7 2.1 Көшпелі шаруашылықтың түрлері Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшылық тұрғыда дамыды. Көшпелілік түрінде мал жыл бойы жайылымда тебіндеп жайылды. Малшылар көшпелі өмірге қолайлы жасалған киіз үйде тұрды. Жартылай көшпелілік салтында қазақ халқы мал басы санын аман сақтап қалу үшін жыл мезгілдері мен жайылымдық жерлердің ерекшеліктеріне қарай көшіп-қонды. Қысқы көшінде жылы тұрақтары – қыстауларға қоныстанған. Мал төлдетіп, жүн қырқу үшін көктеуге (көктемгі көш), кейін жас төлдер өсіп, жер көгерген кезде жайлауға көшкен. Қыстауларының жа- нында мал азығы үшін шөп дайындаған, егіншілік кәсібімен де айналысқан. Отырықшылық дәстүрде мал белгілі бір аумақта бағылып, қорада ұсталған. Іле, Талас, Арыс, Шу, Сыр өзендері бойында және Жетісу өңірінде егіншілік кеңінен дамыған. Дәстүрлі малшаруашылығы ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталынды. ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңы мен 30-жылдарының басындақазақтарды күштеп отырықшыландыру және ұжымдастыру салдарынан орын алған ашаршылықта республика халқының жартысына жуығы қазаға ұшырады. Жергілікті халық санының күрт кемуіне әкеліп соқты. 1950 жылдардағы ескерілмей жүргізілген тың және тыңайған жерлерді игеру саясаты нәтижесінде құнарлы жерлердің 10 млн гектары эрозияға ұшырады. Сондай-ақ малшаруашылығын жүргізудегі кеңестік әдістер еліміздегі тағы 55 млн гектар жердің тозуына әкелді. Дәстүрлі малшаруашылығы – тіршіліктің негізі. Көшпелілікті зерттеумен айналысқан еуроцентристік тұжырымдамадағы кейбір зерттеушілер шаруашылықтың бұл түрін өркениеттен артта қалу мен жабайылық көрінісі ретінде біржақты түсіндіріп келді. Ұзақ жылдар бойы көшпелілерді белгілі өз атамекені мен шегарасы жоқ, баспанасыз, мән-мағынасыз көшіп-қонып, құқық пен әділетті білмейтіндер деп қабылдап келді. Бірақ бұл түсінік тіпті дұрыс емес. Ұлы дала көшпелілерінің нақты бекітілген өз жерлері болды. Л.Н. Гумилев және басқа ғалымдар көшпелілердің киіз үй, арба, ер-тұрман, қайқы қылыш т.б. жетістіктер ойлап тауып, әлемдік өркениетке қосқан үлесін дәлелдеді. Ата-бабаларымыз рулық жайылымдарды тек адамдар мен мал арасында әртүрлі аурулар мен індет жайылуынан жаппай қырылуына әкеліп соққанда ғана уақытша тастап кетуге мәжбүр болған. Басқа уақытта көшпелілер сан мыңжылдықтар бойы ұдайы көштің әдістері мен ережелерін сақтап келді. 8 Осындай қорытындыны көрнекті түркітанушы және лингвист В. Радлов та жасайды: «Жоспарланбаған көші-қон туралы сөз болуы мүмкін емес… тайпа немесе тайпалық бірлестіктер жайылымдарын өздерінің жекеменшігі ретінде санайды, көрші тайпалардың басып кіруіне жол бермейді». XIX ғасырдың басына дейін қазақтар және олардың түпкі ата-бабалары (сақтар, ғұндар, түркілер) өте дәулетті тұрмыс кешкен. Еркіндік, әділеттік, көшпелі өмір салты, ен даладағы кең жайылымдар, халықтың сирек орналасуы Ұлы далада дәулетті малшылар дәстүрі мен сән-салтанатын қалыптастырды. Көшпелілер түгелдей қару-жарақпен жеткілікті қаруланып, өз отбасын, малы мен жайылымдарын қорғауға дайын тұрды. Көшпелілердің негізгі дәулеті мал болып, байлық өлшемін ірі және ұсақ мал құрады. Мал көшпелілерге азық-түлік, киім-кешек, тұрғын үй т.б. қажетті өнім берді, көлік міндетін атқарды. Алайда байлық өмір сүрудің негізгі мақсаты емес, әрбір далалықтың жеке бостандығы мен тәуелсіздігі және өмір сүруінің кепілі есептелінді. Мал санының көп болуы мұқтажсыз өмір сүру мен ұлдарын үйлендіргенде қалыңмал төлеу үшін қажет еді. Байлықтың арқасында олар ата-баба аруағына бағыштап салтанатты ас берді. Кез келген адамды, тіпті жатжерліктерді де ақы алмай қонақ етіп күтті. Қазақ әдебиетінің белгілі зерттеушісі, ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Абылай хан заманында әрбір екінші қазақтың дәулетті, бай болғандығын жазады. Бұл деректі Орта жүз қазақтары туралы жазған жазбаларында Шоқан Уәлиханов та растайды: «Сібір қырғыздары (қазақтары) сыртқы округтік приказдар құрылғанға дейін өте дәулетті де бай болған, бұған еш күмән келтіруге болмайды».