Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігі
«Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КЕАҚ
Ветеринария факультеті
«Биологиялық қауіпсіздік» кафедрасы
РЕФЕРАТ
Тақырбы: Сиырдың плевропневмониясын балау және індетке қарсы шаралар.
Орындаған: Азрет Назерке.
Тобы:ВМ-505
Қабылдаған: Утебаева Г.
Жоспар:
Сиырдың жұғымтал плевропневмониясы.
Сиырдың жұғымтал плевропневмониясын балау.
Індетке қарсы шаралар.
Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
1.Сиырдың жұғымтал плевропневмониясы
Сиырдың жұғымтал плевропневмониясы (мәлік, ала өкпе, Рleuropneumonia contagiosa bovum, повальное воспаление легких крупного рогатого скота) - өкпенің беріштеніп қабынуы, экссудативті плеврит арқылы ерекшеленетін аса жұғымтал ауру.
Тарихи деректер. Ауруды алғаш рет Буржел (1765) сипаттады, ал оның жұқпалы екендігін Хаберст (1792) дәлелдеді. Виллемс (1850-1852) ауырған сиырдың өкпесіндегі сөлді сау сиырды иммундеу үшін пайдалануға болатындығын көрсетті. Қоздырушысын француз ғалымдары Нокар мен Ру (1898) ашып, сүзгіден өтіп кететін плевропневмотропты микроб ретінде сипаттады.
Өткен ғасырдың соңы мен осы ғасырдың басында мәлік дүние жүзінде кең тарады, ал қазір бұл ауру көптеген елде жойылды. Сөйтседе бірақтар Африка және Азия елдерінде әлі де болса кезігеді, ал кейбір Европа елдерінде оқтын-оқтын байқалып қалады. Бұрынғы Кеңес Одағында ауру 1928 ж. жойылды деп есептеледі.
Қоздырушысы - Мусoplasта тусоіdes var. Mусоides микроорганизмдердің жүйеленуі бойынша Моlicutes класының Мусоplasmatales қатарына жатады. Аса полиморфты дөңгелек, сопақша таяқша, бүршіктенген түрде болады. Үлкендігі 0,2-0,8 мкм, бактериологиялық сүзгілерден өтіп кетеді.
Полиморфтылық және сүзілгіштік қасиеті мықты торша қабырғасы болмай, оның орнында тәуелсіз қабатты цитоплазмалық мембрананың болуынан. Қоздырушы аурудың асқынған кезеңінде экссудат пен ішкі ағзалардан оңай бөлінеді, қан сарысуы мен ашытқы экстрактары қосылған Мартен сорпасында өседі.
Микоплазмалар химиялық және физикалық әсерлерге төзімсіз. Күн сәулесінен немесе ауада кептіруден 5 сағ, 58°С температурада 1 сағ ішінде өледі.
Кәдімгі дезинфектанттар әдеттегі концентрациясында қапысыз зарарсыздандырады. Сонымен қатар микроб кейбір жағдайда ұзақ сақталады. Шіріген материалда 9 күн, суықта қатырылған өкпенің кесіндісінде жыл бойы тіршілігін жоймайды. Лиофильдік жағдайда кептірілген микоплазманың уыттылық куаты 5 жылға жетеді.
Індеттік ерекшеліктері. Сиырдың жұғымтал плевропневмониясымен табиғи жағдайда сиырдан басқа буйвол, кодас, бизон, енеке (зебу) ауырады. Қолдан қойға, ешкіге, түйеге, солтүстік бұғысына жұқтыруға болады.
Ауру малдың сөлін тері астына жіберсе сол жердегі шелде жайылған флегмониялық қабыну байқалады. Маңындағы сөл безі зақымданып, организм тұтастай уланады.
Жұқтырылған бұзау 15-17 күнде өледі. Егер материалды (сөлді) құйрықтың ұшындағы тері астына жіберсе, аздаған ғана орны шектелген реакция байқалады. Кейде өліеттеніп, малдың құйрығы түсіп қалады, асқынып кетсе тіпті өлімге соқтырады.
Жұқтырудың басқа жолдары (көк тамырға, кеңірдекке, өкпеге, жеммен бірге) мәлікке тән құбылыстар бермейді. Плевра ішіне жұқтыру өкпені зақымдамай экссудативтік плеврит тудырады.
Шово мен Нокар ауруды қолдан жұқтару үшін ауру сиыр мен сау сиырдың тұмсықтарын қан арқылы қосарлап тұмшалап оң нәтижеге жеткен болатын.
Жұқпалы плевропневмония кезінде ауру қоздырушысының бастауы ауырған мал. Әсіресе созылмалы түрде ауырған мал аса қауіпті, өйткені ондай жағдайда аурудың көзге түсер белгілері байқалмайды.
Ауру ауырған мал мен сау малды бірге ұстағанда жұғады. Бұл үшін аз уақыт жанасудың өзі жеткілікті.
Ауру малдың денесінен қоздырушы танаудан аққан сора, жөтелген кездегі шашыраған сұйықтық, ара-тұра несеп, сүт, шарана арқылы бөлініп шығады. Аурудың берілуінің ең ықтимал мүмкіндігі - респираторлық жолмен жұғуы. Жұқпалы плевропневмонияның микоплазмасы өкпенің беріштенген ошақтарында жылдан аса уақыт сақталады. Ауруың асқынуы микробтың сыртқы ортаға бөлінуіне себеп болады.
Сиырдың мәлікке бейімділігі әр өлкеде әртүрлі болуы заңды құбылыс. Ауру ұзақ уақыт жайлаған аймақта жергілікті малдың оған төзімділігі жоғары болады.
Ал сырттан әкелінген мал тез ауырады. Табындағы мал түгелдей ауырмайды, олардың бір бөлігінде ауру жұкқан кезде тек қана ыстығы көтеріліп, серологиялық оң реакция байқалады да, өкпесі зақымданбайды.
Жұқпалы плевропневмония індеті баяу өрбіп, бірнеше жылдарға созылады. Малдан малға жұғуы тығыз, нашар желдетілетін қорада тезірек өтеді. Ауруға шалдығу көрсеткіші 70%, ал өлім көрсеткіші 20%-ке жетеді.
Дерттенуі. Мәліктің қоздырушысы жануар денесіне тыныс жолдары арқылы еніп, ұсақ бронхалардың бойында орын тебеді. Орналасқан жерінде қабыну процесін тудырып, өкпедегі бөлікше аралық дәнекер- ұлпаны зақымдап, оны домбықтырады.
Сол тамырлары бітеліп, нәтижесінде крупозды пневмония өрбіп, осы ауруға тән өкпенің бауырлану процесінің әртүрлі стадиялары байқалады .
Қабыну, қан және сөл тамырларының бітелуі нәтижесінде өкпенің зақымданған бөлігінің анемиялық өліеттенуі байқалады. Бұл процесс кеудеаралық және бронхалық сөл түйіндерін және өкпе пердесі - плевраны қамтиды.
Одан кейін өліеттенген телімдердің айналасында дәнекер ұлпадан құралған қабыршақ түзіледі де, секвестерлер пайда болады. Олардың ішінде ауру қоздырушысы ұзақ уақыт сақталады да, қабыршақтың бүтіндігі бұзылса айналадағы сау ұлпаға өтіп, өкпенің сау бөліктерін қабынуға ұшыратады. Баяу типтес сезімталдық дерттің өрбуінде біршама маңызды роль атқарады.
Жұқпалы плевропневмониямен ауырған малдың айығуы ұзаққа созылып, толықтай жазылып кетпейді. Сөл тамырларының қабынуы мен бітелуі экссудаттың сіңірілуіне бөгет жасайды.
Қоздырушысының қанға түсуі бірқатар ішкі мүшелерді (бауыр, бүйрек, жүрек) дегенеративтік өзгерістерге ұшыратады.
Өтуі мен симптомдары. Жасырын кезеңі 2-4 апта, кейде 4-6 айға созылады. Ауру аса жіті, жітіден төмен, созылмалы және кәдімгідей емес түрде өтеді.
Аса жіті өткен кезде өкпе мен оның пердесі күшті зақымданып экссудативтік плеврит пен пневмонияның белгілері білінеді. Тыныс алу қиындап, жөтел пайда болады.
Денесінің ыстығы 41°С-тан асады. Ауырған мал жемшөпке қарамайды, күйістен қалады, іші өтеді, 2-8 күн ішінде өледі.
Жіті өткенде ауру бастапқыда жөтелмен қатар дененің қызуының аздап жоғарылауы арқылы байқалады. Одан кейін дененің ыстығы 42°С-қа дейін көтеріліп, әдетте төмендемейді, кейде айнымалы түрде байқалады.
Ауырған мал қозғалмауға тырысып, алдыңғы аяқтарын алшақ ұстап, мойнын созып, арқасын бүгіп, аузын ашып тұрады.
Тынысы тарылып, қабырғаларының арасын, арқасын басқанда ауырсынады, жүрек соғысы дүрсілдеп, тамыры баяу соғады. Сауын малдың сүті қайтады. Жөтел басында құрғақ қысқа, қатты, кейіннен дыбысы бәсең, ылғалды болады. Перкуссия жасағанда дыбыс төмендеп, аускультация кезінде тыныс естілмейді. Плевра зақымданса үйкелген дыбыс шығады. Өкпеде каверналық қуыс болса тамшының тамған дыбысы естіледі.
Өкпенің негізінен біреуі ғана, кейде екі өкпе де қабынады. Сора танаудың екі тесігінен бірдей ағады.
Кеуденің төменгі тұсы мен сирақтары домбығады. Іштің қатуы мен өтуі алма кезек байқалады. Ауырған мал 2-4 аптада өледі. Өлім көрсеткіші 70%-ке жетеді. Кейде процесс жітіден төмен, не созылмалы түрге ауысады. Әдетте ауырған мал толық сауықпайды.
Жітіден төмен өткен аурудың барлық клиникалық белгілері айқын байқалады. Ауырған мал сирек жөтеледі, іші өтіп, ыстығы көтеріледі.
Созылмалы өткен кезде мал арықтайды, жөтеліп, оқтын-оқтын іші өтеді. Перкуссия мен аускульация арқылы өкпеде секвестер қуыстарын байқауға болады. Жөтелген кезде ірінді іріміктер шашырайды.
Кейде төсінде, кеудесінде, сирақтарында домбығу байқалады. Ауру бірнеше айға созылады, көбінесе ауырған мал өліп қалады, не пышаққа ілінеді.
Аурудың кәдімгідей емес түрінде малдың аз уақыт ыстығы көтеріліп, селқостанып, жемшөп жеуі нашарлайды. Оқтын-оқтын жөтеліп қояды.
Патологиялық-анатомиялық өзгерістер. Өлекседегі негізгі өзгерістер көкірек қуысында байқалады.
Әдетте олар бұл ауруға тән құбылыстар ретінде патологиялық-анатомиялық диагноз қою үшін толық негіз бола алады.
Көбінесе өкпенің біреуі ғана зақымданып, процес соның артқы немесе ортаңғы бөлігінде шоғырланады. Зақымданған телім бұдырайып тұрады, басып көргенде тығыз болады.
Тіліп қарағанда әр жері бауырланудың әр түрлі сатысында болады да, өкпенің ішінен дәнекер ұлпадан тұратын талшықтар өтеді. Бұл жолақтанған талшықтар қызыл-сары түсті болып, ортасында кеңіген сөл тамырлары көзге түседі. Осының бәрі өкпе ұлпасын тілгенде мрамор суретті көрініс береді.
Аурудың соңғы кезеңінде өкпенін өліеттенуінен пайда болған секвестрлер кезігеді. Олардың сыртын дәнекер ұлпалардан тұратын қабыршақ қаптайды.
Плевраның зақымдануы жиі ұшырайды. Әдетте өкпе пердесі қалыңдап, оған фибринді жалқақ жабысып, аурудың кейінгі сатысында плевра қабықтары дәнекер ұлпалар арқылы бір-біріне жабысып қалады.
Көкірек қуысында фибрин іріміктері аралас экссудат болады. Көкірек қуысының сөл түйіндері ұлғайып, тіліп қарағанда түрі майлы ұлпаға ұқсайды, өліеттенген ұсақ телімдер кездеседі.
Басқа ағзаларда әдетте өзгеріс болмайды. Кейбір жағдайда суланған немесе фибринді перикардит, ал бұзаулардың буыны суланған фибринді қабынуға ұшырайды, тері асты шелінде іркілдеген жалқақтар ұшырасады.
Балау. Жұғымтал плевропневмонияға диагноз қою үшін індеттанулық деректерді (сиыр ғана ауырады, індет баяу өрбиді), клиникалық белгілерін (пневмония, плеврит), патологиялық-анатомиялық өзгерістерді (өкпедегі, плеврадағы өзгеше зақымдар, секвестерлер) және зертханалық зерттеулердің нәтижесін (бұзауға қойылатын биосынама, бактериологиялық және серологиялық тексерулер) негізге алады.
Тірі кезінде балау қиыншылық тудыратындықтан бірнеше ауруға күдікті малды сояды. Бұл мақсатта биосынама жақсы нәтиже береді. Ол үшін аурудан сау шаруашылықтан әкелінген бұзаулардың тері астына өлген малдың өкпе сөлін немесе көкірек қуысындағы экссудатты жібереді.
Бактериологиялық зерттеуге плевраның экссудатын немесе өкпенің зақымданған телімінің сөлін пайдалануға болады. Аурудың жіті өткен кезеңінде қоздырушыны қаннан да бөліп алуға болады.
Ауруы жасырын түрде өтетін жануарларды айқындау үшін серологиялық реакциялар: КБР, конглютинация реакциясы, боялған антигенмен пластинкадағы АР, ДПР, ҚГАР, ИФР. Ескеретін жәйт, мәлікке қарсы егілген мал 8 айға дейін КБР-да оң нәтиже береді.
Ажыратып балау. Мәлікті пастереллезден, туберкулезден, парагриптен, эхинококкоздан, жұқпайтын крупозды пневмониядан, жарақатты перикардиттен ажырату керек.
Пастереллез көкіректегі түрімен қатар ішектегі түрінде өтеді. Пастереллез кезінде өкпенің қабынуы қауырт, жіті өтеді. Түпкілікті балау бактериологиялық зерттеу арқылы айқындалады.
Туберкулез баяу өрбиді. Өкпеден басқа сирек болса да желін, жыныс мүшелері зақымданады. Ажырату үшін туберкулин сынамасы мен бактериологиялық тексеру жүргізіледі.
Парагрипп негізінен жас төлде кездеседі, жіті өтіп, жасырын кезеңі өте қысқа (1-2тәулік) болады. Айқындау үшін серологиялық және вирусологиялық зерттеу әдістері қолданылады.
Эхинококкоз өкпені зақымдағанымен плевра таза болады. Эхинококкозға арналған аллергиялық сынама оң нәтиже береді.
Жарақатты перикардит жекелеген жануарларда ғана байқалады. Төсін, жүрек тұсын басқанда ауырсынады. Сойғанда бөгде зат шығады, дүңгіршек қарын мен диафрагма бір-біріне жабысып қалады.
Жұқпайтын крупозды пневмония әдетте жіті өтіп, малды жаппай қамтымайды, өкпеде секвестерлер болмайды .
Емі. Ауру малды жедел бөліп алып сояды. Аурудың тез тарау қаупі болғандықтан емдеуге тиым салынады.
Иммунитет. Мәлікпен ауырып жазылған және егілген малда иммунитет қалыптасады. Ерте заманнан бері бұл ауруға қарсы жасанды иммунитет қалыптастыру үшін әртүрлі әрекеттер жасалып келеді.
Мысалы, африкалықтар пышақтың жүзін аурудан өлген малдың өкпесіне батырғаннан кейін сау малдың мандай терісін тілу арқылы егу әдісін пайдаланған.
Кейіннен Белгиялық дәрігер Виллемс (1852) бұл әдіске ғылыми негіздеме жасады, ал Л.Пастер осы әдіспен егу үшін қолдан жұқтырылған бұзаудың тері асты шелінде іркілген сөлді пайдалануды ұсынды.
Кейіннен егу үшін қоздырушының қоректік ортада алынған таза өсінін қолдана бастады. Өлтірілген өсіннің иммундық қасиеті төмен, ал тірі өсін асқынған жағдайларға әкеп соғатын болғандықтан, тірі өсінді арнайы әдіспен дененің белгілі бір жерлеріне ғана (құйрықтың ішкі жағындағы тері астына) егетін әдіс ұсынылды. Осылай еккенде асқыну байқалмай, ұзақ уақытқа (1-2 жыл) иммунитет қалыптасады.
Қазіргі уақытта шет елдерде тауық эмбрионында өсірілген авинделген вакцина қолданылады. Сонымен қатар аттенуацияланған немесе табиғи әлсіреген штамдардан даярланған вакциналар пайдаланылады. Оба мен мәлікке қарсы ассоциацияланған вакцинаны қолдану тәжірибесі де оң нәтиже береді.
Дауалау және күресу шаралары.
Біздің елде жұғымтал плевропневмония жойылғандықтан негізгі назар көрші елдерден бұл аурудың әкелінуіне жол бермеуге аударылады. Күрестің нәтижесі уақтылы дәл диагноз қоя білуге байланысты. Ауру шыға калғанда карантин қойылып, барлық ауырған, күдікті, сонымен қатар КБР беретін малдар сойылады.
Етін пайдаланып, зақымданған ұшаның телімдері мен ішкі ағзалар жойылады.
Тері кептіру арқылы зарарсыздандырылады. Қора жайды мұқият тазалап, 2% күйдіргіш натрий, 10-20% хлорлы әкпен дезинфекцияланады. Көң биотермиялық жолмен зарарсыздандырылады .
2. Сиырдың жұғымтал плевропневмониясын балау
.Ауруға балау қою дегеніміз (нозологиялық балау) кай ауру екенің анықтау болса (мысалы, аусыл, немесе топалаң), індеттанулық балау-байқалған жұқпалы ауруға індеттану тұрғысынан толық сипаттама беру болып табылады. Яғни індет тізбегінің әрбір буынын, індет ошағының ерекшеліктерін анықтайды.
Бұл әдіс арқылы аурудың себептері, таралу жолдары індет ошағының қалыпты жағдайлары айқындалады.
Осындай талдау жүргізу барысында клиникалық, паталогоанатомиялық, бактериологиялық, вирусологиялық, серологиялық, аллергологиялық зерттеулер жүргізіледі. Барлық алынған мәліметтер індеттанулық талдау актісінде қортындалады. Соған сүйеніп індетке қарсы шаралар белгіленеді.
Індеттанулық талдау мен бақылау жұқпалы ауру байқалған кезде ғана емес, бұрын жұқпалы аурудан таза емес шаруашылықта да, жұқпалы аурудан таза шаруашылықта жүргізіледі. Бұндай зерттеудің мақсаты аурудан таза емес шаруашылықта жүргізілген індетке қарсы сауықтыру шараларының нәтижелілігін анықтау болса, аурудан таза шаруашылықта сақтық шараларына баға беру.
Салыстырмалы тарихи сипаттау белгілі бір жұқпалы аурудың бұрын-соңды байқалуын анықтайды, бұрынғы болған жұқпалы аурулардың қазіргі індеттік жағдай әсерін зерттейді.
Жұқпалы аурулар туралы өткендегі деректерді мынандай ақпар көздерінен алады: ауырған жануарларды тіркеу журналы (№ 1 форма), індетке қарсы шараларды тіркеу журналы (№ 2 форма), ауданның індет ақуалын тіркейтін журнал (№3 форма), актілер, есеп-қисаптар мен ресми статистика материалдары.
Аталған құжаттарды пайдалана отырып ретроспективалық (өткендегіні) талдау жасалынады. Оның нәтижесінде аурудың динамикасы, маусымдылығы, кезенділігі анықталынады. Жалпы алғанда салыстырмалы тарихи сипаттау — індеттік ақуалға уақыт тұрғысынан хронологиялық талдау жасау болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |