Құрметті оқырман! Н. Бектемірованың «Адамның күні адаммен»



Pdf көрінісі
бет1/2
Дата12.05.2023
өлшемі235,16 Kb.
#92110
  1   2
Байланысты:
Адамның күні адаммен. Нұрила Бектемірова



Құрметті оқырман!
Н. Бектемірованың «Адамның күні адаммен» 
әңгімесінің осы нұсқасын таратуға болмайды. Бұл 
шығарма тек onlkitap оқырмандарына арналған. 
Көркем шығарманы оқу арқылы есте сақтау қабілетіңіз 
бен шапшаңдығыңыз артып, жеңіс тұғырынан 
көрінгейсіз. Сәттілік!
 
 
АДАМНЫҢ КҮНІ АДАММЕН 
 
Азаттың аурухананың есігінен кіргені сол еді. 
Алдынан жүгіріп шыққан медбике қыз: 
- Сізді асыға тосып отырмыз. Түнгі жол апатынан 
бір жас жігітті алып келді, ес – түссіз жатыр. Неғылса 
да миына зақым келген - ау, - деп нейрохирург жігіт ақ 
халатын кигенше тоқтамай сөйледі. 
- Қазір, қазір, - деп үстел үстіндегі құралдарын 
жедел алған Азат жан сақтау бөлмесіне асықты. Барса 


сол жерге екі әріптесі де шұғыл жетіпті. Бір талай 
жасқа келген тәжірибелі бөлімше бастығы Сағат жол 
апатынан түскен жігіттің басының ренген суреттерін 
қарап тұр екен. Оның жүзіндегі абыржуды көріп есін 
жинай алмай жатқан жігіттің халі мәз емес екенін 
түсінген Азат: 
- Қалай ? - деді. 
- Жақсы емес, Өзің көрші, миына жақын жерде 
ісік пайда болған, оның үстіне бір талай жіңішке қан 
тамырлары зақымданған секілді. Қан ұйып қалғаны өз 
алдына, - деп Сағат жігіттің қолына суреттерді ұстата 
салды.
- Енді не істейміз? - деді Азат зақымдалған 
бастың суретін мұқият карап. 
- Білмеймін, операция жасау керек. Алайда 
жанын алып қала аламыз ба, жоқ па? Бұл үлкен 
сұрақ, - деп екінші әріптесі Ермек өзінің күмәнін 
жасырмай. 
- Алдын ала операцияның нәтижесіз болатынын 
біліп тұрып, осындай қауіпке басымызды тігеміз бе? 
Өкінішті, өрімдей жас жігіт екен. Туысқандарына 
шындықты айту керек, - деді Сағат шаршаған үнмен. 
- Маған бір ой келіп тұр, Өзіңіз айтып тұрсыз, 
жас жігіт деп жүрегі шыдайды, неғылса да 
туысқандары келісімін берсе операция жасап көрсек 
қалай қарайсыз? - деді Азат аз – кем ойланып. 


- Сен бұл қауіпті операцияны мойныңа алып 
жасай аласың ба? Біз әзірге миына жақын орналасқан 
ісікті қалай алу керек екенін және қанша жіңішке қан 
тамырларының толық зақымдалғанын білмейміз ғой. 
Мен операцияға қатыспаймын, егер бұл жігіт олай 
бұлай болып кетсе басымыз пәлеге қалады, - деп 
бөлімше басшысы өз шешімін кесіп айтты. 
- Мен де білмей тұрмын, - деді әріптесі Ермекте 
екі ойлы болып, - Азат, сен шетелде осындай қиын 
операцияларға қатысып көріппедің? 
- Иә, мұндай жағдайлар болған. Өте қиын 
операцияларға қатыстым. Бірақ онда жаңа 
технологиялар мен тәжірибелі нейрохирургтар болды, 
- деді Азат күмілжіп. 
- Мен өз ойымды айттым. Ары өздерің 
шешіңдер, уақыттарың өте тығыз, кез келген уақытта 
тағы да бірер қан тамырлары жарылып, миына қан 
кетіп қалса бұл жігітті құтқара алмайсыңдар, - деп 
Сағат жан сақтау бөлмесінен шығып жүре берді. Есік 
көзінде тұрған жігіттің туыстары дереу нейрохирургті 
көріп қоршап алды. 
- Дәрігер айтыңызшы, жігіттің жағдайы қалай? 
- Ота жасайсыздар ма? - деген сұрақтарға Сағат 
қысқаша жауап берді. 
- Жігіттің жағдайы өте ауыр, миына жақын жерге 
қан ұйыған және ісік бар, тағы ары қарай қандай 
зақымдалулар бар екенін біле алмай тұрмыз. Тіпті 


операция жасағанның өзінде нәтижелі болады деп айта 
алмаймын. Менің пікірім осындай, - деді. 
- Дәрігер, енді не істейміз? Әлде Алматы немесе 
Астанаға алып кетеміз бе? – деген абыржыған 
дауыстарға: 
- Жігіттің өмірі қыл үстінде жатыр. Ешбір 
қозғалысты көтере алмайды. 
- Енді не істедік? Көмектесіңіз, жалынамын, 
көмектесіңіз - деп бір әйел жылап Сағаттың ақ 
халатына жармасты. 
- Мен сіздерге ақиқатты айтып тұрмын. Ал, 
осында шетелден білім алып, тәжірибе жинақтап 
келген Азат деген нейрохирург бар, егерде ол ота 
жасауға келіссе мүмкін көмектесе алады. Мен 
ешкімге бұйрық бере алмаймын, өз еркі білсін, - деп 
өзінің соңғы сөзін айтуға тура келді. 
- Ол қайда? Қайдан табамыз? – деп абыржыған 
еңгезердей жігіт ағасы кетуге асыққан Сағаттың 
соңынан ілесті. 
- Ол қазір жансақтау бөлімінде балаңыздың 
миын түсірген суреттерін көріп ойланып тұр, - деп 
бөлімше бастығы тез кетуге тырысты. Енді жылаған - 
күйзелген жұрттың назары жансақтау бөлмесі жаққа 
ауды. Осы кезді күтіп тұрғандай іштен талдырмаш 
денелі, ақ халат киген қараторы жас жігітпен бірге 
егделеу дәрігер жігіт ағасы ілесе шықты. 


- Азат деген сенбісің? Жігіттің жағдайы қандай? 
- Операция жасауға келе ме? Жанын қалай сақтап 
қаламыз? 
- Қарағым, бар үмітіміз сенде, көмек бере гөр, - 
деген дауыстар жан - жақтан естіле бастады.
Егделеу дәрігер тоқтап: 
- Тынышталыңдар. Жылағанмен ешбір көмек 
жоқ. Біз не істейтінімізді талқылап жатырмыз. Жігіттің 
халі мүшкіл екенін жасыра алмаймыз! Өмір уақыты 
сағат емес минуттарды санап жатыр. Егер мына 
жаратылыс берген дарыны бар Азат Рақымұлы 
операция жасауға келіссе жақсы болар еді, - деп 
жанындағы жас нейрохирургтің жүзіне сұраулы 
пішінмен қарады. 
- Бауырым, отбасындағы жалғыз ұлым еді. 
Жанын алып қал, не сұрасаңда беремін, - деп екі көзі 
қызарған жігіттің әкесі солқылдап жылап жіберді, Азат 
оны бірден шырамытты. Сол кісі ғой, сол кісі. Әлі 
күнге шейін басына түскен сол бір қиын жағдайды 
ұмыта қойған жоқ. Азаттың көңілі алабұртып кетті. 
Дәл қазір ақ телпек, ақ халат киіп тұрған талдырмаш 
жас жігітті олар тіптен таныған жоқ. Бірақ осы да 
дұрыс шығар. Онсыз да өлі мен тірінің арасында 
жатқан жас жігіттің өмірі қыл үстінде жатқанда өткен 
күндердің келеңсіз оқиғасын қазбалап қайтеді? Әрі 
Гиппократқа берген анты бар. Іштегі толғанысын 
білдірмеген Азат көпке көңіл аудармай: 


- Мен қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. 
Операцияға рұқсат қол хаттарыңызды жазып 
беріңіздер, - деп мына жылап - сықтаған топ маңынан 
тезірек кетуге тырысты. 
- Әрине, әрине қолхат жазып береміз, бірақ 
ұлымның жанын алып қаламын деп кепілдік бересің 
бе? - деді жігіттің әкесі көңіліндегі күдігін жасырмай 
соңынан ілесті. 
- Мен сізге айтып тұрмын ғой, қолымнан келген 
көмегімді аямаймын. Ал, кепілдік бере алмаймын, - 
деп Азат операцияға дайындалу үшін аяғын тез - тез 
басып кетіп қалды. Ауыр халде жатқан жігіттің туған - 
туыстары біраз естерін жинағандай болды. 
Ота жасайтын бөлменің маңынан барлық туған 
туысқандар кейіндегі кең жарық дәлізге шығарылды. 
Манадан бері жан күйзелісіне ұшыраған жігіттің анасы 
көзінен ыстық жасы сорғалап, жылауын тоқтатпады. 
Соған қарамастан сөмкесіндегі қайта - қайта 
шырылдаған ұялы байланыс телефонын алып 
әлдекімдермен болған мән - жайды айтып тоқтаусыз 
сөйлесіп жатты. Әкесі де қарап тұрмай таныстарының 
қоңырауына жауап бере бастады. 
- Сәке, білмеймін жол апатына түскен ұлымның 
жағдайы өте қиын. Таңға жуық көзі ілініп кетті ме, келе 
жатқан көлігі жардан ұшып кетіп, үш рет 
аударылыпты. Қалай тірі қалғаны белгісіз. Оған ота 
жасап жатыр. Кім жасап жатыр дейсіз бе? Бір Азат 
деген жас жігіт екен. Өзі шетелде оқып білім алған дей 


ме? Білмеймін, Сағат деген бөлімше бастығы ота 
жасаудан бас тартты. Сол кісі осы нейрохирургті айтты 
деп болған мән - жайды айта бастады. 
- Иә, білемін. Азат Рақымұлы өте білімді 
нейрохирург, біраз жылдар бойы шетелде, Ресейде 
қызмет атқарған. Ол өткен жылы анасы қайтыс болған 
соң елге қайтып оралды. Марқұм анасының бейітін 
тұрғызып, асын берген соң қайтадан шетелге жұмысқа 
кетеді деген әңгіме бар. Квалификациясы жоғары 
маманды Германия мен Ұлыбритания сияқты елдердің 
госпитальдары қызметке шақыртып жатқан көрінеді. 
Неғылса да ол ұлыңды құтқаруға бар күш - жігерін 
салады. Қолы алтын дарынды жігіт, - деп ар жақтағы 
адам жігіт ағасының көңілін аулады.
- Не дейді? - деді жылап отырған әйелі күйеуінің 
жүзіне сұраулы пішінмен қарап. 
- Бәрі дұрыс болады дейді - деп жігіт ағасы 
әйелін тыныштандыру мақсатымен. Осы кезде 
жылағаннан екі көзі ісіп кеткен қызы Мая ата - 
анасының жанына жақындады. 
- Папа, Сіз ана хирург жігітті таныған жоқсыз ба? 
- Жоқ, - деді әкесі қызына таңдана қарап. 
- Қалайша танымадыңыз? Бұдан үш – төрт жыл 
бұрын біздің 250 мың доллар тұратын джип көлігімізді 
соғып, шығын келтірген осы жігіт емес пе? Мен бір 
көргеннен таныдым. 


- Не?! - әкесі үстіне біреу суық су құйып 
жібергендей селк ете қалды.
- Ойбай, қызым оны неге ертерек айтпадың? Ол 
менің ұлымды өлтіріп енді кек алады ғой, - деп анасы 
баж ете қалды. 
- Мүмкін емес, мүмкін емес. Ұқсас біреу шығар, 
- деп әңгіме төркінін жаңа ұққан әкесі басын ұстап 
дірілдеп орындыққа отыра кетті. 
- Білгенде не істейтін едіңдер? Басқа амалдарың 
бар меді? Бұл аурухананың бірде – бір нейрохирургі 
келіспеген операцияны жасауға ол жігіттің жүрегі 
дауалады ғой. Кірленген саналарыңдағы бықсытты 
шығармай енді тыныш тұрыңдар, - деп жігіттің ақ 
сақалды атасы ашуланып кетті. - Әй, балам - ай 
дүниенің дөңгелек екенін қалайша білмедің? Қазақ 
адамның күні адаммен демеуші ме еді? 
- Ата, сол кезде ұлыңыздың осы жігітке 
көрсетпеген қоқан - лоқысы жоқ. Ақша әкесін 
өлтіргендей 100 мың доллар қаржыны желкесін сығып 
жүріп алды ғой, - деп мән - жайды жақсы білетін келіні 
жылап қоя берді. 
- Мүмкін емес, мүмкін емес. Осындай сәйкестік 
бола ма? - деп өмірі қыл үстінде жатқан жігіттің әкесі 
әлі сенбей іштей күбірлей берді. 
- Болады. Сол кездегі жасаған қиянатың енді 
ұлыңның алдынан шықты, - деп ыза болып, жаны 
қысылған әйелі одан әрмен жылап қоя берді. 


- Папа, сол қымбат көлігіңізді соғып кеткен кезде 
жігітке қол да көтердіңіз. Мен ішінде болдым ғой, бұл 
жігіт сізге басымнан ұрмаңыз, қолымды сындырмаңыз 
мен хирургпін деп жалынып еді ғой, есіңізде ме? - деп 
қызының да дауысы дірілдеп шықты. 
- Жапшы ауызыңды! Мен қатты ұрған жоқпын 
ғой, - деп енді әкесі ақтала бастады. 
- Иә, ұрған жоқсың? Әуелі үш күннің ішінде 100 
мың доллар қолыма санап әкеліп бермесең өлтіремін 
дегенсің, - деп күйінген әйелі де жүзі көгеріп орнынан 
тұрып күйеуіне тап берді.
- Қоясыңдар ма, түге? Ұлдарың хал үстінде 
жатқанда жанжал шығарғандарың не? - деп атасы 
ашуланып, бар дауысыммен ақырып жіберді. Барлығы 
жым болды. 
Әлі есінде ол жігіт үш күннің ішінде Джип 
көлігін жөндету үшін қомақты қаржыны қолына санап 
әкеліп берген. Оның себебі егерде қылмыстық іс 
қозғалса ол шетелдегі қызметіне қайта алмай қалады 
екен. Осы сәтті тиімді пайдаланғанына өзінің қатты 
масаттанғаны әлі есінде. Шетелден келген жас жігіттің 
аңқаулығының арқасында 100 мың доллар нәпақа 
таптым деп жолдас - жорасына әбден мақтанған. Қазір 
сол оқиға есіне түсіп, қатты күйзеліп кетті. Енді не 
болады? Мүмкін хирург жігіт өзін танымаған шығар. 
Әй, қайдам, ол оқиға есінде қалмады дегенге кім 
сенеді? Әрине, таныды, сыр білдірген жоқ. 


Операциядан бас тартуына болатын еді, бірақ олай 
жасамады. Неге? 
Санасын қаумалаған сансыз сұрақтардан жігіт 
ағасы бір орнында пайыз тауып отыра алмай жүрегі 
қысыла бастады. Дәлізде арлы - берлі жүгіріп жүрген 
медбике қызға жағдайын айтып еді. Ол дереу бір 
бөлмеге ертіп барып, қан қысымын өлшеп, дәрігердің 
нұсқауымен ине шаншып берді. Содан кейін: 
- Уайымдамаңыз. Азат Рақымұлы қолы алтын 
хирург, ол кісінің операция жасауға келіскенінің өзі 
үлкен жетістік, - деп жігіт ағасының көңілін аулады. 
Ол қайта дәлізге шықса ештеңе өзгере қоймапты. 
Операция басталғанына төрт сағаттай уақыт өтті. 
Жиналғандардың барлығы қаз – қатар тізіліп үнсіз 
күтіп отыр. Мына беймәлім тыныштық адамдардың 
жүйкесін жұқартып бара жатқанға ұқсайды. 
Жігіт ағасы қарап отырмай сол жылдары жасаған 
үлкен қиянатын есіне алып, іштей қайта өкіне бастады. 
Бұлай боларын кім біліпті? Барлық есіл - дерті оңай 
олжа, мал табуға ауып кеткен. Байлық пен барлық 
қандай жолмен келетінін тіпті таңдап көрмепті. Берсе 
қолынан бермесе жолынан талай адамдардың 
нәпақасын тартып алған күндері де болды. Әйелі айтса 
да бір нәрсені біліп айтады. Мына хирург жігітке де 
қып - қызыл қиянат жасаған. Соттатпақшы да, 
өлтірмекші де болды. Ауру анасын алып кетуге 
асыққан жігіт түнде келе жатып, жол жиегіне қойып 


кеткен қымбат көлікті абайсызда соққан еді. Шын 
мәнінде 15 - 20 мың доллардың үстінде жөнделетін 
көлікке қыруар қаржы талап еткен болатын. Енді сол 
иттігіне іштей қатты өкініп тұр. Өткен күнгі қиянаты 
жанын құрттай жегідей жеп барады.
Алты сағат өткенде барып туған – туыстары 
алыстан телміріп қарап тұрған операция жасалып 
жатқан бөлменің есігі сарт етіп ашылды. Барлығы ішке 
ұмтылды Олардың жолын медбике қыз бөгеп 
жібермеді. 
- Операция сәтті өтті. Азат Рақымұлы қызметтік 
бөлмесіне кетті. Ол кісі қатты шаршаған екен, біраз 
демалған соң сөйлесесіздер, - деп ешкімді маңына 
жуытпады. Осы сөздің өзі жиналғандар үшін үлкен 
куаныш болды. Барлығы бір - бірін құшақтап, 
көздеріне жас алды. 
- Папа, сіз Азаттан кешірім сұрамайсыз ба? - 
деген қызының сұрағын естіп, жігіт ағасы не 
айтарын білмей тосылып қалды. 
- Ол мені танып қоя ма деп қорқып тұрмын, 
қызым. 
Желкесі 
күжірейген 
қылмыскерлерден 
сескенбеуші едім. Ал, мына нейрохирургтан қорқып 
тұрмын. Батылым барар емес, - деп шынын айтты. 
- Жаным тірі болса әлгі алған ақшаңды қайтарып 
бересің, - деп әйелі де сілкініп шыға келді. 


- Әрине қайтарамын, артығымен қайтарамын, - 
деп кінәлі күйеуі қалбалақтап қалды. 
- Ол жігіт ақшаларыңызды алмайды. Мен бәрін 
білемін, - деп жандарына келген екінші нейрохирург 
Ермек қатқыл дауыспен. - Ақиқатын айтсам егер Азат 
болмаса ұлыңыздан бүгін-ақ айырылып қалар едіңіз. 
Бұл маңда ешкім қолынан келмейтін өте қиын, күрделі, 
зерігерлік операцияны ешбір қателік жібермей 
шеберлікпен жасап шықты. Өзім жанында көмектесіп 
тұрып, таң қалдым. Қазір ұлыңыз жан сақтау 
бөлмесінде ұйықтап жатыр. Бес- алты сағаттан соң есін 
жиып қалар. Бұйырса бір айдың ішінде құлан - таза 
айығып кетеді. 
- Айтқаның келсін, айтқаның келсін, - деген 
дауыстар жан - жақтан естілді. 
- Енді не істеймін? Қалай рақмет айтамын, - деп 
жігіт ағасы сасып-салбырап, абыржып қалды. 
- Бәрін ақшамен сатып алуға болмайтынын 
ұқсаңыз болды. Бұл сізге өмірлік сабақ болсын. Азат 
сияқты қолы алтын жігіт әлі талай адамдарға өмір 
сыйлайды. Тура келген ажалдан алып қалады, халыққа 
керек маман, - деп Ермек бұрылып кетіп қалды. 
- Сонда да біз кіріп шығайық. Алғыс айтайық, - 
дегендерге медбике қыз: 
- Ол кісі жоқ. Өте ауыр операциядан кейін атты 
шаршап үйіне қайтып кетті, - деді. 


Ал, шын мәнісінде Азат дәлізде тұрған жігіттің 
әкесінің бет - жүзін көргісі келмеді. Азды-көпті 
жинаған қаржысының соңғы теңгесіне шейін санап 
бергендіктен ауырған анасын шетелге апарып емдете 
алмағанын айтқысы келген жоқ. Қатты қиянат көрген 
жаман адамды қайта көру жан дүниесін жаралайтынын 
бір өзі ғана сезді. Барлық қиянатшыл пенделерді 
осындай тәсілмен тәрбиелеу мүмкін емес - ау деген 
өкінішті ой санасына келді. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет