24-1-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды қорғаудың мемлекет кепілдік берген шаралары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдарды қорғаудың мемлекет кепілдік берген шаралары:
1) уәкілетті мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарды қабылдаған күннен бастап немесе адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жәрдем көрсеткен кезден бастап үш жыл бойы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамды еңбек қатынастары саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуынан қорғауды;
2) адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсеткені туралы ақпаратты жария етпеу туралы келісім болған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсету мақсатында осы адамның өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуі туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуді қамтиды.
Ескерту. 3-тарау 24-1-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
24-2-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамды еңбек қатынастары саласындағы құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуынан қорғау
1. Өзі жұмыскері болып табылатын (болған) ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына хабарлау арқылы ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам тарапы болып табылатын жеке еңбек дауын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құрылатын келісу комиссиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілін міндетті түрде шақыра отырып қарайды.
Арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарда, сондай-ақ келісу комиссиялары жоқ ұйымдарда өзі жұмыскері болып табылатын (болған) мемлекеттік органның не ұйымның жоғары тұрған басшысына және (немесе) басшылығына хабарлау арқылы мемлекеттік органда немесе ұйымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адам мемлекеттік органның немесе ұйымның аталған адамның тәртіптік теріс қылық жасауының мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті анықтау, сондай-ақ адамды жұмыстан шығарудың (атқарып жүрген лауазымынан босатудың) немесе басқа лауазымға ауыстырудың негізділігін анықтау үшін құрылатын тәртіптік комиссиясының немесе өзге де алқалы органының (бұдан әрі – алқалы орган) ұсынымдарынсыз тәртіптік жауаптылыққа тартылмайды немесе жұмыстан шығарылмайды (атқарып жүрген лауазымынан босатылмайды) немесе басқа лауазымға ауыстырылмайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер қаралатын алқалы орган отырысына қатысуға міндетті түрде шақырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік орган немесе басқа ұйым сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәселелер бойынша материалдарды келісу комиссиясының немесе алқалы органның отырысы өткізілетін күнге дейін кемінде үш жұмыс күні бұрын жібереді.
Көрсетілген отырысқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның өкілі қатыса алады.
3. Келісу комиссиясының шешіміне немесе алқалы орган отырысының хаттамасына отырысқа қатысқан оның мүшелері қол қояды.
Келісу комиссиясы шешімінің не алқалы орган отырысы хаттамасының көшірмесі шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.
4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган келісу комиссиясы немесе алқалы орган отырысының қорытындылары бойынша қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган келісу комиссиясы шешімінің немесе алқалы орган отырысы хаттамасының көшірмесін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органға не прокуратураға жұмыскердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы хабарлама жібереді.
Бұл ретте көрсетілген хабарламаны жіберу сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамның сотқа жүгінуіне кедергі болып табылмайды.
Ескерту. 3-тарау 24-1-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.