Реферат тақырыбы: Мұражай мен көрме шығармашылығы



Дата05.05.2023
өлшемі28,5 Kb.
#90365
түріРеферат



РЕФЕРАТ

Тақырыбы: Мұражай мен көрме шығармашылығы

Тарихи-мәдени мұраны сақтау — стратегиялық маңызы бар мемлекеттік мәселе. Ұлттық дәстүр, әдеби және мәдени құндылықтар, тарихи тәжірибе — ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өзі қолдау көрсетіп бастамашы болған «Мәдени мұра» бағдарламасы қазіргі кезде көпшілік қауымның қолдауына ие болып отыр. Елбасы жалпы ұлтық деңгейде бағдарлама жасау туралы осыдан он жыл бұрын, 2003 жылдың сәуірінде өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бастама ретінде көтеріп, Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын.


«Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасы ұлттың рухани-ағартушылық және мәдени-интеллектуалдық деңгейін көтеруге, өскелең ұрпақты туған халқымыздың салт-дәстүрлерімен, жалпы адамзаттық құндылықтар мен идеялар рухында тәрбиелеуге бағытталған. Олай дейтініміз, қоғамның рухани тірегі санатындағы тарихи-мәдени мұралардың халықтың өз болмысын жоғалтып алмауы мен қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі аса зор. Аталмыш жұмыстың маңыздылығы да осында.
Бағдарлама тарихи-мәдени дәстүрді жаңарту мен дамытуға, соның ішінде мәдени мұраларды зерттеу, қорғау, пайдалану мен насихаттауға байланысты мемлекеттің негізгі ұстанымдары мен бағыттарын белгілейді. Сондай-ақ, бағдарлама тарих, этнография, фольклор, ежелгі жазба мұралар жөніндегі еңбектерді, ғылыми-зерттеу және тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру, сақтау және топтастыру, сол арқылы көпғасырлық ұлттық мәдениетімізді тиянақтау шараларын көздейді [1, 16–17 б.].
Мұражайлар бұл қоғамдағы рухани өмір көрінісі. Қазақ кітабы — қазақ тілі сақталуының кепілдігі, оның халықтың білім алуына, тіл мен әдебиетінің, республиканың қоғамдық және ғылыми өмірінің дамуына қосар үлесі зор.
1991 жылы желтоқсан айының 16 жұлдызында республиканың мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы — Қазақстан Республикасы деп аталды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көкейкесті реформаларды жүзеге асыруға, демократиялық қоғамды, айқын әкономиканы кұруға кірісті. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен соң ұлттық кітап ісінің дамуында жаңа кезең басталды. Қазақ кітабы жаңа Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты.
Қазақ кітабының шығуы мен дамуы, көне қолжазбаларды және сирек кездесетін басылымдарды зерттеу, олардың қазақ тарихына қатысы мен байланысын анықтау, республикамыздағы қолжазба қорын тексеріп бағалау жолындағы машақаты көп, сонымен қатар қызықты да жұмыстарды Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Кітап мұражайы, Кітап палатасы және т.б. мекемелер атқарады.

Жоғарыда атап көрсетілген мәселелерді шешуге өз үлесін «Ғылым ордасы» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (РМК) Сирек кездесетін кітаптар мұражайы да қосуда. Бұл мекемені 2010 жылы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті ашқан еді.


Мұражайдың мақсаты — Қазақстанда және шетелдерде сақталған ел тарихына, мәдениеті мен ғылымына қатысты көне қолжазбалар мен сирек кездесетін басылымдарды бір орталыққа жинақтау, сақтау, зерттеу және дәріптеу, әртүрлі мәдени-тарихи жағдайдағы олардың әлеуметтік рөлін, көне ғасырдан бері қалыптасқан отандық жазба мәдениетін жан-жақты көрсету. Мұражай қоры Орталық ғылыми кітапхананың көне қолжазбалары мен сирек кітаптар қоры негізінде жасақталды. Сонымен қатар, қорды толықтырудың басқа да жолдары қарастырылған. Атап айтқанда, букинистік дүкендер, мұражай құндылығын қызықтап келушілер мен мұрагерлік жолмен иемденген азаматтардан сұрастыру арқылы жинақтау.
Мұражайдың «Ғасырлар қойнауындағы жазба мұралары» атты тұрақты көрмесі төрт бөлімнен түрады. Бірінші бөлім ықылым заманнан бастау алған жазба мәдениетінің куәгері болып табылатын байырғы, көне жазу ескерткіштеріне арналып отыр. Мұнда республика аумағынан табылған жазба мәдени ескерткіштері және сонау Тас дәуірінен бастап, кейінгі орта ғасырларға дейін жалғасын тапқан жазу үлгілері туралы құнды мағлұмат алуға болады. Мұражайға келген қонақтардың көзіне бірден ілінетін жәдігер, Ақбауыр үңгірінен (Шығыс Қазақстан) табылған, қола дәуірінде қынамен салынған таңбалар деуге болады. Осы паннодан қонақтар таудың күнгейлі жартас беттеріне салынған таңбалар мен символикалық белгілерді, петроглифтерді-де, аңғарады. Бұлар қола дәуірінде салынған таңбалар.
Қазақстан картасына зер салсаңыздар, картада елімізде табылған көне жазба ескерткіштерінің орындары көрсетілген. Қабырға суреттерде «Авеста» кітабының жазу үлгісі әліпбилік нұсқасы мен қаңлы жазуының қыш тақтаға жазылған нүсқалары бейнеленген. Авестада Қазақстандағы жер-су атаулары жиі кездеседі және ол атаулар күні бүгінге дейін зерттеліп келеді.
Қазақстандағы жазба мәдениет ескерткіштерінің бірі — сармат таңбалары. Олардың бірқатар үлгілері қабырға суреттерде бейнеленген. Жазба мәдениетіміздің хронологиялық жүйелік жалғасы ертедегі түркі Жазуы — Орхон-Енисей ескерткіштерімен өрбиді. Ертедегі түркілердің жартасқа, тастың тегіс беттеріне, таудың күнгей жағында күннің қызуымен Патина, қарақошқыл дақ пайда болған тастарына, түрмыстық бүйымдарға қшап, ойып, бәдізделген таңба жазулары Моңғолиядағы Орхон өзені, Енисей, аңғары, Талас өзені бойында, IV–XVI ғасырлар аралығында мемлекеттік құрылымда өмір сүрген түркі тайпалары қоныстаған жерлерден табылған. Түркі жазба ескерткіштерінің ғылыми атаулары табылған жеріне байланысты аталған.

Картаның астындағы көрмеде Әулиеата қаласына жақын жерден, Талас өзені, аңғарынан В. Каллаур мен А. Гейкель 1898 жылы түркі жазуы бар бес тас тапқан, солардың бірінде: «Оның есімі Чор. Отыз оғланы өздерінен, олжа мен игіліктен қол үзді. Оның жары жесір қалды» — деген сына жазуы бар тастың көшірмесі қойылды. Тас бетіндегі жазу үлгілерін В. В. Радлов, П. Мелиоранский, А. Гейкель, С. Е. Малов, Ю. Немет сынды ғалым-түркологтар ескерткіштердің түркі тіліндегі мәтінін, емлелерін зерттеп, ғылыми еңбектерінде жариялады. Соңғы жылдары жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеулердің нәтижесінде байырғы түркі жазуының зерттелу көші ілгерілей түсті. Осы қатарда отандық ғалымдар А. Аманжолов, З. Самашев, О. Сапашев, Қ. Сартқожа, Н. Базылхан сынды ғалымдардың зор үлесін айтуға болады. Кезінде түркі бітік жазуының оқылу кілтін тапқан В. Томсен Шығыс Түркістан Шыңжаң өлкесінен табылған аса сирек кездесетін қағаз бетіндегі мәтінді зерттеп, кітап ретінде бастырып шығарды. Одан бері, неолит дәуірі ескерткіші Төлеубұлақ ойықтары мен сарматтық үлгідегі таңбаларды тапқан тас дәуірі ескерткіштерін зерттеуші ғалым Ж.Қ. Таймағанбетовтың тапқан ескерткіштерін зерттеген З. Самашев сармат тайпаларының жазба ескерткіштерін және Шақпақата қорымынан табылған түркі жазуларын Н. Базылханмен, ал Шығыс Қазақстаннан табылған Манат жазу-таңбаларын О. Сапашевпен зерттесе, Қ. Сартқожа Моңғолия жерінен табылған жерасты жерлеу орнынан мойнында түркі таңбаларымен жазылған музыкалық қобыз аспабын тауып, ғылыми ортаға жария етті [2]. Түркі жазба ескерткіштерінің толық атласын жасаған М. Жолдасбеков пен Қ. Сартқожаның еңбектерін-де жемісті шығарма деуге болады.


Байырғы түркі тілі кейінірек жазба дэстүрі бойынша соғды және ұйғыр әліпбиімен жалғасып, ұзақ уақыт пайдаланылды. Орта ғасырларда түркі халықтарының ислам дінімен қатар, жазба мәдениетін-де бірге қабылдады. Осы тұстан бастап, жазба шығармалар, туындылар араб жазуымен жазылды. Жазба мәдениетіміздің үлгі-нұсқалары көрмеде байырғы жазу-таңбалардан бастап, ирандық авеста мәтіні, түркінің сына жазуы, соғды және көне ұйғыр, араб әліпбиінің тарихын қысқаша шолып таныстыру мақсатын көздейді. Осы бөлімнен түркі бітігі бар шыптаның (қазық) фотосуретін, көшірмесін-де көруге болады. Шыпта, ағашы қазіргі күні Санкт-Петербургтегі (Ресей) Эрмитаж қорында сақтаулы. Шырша бұтағынан жасалған шыптаның төрт қырында да көне түркі бәдізін көруге болады.
Жекелеген сөрелерде байырғы түркі жазуларына жүргізілген зерттеу жүмыстарының нәтижелері — ғылыми еңбектер қойылған. Солардың ішінде С. Е. Маловтың «Көне түркі жазуының ескерткіштері», «Көне түркі жазуының Моңғолия мен Қырғызстанда табылған ескерткіштері», «Талас эпиграфиялық ескерткіштері», Ә.Х. Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар» кітабы, М. Е. Массонның «Орта Азияда көне түркі жазбаларының ашылу тарихына», Ғ. Айдаровтың «Көне түркі жазуы Орхон ескерткіштерінің тілі», А. Аманжоловтың «Түркі руна графикасы», М.Жолдасбековтің «Асыл мұралар», Ғ. Айдаровтың, Ә. Құрышжанов, М. Томановтың «Көне түркі жазуы», А. Есенқұловтың «Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қосымша», «Көне түркі бітік тастары мен ескерткіштерінің жинағы (Орхон, Енисей, Талас)» атты ғылыми басылымдар қойылған. «Қазақстан археологиясы», «Қазақстан петроглифі», «Қазақстанның ежелгі қалалары» кітап-альбомдары — акад. К. М. Байпақовтың басқаруымен шыққан кітаптар экспозицияның құнды материалдары [3].
Қолжазбалардың, соның ішінде тарихи және әдеби шығармалардың құндылығы қашанда жоғары бағаланады. Бөлімде аса құнды һәм ғылым игілігіне қажетті шежірелік еңбектер мен қолжазбалар, қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты фольклорлық, этнографиялық материалдар қойылды. Көрмеде күллі мұсылман қауымның діни жоралғысы мен дүниетанымын қалыптастырған Құран Кәрімнің әртүрлі жазу үлгісіндегі (насх, нәсталик) нұсқалары мен түркі жұртының рухани пірі саналған Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикметтерінің» қолжазбасының көшірмесі және Қазанда (1896 ж.) жарық көрген баспа нұсқасы ұсынылған. Соның қатарында Қожа Хафиз Ширази диуандары, әл-Хорезмидің «Махаббат-намасы», Наср ад-дин Рабғузидің «Қисас ал-анбиясы», Сопы Аллаярдың «Сабат ал-аджизині» (Әлсіздерге жігер) қойылды.
Қазан қаласы XIX ғасыр мен XX ғасырдың басында Ресейдің шығыс халықтары тілдеріндегі кітаптарды бастыру ісінің ірі орталығы болды. Қазақ ауыз әдебиетінің туындылары — қиссалар, эпостық, лирикалық жырлар, айтыстар, діни дастандар мен, аңыз-ертегілер Қазан қаласындағы Б. Домбровский, М. Чиркова, Ш. Хусаинов, И. Харитоновтардың және т.б. жеке баспаханаларында басылды. Көрмеге Қазан қаласында басылып шыққан, ноғай жырлары: «Қырық уәзір хикаясы», «Ер Сайын» жыры және Нұртуған жырау нұсқасындағы «Орақ-Мамай» жырының қолжазбасы қойылды. Халық арасында кең жырланған Сұлтан Кенесары мен Садық, Ерназар және Бекет батыр жырларының И. В. Аничков, С. Смирнов бастырған баспа кітаптары да көрмеміздің құнды жәдігерлері санатында.
Тарихын сонау тереңнен тарқататын халқымыздың бізге жеткен ең ерекше, құнды мұрасы — шежіре. Арабтың «шаджарат» — үрімбұтақ, тармақ деген сөзінен негіз алатын бұл мұра әлмисақтан бері халықпен бірге жасасып келе жатқан дәстүр. М. Қашқаридің «Диуани луғат-түрк», Әбілғазы
Бахадурханның «Шәжәрэ-иат-түрк», көне «Қудатғу білік» шығармаларында түркі тілдес халықтардың шежірелері қамтылған. Бұған қоса Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» және Қадырғали Қосымұлы Жалайыридің «Жылнамалар жинағы» сияқты ортағасырлық құнды мұраларында халқымыздың шежіреге деген құрметі мен ыждаһаттылығы анық көрініс береді. Сол сияқты қазақ қоғамы арасында кеңінен мәлім болған шежірелер қатарына «Қиян Домбауыл мерген шежіресі», «Алаш мыңы», «Үйсін Майқы бидің шежірелері», «Қыпшақ Кіреулі шежіресі», «Едіге би шежіресі» сияқты ортағасырлық жазба мәдениетінің мұраларын жатқызуға болады. Көрмемізде Әбілғазының «Тарихи шежіре ат-түрк» шығармасын, С. Торайғыров жазған «Қазақ тайпасының ата-бабаларының турасында сөйленген рауаятлар баяны» шежірелік қолжазбасын, М.Ж. Көпеев жинаған шежірелерін және т.с.с. шежіре шығармаларды көруге болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. „Мәдени мұра“ 2004 — 2006 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама. — Астана, 2004.
2. Во¬про¬сы ар¬хео¬ло¬гии-Ка¬зах¬ста¬на: сб. На¬уч. Ст. Вып. 2 / М-во на¬у¬ки — Акад. На¬ук Рес¬пуб¬ли¬ки-Ка¬зах¬стан, Ин-т ар¬хео¬ло¬гии им. А. Х. Мар¬гу¬ла-на; [отв. Ред. З. Са¬ма¬шев; ред. Кол.: Г. С. Джу¬ма¬бе¬ко¬ва и др.]. — Ал¬ма¬ты; М.: Ғылым, 1998. — 233 с.
3. Байпаков К. М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (VI — начало XIII в.). — Алма-Ата: Издательство „Наука“ Казахской ССР, 1986. — 255 с.
4. Мамажанов М. Асылмұра. Кітап — даналық қазынасы. — Алматы, 1993.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет