тарихи-мәдени кешендердің ең бастысы, Адай атамыздың ордасы болған – Ақсарай кешені. Бұл жер атаның 8 немересіне арналып, сегіз бөлме етіп салынған екен. Отпан тау тарихи-мәдени кешеніне-күмбезі көк тіреген Адай ата кесенесі, «Ана келбеті» стеллассы, «Ұран оты» алаңы, «Көк бөрі» ескерткіші, Ақсарай орталығы, «Қара шаңырақ» ғимараты, қазақтың «үш биінің» стелласы және болашақта бой көтеретін қазақ батырларының құрметіне орнатылатын даңқ аллеясы жатады. Бір ерекшелігі-төмендегі «Ақсарай» орталығынанАдай ата кесенесіне жету үшін 362 баспалдақты өту керек. Бұл 362 әулиенің рухына арналған 362 баспалдақ. Адай ата кесенесі орналасқан биік шоқының басында қазақтың батыры, жорық жыршысы Қалнияз Шопықұлының мазараты орналасқан. Ел басына күн туғанда адайлардың бас қосатын жерлері болған, одан ертеректе жаудың келе жатқандығын білдіретін алау оты жанатын тұғыр болған. Отпан тауда жылда Маңғыстаудың жер-жерінен келіп, Амал мерекесі тойланады.
Шақпақ Ата — жер асты мешіті. Шақпақ ата жер асты мешіті - ескілікті сәулет өнерінің ескерткіші. Түпқараған ауданы Таушық ауылынан 20 км қашықтықта, Капий теңізінің СарытасҚошақ шығанағына жақын Оңғазы тауының етегінде орналасқан. Мешіттің ішкі бөлмелері орталық зал арқылышаңбақ үлгісінде орналасады, солтүстік, оңтүстік, шығыс және батысқа қарай бағытталып салынған.Мешіттің шығысындағы кіреберісі ұш бұрышты арка іспетті; арканың сыртқы босағасының екі жағын тастан қашалған қабірханалар алып жатыр. Есіктен кіргеннен кейін зал, төртбұрышында қабырғадан қашалған төрт ұстын бар. Ұстандар арасына арка тәрізді маңдайша қашалған. Күмбезді төбесінен диам.1,2 м, биіктігі 5 мойық тесілген. Кіреберіс қапталмен қабырғаларында араб әрпімен жазылған адам аттар, құран сүрелері, сопылық өлең мәтіндері, адамның қолы, ат өгіздің сұлбалары бейнеленген. Мешіттің батыс жағында Шақпақ атаның атымен аталатын қорым бар. Мұнда адай тайпасының бірқатар белгілі адамдары жерленген. Шақпақ ата қорымында Бектеміс Ержан хазіреттің кесенесі де (20 ғ) салынған. Жер асты мешіті 1928 жылы республикалық дәрежеде мемлекеттік қорғауға алынды.