Құрметті отандастар! Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек.
Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс.
Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін.
Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.
Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс.
Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады.
Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.
Осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады.
Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жауапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын-ала нақты жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым күшейту керек.
Сондықтан депутаттарымыздың өтінішіне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма беремін.
Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.
Қадірлі қазақстандықтар! Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі.
Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.
Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Мен ел тағдырына жаны ашитынәрбір азаматқа зор сенім артамын.
Қазақстан – ортақ шаңырағымыз! Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!
Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.
Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер.
Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз.
Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.
Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.
Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!
Баршаңызға амандық, табыс тілеймін.