2.3 Әдебиетті оқытуда проблемалық әдістің ерекшелігі Әдеби проблема дегеніміз идеялық, философиялық, тарихи-эстетикалық және тағы басқа мазмұндардың қоспасы. Демек, бұларды біртұтас бірлікте талдау керек. Проблеманың идеялық немесе философиялық мазмұнын оның эстетикалық мазмұнынан бөліп қарауға болмайды. Мұғалімнің міндеті – оқушының ақылойын проблеманың идеялық, философиялық, адамгершілік көзқарастарына әкелмей қоймайтын эстетикалық талдау жасауға бағыттау.
Әдебиет сабақтарындағы проблемалық жағдаят тудырудың басты ерекшелігі оқушыларға шығарманың көркемдік ерекшелігін түсіндіру деп ұғуымыз керек. Проблемалық сұраққа берілетін логикалық жауаптардың артында мәтін бойынша автормен бірлікте жүргізетін эстетикалық тұрғыда құрылған зерттеу нәтижесі тұруы тиіс. Оқушыларға проблемалық тұрғыдағы өздік тапсырмаларды орындату барысында шығарманың көркемдік шешімін өз бетінше ажыратып, талдай алатын және түсіне білетіндей білім мен дағды беру – негізгі мақсат болу керек. Мысалы, «Қамар сұлу» романын оқыту барысында мұғалім «Жазушының Қамарды азап пен ақыреттің құрбаны етуі кездейсоқ па? Ахмет пен Қамардың махаббат бостандығы үшін күресуіне, мұраттарына жетуіне болмас па еді?» деген проблемалық сұрақтарға жауап алуына болады. Әдебиет сабағында қойылатын проблемаларда тарихи-нақтылы және жалпы адам баласында болатын құбылыстар өзара диалектикалық байланысты келіп көрінуі мүмкін. Көркем мәтіндегі сөз – поэтикалық ой көрінісі. Әр ақын-жазушы сөз айшықтарын өзінің әлеуметтік, эстетикалық мұраттарына орай қолданады.
Проблемалық іздену тапсырмаларын бір тақырыпқа қалам тартқан әр ақынның өлеңдерін салыстыра отырып талдауға болады. Бұл әдістің әсерлілігі бір тақырыпта екі адам жазған шығармаларды салыстыра талдау әр автордың өзіне тән стилін, идеясын, өзіне ғана тән ойды көркем бейнелеу әдісі мен шеберлігін айқындауға, талдауға жағдай туғызады. Талдаудың дидактикалық әсерін күшейтеді. Оқушыларға Ы.Алтынсарин мен А.Құнанбаевтың өнербілім, ғылым, табиғат жайында жазған өлеңдерінің көркемдік құрылымдарын: композициясын, ырғағы мен сөз қолдану айшықтарын, ұйқасын және т.б. салыстыра отырып, іздену жолдарын түсіндіріп, әрі қарай талдап, қорытынды шешімді ауызша немесе жазбаша баяяндауды тапсырсақ, шығармашылық дағдыларын дамытамыз. Екі ақынның бір тақырыпты, бір құбылысты, бір көріністі суреттей отыра әрқайсысы өзінше өрнек тапқанын, өлең ұйқасы мен ырғағының әр түрлі болуын, әлеуметтік өткірлігі де бірдей емес екендігін анықтайды. Жаңа материалды түсіндіру кезінде проблемалық әдісті материалға тікелей байланысты проблема, материалды терең меңгертуге, ойлантуға
байланысты немесе шығармашылық проблема, үйге тапсырма ретінде берілетін проблема, білімді жүйелеу проблемалары деп топтауға болады.
Қорытынды Проблемалық оқытудың негізгі міндеттерін шартты түрде жалпы және арнайы қызметтерге бөлеміз. Проблемалық оқытудың жалпы міндеттері:
- оқушылардың білім жүйелері мен ақыл-ой және практикалық қызмет
тәсілдерін меңгеру;
- танымдық дербестігі мен шығармашылық қабілеттерін дамыту;
- оқушылардың өз бетінше ойлау қабілеттерін дамыту.
Бұған қоса проблемалық оқытудың арнайы міндеттері төмендегідей болып бөлінеді:
- білімді шығармашылық меңгеру дағдыларына тәрбиелеу (логикалық әдістерді немесе шығармашылық қызметтің жекелеген тәсілдерін қолдану);
- алған білімді шығармашылықпен қолдану дағдыларына (жаңа ситуацияларда) және оқу проблемаларын шешу шеберлігіне тәрбиелеу;
- шығармашылық қызмет тәжірибесін қалыптастыру және жинақтау (ғылыми зерттеу, практикалық проблемаларды шешу және шындық болмысты көркем бейнелеу әдістеріне ие болу).
Пайдаланылған әдебиеттер: Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі: Оқулық – Жұмақаева Б.Д. Алматы, «Қыздар университеті» баспасы, 2015. – 242 бет.
Ұлағатты ұстаз тағылымы: Ізденіс. Тәжірибе. Көзқарас: оқу-ағарту ісінің үздігі, методист-ұстаз, еңбек ардагері Ләззат Бәйішқызы атындағы облыстық ғылыми-практикалық конференция материалдары – Қарағанды: Н.Нұрмақов атындағы ММИ, 2019 – 205-бет.
Нәтижеге бағытталған сабақ: жоспарлау мен саралау тәсілдерін қолдану: республикалық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары - Шымкент: «Әлем» баспаханасы, 2022.- 452 б.