Риясыз сүйіспеншілік құндылығын теориялық тұрғыда негіздеңіз. Сүйіспеншілік



Дата17.10.2022
өлшемі17,9 Kb.
#43656
Байланысты:
Сүйіспеншілік құндылығы


Риясыз сүйіспеншілік» құндылығын теориялық тұрғыда негіздеңіз.

Сүйіспеншілік – тіршіліктің тірегі.Риясыз сүйіспеншілік – тіршіліктің сәні мен мәнін келтіретін нұр әрі ең басты қуат көзі. Сүйіспеншілікті адам алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап сезіп, көре бастайды.
Мейірімін төккен ата-анасының ыстық құшағында олардың аялы алақанын сезіне жүріп, өмірге төселеді. Есейе келе толағай сүйіспеншілікті айналасынан көру-көрмеуі екіталай. Әйтсе де, адам өмір бойы сүйіспеншілікті іздеп, дауыл алдындағы шағаладай шарқ ұрып өтері анық.
Жарық дүниеде барша кедергі кесепатты жеңетін күш те осы риясыз сүйіспеншілік. Көңілі сүйіспеншіліктің түбіндегі әрбір тасын санап алуға болатын кәусар бұлағынан мейірін қандырған жанның рухы кемелдік көгінде қырандай қалықтап, мәңгіліктің жасыл жайлауына қанат қағады. Мұндай көңіл көктем, сезімі сел боп аққан ізгі жандар мәңгілік бақыт әлеміне қатысты сезіп-білгендерін, рухани дүниесіне жиған-терген жауhарларын жер-жаhандағы барша жанмен бөлісу үшін алып-ұшып тұрады. Осы мақсатта «мың өліп, мың тіріледі». Өлсе де, тірілсе де, жүрекжарды ұраны, басты қаруы осы риясыз сүйіспеншілік сөзі болмақ.
Көңілінде тырнақтай сүйіспеншілігі жоқ жандар өктем өзімшілдіктің, менмендіктің тар қыспағында тұралап қалғандықтан, ешкімді шынайы сүйе алмайды. Жаратылыстың өзегі жан толқытып, мән толғайтын махаббатты сезіне алмастан шырағы сөнген тұлдырдай семіп, сөніп, жоқ болады.
Барша ғалам шынайы сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болғандай. Мәселен, шуағын төккен күн көзі және судың буға, одан бұлтқа айналуы, сонан соң жауын болып топыраққа нәр шашуы – ғаламдағы сүйіспеншіліктің жарқын мысалдары. Масатыдай құлпырған сан алуан гүлдер көз жауын алатын әсемдігімен қараған жанның жанын жадыратып, көңілін шалқытады. Жарық бетіндегі таңғы шықтың күмістей мөлдіреген пәк бейнесінен сүйіспеншілікті қалай сезінбессің?! Иен даланы басына көтере жамырай маңыраған қозы-лақтың берекелі де бейбіт тірліктің бесігін тербеткен үнінен, құлақ құрышын қандыра сайрап, жүрекке шаттық сыйлайтын құстардың әсем әнінен сүйіспеншіліктің әуезді әуенін тыңдау қандай ғанибет!
Өзгелер үшін өмір сүру, өзгелер үшін жанын пида ету – адам баласына ғана тән асқақ сезім. Бұл сезімнің қайнар бастауы риясыз сүйіспеншілікте
жатыр. Ендеше жұдырықтай жүрегі сүйіспеншілік деп соққан жандарды адамзаттың ең абзалына балау орынды-ақ. Ізгілік қаhармандары бойларындағы өшпенділік, жек көру секілді әдеттерді біржолата жоя біледі. Үмітсіздік, тіпті өлім де ізгілікті ту еткен мұндай қаhармандардың сағын сындырып, тауын шаға алмақ емес. Олар күн өткен сайын жан дүниелерінде сүйіспеншіліктің жалынын лаулата түседі. Адамзаттың барлығын бауырындай көретін пейілдері көл-көсір, жайылған дастархандай дарқан. Сондықтан да баршаның көңіліне қалай шаттық сыйлау керектігін жақсы біледі. Жаратушы тарту еткен мәңгілік бар болудың бақытына бөленгені сонша өмірдің пәнилігі мен өлім де олардың ізгілік деп соққан жүректеріндегі жалынды жігерді әсте жасыта алмайды.
Баласы үшін өлімге бас тіккен ананың жанкештілігі мейірімділіктің нышанын ұқтырмай ма? Осы секілді елі үшін еңіреп, етегімен су кешкен ұландар – ұлтының жанкештілері. Ал енді адамзаттың бақыты үшін басын бәйгеге тіккен, бары мен жоғын ортаға салып, баршаның көңіліне тақ құрған ізгілік жаршыларын өзі өлсе де аты өлмейтін нағыз қаhармандар деуге әбден лайық. Ізгілік жаршыларының қолында кез келген дұшпанды тізе бүктіретін қару және барлық қақпаны айқара ашатын сиқырлы кілт бар. Ол – сүйіспеншілік. Міне, дәл осы қару мен кілтке ие болғандар бүгін болмаса да болашақта жер-жаhанның барлық қақпаларын айқара ашып, жүректерін тербеген махаббат шам-шырағы арқылы төрткүл дүниені бейбітшілік пен бақытқа бөлейді.
Риясыз сүйіспеншілікті қарапайым сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Оны іспен ғана білдіре аласың, себебі ол сезімнің бір бөлшегі, ол адамдар арасындағы жылуды ұялатады. Үлкен сезімдерге бастау береді.
Риясыз сүйіспеншілік, жек көрушілік жоқ жерде ғана ұшқын алады.
Сүйіспеншілік – елдің ыстық ықыласына бөленудің ең төте жолы. Өйткені, сүйіспеншілік – пайғамбарлардың қастерлі жолы. Бұл жолдың жолаушылары жолдан жазып, тығырыққа тірелуі мүмкін. Тұйыққа тірелген күннің өзінде жабылған бір есіктің орнына басқа жерден мың есік ашылады. Иә,риясыз сүйіспеншілікпен барша адамзатты бауырға басып, жүректерге жол таба білсек, дүниеде шешімін таппаған мәселе қалмас еді

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет