Танымның мақсаты — айналадағы құбылыстар мен заттардың заңдылықтарын, мәнін және себеп-салдар байланыстарын ашу. Таным процесі екі негізгі деңгейден тұрады:
1.Сезімдік таным – бұл адам сезім мүшелері арқылы қоршаған ортаны қабылдайды. Бұл деңгейде таным үш негізгі формада көрініс табады:
Түйсік – заттардың және құбылыстардың нақты қасиеттерін сезіну.
Қабылдау – сезім мүшелерінің көмегімен қоршаған ортаны тұтас қабылдау.
Елестету – қабылдаған ақпаратты еске түсіріп, қайта жаңғырту қабілеті.
2.Рационалдық таным – бұл адамның ойлау қабілеті арқылы шындықты түсіну процесі. Рационалдық танымның үш негізгі формасы бар:
Ұғым – заттардың немесе құбылыстардың жалпы және негізгі қасиеттерін білдіретін ойлау формасы.
Пікір – белгілі бір ұғымдар арқылы шындықты анықтау немесе жоққа шығару.
Ой-тұжырым – бірнеше пікірлерден жаңа білім шығару.
Таным әдістері осы процес барысында қолданылатын тәсілдер мен құралдар жиынтығы. Есептер шығару кезінде танымның бірнеше маңызды әдістері қолданылады:
Индукция Индукция – жеке фактілерден жалпы қорытындыға келу әдісі. Бұл әдіс нақты бақылаулар мен эксперименттерге негізделеді. Индуктивті ойлау арқылы адам бірқатар оқиғалар мен құбылыстарды зерттеп, олардың арасындағы заңдылықты ашады. Мысалы, бірнеше математикалық теңдеулерді шешу арқылы олардың жалпы қасиетін анықтау индукцияға негізделеді.
Дедукция Дедукция – жалпыдан жекеге қарай ойлау әдісі. Дедуктивті танымда белгілі бір жалпы заңдылықтан немесе теориядан жеке оқиғаларға қатысты қорытынды шығарылады. Бұл әдіс есептер шығару барысында нақтылықты талап ететін жағдайларда қолданылады. Дедукция ғылыми дәлелдемелерді нақтылау үшін кеңінен пайдаланылады.
Анализ және синтез Анализ – зерттеліп отырған объектіні немесе құбылысты бөлшектеу арқылы оның құрылымын түсіну әдісі. Анализ арқылы әрбір бөлікті жеке зерттеп, олардың өзара байланысын анықтауға болады.
Синтез – анализге кері процесс, яғни зерттеліп отырған объектінің барлық бөлшектерін біріктіріп, оны тұтас күйінде қарастыру. Синтез арқылы объектінің немесе құбылыстың толық бейнесі құрастырылады. Анализ бен синтез есептер шығару барысында кезектесіп қолданылады, өйткені біріншісі затты бөліп қарауға, ал екіншісі оны біріктіруге бағытталған.