Саяси жер аударғандардың Қазақстанды зерттеуі және Қазақстан аумағындағы ғылыми мекемелер мен кешенді зерттеулер.
ХІХ ғасырдың орта кезіне қарай Қазақстан саяси жер аударылғандар тұратын мекенге айнала бастады. Декабристер, петрашевшілдер үйірмесінің мүшелері, Польшадағы ұлт-азаттық көтерілістерге қатысқандар жер аударылып келді. Қазақстанға жер аударылып келген Польшаның революционер-демократы Адольф Янушкевич ХІХ ғасырдың 40-жылдарында Орталық Қазақстанға жасалған ғылыми экспедицияға белсене қатысты. Сол сапары кезінде күнделік жазды. Кейін ол күнделік поляк тілінде жарық көрді. А. Янушкевич өзінің күнделігінде қазақ даласы тұрғындарының тарихын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін суреттейді. Ол өзінің бір хатында қазақ халқы туралы: «Құдіреті күшті құдай осыншама қабілетті етіп жаратқан бұл халықтың адамзат өркениетінен тыс қалып қоюы мүмкін емес… жергілікті көшпелі номадтардың күткен күні ертең-ақ туады, сөйтіп, олар өздеріне қазір жоғарыдан менсінбей қарайтын өзге халықтардың арасынан лайықты да құрметті орнын ойып тұрып алатын болады», – деп жылы лебіз білдіреді.
Қазақстанды ғылыми тұрғыдан зерттеуде Орыс географиялық қоғамы елеулі рөл атқарды. Қоғамның Қазақстанда, онымен шегаралас аумақтарда – Орынборда, Омбыда, Семейде және Ташкентте бөлімдері мен бөлімшелері ашылды.
ХІХ ғасырдың 70-жылдары Қазақстан аумағында облыстар құрылғаннан кейін олардың барлығында да статистикалық комитеттер пайда болды. Олар Қазақстан халқының тарихы, мәдениеті және шаруашылығы жөнінде құнды деректер мен мәліметтер жинастырды. Материалдар облыстарда жыл сайын шығып тұратын «Шолуларда» және «Естелік кітапшаларда» жарияланып тұрды.
Батыс Қазақстанның тарихын зерттеуде Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы көп жұмыс атқарды. Ол 1887 жылы құрылған болатын. Комиссия мәжілістерінде мұрағаттық дереккөздері негізінде әзірленген ғылыми баяндамалар талқыланды. Материалдар «Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының еңбектері» деген атпен жарияланып тұрды. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның далалық уездерін Ф. Щербина бастаған экспедиция зерттеді. Экспедицияға қатысушылар «Қырғыздардың жер пайдалануы туралы материалдар» деген атпен көптомдық еңбек әзірледі. Бұл топтың жұмысына Қазақстанның әртүрлі уездеріндегі білімді қазақтар да белсене қатысты. Сонымен қатар қазақ халқы туралы құнды деректер Ресей империясының 1897 жылы өткізілген алғашқы Бүкілресейлік халық санағы кезінде жиналды. Онда Қазақстанның шаруашылық қызметі, мәдениеті, тарихы, сондай-ақ халқының саны жөнінде аса маңызды мәліметтер жинақталды.