Реферат Тақырыбы: "Ғабит Мүсірепов сөз зергері" Орындаған: м-20-3 студенті Нуртазина Айым


Ғабит Мүсірепов әңгімелерінің кейбір көркемдік ерекшеліктері



бет3/4
Дата01.03.2023
өлшемі41,06 Kb.
#70851
түріРеферат
1   2   3   4
Ғабит Мүсірепов әңгімелерінің кейбір көркемдік ерекшеліктері
ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында əдебиет əлеміне қадам басқан қаламгерлер туралы қоғам қайраткері, ақын, зерттеуші Олжас Сүлейменов былай дейді: «...было самое плодоносное поколение в казахской советской литературе. Все они входят в когорту основоположников, каждый по-своему, каждый особой чертой своего дарования украсил родную словесность» . Олардың шығармашылығының сан қырлылығы қазақ əдебиетінің алтын қорын қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Солардың бірі жəне бірегейі белгілі сөз шебері, аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсреповтің шығармашылығы қазақ əдебиетінің тарихын қалыптастыру тұрғысынан да, жазушылық шығармашылығындағы əдеби-көркемдік жетістігі тұрғысынан да көптеген зерттеуші ғалымдардың зерттеу нысаны болды. Жазушы шығармалары əдеби-көркемдік тұрғыдан ғана емес, лингвистикалық бағытта да зерттеліп талай ғылыми еңбекке зерттеу нысаны болды.
Бұл ретте көз тоқтатып, көңілге түйер еңбектердің қатарында Б. Шалабаевтың «Ғ. Мүсреповтің «Оянған өлке» романындағы кейбір синтаксистік құрылымдардың көркемдік-стильдік қызметі», «Ғ. Мүсреповтің «Оянған өлке» романындағы комикалық жасаудың кейбір тілдік тəсілдері» туралы еңбектерін; профессор, ғалым М. Серғалиевтің «Ғ. Мүсреповтің əңгімелеріндегі қайталамалардың стильдік қызметі» туралы еңбегін, сондай-ақ Е. Жұбановтың «Ғабит Мүсрепов тілінің кейбір стильдік ерекшеліктері» секілді ғылыми-зерттеу мақалаларын атап өтуге болады.
Егер осы ғылыми мақалаларға шолу жасап, таратып айтар болсақ, ғалым Б. Шалабаев Ғ. Мүсреповтің «Оянған өлке» романындағы авторлық үннің берілу жолдары туралы, автор үні мен кейіпкер сөзінің арақатынасы, өзара байланысы туралы, романды оқу барысында оқырманын еріксіз жетелейтін роман тіліндегі ритмикалық үйлесімділік пен саздылық, айтылу əуенінің ерекшелігі туралы, автордың оларды беру тəсілі, юмор мен сарказмның жасалуындағы комиканың рөлі, оны жасаудың кейбір тілдік тəсілдері туралы нақты тілдік материалдардың негізінде салмақты ойлар айтып, ғылыми тұжырымдар жасайды. Сондай-ақ ғалым Б. Шалабаев жазушы сөйлемдеріндегі синтаксистік қайталамалар мен лексикалық қайталамалардың ырғақтылыққа ықпалы туралы айта келіп, поэзияда жиі кездесетін эпифора мен анафораның жазушы шығармаларындағы қолданылу ерекшелігіне де тоқталып өтеді.
Қазақ тіл білімінде стиль туралы, əдеби тілдің көркемдігі туралы, тіл тазалығы туралы салмақты ойларымен белгілі болған ғалым М. Серғалиев əдебиетші-ғалымдар арасында поэзияда ғана кездеседі деген пікір қалыптастырып келген анафора мен эпифораның жазушы Ғ. Мүсрепов əңгімелерінің тілінде жиі кездесетін көркемдік құбылыс екендігін нақты тілдік деректерді мысалға келтіре отырып, дəлелдеді. Ғалымның айтуы бойынша, «қайталамалар жазушының көркемдік тəсілдерінің бірі». Ғалым осы аталған мақаласында қайталамалардың стильдік қызметіне ғана тоқталмай, грамматикалық ерекшеліктерін де қазақ тілінің синтакси сі тұрғысынан қарастырып, талдайды. Жалпы, жазушының шығармаларындағы қайталамалар туралы, олардың стильдік қырлары мен қызметі туралы, эмоциональдық бояуы туралы алғаш жан-жақты қарастырып, тың пікірлер айтқан да ғалым М. Серғалиев. Ғалымның бұл еңбегі осындай стильдік тəсілдің басқа жазушылардың шығармаларындағы көрінісін зерттеп, талдауға да түрткі болды. Мысалы, қайталамаларды осындай көркемдік тəсіл ретінде қолдану Ж. Аймауытовтың шығармашылығында да, О. Бөкеевтің шығармашылығында да жиі кездеседі.
Е. Жұбанов «Ғабит Мүсрепов тілінің кейбір стильдік ерекшеліктері» атты ғылыми мақаласында Ғ. Мүсрепов шығармаларында жиі кездесетін сөз мағынасының құбылуы, фразеологиялық тіркестердің, қанатты сөздер мен афоризмдердің қолданысы, бейнелеу тəсілдерінің бірі – эпитеттің қолданылу ерекшелігі туралы айтады. Ғалым мысалдар келтіру арқылы олардың əрқайсысының стильдік бояуын, олардың шығармаға беретін əрін, стильдік тұрғыдан да, көркемдік тұрғыдан да көтеретін жүгін нақты мысалдар келтіре отырып түсіндіреді.
Ғ. Мүсрепов шығармаларынан кез келген тілдік материалдың қолданылу барысындағы өзіндік қырын байқамау мүмкін емес. Жазушының ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басында жазылған алғашқы əңгімелерінің бірі «Тулаған толқында». Бұл шығарма алғаш əңгіме ретінде жарияланғанмен, кейін көлемінің үлкендігіне байланысты повесть ретінде танылып жүрді. Жазушының «Таңдамалы шығармалар жинағына» да повесть ретінде енгізілді. Осы повестен алынған мына бір үзіндіге назар аударайық: «... Өмірдің уы Шəйзаның балаң ойына түгел жайылғандай, уланғандай болады. Қоңыр көлеңке үйдің қоңыр сəулесі Шəйзаны да қоңырландырып, сұрғылтқа таңдық түс береді. Үй де қоңыр, көлеңке де қоңыр.Қоңыр үйдегі тұрмыс та қоңыр.Қоңыр үйдегі Шəйзаның ойы да қоңыр.Қоңыр ойлы Шəйзаның əні де қоңыр... Қоңырлатып, ыңырсып өлең айтып отырады. Өлең емес, қоңыр күймен ішіндегі зарын төгіп отырады».
Келтірілген үзіндідегі «қоңыр» сөзін алсақ, ол əр түрлі сөздермен анықтауыштық қатынаста (қоңыр көлеңке, қоңыр сəуле, қоңыр Шəйза, қоңыр үй, қоңыр көлеңке, қоңыр тұрмыс, қоңыр ой, қоңыр əн, қоңыр күй) тіркесіп келіп, бірнеше рет қайталанып тұр.
Он үш рет қолданысқа түскен қоңыр сөзінің стильдік жүгін айқын аңғарта отырып, жазушы оны мақсатты түрде қолданады. Қоңыр сөзі арқылы жазушы басты кейіпкер Шəйзаның «қоңырлатып салған əні» арқылы оның өмірін, тіршілік тынысын суреттей отырып, ары қарай шығарманың қалай өрбитіндігінен де, басты кейіпкердің алдағы болар «қоңыр» өмірінен де хабар береді. «Қоңыр» сөзі əңгіменің даму желісіне негізгі арқау болады.
ХХ ғасырдағы қазақ əдебиетінің тарихында Ғ. Мүсреповтің шығармашылығы ерекше орын алады. Бейімбет Майлинді «шағын əңгіменің шебері» ретінде классикалық əдебиеттің өкілі десек, ал «Ғабит Майлин ізімен, бірақ одан басқашалау романтикалық стильде қазақ əдебиетіндегі əңгіме жанрын дамытып, сол арқылы күшті, татымды образдар галереясын жасады». Бұл пікірге ешкімнің таласы жоқ.
Ғ. Мүсрепов те «шағын əңгіменің шебері» атанған жазушы. Жазушының шығармашылық бастауы – шағын əңгіме. Осы əңгімелерінде қоғам өмірін, заман тынысын шынайы суреттеу арқылы сол дəуірдің адамдарының сан қырлы портретін жасады. Мысалы, «... Желкесі жапжалпақ, кеудесі қаңқайған. Кеудесімен тұтасып кеткен күждей мойында бір қазан етті бас. Екі көздің құйрығы екі елідей қысылған. Қара табақтай жалпақ бетті. Таңқиған саңырақ танау, таңқы мұрт, бұйра қара сақалды. Арам майы сыртына шығып, киген киімі жып-жылтыр, ала дамбалдың ауы өмір бойы тізесінен кетпейді. Семіз балтыры мəсінің қонышын сөгіп жібереді де, бір жағы қайрылып, үнемі жалбырап жүреді». Бұл «Тулаған толқында» повесіндегі Оспан болыстың портреті. Осы бейнелі сурет кейіпкердің сыртқы портретін ғана емес, оның адами қасиеттерінен де хабар беріп тұр. Оның бет бейнесінің сүреңсіздігінен бөлек, «тізеге түскен ала дамбалдың ауы мен жалбыраған мəсінің қонышы» да көп нəрседен хабар беріп тұр. Жалпы жазушы тілі өте бай, құнарлы. Жазушының суреттеуі еріксіз езу тартқызады жəне сол суретті жан бітіріп көз алдыңызға алып келеді. «... Иін ағашпен су əкеле жатқан келіншектер Оспанның көлеңкесін дəл бсынан басып өтіп барады. Әдейі басатын сияқты. Көлеңкенің Оспандікі екенін таныған ересек əйел «көтек» деп ыршып кетті. Сөйткенше болған жоқ, үйге қарай жөнелген Оспан, көлеңкесін келіншектердің аяғының астынан өзі суырып əкетті». Жазушы қай тақырыпқа қалам тартса да сөзбен өрнек салып, сол тақырыпты оқушысына бейнелі сурет деңгейінде жеткізудің шебері. Жазушының əңгімелері туралы айтқанда оның ана туралы шоғыр əңгімелерін айтпай өте алмаймыз.
«Ғ.Мүсірепов орыс жəне əлем əдебиетінің тəжірбиелеріне сүйеніп аналарға арнаған шығармаларында, реалистік романдарында əлеуметтік мағынаға толы революциялық-романтикалық пафоспен халықтық дархан қалжынды, терең лиризм жəне реалистік бояуды ұлттық дəстүрмен сабақтастыра білді. Автордың өз қаһармандарының ішкі дүниесіне ену детальдерінен, романтикалық-реалистік стильдегі баяндаулардан, характерлердің психологиялық анализінің негізінен Горькийдің жазу мəнері сезіледі. Ғ. Мүсіреповтің шығармалары əлем мен совет классиктерінің тəжірбиелерін сəтті игеріп айтудағы профессионалдық шындалысымен сипатталады».
Жастайынан орыс, шетел классикалық шығармаларын оқып, шығармашылық өсу жолында классикалық тəжірибе жинақтап өскен Ғабит Мүсіреповтің жазушылығынан бұрын аудармашылық тəжірбиесі болды. Бұл туралы өзінің естеліктерінде жазушы былай дейді: «... в юности, когда я овладев грамотой, начал читать книги, передо мной стали раскрываться картины неизвестных мне окраин, я как бы остановился очевидцем судьбы совсем неизвестных мне людей. Особенно глубокое впечатление оставили рассказы М. Горького, порою я не мог оторваться от них, и окончив чтение, начинал переводить рассказ предложение за предложением на казахский язык. Так я стал переводчиком рассказов М. Горького, а затем начал писать сам».
Ғ. Мүсіреповтің прозадағы шығармашылығына оның Максим Горькийдің ана туралы əңгімелерін қазақшаға аударуы соны леп əкелді. Аналар тақырыбына жазған циклдік əңгімелер шоғыры да осы жылдары жалт ете түсті. Ғабит Мүсрепов Горькийдің екі əңгімесін қазақшалады. Олар – «Адамның анасы» жəне «Өлімді жеңген ана» атты əңгімелері. Жазушы əңгімелер ді түпнұсқадағы рухты сақтай отырып, қазақи ұғымға бейімдеп, аса көркем түрде еркін аударды. Өзі тəржімалаған шығармалардың мазмұны Ғабеңе қатты əсер еткені сондай, ол аналар тақырыбына арналған əңгімелер топтамасын жазды. Атап айтқанда, олар – «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима» сияқты туындылары. Бұл шығармалардың қай-қайсысының да көркем əдебиеттің басты талаптарына сəйкес жазылған сəтті дүниелер екендігін əдебиеттанушы ғалымдар кезінде атап айтқан болатын. Осы шығармаларда əр қырынан алынып жазылған аналар бейнесі қазақ əдебиетінің үлкен табысы болып саналады. Әңгімелердің басты кейіпкерлері Қапия, Нағима, Ақлима қай-қайсысы да ерлік жасауға даяр тұратын ер аналар. Жазушы бұл кейіпкерлер тағдырын мейілінше қызық штрихтармен бейнелей отырып, қайсар, қайтпас рух иелері етіп көрсетеді. Бұлардың бəрі де нəзік жандылар болғанымен, рухы күшті, күрескер əйелдер.
Жазушы асқақ ана бейнелерін қиын тартыстар үстінде көрсете отырып, қоғамдағы алатын орнын, рухтарының мықтылығы мен анаға тəн тамаша қасиеттерін қызғылықты оқиғалар үстінде əсем бейнелейді. Мысалы, «Ананың арашасындағы» Нағиманы алайық. Өз басына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жаралы болып жатқан қызыл əскерді жау қолына түсірмей, алып шығады. Өз баласы болса бір сəрі, бөтен əскер. Бөтен болса да халықтың азаттығы үшін күресіп жүрген боздақ екендігін сезіне отырып, азаматты аман алып қалу үшін өзі де басын бəйгеге тігеді.
Бұл шығармаларда адамның асқақ рухын көрсетумен бірге лапылдаған романтизм нышандары да бар. Оқиғалардың өтетін ортасы, қатысушы кейіпкерлердің болмысындағы ерекшеліктер, жағдайдың күрделілігі, бəрі тоғыса келіп, романтикалық сипатқа алып келеді. Кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар образ ашуға ұтымды қызмет етіп тұрған көркем əдістер.
Ғ. Мүсіреповтің аналар тақырыбына арналған əңгімелері жайлы академик Серік Қирабаев:
«Жазушының ана туралы əңгімелері осы дəуірдегі үлкен жаңалық болып табылады. Оларда Ғабит М. Горькийдің əсерімен, ананы ардақтау, ананы қадірлеу идеясын көтеріп, оны романтикалық пафоспен жырлай білді. Ол Горькийден «Өлімді жеңген ана», «Адамның анасы» əңгімелерін еркін аударып, қазақ өмірінің шындығы негізінде «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ананың анасы» тəрізді əңгімелер жазды. Бұлардың қай-қайсысы болсын, өмір иесі – ананың парасатын, күш-қайратын, асқақ сезімін паш етті» деп өте орынды тұжырым жасайды.
Баспасөзде жазушының ана туралы жазылған шоғыр əңгімелерін аударма деп те атап жүреді, алайда бұл аударма емес. Ғ.Мүсіреповтің шығармалар жинағындағы аудармалар тарауына енбей, ана туралы аңыздар тарауына қосылып, кітап соңында шығармалар туралы түсінік бергенде М.Горький ізімен жазылған жазушының əңгімелері деп көрсетіледі.
«Ананың анасы» жазушының ғасырлар қойнауында қалған қазақы тұрмысты суреттейтін ең сəтті жазылған əңгімесінің бірі. Жазушы осы əңгімесінде кеңістік пен уақыттың өзара байланысын беруде небір тіркестерді пайдаланады:
«Күннің көзінің өзі де күн ұзын көлге шомылып жанын сақтайтындай ...»; «Шалқыған шаңқай түс кезінде адамның көлеңкесі де саялауға жер таппай бауырыңа кіріп кетеді». Осы сөйлемдердегі аптап ыстық кездегі көл бетіне түскен күннің шуағы, адам көлеңкесінің тал түсте тым қысқарып жоқ болуы аса шебер суреттеледі. Қазақ əдебиетінің классигі, жазушының замандасы С. Мұқанов: «Ғ. Мүсірепов туралы» очеркінде оны «ұқыпты», «портрет жасауға шебер», «тілге үнемшіл» деп атап көрсетті.
Ғ. Мүсреповтің жетістігі – тілінің көркемдігі. Жазушының бейнелі суреті езуге жеңіл күлкі үйіріп, ащы мысқылға тұнып тұрады. Жоғарыда аталған аналар туралы əңгімелерінің бəрінде де қазақи өмірге, тұрмыс-тіршілікке, түсінікке жақын, ауыл өмірінің небір қырлары, ондағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, қоғам мен заман тынысы суреттеледі. «Кең көйлектің етегі арт жағынан жел үрген тауықтай түріліп кеткен Жəніш бəйбіше...»; «Кебіс табанына ұшып келіп, айран бетіне шаншыла түскен тезек сынығы құйрығын шошайтып, Жəніш бəйбішені нұсқағандай болды» секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Жазушының ана туралы əңгімелерінде қазіргі уақытта да өзінің мазмұндылығын, маңыздылығын жоймаған, қанатты сөздер мол кездеседі.
«Мақтасақ – əйелді мақтайық та, құрметтейік те əйелді. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!». «Күнсіз гүл өспейді. Сүюсіз бақыт жоқ. Әйелсіз сүю жоқ. Анасыз ақын да болмайды, батыр да болмайды». Жазушы əңгімелерінен осындай қанатты сөздерді молынан кездестіруге болады.
Қазақ əдебиеті тарихының алтын қорынан ойып орын алатын Ғ. Мүсреповтің шығармашылығы талай зерттеу еңбектеріне нысан болары сөзсіз. Себебі, əрбір қаламгердің өзіндік стильдік өрнектері, өздері сүйіп қолданатын тəсілдері, жазу машығы болады. Қаламгер сонысымен дара, сонысымен ерекше, сонысымен өзгеше. Ал мұндай даралық Мүсрепов шығармашылығының алтын қазығы.
Жазушы туралы ой маржандары
Ғабит Мүсірепов әдебиеттің ең күрделі жанрларына қалам тартып, соның бәрінде де өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырды. Оның қаламынан шыққан алуан түрлі жанрдағы туындылар әдебиетіміздің үздік үлгілері болып қала бермек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет