Қазақстан жерлерін орыс интеллигенциясының зерттеуі
Ресей ғалымдары өз зерттеулерінде өлкені отарлау мүддесін басшылыққа алды. Қырғыз-қайсақ экспедициясын құрған И.К. Кириллов «Қырғыз-қайсақ және қарақалпақ ордалары туралы» атты еңбек жазды. Онда автор қазақ пен қарақалпақ жерін егжей-тегжейлі сипаттады: табиғат жағдайын, пайдалы қазба байлықтарын және сауда жолдарын көрсетіп берді. Ол Ресейдің Орта Азия халықтары және қазақтармен сауда-экономикалық байланыстар орнатудың мүмкіндіктері мен оның пайдалы екенін дәлелдеді.
1768–1774 жылдары Қазақстанға жіберілген алғашқы экспедициялардың бірін академик, табиғат зерттеушісі П.С. Паллас басқарды. Экспедиция бағыты Солтүстік-Батыс, Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Қазақстан жерлері арқылы өтті. Бұл экспедиция жұмысының нәтижесі ретінде П.С. Палластың «Ресей империясының әртүрлі провинциялары бойынша жасалған саяхат» атты үш бөлімнен тұратын еңбегі жарық көрді. Еңбекте қазақ халқының тарихы мен этнографиясы жөнінде құнды материалдар бар. П.С. Паллас қазақтардың тұрмысы мен шаруашылығы туралы: «Олар негізінен ауқатты тұрады. Малдары да көп, сондықтан тұрмыстары да жақсы… Қазақтардың байлығы, негізінен, олардың малы», – деп жазады.
Кіші жүз аумағының табиғи байлықтарын зерттеуде Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі П.И. Рычков құнды еңбектер жариялады. Өзінің іргелі еңбектерінің арқасында «Орынбор өлкесінің Колумбы» деген даңққа бөленді. Ол кезде Орынбор өлкесіне Кіші жүз жерлері де қарайтын. П.И. Рычков «Орынбор тарихы» және «Орынбор губерниясының топографиясы немесе сипаттамасы» атты құнды еңбектерін жазды. Ол еңбектерде қазақтардың Еділ-Жайық өңіріне Хақназар ханның билігі тұсында келгені жөнінде, Кіші жүз қазақтарының Ресейдің құрамына өтуінің барысы туралы баяндайтын деректер бар. Автор Орынбор қаласының, Жайық пен Орынбор шегаралық шептерінің салынуын, Ресейдің Орта Азия және қазақ даласымен сауда-саттық байланыстарының қалай орнағанын бастан-аяқ баяндайды. Ол Орынбордан Бұхараға бара жатқан көпестерге жергілікті халықтардың тарихы жөнінде, тіпті араб тілінде жазылған болса да, әдебиеттер ала келуге тапсырыс беретін.
Зерттеуші И.Г. Георги Қазақстан аумағына дербес экспедиция ұйымдастырды. 1796 жылы ол «Ресей мемлекетін мекендейтін барлық халықтардың тұрмыс салттары, тұрғын жайлары, киімдері және басқа да есте қаларлық дүниелерінің суреттемесі» атты еңбегін жариялады. Кітапта қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен салт-жоралары, сондай-ақ шаруашылық өмірінің ерекшеліктері туралы құнды деректер келтірілген. Қазақтарды «ақыл-ой жағынан қызыққыш және білуге құмар» деп сипаттайды. Қазақстанды ХVІІІ ғасырда кешенді зерттеудің алғашқы әрекеттері М.В. Ломоносовтың есімімен байланысты. Ол өлке аумағын зерттейтін ғылыми экспедициялар ұйымдастырудың және географиялық карта жасаудың бастамашысы болды.