Сырбаз бата Қазіргі күні көп қолданыста жоқ бата түрлері де бар. Мысалы, сараң адамдарға сырбаз бата берген. Кейбір кездері сыйлы қонақтар келгенде мал соймайын десе, елдің сөзінен қорқып, қонақтың сөгіп кетуінен именіп, жаман лақ, қотыр тоқты әкеле салады. Сол кезде сараңдарға сырбаз бата берген екен. Сол кезде:
Мына тоқтың тоқ па өзі,
Басқа малың жоқ па өзі?
Мұны соймай малдансаң,
Саулық болар көп–көрім,
Мұны тағы қинама.
Көме қатып қаймағын,
Шайың болса, құй маған, – деп, келген қонақ ренішін білдіріп, шай ішкен соң кетуге қамданып отырғанын жеткізген.
Әзіл бата Бұл бата құрбы-құрдасқа, дос-жаран, жезде балдыздардың сый-құрметтеріне көңілі толмаған кезде әзіл-қалжың, сын-сықақ түрінде айтылған. Әзіл батаны Айып Нүсіпоқасұлының "Тал бесіктен жер бесікке дейін" кітабынан оқуға болады. Мысалы,
Әкелгенің арық қозы,
Зорға әкелдің өзін.
Бір келгенде қой сойсаң,
Кедейлесіп кетер ме едің өзің?!
Зерттеушілер ғылымда әр адамның бойында белгілі зарядтық толқын жиілігінің болатыны дәлелденген деген тұжырым жасап отыр. Олар физика тілімен айтқанда, магнит және электр өрісі болады. Адам бойынан сол тоқтаусыз шығып тұратын зарядтық толқын адам аяқ басқан, отырған, тұрған жерлерге тарайды. Сол толқынды қабылдаған жер белгілі уақытқа дейін кері қайтарып тұрады. Яғни, адам бойынан барған кесапат немесе шарапат белгілі уақытқа дейін сақталып, ауаға тарап, қасындағы адамдарға ықпал етеді. Қазақ соны әуелден біліп, "сынықтан басқаның бәрі жұғады" деп жақсы адамдардың ықылас-батасын алуға тырысқан дейді.
Бата беру дәстүрі қайдан шықты? Ал батаның шығуына қатысты зерттеушілер бір пікірге тоқталмаған. Бірқатар маман оның араб елінің "фатеке" сөзінен шыққанын айтады. Фатеке дегеніміз – алғыс айту, ақ тілек білдіру.
"Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі" кітабында фатекенің негізінен намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға екені туралы жазылған. Яғни қазақ баталары соның үлгісінде айтылады.
Қазақ қоғамында бата көбінесе астан кейін табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып ретінде қалыптасқан. Ақсақал бата бергенде шаңырақтағы жастар, кейде, тіпті, жасы үлкендер қол жайып, түрегеліп тұрады. Бұл үрдіс Қазақстанның оңтүстік пен батыс өңірлерінде сақталған.