Батаның магиялық қасиеті Әдебиеттанушы Тоқтар Әлібек аузы дуалы батагөйлер кез келген адамға батасын бермеген дейді.
– Адам бойында батаға деген үлкен сенім қалыптасқан. Яғни, ақ бата алған адамның жолы ашық болса, теріс бата алған адам қарғысқа ұшырайды деген. Өйткені батаны естіген адамның көңілінде қалған ой, ұялаған сенім оның болашақтағы қадамдарын анықтап береді. Мысалы, батырлар жекпе-жекке шығар алдында міндетті түрде үлкендерден бата алған. Батаға деген сенім оларға күш-қуат берген.
Десек те аузы дуалы қариялар да кез келген адамға батасын бере бермеген. Мысалы, Жамбыл Сүйінбайдың батасын алу үшін біраз тер төккен. Ал Сүйінбай Қабан жыраудан әзер алған. Өйткені өнер жолындағы адамдар ізбасарлары көңілінен шыққан кезде ғана батасын берген. Яғни, бірі жүрек жұтқан жауынгер, бірі жолаушы, бірі танымал ақын болса да, батадан аттап кете алмаған. Ал халық оларды сол кезде ғана мойындаған. Ал әйел адамның бата беруі – салтты бұзу болып табылады. Әйел адам тек ақ тілегін айтқан, – дейді Тоқтар Әлібек.
Бата сыйы Бата сөз тек қазақ жұртында емес, түркі-монғол халықтарында бағзы заманда дәстүрге айналған. Бурят елі мұны "юролы", алтайлықтарда "алқышы", немесе "алқыш сос", монғолша "еролы"деп аталады. Батагөйлер әр өлең өлшемін дәлме-дәл сақтай отырып, әсем жеткізген. Қазақтың бата сөздері XIX ғасырда алғаш рет жиналып, жариялана бастаған.
Қазақ батасын алған адамға бата сыйын жасаған. Яғни, бата берген адамға рахмет айтылып мата немесе мал түрінде сыйлық берген.
Қорытынды Қазақстанның қазіргі рухани жаңғыру кезеңінде алға жылжу бағыты айқын болып отырған жағдайда ұлан-байтақ Ұлы Даланы сақтауда ұлттық патриотизмді ояту, отансүйгіш ұлан тәрбиелеу алдыңғы орынға шығуы тиіс. Қазақстан Республикасының гүлденуі мен тұрақты дамуын нығайтуда қазақ фольклорына, қаһармандық, батырлық эпостарға оралу, олардың философиялықдүниетанымдық негіздерін санада жаңғыртудың атқарар рөлі зор деп білеміз. Ұлттық болмысты жаңғырта отырып қайта түлету, еліміздің тұғырлы да орнықты егемендігін сақтау болып табылады. Бағзы замандарда туып, ғасырлар бойы електен өтіп, сұрыпталып бүгінгі күнге дейін жеткен халықтық дүниетаным өз зерттеулерін күтуде. Қазақтар өскелең жас ұрпақ тәрбиелеуде өздерінің ауызша дамыған фольклорлық шығармашылығын кең көлемде пайдаланған. Ол үшін ұлттық төлтумалықты, өзіндік болмысты, дүниетанымын, тілі мен ділін әрі қарай дамытып, сақтап қалуы аса қажет.