Реферат тақырыбы: Тұрар Рысқұлов Алматы 023 Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлы



Дата20.12.2023
өлшемі109,39 Kb.
#141821
түріӨмірбаяны
Байланысты:
Тұрар Рысқұлов





РЕФЕРАТ

Тақырыбы: Тұрар Рысқұлов



Алматы 2023
Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлы (26 желтоқсан 1894 – 8 ақпан 1938) – Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат. Түркі халықтарының бірлігі мен тұтас Түркістан идеясы үшін күрес жүргізген біртуар тұлға. Түркістан халықтарының саяси құқықтары мен бостандығы, олардың сырттан ауып келген еуропалықтармен теңдігі және Шығыстағы революция мәселелері туралы келелі ой-пікір білдірген теоретик пен ойшыл. Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі ретінде дипломатиялық әрі эмиссарлық қызмет атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңірген елші.
Өмірбаяны
Т. Рысқұлов 1894 ж. 26 желтоқсанда Жетісу облысы (қазіргі Алматы облысы) Верный уезінің Шығыс Талғар болысында жылқышы Рысқұл Жылқайдарұлының отбасында дүниеге келеді [1]. Рысқұл – кедей болса да, өр мінезді, бай-болыстарға кеудесін бастырмаған тұлға. Нақақ жалаға ұшыраған ол 1904 ж. 20 желтоқсанда Шығыс Талғар болысын атып өлтіреді. Жандармерия Рысқұлдың туыстарын, оның ішінде 10 жасар Тұрарды да, Талғардан Бесағашқа, сосын Боралдайға зорлап қоныс аударады. Жалғыз ұлы Тұрардың тағдырына алаңдаған Рысқұл 30 желтоқсанда полицияға берілуге мәжбүр болып, Верный түрмесіне қамалады. Рысқұл түрме әкімшілігіне шағымданып, ұлын қасына алдыртады да, Тұрар әкесімен бірге Верный түрмесінде бір жарым жыл өмір сүреді. Түрме ауласын сыпыру, тауықтарын бағу, түрме бастығы Приходьконың балаларын ат арбамен гимназияға тасу сияқты міндеттерді атқарады. 1906 ж. 28 шілдеде Рысқұл Қапал-Аягөз-Семей арқылы Сібірге жаяу айдалады [2]. Рысқұлдың өмірі, патша әкімшілігімен қақтығысы М. Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы», Т. Нұртазиннің, Ш. Мұртазаның шығармаларында суреттелген. Жастайынан жергілікті қазақ байлары мен келімсек орыс кулактарының қорлығын көрген Тұрар тез есейді. Ұлттық және әлеуметтік езгіге қарсы күрес оның өмірлік ұстанымына айналды. 1907 ж. Тұрарды туыстары Әулиеата уезінің Меркі ауылына алып кетіп, орыс-түздік мектебінде оқытады. Нағашы атасы байлардың үстеме несиелеріне борышкер болып, қуғынға ұшыраған кезде Тұрар да зәбір көреді. Олар атасының сиырларын тартып алып, 30 шақырым жердегі базарға дейін Тұрарға жаяу айдатады. Жол бойы қамшымен ұрып-соғады. Тұрар біраз уақыт тергеуші А.П. Семашконың хат-хабар таратушысы болып жалданып жұмыс істейді [3].
Меркідегі ұстаздарының Тұрарға ықыласы ерекше болды. Оқуын бітірген соң олар Тұрардың қолына хат ұстатып, Пішпекке жібереді. Тұрар 1914 ж. күзде Пішпек ауылшаруашылығы училищесін бағбан мамандығы бойынша бітіреді [4]. Білімін жетілдіру үшін Самара қаласындағы бірінші дәрежелі ауылшаруашылық училищесіне емтихан тапсырады, бірақ 250 талапкер ішінде Түркістаннан келген жалғыз қазақ баласы болғандығына қарамай комиссия оны оқуға қабылдаудан бас тартады. Тұрар 1915 ж. Түлкібастағы туыстарын паналайды. Бұл тұста Жетісу темір жолының Арыс-Әулиеата бөлігі салынып жатқан болатын. 1915 ж. темір жолдың Түлкібас бөлімшесінде Петербург институтының түлегі, инженер М. Тынышбаев басшылық жұмыстарда жүрген еді. Атақты Рысқұлдың талантты баласы Тұрардың Түлкібаста жүргендігін естіген М. Тынышбаев оны өзіне шақыртып алады. М. Тынышбаев Тұрардың ақыл-ойына, біліміне көңілі толып, қаржы беріп, оқуға аттандырады. Тұрар Мұхамеджан ағасының жақсылығын жадында сақтап, кейінгі жылдарда өзіне де, ұлы Ескендірге де көмектесіп тұрды [5]. Ташкентте Тұрар Мұғалімдер институтына оқуға түсуге талпынады. Түркістан өлкесіндегі училищелердің жұмысын бақылайтын инспектор Соловьевке арызданғанымен ештеңе шығара алмайды. Ресей империясының Халық ағарту министріне хат жазады. Ташкент маңындағы Красноводск ауылшаруашылық тәжірибе станциясында бір жылдай бағбан болып жалданып жұмыс істейді. Ташкент қаласындағы ерлер гимназиясында сырттай оқып, 2-ші разрядты ерікті тыңдаушы куәлігін алады. 1916 ж. Тұрар көтеріліске шыққан халық жағында болды [7]. Көтеріліс кезінде Тұрар Ташкенттен Меркіге келеді. Көтерілістің өршіген тұсында Тұрарды жергілікті полиция тұтқындайды, бірақ кінәсін дәлелдей алмай, амалсыз босатуға мәжбүр болады. Патша полициясы Тұрардан саясатпен шұғылданбайтындығы туралы қолхат алады.
Ташкентке оралған Т. Рысқұлов 1916 ж. қыркүйекте Ташкент Мұғалімдер институтының директорынан қабылдау емтихандарын тапсыруға рұқсат алып, оқуға түседі [8]. Оқи жүріп, бағбандық жұмысын жалғастырады. Қаражат қыспағынан құтыла алмаған Тұрар 1916 ж. қазан айында институт директорына мынадай хат жазады: «Его Превосходительству Господину Директору Ташкентского учительского института от воспитанника Турара Рыскулова. Прошение. Желая обзавестись, в виду наступающей зимы, одеждой, как-то: калошами, одеялом, нижним бельем, а также учебными пособиями, но, не имея сколько-нибудь денег для приобретения таковых, честь имею просить Вась исходатайствовать, сколько можно, мне денежного пособия, так как у меня нет ни родителей, какого-нибудь значительного лица, от которых можно было бы ожидать помощи. 1916 г. 19 октября. Т. Рыскулов» [9]. Институт директоры жағдайын түсініп, Тұрарға 70 рубль бөлдіреді. Хаттың мазмұнынан Тұрардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының қаншалықты ауыр болғандығы айқын көрініп тұр.
Әдебиеттер және деректер тізімі:
1. Қоңыратбаев О.М. Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің күндерегі. Биохроникалық зерттеу. 1 том (1894-1919 жж.). – Тараз: «Формат-Принт» баспасы, 2014. – 7 б.
2. ӨРОМА. Р-86-қ., 1-т., 1525-іс, 4-6-пп; «Рысқұл Жылқайдарұлының ісі» ҚРОМА-ның 44-қ., 1-т., 8898, 9014, 9102 істерде сақталып тұр.
3. ӨРОМА. Р-86-қ., 1-т., 1525-іс, 6-п.
4. ҚырРОМА. 69-қ., 1-т., 2-іс.
5. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Қаңтар 1929 – шілде 1938 жж. = Движение Алаш. Январь 1929 г.– июль 1938 г. 3 том, 2 книга. – Алматы: Ел-шежіре, 2007. – 110-112 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет