Темірхан Медетбек – 1945 жылы 6 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Түркістан қаласында орта мектепті тәмамдаған соң, туған ауылында колхозшы, аудандық газетте корректор болып жұмыс істеген. 1983 жылы «Көгершін қауырсындары» атты өлең кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының, ал 2000 жылы «Тағдырлы жылдар жырлары» кітабы үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. Бейбарыс атындағы сыйлықтың иегері. «Құрмет» ордені және Құрмет грамотасымен марапатталған.
***
Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың тіл-әдебиет факультетінде оқыған. Қазақ телевидениесінде қатардағы редактор, Маңғыстаудағы барлау экспедицияларында жұмысшы, одан соң облыстық газетте журналист, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағының сол облыстағы әдеби кеңесшісі, «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстау облысындағы тілшісі, Маңғыстау облыстық теле-радио комитетінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Ақиқат», «Жұлдыз» журналдарының бас редакторы болып қызмет еткен. «Жанымның жапырақтары», «Сапар алдында», «Алыс шақырымдар», «Мәртебе», «Әуедегі толқындар», «Дауыс», «Көгершін қауырсындары», «Аңқа кептірген аңызақ», «Сырым бар саған айтатын», «Тағдырлы жылдар жырлары», «Көк түріктер сарыны», ІІІ томдық «Таңдамалы жыр жинағы» секілді оннан астам жыр жинақтарының авторы. «Менің Абайым», «Баба дәстүрдің мұрагері кім?», «Сегіз қырлы сексен сырлы әлем бұл» атты сын кітаптары, «Толғауы тоқсан дүние» атты публицистикалық ой-толғаулар мен эсселер кітабы жарық көрген.
***
Өлеңдері қырғыз, өзбек, украин, орыс, қытай, татар тілдеріне аударылған. Пушкин, Лермонтов, Якуб Колас, Янка Купала, Леся Украинка, Радован Загович, Бодлер, Верхарн, Пабло Неруда, Незвал, Эркин Вахидов, Кулаковский сияқты ақындардың өлеңдерін, сондай-ақ Генрих Бельдің «Иесіз үй» романы мен Владимир Набоковтың бірнеше шығармаларын тәржімалаған.