Реферат тақырыбы: «"Шахнама" І. Тұрмағамбет ақынның аудармасы»



Дата21.04.2023
өлшемі22,35 Kb.
#85392
түріРеферат
Байланысты:
Қасымхан Дария 1701-20


ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті
«Филология» факультеті
«Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасы
РЕФЕРАТ
Тақырыбы: «”Шахнама” І.Тұрмағамбет ақынның аудармасы»
Орындаған:Қасымхан Д.
Тобы:1701-20
Қабылдаған:Нұрпейісов Н.

«Қазіргі тәжік, иран, ауғанстан халықтарына ортақ орта ғасырда өмір сүрген, аты әлемге әйгілі классик ақыны Әбілқасым Фирдоусидің (934 -1020) парсы тілінде жазылған «Шахнама» шығармасы тек Шығыс қана емес, бүкіл жер жүзі әдебиетінің тамаша мұрасы. Әлем оқушысы оны «Шығыстың Илиадасы» деп бекер атамаған. Фирдоусидің өшпейтін бұл шығармасы жазылғалы бері арада мың жылдан астам уақыт өтіпті. Алайда поэмаға деген оқушылар құштарлығы әлі кеміген жоқ, кемитін де емес. Неміс халқының ұлы ақыны, озық ойшылы Гете: «Иранда ығай мен сығай жеті ұлы ақын бар. Солардың ең нашарының өзі менен көш ілгері» деп баға беріпті. Осы бағаның бастысы, ақындардың атасы – Фирдоуси болатын. Оның патшалар тарихы – «Шахнамасын» адамзаттың гимні, ұраны деп атаса да болады. Өйткені «Шахнама» — шын мәнінде халықтық шығарма. Мұндағы нысана еткен негізгі идея ертедегі халықтардың асыл арманын жырлау, жақсылық пен жамандық тартысын көрсету, отанды сүйюге, өмір сүруге, еңбек етуге шақыру. Басқыншылықпен үздіксіз шабуыл жасаған сол кездегі қайырымсыз жауларға жан қиярлық, ортақ күреспен қарсы тұру үшін алдыңғы қатарлы адамдар өз отандастарын бірлік ұранына топтады. Дастанның басым бөлігіне қатысатын басты қаһармандар патшалар емес, батырлар. Шығармаға өзек болған батырлар бейнесі, халықтар патриоттығы жырда барынша паш етіледі» /1/. «Жер жүзінің басқа халықтары сияқты қазақ халқына да «Шахнама» эпопеясы қымбат және оны қызығып құмарта оқиды. Қалың оқушының осындай талап – тілегін ескеріп Қазақ ССР Ғылым академиясы «Шахнаманың» Тұрмағамбет ақын жырлаған қазақша нұсқасын баспаға дайындаған болатын. 1973 жылы М. Әуезовтың алғы сөзімен Қазақстан Мемлекеттік Көркем Әдебиет Баспасынан сол «Шахнаманың» Тұрмағамбет нұсқасының бір бөлімі – «Рүстем — дастан» деген атпен жеке кітап болып (24 мың жол өлең) басылып шықты. Бұдан 28 жыл бұрын, 1934 жылы Фирдоусидің туғанына мың жыл толған юбилейін дүние жүзінің барлық елдері кеңінен атап өтті. «Шахнаманың» қазақ әдебиетіне келуіне де осы жағдай бірден- бір себеп болды. Енді оқушы назарын Тұрмағамбет жырлаған нұсқамен таныстыруға бөлейік» /3/. «Отызыншы жылдардың орта шені. Бұл кезде Тұрмағамбет ақынның самайын едәуір қырау шалып тарлан тартқан шағы еді. Осыған қарамастан тәуекелге бел буып, білек түріп, әлем оқушысын әсерімен тартқан, жан азығының мейірін сусатып «Шығыс Илиадасы» атанған «Шахнама» шығармасының сюжетін алып дастан қып жазуға кірісті. Былтыр баспадан шыққан Тұрмағамбеттің «Рүстем — дастанына» жазған алғы сөзінде академик М. Әуезовтың айтатынындай: «Өлеңмен жыр етуші Тұрмағамбет ақын бұл жөнінде XIX ғасырда қазақ ортасында көп жайылған Шығыс аңыздарының өлеңге айналатын дәстүрін қолданған». Неміс халқының ардагер ақыны, озық ойшыл Гете атаған «Шығыстың жарық жұлдызы» — Фирдоуси ақынның бұл әйгілі шығармасы мың жылдан бері жер жүзінің түкпір – түкпірін еркін шарлағаны сондай, оның жүзге жуық варианттары болған. Әдебиеттің асыл қазынасының төрінен тиянақты орын алған тозбайтын, тот баспайтын әлемдік эпопеяны тудырушы Әбілқасым Фирдоуси (934- 1020) бұл ұлы шығармасы – «Шахнамасын» («патшалар туралы кітап») көз майын тауысып, көңіл сазын сарқа құйып тапжылмай отырып, отыз бес жылда жазып бітірген. Көлемі Гомердің «Илиадасындай» сегіз есе бұл таңырқарлық дастаны әр елдің халқы оқуға ынтық болса да, оны түпнұсқасынан өлеңмен аудару аса ауыр болған, сөйтіп ол көбіне қара сөзбен көшірілген. Міне, мұның көп вариантты болу себебі де осыдан. Тұрмағамбет ақын осы тұста Шығыс әдебиетін жақсы білетін бірқатар мамандармен кездеседі, кеңеседі. (Осы туралы «Айнимен де ақылдастым» дейді ол). «Шахнаманың» Шығыс тілдерінде тараған прозалық үлгілерін таңдап алып, оны Фирдоуси үлгісі бойынша қайтадан жырға айналдырады. Бала күнінен бері Тұрмағамбеттің сыры мен жырына қанық және оның осы көлемді еңбегінің басы қасына араласып бес саусағындай білетін белгілі ақынымыз Әбділда Тәжібаев былай дейді: «Мұны ақын оқып алып, қазақша үйлесімді етіп, өз бетімен еркін жыр етіп жазған. Былайша айтқанда, ақын «Шахнаманың» қазақша вариантын жасаған. Оны оқып отырғанда өзіміздің дәл төл әдебиетімізді оқып отырғандай сезінеміз» /1/. «Бойындағы қуатын сарп ете сарыла отырып он айда жазып бітірген дарынды ақынның бұл үлкен — үлкен үш бөлімнен тұратын әдеби мұрасының саны – елудей поэма. Яғни қырық мың жолға жуық өлең. Атап айтқанда: бірінші – «Жәмшит — нама» 12 мың жол, екінші бөлім — «Рүстем — дастан» 24 мың жол, үшінші бөлім – «Дарап — нама» 4 мың жол. Сөйтіп келгендіктен айта кетейік: ақынның адал еңбек, маңдай терімен біткен 45 қалың дәптерге араб әріпімен жазылған бұл сияқты қымбат та қыруар мүліктің түпнұсқа қол жазбасын, ақынның жұбайы – Биға қария ұзақ уақыт ұқыпты сақтаған. Сонымен, бұл еңбекті іске асып, игілікке жарауына мұрагердің қосқан үлесі ауызға алып атауға тұрарлық. Бір кісінің творчестволық ерлік еңбегімен мол шығарманың бұдан ширек ғасыр бұрын поэзиямызға келіп қосылуы – қазақ әдебиеті үшін зор мақтаныш еді» /3/. «Шахнаманың» о басындағы авторы бұл сюжет ерте кезден-ақ Шығыс елдеріне түрліше тарап, оған әр ел, әр заман өз қоспасын енгізген. Жырда исламнан бұрынғы замандардың нанымы, аңызы басым болғандықтан, оған діни адамдар қыңыр қарап, қазақ арасында бұл сюжет тек ауыз әдебиеті мүлкіне айналып халық аузында сақталған. Міне, соның бірі Тұрмағамбет нұсқасы. Бұл ретте Тұрмағамбет ақын Шығыс елдерінің тілінде кітап болып көп тараған «Шахнаманың» прозалық нұсқаларын пайдаланып оған өз білетінін қосқан. Сөйтіп бір жүйеге салып көлемді жыр тудырған. Бұл жыр Мхамеджан Сералин аудармасынан да бөлек, әрі көлемді. Шығыс елдерімен ежелден бері қарым- қатынасы болған қазақтарға жырдың бұл желісі ертеден-ақ таныс болған. Сөйтіп «Шахнама» жырына қазақ халқының да қосқан үлесі болған дейміз» /4/. «Тұрмағамбет сауатты ақын болғандықтан Фирдоусидің мұтакариб өлшеуіне өте жақын өлшеу тапқан. Жыр жол 11 буындық қара өлеңмен жазылып, ішнде диалог элементіне мол орын берілген. Қысқа монологтар тіпті көп. Оның мәнісі жырдың шындылығын ақын қоюлата түскен. Диалог пен монологтар арқылы әрбір герой өзінің ішкі-тысқы сипатымен дәлірек көрінеді. Ал, М. Сералин бұл жырды 1914 – 1915 жылдары батырлық жыр өлшеуімен жазып, біраз еркін кеткен еді. Жырда эпикалық баяндау элементі де дұрыс сақталған. Афоризмге толы Фирдоуси тілін Тұрмағамбет қазақ ұғымына сәйкес өзінше тоқып, өзінше өрнек жасаған. «Иранның әскерінің бәрі ұсақ, Сияқты сиқы жаман жетім тұсақ. Болған соң арыстандай әр жігітің, Біреу кетер оның онын тұсап» … Қойылып отыз керней, алпыс сырнай, Тоғайдан торғай біткен ұшты жарлай. Жаңғыртып жердің үстін бара жатыр, Аттары өзі-өзінен үрікті ұрмай, — деген сөз кестесінің қазаққа танымал, жақын екені мәлім. Бұл жағынан жыр тілі ғажап. Атты, даланы, соғысты суреттегенде автор өзіне тән стиль тапқан. Мәселен, махабатты жырлаған жерінен бір мысал келтірейік: «Жүр едім жолығад, — деп – қайдан теңім ? Жоқ екен, жетті зейінім, тіпті кемің. Тағатым қалайда да қалай барад, Таппасаң ауруымның өзің емің. Обалым мойныңа, кетсең жазбай, Гауһармын тесілмеген, тұрған азбай». Ғашықтық ойлағанда оңай емес, Байпаңдап барды алдына бала қаздай. Әрбір көрініс те жарқын, дәл суреттелген. Кітаптың іші шым – шытырық оқиғаға толы. Егер бұл кесек қазынаны «аударма» деп атап келген негізсіз пікірге самарқау қарап үндемей өте шықсақ, онда күрделі еңбектің иесі Тұрмағамбетке қиянат жасаған болар едік. Осыған орай мына бір шындықты айта кетейік. Дәстүрлі сюжеттерді творчестволық түрде пайдалану, тек Тұрмағамбеттің жеке басында ғана емес, орта ғасырдан бері қарай толып жатқан Шығыс әдебиеттерінде (қазақ әдебиетінде де) кездесетін тән қасиет. Оқиғаны осылайша пайдалану осы бір тұста шебердің шеберлілігін, ақынның ақындығын танытатын тәрізді. Жалпы оқиға шеңберінде «Тұрмағамбет өзін мейлінше еркін сезініп, өз дарыны, өз шұғыласымен оза шауып, шиеленіскен оқиғалардың жағдайын өзінше суреттейді, кейіпкердің қылықтарына өзінше талдау жасайды. Қысқасы, шығарманың бүкіл желісіне өзнің ерекше суреткерлігін қосады. Мұнда «Шахнаманың» нұсқасындағы кейбір оқиғалардың орны ауыстырылған, тараулардың өзара көлемдері өзгертілген. Алайда ең басты айырмашылығы – оқиға желісін өз шеберлігімен суреттеп, қазақ ұғымына түсінікті етіп бейнелеп беруінде». Шығыстың бұл роман –поэмасын творчестволық материал ретімен кәдеге қаратып тыңнан қайта жырлаған автор еңбегін өлеңдік түр жағынан алып қарағанда да, бұл шығарма төрт жолды шумақтан, он бір буынды жолдардан құрылып, қазақтың анық өз үлгісіндегі дастандар түріне жатады» /1/. «Көшпелі қазақ елінен Орта Азиядағы үлкен қалаға білім іздеп шөліркеп келген Тұрмағамбет Бұхара қаласының бай кітапханасынан өзіне керекті мәдени мұралар – кітаптарын тауып алып молынан пайдаланады. Әсіресе, Фирдоусидің атақты «Шахнамасын», Омар Хайям мен Хожа Хафиз Ширазидің сұлу сазды нәзік лирикалық ғазалдарын, Шайхы Сағдидің «Гүлістаны» мен «Бостанын», Низамидің «Ләйлі-Мәжнүні» мен Навоидың «Фархад- Шырынын» мейірлене оқып сусындайды» /2/. «Бұл арада «Шахнамаға» жататын жайларды қоса қамти кеткен де мақұл. Тұрмағамбет шығыс тілдері мен әдебиетін терең білуге айрықша зер салып ұмтылғанда алдына қойған негізгі мақсаты – шығыстың әлемге әйгілі классикалық шығармаларын өз халқына жеткізуді көздеді. «О баста оқыған соң парсы, араб» деген өлеңінде осы жәйттар ашық айтылған. Ұзақ жылдар бойына еткен қажырлы еңбегінің нәтижесінде ойға алған ол нысана арманына кейін оның қолы жетті де, Шығыс әдебиетіндегі басты шығармаларды өз ана тілі – қазақшаға тұп тура оригиналдан тәржімалап – аудару сияқты ауыр істі ол абыроймен атқарды. Соның бірі — «Шахнама» аудармасы қазақ әдебиетін ауызға алғанда атауға тұрарлық әдебиет тарихынан өзіндік ерекшілігімен елеулі орынға ие болатын құнды мұралар қатарына жатады» /2/. «X ғасырдағы Иран ақыны Фирдоусидің бұл әйгілі эпикалық поэмасы «Шахнамада» — Иранның ертедегі дәуірінен бастап арабтардың шабуыл жасап, жаулап алғанына дейінгі аралықта өткен ұзақ жылдардың тарихы баяндалады. Дастанда Орта Азиядағы екі өзен – Сырдария мен Амударияның аралығы – Мауереннаһр жерінде және қазіргі тәжік, парсы, ауғандардың арғы тегі өмір сүрген Иранның шығысы мен Ауғанстанның солтүстік – батысы – Хорасан жерінде болған уақиғалар айтылады. Шығарма, діни ұғымда халыққа ертегі болып тараған һауа Ана – Адамнан, Иранның ең тұңғыш үкіметі, бірінші патшасы болған Киямырыстан басталады да, Дараның патшалығы оның баласы Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) тууымен аяқталады. «Шахнама» эпикалық баяндау түрінде ұзақ өлеңмен жазылған аса көлемді кітап. Бірнеше дастандардан тұратын елуге жуық бөлімі бар, бірімен – бірі өзара байланыста бір жүйеге топтастырылған тұтас шығарма. Фирдоусидің поэмасы парсы тілінде, қазіргі фарсы, тәжік тілдерінің негізінде жазылған. Сондықтан да «Шахнама» Иран, Тәжік, Ауғанстан халықтарының ортақ мәдени мұрасы. Шығыстың классиктері Низами, Сағди, Жәми кезінде Фирдоусидің даналығына бас иді. Сонымен «Шахнама» дастаны тәжік – парсының классикалық поэзиясының басы болып саналады. «Шахнаманың» бөлімдері болып табылатын «Рүстем — дастан», «Ескендір Зұлқарнайын» атына қазақ халқы ертеден- ақ қанық. Тұрмағамбет ақыннан да бұрын «Шахнаманы» қазақ тіліне аударуға талпынғандар табылады. Мұхамеджан Сералин 1914 – 1915 жылдары «Айқап» атты журнал шығарған. М. Сералин өзі басшылық етіп шығарған журналдың сандарында «Рүстем — Сохраб» деген дастан жариялаған. Бірақ материялдық тапшылыққа байланысты журнал жабылып қалған, сол себептен де «Рүстем – Сохраб» дастаны басылмай қалған. М. Сералин бұл дастанды орыстың белгілі ақыны В. Жуковскийдің аудармасынан алған. Ал, Жуковский бұл поэманы немістің ориенталист, ақыны Фридрих Рюккердтен алған еді. Мәжит Дәулетбаев 1934 жылы аударған болатын. Бұл жұмысқа Тұрмағамбеттен соң кіріскен Айманкүл Тәжібаева мен белгілі жазушы аудармашысы Қалмахан Әбдіқадірова еді» /2/. «Тұрмағамбет «Шахнаманы» аудару жұмысында өзінің дарындылығын кәміл танытты. Оқу комиссариатындағы негізгі міндетті қызметін нұқсансыз атқара отырып, қуаты кеміп, жасы жетіп қартайған шағында «Шахнама» сияқты аса көлемді эпопеяны он айдың ішінде аударып шықты. Аударманы қарап қабылдау жөнінде әдебиет, тіл,тарих саласындағы маман адамдардан ғылыми комиссия құрылып, (олар жеті кісі – Т. Жүргенов (төраға) профессорлар – С. Асфандияров, Қ. Жұбанов, І. Қабылов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Ғ. Тоғжанов) олар мұны сапалы деп бағалайды» /4/. Кез – келген автор демі таусылып, дүниеден озған күннен бастап, соңында қалған жиған – тергені, яғни рухани мұрасы ғылым атты заңды әмеңгерінің еншісіне өтеді. Тұрмағамбет сияқты тумысы бөлек тұлпар ақынның аманатқа қалдырған мүлкі әлдебіреулердің бөксесінің астына басып отыратын бөстегі бола алмайды. Ал, «аманатқа» қиянат жасау – күнәһарлық !

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет