Қабатқа су айдау түрлері:
1 Нұсқа сыртынан су айдау.
2 Нұсқа ішінен су айдау.
3 Алаңда су айдау.
4 Таңдап су айдау.
Су айдау ар қылы қабат қысымын ұстаудың технологиясы Нұсқа сыртынан су айдау. Бұл жағдайда қабатқа әсер ету нұсқа сыртында орналасқан су айдау ұңғымалары арқылы жүргізіледі. Су айдау ұңғымаларының сызығы мұнай өндіретін ұңғымаларында сулануды тез болдырмау үшін мұнай нұсқасынан бірдей 300-800 метр қашықтық шамасында орналастырады. Нұсқа сыртынан су айдаудың тиімді жақтары:
- мұнай қабатымен су айдау ұңғымаларының орналасу аймағы жақсы гидродинамикалық байланыста болғанда;
- мұнай кенішінің ауданы салыстырмалы түрде кішкене , яғни кеніш ауданының мұнайлылық нұсқасының периметріне қатынасы 1,5-1,75 км болғанда;
- коллекторлық құрылымы жақсы, қабат қалыңдығы және ауданы бойынша бірдей қабат болғанда. Бұл шарттар орындалғанда нұсқа сыртынан су айдау жүйесі мұнай қорын толық өндіруге және қабаттың қозған орталық бөлігінен мұнайды ығыстырып алуға мүмкіндік береді.
Нұсқа сыртынан су айдаудың тиімсіз жақтары мен кемшіліктері де бар:
- -қабатқа айдалатын су мұнайлылық нұсқасымен су айдау ұңғымасының сызықтарының сүзілу кедергілерін жеңіп өтуі қажет, ол үшін қосымша сорап қондырғыларының қуатын арттыруымыз қажет, ол үшін мұнай өндіруге қосымша энергия шығындау керек;
- -су айдаудың аралығы қашықтаған сайын кенішке әсер ету процесі жәй жүреді;
- -қабаттың сырқы аумағына су айдау кезінде артық көлемде су шығындалады. Нұсқа аймағына су айдау. Кенішке әсер етуді жылдамдату үшін су айдау ұңғымаларын мұнайлылық нұсқасына жақын етіп орналастырып немесе мұнайлылықтың ішкі және сыртқы нұсқасының аралығына орналастыру керек. Нұсқа аумағынан су айдау келесі жағдайларда қолданылады:
- қабаттың сыртқы ауданмен гидродинамикалық байланысы нашар болғанда;
- кеніш ауданы салыстырмалы түрде кіші болғанда;
- пайдалану процесінің қарқындылығы үшін, яғни су айдау сызығы мен сұйық алу арасындағы сүзілу кедергісі олардың арасы жақындауы есебінен азаяды. Бірақ та жекелеген пайдалану ұңғымаларында сулану көбейіп кетеді. Осыған қатысты кейбір ұңғымалардың мұнай бергіштігі жоғалып кетуі мүмкін, ал ол процесті болдырмау үшін өте дәлдікпен зерттеп, есептеп қосымша ұңғымалар бұрғылау қажет. Энергетикалық көзқараспен қарастыратын болсақ нұсқа аумағынан су айдау процесі экономикалық жағынан тиімді , бірақ сыртқы аймақпен жақсы гидродинамикалық байланыс болатын болса айдалатын су шығыны көбейеді. Нұсқа ішінен су айдау. Бұл жағдайда қабатқа әсер ету мұнайлылық нұсқасының ішкі жағында орналасқан су айдау ұңғымалары арқылы жүргізіледі. Бұл мұнай кенішіне әсер етудің ең тиімді әдістерінің бірі болып саналады және мұнай қорын өндіру мерзімін қысқартады, бір жағынан мұнай өндіруді жылдам өсіреді. Нұсқа ішінен су айдау әдісі бірнеше түрге бөлінеді: су айдау ұңғымаларының сызығы бойынша кенішті сақиналы түрде, сызықты түрде, орталық қима қатары бойынша нұсқа аймағынан су айдауды есептей отырып бірнеше көлденең қатар құру. Су айдау ұңғымаларының орналасу схемасы нақты анықталған геологиялық шарттарға сәйкес, мұнай қорын өндіру мерзімінің экономикалық тиімділігіне және қосымша қаржының көлеміне байланысты анықталады. Су айдау ұңғымаларының сызығы қабат коллекторлары жақсы орналасқан жерлерге және айдалған судың еш кедергісіз мұнай қабатқа жақсы әсер ететіндей аймаққа орналастырады. Энергетикалық жағынан қарайтын болсақ нұсқа ішінен су айдау жүйесі нұсқа сыртынан немесе нұсқа аумағынан су айдау әдісіне қарағанда өте тиімді және қабатқа айдалған су мұнайды ығыстыруға ғана жұмсалады. Бұл су айдау әдістері қабат шекаралары анықталған және қабатқа сипаттама берілген кен орындарында қолданылады.
Шоғырландырып су айдау шекарасы анықталмаған, барлау ұңғымалары мәліметі бойынша өндірістік мұнайлылық ауданында орналасқан үлкен кен орындарында қолданылады. Бұл жағдайда кен орнын толық зерттеп болғанша және мұнайлылық нұсқасын анықтап болғанша пайдалану ұңғымаларын өзінің торларымен және кен орнында су айдау ұңғымаларының тізбегін жеке-жеке шоғырландырып кешенді пайдалануға беруді жылдамдатуы мүмкін. Онда әрбір шоғырланған ұңғымалардың ортасына гидродинмикалық және технико-экономикалық есептер бойынша ауданын анықтап қосымша өндіру ұңғымаларын бұрғылаймыз. Кен орнының нұсқаларын анықтап және толық зерттеп болғаннан кейін пайдалануға ерте енгізілген кеніштер толық технологиялық игеру жобасына енгізіледі. Таңдап су айдау өндірістік-геофизикалық және гидродинамикалық зерттеу мәліметтері мен бірқалыпты тор бойынша алаңның бөлшегін бұрғылағаннан кейін су айдау ұңғымаларын таңдап алады. Ұңғыманың өнімділік коэффициенттері бойынша , қабаттағы мұнай мен судың тұтқырлықтарының айырмашылықтарын және әртектілік дәрежесін есепке алып пайдалану және су айдау ұңғымаларының өзара қатынасын анықтайды. Бұл жүйеде су айдау ұңғымаларын өнімді қабаттың геологиялық орналасу шартын толық зерттеп және оның жақын орналасқан өндіру ұңғымасының түп аймағымен байланысын немесе мұнайды сумен ығыстыру мүмкіндігі ең жоғары дәрежеде болатындай етіп өндіру ұңғымаларының арасына бір қалыпсыз орналастырады. Игерудің бірінші сатысында кен орнының геологиялық мәліметтері жеткіліксіз болғанда бұл әдісті қолдану тиімсіз. Бұл әдіс келесі сатыларда яғни қабаттың орналасу ерекшеліктері анықталғаннан кейін және әртекті қабаттарды игеруде қолданған тиімді болады. Алаңдап су айдау әдісі – кен орнын игеру қарқындылығын жоғарылатуды қамтамасыз ету үшін және қабатқа әсер ету жүйесі ең тиімді болып саналады. Мұнай өндіру және су айдау ұңғымалары алаңда дұрыс геометриялық тор бойынша, бірқалыпты квадрат немесе үшбұрыш түрінде бес, жеті және тоғыз нүктелі жүйе болып орналасады. Ұңғымаларды алаңда бұрғылап орналастыру кезінде бес нүктелі жүйеде бір өндіру ұңғымасына бір су айдау ұңғымасы сәйкес келеді, жеті нүктелі жүйеде екі өндіру ұңғымасына бір су айдау ұңғымасы сәйкес келеді, ал тоғыз нүктелі жүйеде үш өндіру ұңғымасына бір су айдау ұңғымасы сәйкес келеді.