Реферат тақырыбы Қазақ халқының ұлттық психологиясы мен ұлттық мінез бітістері



бет3/4
Дата26.11.2023
өлшемі69,06 Kb.
#128484
түріРеферат
1   2   3   4
1.1 ОТАНСҮЙГІШТІК

Халқымыздың кір жуып, кіндік кескен атамекенін аялап, елінің тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтып, қадірлеп-қастерлеуді ұрпағына аманат еткен.
Бізде қай жүзге жататыныңды, қай рудан екеніңді білу ес жиып, есейгеннің белгісіндей дей отыра, мұның түпкі мақсат-мұраты біреу, ол-ынтымақты ел болуға бағытталған. Ер-азамат үшін туған халқын жан-тәнімен сүю, оның шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеп көркеюіне бар-күш жігерімен білімін, еңбегін жұмсап, үлес қосу перзенттік парыз болған. Қаз дауысты Қазыбек би: «Алтын ұяң-Отан қымбат...туып-өскен елің қымбат, кіндік кесіп кір жуған жерің қымбат»- деп тебіренген ғой. Қазақ елі- біздің Отанымыз, атамекеніміз, қастерлеп келе жатқан туған жеріміз. Осы жерді жан-тәнімен сүйетіндер де, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтайтындар да ең алдымен қазақ халқы, оның сендердей ізбасарлары. Қаршадайындай өз отбасын, әкесі мен шешесін, бауырлары мен туған-туысқандарын қастерлеп, қадір тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы ел-жұртын, атамекенін шын көңілмен сүйетін болады. өйткені халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бекерге айтпаған.
Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетін толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кісінің имандылық- адамгершілік қасиеттері, сондай-ақ, оның жекжат-жұрағатқа деген оңды көзқарасынан да жақсы байқалады.Ата-бабаларымыз Алтайдан Атырауға, Еділ мен Жайыққа дейінгі ұлан-ғайыр, кең жазира даланы ғасырлар бойы басқыншы жаудан сан рет қорғап, бостандық пен тәуелсіздік жолында шыбынжанын пида еткен. Олардың халқы үшін қалтқысыз қызмет еткенін өзімізге үлгі өнеге етіп, осындай ата-бабаларымыздың болғанын қалайша мақтан тұтпаймыз!


1.2 НАМЫСҚОЙЛЫҚ

Бұл- әр этностың өз халқының ар-ожданын, имандылық пен қадір қасиетін көздің қарашығындай сақтай білуінен, қажетті жерінде бұл үшін жанын пида етуден көрінетін қасиет.
Қазақ халқы өзінің ұлы мен қызын қаршадайынан намысқойлыққа баулып, Отанына, кір жуып, кіндік кескен жеріне дақ түсірмеуді қатты ескерткен, «арым- жанымның садағасы» деп, ар-намысты бәрінен де жоғары бағалаған.
Өз ұрпағын ата-баба рухына тәрбиелеп, ұлттық намысты ту етіп ұстанған халқымыз «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегенді үнемі есте ұстанған. Қазақ жесірін өгейсітпеген, жетімін шеттетпеген аса бауырмал халық. Қазірде туған жұртының әдет-ғұрпынан, дәстүр салтынан бейхабар кейбіреулер имандылықтан мәңгүрттікке қарай бет алуда. Ал, мейірімсіздік пен қатыгездік солардан шығады. Ұлтымыз арақ ішімдігін «һарам» деп, оны тоғыз жаудың (жалқаулық, аңқаулық, жасқаншақтық, суайттық, өсекшілдік, мақтаншақтық, бөспелік) біріне жатқызған ғой. Қазіргі кезде сырахана мен дүңгіршектерден айналасынан шықпайтын қазақтың кейбір ұл-қыздарына көз түскенде, жігерің құм болып, санаң сарсылып, олардың осынау қылықтары ұлттық намысқа тиіп, зығырданымыз қайнап жүрген жоқ па?
1.3 ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ

Бұл-қазақ халқының әлеуметтік, географиялық, тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан ерекше қастерлі қасиеті. Бізде «қонақ десе қоң етін кесіп беретін қазақпыз» дейтін аталы сөз де бар. Тәуліктің қай мезгілінде келгеніне қарамастан «көлденең келген көк аттыны» да жылы жүзбен қабылдап, төріне отырғызып, дастархан жайып, бар мәзірін алдына қойып күту-халқымыздың санасына мықтар орнаған имандылық пен шынайы адамгершіліктің белгісі. әрбір қазақ үйінде тамағының дәмдісін, жылы-жұмсағын өздері жеместен келетін қонағына сақтайды. Майы мен құрты, ірімшігі мен женті, соғымның мүшелері - сыбаға ретінде өзінің қадірменді қонағын күтіп, көп уақыт түнекте сақтаулы тұрады. Қонақ күтіп, қонаққа баруды халқымыз өмірдің биік мәртебесі деп түсінеді.


Бұрынырақта қазақ ауылдарына қонақтар есепсіз көп келіп жататын. әрине, олардың арасында сыйлысы да, қадір-қасиеті кемдері де кездесетін.
Бірде батыр Сырым Датұлы үйіне қонып отырған Төленді биден:
-Биеке, қазақтың қонағы неше түрлі болады, соны айырып беріңізші, -деп өтінген екен. Сонда би:-қазақта төрт түрлі қонақ бар,- деген екен.
-Арнайы қонақ- алыстан әдейі іздеп келген туыстарың, жолдастарың. Бұлар нағыз сыйлы, сағына күткен қонақтар.
-Құдайы қонақ-бейтаныс, шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүрген тосын қонақ. Олар нағыз сауабы тиетін қонақтар.
-Қыдырма қонақ- ерігіп, желігіп, үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеуді әдетке айналдырған сандалма қонақ.
-Қылқима қонақ- түтіні түзу шыққан үйлерді торып, құлқыны үшін аузына салғанын шала шайнап, қылқытып жұтып, тағы бір түтіні шыққан үйге тарта жөнелетін-нағыз сұғанақ қонақ. Осы қонақты халқымыз кейде «күнде қонақ» деп де айтқан.

1.4 БАУЫРМАЛДЫҚ

Қазақтың ұлттық психологиясына тән имандылық қасиеттің ерекше бір көрінісі-бауырмалдық. Халқымыздың бауырмалдығы «бала бауыр еттен жаралған» деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден басталады. Ата текті дұрыс ажырата алу- бауырмалдылықтың бір көрінісі. Бұл «рушылдық» емес, өзінің шыққан тегін білуге деген ынтызарлық.


Өз руын ғана қастерлеу, қызмет бабында қандастарына ғана қамқорлық жасау білімді, инабатты, зиялы адамға жараспайды. Кеңпейілді, ақ-ниетті, адал жүректі, пәк көңілді қазақ халқының тумысындағы мінез-құлқына қарама-қайшы келетін «бөліну», «бөлшектену» пиғылдарын уағыздайтын адамдарда имандылық пен адамгершілік жағы жетіспей жатады. Ондайлар ел бірлігіне нұқсан келтіріп, кейде жекеленген руларды, кейде қайғы-қасіретке ұшыратуы да ықтимал.
Халқымыздың бауырмалдық секілді атам заманнан сүйегіне сіңген асыл қасиеті «Құран-кәрім» қағидаларымен де ұштасып жатады. Осы туралы қасиетті кітап: ешбір адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бір-біріне дос, бауыр дейді.Олай болса «Ақ, қарамыз, сарымыз-дос бауырмыз бәріміз»-деп, халықты ру мен жүзге бөлмей, кішкентай кезден баланы бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет. Жас ұрпақ әркез «бауыр», «бауырым», «бауырластық» деген сөздердің мән мағынасын терең де жете түсінген абзал. өйткені бауырмалдық халқымыз ерекше қастерлейтін құдіретті қасиет. Онсыз өмір жоқ, ол бар өмірдің тұздығы, жылуы мен қуаты, сәні мен мәні.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет