Жоңышқаның тұқымы 2-3°С жылылықта өне бастайды, ал тіршілікке бейімді егін көгі 5-6°С жылылықта пайда болады, қолайлы температура +18°С +20°С. Қыстап шыққаннан кейін жоңышқа орташа тәуліктік температура 7-9°С - тан өткенде өсе бастайды. Көктегеннен кейін немесе өсе бастаған жоңышқа -5°С–6°С бозқыраудан зақымданбайды, суыққа төзімді сорттары 6 үштік жапырақтар кезеңінде -9°С дейінгі бозқырауды көтереді. Жоңышқаның көгі көктемгі бозқырауды күзгіге қарағанда жеңіл көтереді. Жоңышқа – жаздық өсімдік, ерте көктемде себілгенде сол жылы көктеп, гүлдейді де тұқым береді. Өсе бастағаннан гүлдегенге дейін жоңышқаның әртүрлі сорттарына орта есеппен 800-890°С жиынтық температура қажет, тұқымының пісуіне дейін 1200-2200°С, тұқымның пайда болуына қажетті қолайлы температура +25-28°С.
Жоңышқа –ыстыққа төзімді дақыл, күндізгі +35-40°С аптап ыстықты көтереді.
Өсімдіктің жағдайына байланысты жоңышқа тамыр мойны орналасқан алаңда -15-20°С дейінгі суықтықты көтере алады. Батыс Қазақстанда аудандастырылған жоңышқа сорттары қар қабаты 10-15 см қанағаттанарлық дәрежеде қыстайды, қыс ортасындағы қар бетіндегі -30°С суықтықты көтереді, ал қар қабаты 20-40 см асқанда тіпті -40-50°С температураны жақсы көтереді.
Қысқа, аязға төзімділігі өсімдіктің қыстайтын тіршілік ұзақтығына байланысты. Қысқа төзімділігіне себу мерзімімен бірге шабу немесе мал жаю мерзімі де әсер етеді. Соңғы шабу мерзімін, немесе мал жаюды дұрыс жүргізбегенде жоңышқа 2-3 тіршілік жылында қатты селдіреп қалады.
Дақылдың ылғалға жоғары қажетсінуін ескере отырып оны жылына 300 мм жоғары ылғал түсетін аудандарда ғана суармасыз жағдайда өсіруге болатынын ескерген дұрыс, бірақ бұл ретте оны ылғалмен қамтамасыз етілген және жер асты сулары 2,0-2,5 м тереңдікте болатын учаскелерге орналастырады. Жылдық ылғал мөлшері 290-300 мм аспайтын құрғақ далалық аудандарда жоңышқаны тек қана суармалы жағдайда өсіруге болады.
Егістік жоңышқа су қабатын 5-6 күннен артық көтере алмайды, тұншығудан өліп қалады. Су басуды жас өсімдіктер және өсе қоймаған жоңышқа жеңіл көтереді (шыдайды).
Жоңышқаның жақсы тұқым өнімін гүлдену кезеңіне дейін жақсы ылғал қалыптасқан жылдары алуға болады. Суармалы жағдайда мол өнім қалыптастыратын ең қолайлы суару режимі (толық далалық сыйымдылықтың ТДС%): бастапқы өсу қезеңінде 50-60%, шанақтану-гүлдену кезеңінде 60%, гүлдену-пісу кезеңінде 50%, мал азығына өсіргенде ылғалдылық ТДС-тың 70-80 % дәрежесінде ұстау керек.
Жоңышқаны өнімді пайдалану ұзақтығы ең алдымен ылғалдылыққа байланысты: құрғақ далалық аймақта – 2-3 жыл, суармалы жағдайда - 8 жылға дейін және одан да көп жыл.
Жоңышқа топырақ пен оның құнарлылығына үлкен талап қоятын дақылдарға жатады. Бейтарап немесе әлсіз бейтарап реакциялы (рН 7-8) сұр, қоңыр, қара топырақтарда ол жақсы өседі. рН 4,5-нан төмен болғанда жоңышқа нашар өседі, ал рН 8-ге дейін жоғарылағанда оның өнімі арта түседі. Бұл дақыл үшін ең жақсы топырақ құрамы орташа саздақ болып табылады.
Қатты сортаңдаған топырақтарға жоңышқаны себуге болмайды, және мұндай жерлерде оның пайдалану ұзақтығы 2-3 жылдан аспайды.
Жоңышқа энтомофилъді айқас тозаңданатын өсімдік алайда гүлдер 30- 35°С-қа дейін қызғанда олар өздігінен ашылады да өздігінен тозаңданады.
Гүлдерді әртүрлі жабайы аралар тозаңдандырады, кейде мәдени аралар да араласады.
Жоңышқаның тұқымын ойдағыдай өндіру үшін төмендегідей климат жағдайлары қажет: өсіп-өну кезеңі 100 күннен артық, гүлдену кезеңіндегі ауаның орташа температурасы күндіз 25°С және одан да жоғары және түнде +18 °С-тан жоғары, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 50 %-тен төмен, гүлдену кезеңінде ашық күндер, топырақтың ылғалдылығы көктемде жеткілікті және гүлдену кезеңінде шамалы болғаны жөн.
Жоңышқаның барынша сенімді тұқым шаруашылығын суармалы жағдайда ұйымдастыруға болады деп саналады.
Жоңышқа – кәдімгі энтомофиль. Гүлдердің тозаңдануы, олардың ұрықтануы, жатынның пайда болуы секілді түрде тозаңдатқыш – насекомдар арқылы іске асады.
Жоңышқаны тозаңдандыруға 160-тан астам ара түрлері қатынасады. Климаттық аймаққа қарай тозаңдатқыштардың түрлері мен сандық құрамы қатты өзгереді, алайда тозаңданудағы негізгі жұмысты аралардың 5-8 түрі атқарады, ал қалғандары егістікте жекелеген күйде кездеседі.
Жоңышқа өсіретін аудандарда өсімдіктердің тозаңдатқыш – жәндіктермен қамтамасыз етілуі небәрі 5-15 %, мұның өзі тұқым өнімінің төмендігінің негізгі себебі болып табылады.
Жоңышқаны тозаңдандыруға соңғы жылдары кейбір елдерде құрт- құмырсқа көбелегінен (куколмадан) қолдан өсірілген ара-жапырақ кескіштерді пайдалана бастады.
Тозаңдатқыш - араларды көбейтуге бағытталған шаралармен қатар, қолдағы бар тозаңдатқыш – араларды тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырған дұрыс: жоңышқа егістігін ұсақ алқаптармен (10-15-га) тозаңдатқыш аралар мекендеген жерлерге таяу - орман алқабы маңына, оңтүстік қырқаларға, жыраларға, жыртылмаған учаскелердің маңы т. б. орналастырады.
Американдық оқымыстылардың жариялауларында жәндік тозаңдатқыштардың тығыздығын гектарына 20 мыңға жеткізгенде жоңышқаның тұқым өнімі 20ц/га асқандығы туралы мәліметтер кездестіруге болады.