Конференция жұмысының сәтті өтіп, нәтижелі аяқталуына тілектеспін!
Баяндамалар
I.ҒҰЛАМА-ОЙШЫЛ ЖҮСІП БАЛАСАҒҰН ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰНДЫ МҰРАСЫ
I.МЫСЛИТЕЛЬ ЮСУФ БАЛАСАГУНИ И ЕГО ЦЕННОЕ НАСЛЕДИЕ
I.THINKER BALASAGUNI YUSUF AND HIS VALUABLE HERITAGE
_____________________________________________________________________________
Ж.БАЛАСАҒҰННЫҢ «ҚҰДАТҒУ БІЛІГІНДЕГІ» АДАМНЫҢ МОРАЛЬДЫҚ – ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ ТУРАЛЫ ХАҚЫНДА
Жарықбаев Қ .Б., п.ғ.д., пс.ғ.д.,профессор,. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қ. Қазақстан.
Резюме
В статье рассматриваются вопросы морально-психологических качеств человека, описанные Ж. Балагануни в поеме «Құдатғу білік».
Summary
The questions about moral and psychological qualities of a person are considered in the article described in the poem of Zh. Balasagun “Kudatgu bilik”.
Кітаптың он тарауы түгелдей дерлік моральдық, психологиялық мәселелерді әр қырынан сөз етеді. Бұлардың бірінде адамға білім мен ғылымның не үшін қажеттілігі айтылса, енді бір тарауларында бақытқа жетудің жолдары, адамның жақсы – жаман қылықтары сөз болады. Мұнда сондай-ақ сөз өнері, шешендік қасиет дәріптеледі, ел билеушілер мен әкімдерге қажетті сипаттар, әр түрлі әлеуметтік топтардың бір-бірінен айырмашылықтары (ақындар, дін иелері, уәзірлер, шаруалар, саудагерлер, ғалымдар, диқаншылар, көпестер, қол өнершілер, т.б.) жайлы сөз қозғалады. Дастанның 52 – тарауында жанұяда ұл мен қызды қалай тәрбиелеу керек, оларды оқытудың жолдары, бала тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі тағы осындай мәселелер сол заман тұрғысынан сойленеді. «Құдатғу біліктегі» ел басшыларының әлеуметтік – психологиялық ерекшеліктері, адамдардың жақсы- жаман қасиеттері, білім мен ғылымның маңызы туралы айтылған пікірлер педагогикалық және психологиялық тұрғыдан оқырман назарын өзіне аударады. «Құдатғу біліктің» 29-30 тарауларында Х-ХІІ ғасырлардағы Қараханид мемлекетінің ел билеген басшылары мен ізгі жақсылары туралы сөз болады. Автор бұларды жұртқа идеал етіп ұсынады, оларға еліктеп үлгі-өнеге алу қажеттігін айтады. Баласағұндық Жүсіп басшы атаулыға тиянақты білім, мол тәжірбие қажет дейді («Ақыл мен іс қылған бек елге сүйкімді болады», «Халқының ауыртпалығын олармен бірге көтерген адам – басшының төресі», «Жақсы қызметкер төменнен төрге барады»). Автордың ойынша, әрбір бастық жан – жақты, әмбебап білімді, ақыл ойы ерекше жетілген, білгір адам («Ақылдылықпен ел биле, білімділікпен жұртты аузыңы қарат», «Ел ағасының мінез-құлқы жайсаң, сезімтал болсын», «жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», « Бастық әр кез өзінің көзі мен құлағын айналасына тігіп отыруы тиіс», «Бегің рақымды қарапайым, әділ болса, ергеде, елгеде ең жоғары бақыт сол болады»). Бастық айналасындағы адамдарды бес саусағындай біліп отыруы тиіс. Ол қарамағындағылардың психологиясын сыртқы келбетінен де, ішкі жан дүниесін де аңғара алатындай болсын. Ол жұрттын жақсы – жаман қылықтарын әділ бағалап қателігі үшін жаза беріп отыруы тиіс. («Егер қарамағындағы кісі қателессе, оны шақыртып алып не себептен қателескенін сұра»). Ел басы, халық ағасы табанды да, қайсар, ерік – жігері күшті болған адам болғаны абзал. («Ол қабандай қайсар сауысқандай сақ, қарлығаштай қырағы болсын»). Бастық ел билеу, шаруашылықты ұйымдастыру туралы ғылымның негіздерін жақсы білуі қажет. («Халықты дұрыс басқару үшін басқару ғылымын меңгермей болмайды»). Бұған қоса ол адал, шыншыл, халыққа қиянат етпейтін жан-жақты қабілетті адам болуы қажет. («Ел билеушіге жетпіс өнерде аз»). Бір сөзбен айтқанда ел ағасы көпті көрген, ысылған, салауатты, тәжірбиелі өмірдің ащы-тұзшысын өз басынан кешірген кісі болуы тиіс. Басшының білімі көрген білгені қаншама мол болғанымен ол жұртқа қатал, жағымпаз болып келсе, қоғамды қырсыққа ұшыратады, айналасындағылардың қолын жақсылыққа жеткізбейді, олардың бақытсыз болып қалуына да себепші болады. Жақсы бастыққа істің мән жайын білетін жақсы жәрдемші, ақылгөй кеңесші қажет. Мұндай жағдай да оның ісі жанып, ол өз халқына, қоғамына көп пайда тигізеді.
Дастанның авторы ел билеушілердің ең негізгі міндеті-халқына адал қызмет еуі, сонда ғана ол олардан сүйіспеншілік, қадір-құрмет күте алады деп, өз ойын тұжырымдайды.
Дастанда көтерілген екінші бір мәселе – адамның мінез құлқы, оның қоғамдағы орны туралы жайттар. Адам – бұл дүниеге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы сөзімен нәтижиелі ісін қалдырып отыруы қажет. Дастанның, әсіресе тәлім-тәрбие мәселелеріне байланысты тараулары өзбек, ұйғыр түп нұсқаларына қарағанда өте сәтті шыққан. Баласағұндық Жүсіп адамды моральдық жағынан тәрбиелеу де ақыл- ойға ерекше мән береді. Ол ақылдылықты адамның адам болуының, адамгершілік жағынан жетілуінің бірден-бір негізі, ақылдың көмегінсіз бұл дүниеде ешбір нәрсе шешілмейді деп түйіндейді.(«Адамға оның ақылы ғана дос», «Парасат, қараңғыдағы шырақ», «Ақыл парасатқа еш нәрсе теңелмейді, одан мәртебелік жоқ», «Ақылсыз адамның жануардан айырмасы аз», «Біліктілік пен ақылдылық төбеңді көкке жеткізеді»). Адам әр кез орағы да ойлап, ақылдылықпен әрекет етсе ғана көздеген мақсатына жетеді. Ақылды адамдардың сөзі әрі көрікті, әрі сүйкімді. Ойлау мен сөйлеуі қатар жетілген, терең ойлап көрікті сөйлейтін адам ғана жан – жақты жетілген адам. Мұндай адам айналасындағылардың алдында құрметке бөленеді. Жүсіп дұрыстап сөйлей алуды адамның негізгі қасиеттерінің бірі деп санайды. Оның ойынша шешендік қабілет екінің бірінен кездесе бермейтін қасиет. Ол сөйлеу өнерін көзі мәңгі бітелмейтін бұлақпен теңейді. Автордың ұғымынша тіл адамды көкке көтереді, сол арқылы кісі бақытқа жетеді, сондай-ақ, адам өз тілінен жаза да тартады. Екінші бір сөзбен айтқанда, «аңдамай сөйлесең, ауырмай өлесің», «ал сөйлесеңде аңдап сөйле», дейді автор. Адам екі нәрседен қартаймайды: бірі оның – ізгі ісі, екіншісі ізгі сөзі. Олай болса, әр кез жақсы қылықпен қатар жақсы сөзің болсын, бұл екі қасиеттің бір-бірімен байланысып жатсын. («Жақсы болғың келсе жаман сөз айтпа», «он мың сөздің түйінін он сөзбен шеш», «өлмей өмір сүре бергің келсе, артына жақсы іспен дана сөз қалдыр»). Дастанның авторы кей жағдайларда осыған орай қызықты психо – физиологиялық тұжырымдарда жасағасы келеді. Мәселен, ол «адамның сәні бетінде, бетінің сәні көзінде» деу арқылы жақсы қылықпен жақсы сөздін адамдардың бет пішінінен, мәнерлі қозғалысынан байқалып отыратындығын дұрыс көрсетеді.
Сана сезімі жақсы жетілген адам ғана өмірдің сан түрлі құбылыстарын таразыға салып, оның ағымына төтеп бере алады. Ол көрсе қызар, желікпе емес, жақсыдан үйренеді, жаманнан жиренеді, антына адал, уәдесіне берік адамды ғана ер кісі деуге болады. Ер адамға, сондай-ақ, бейбастық, өсек-аяң айту жараспайды. Тек байсалды, сабырлы, қайырымды адам ғана көздеген мақсатына жетіп отырады. Бір сөзбен айтқанда, жақсы адам – өзіндік ойы, өзіндік мақсаты, өзіндік бағыты бар, кез келгеннің жетегіне еріп кетпейтін адам. («Салқынқандылық, тұрақтылық, мінезділік – адамға ауадай қажет», көңілділік те керек», «Байсалдылық – ізгі қасиет»). Жүсіп адамның осындай жақсы қасиеттерін тізбектей келе, жұртты жаман мінез, жат қылықтан жирендіреді. («Сараңның жұрт түгел өзіне – өзінің, де дәрмені жетпейді», «Топасқа қылығы да қырсық болып жабысады», «Ұятсыздан үйдей пәле шығады»). Оның адамның кейбір жаман әдеттерімен қылықтары туралы айтқан пікірлері бүгінгі күн тұрғысынан қарағанда ерекше көңіл аударарлықтай. Мәселен, Жүсіптің айтуынша адамға, мына секілді қылықтар опа бермейді: өтірік айтып, дандайсу; ішкілікке салыну, оған құмартып, әуестену; күншілділік, басарсыздық, бұзық жолға түсу; босқа күйіп-пісіп, ашушаң болу, адамның өзін-өзі ұстай алмауы, т.б. Адамдардың осы секілді кесапатты теріс қылықтарынан басқа да түрлі жаман қасиеттер толып жатыр. Ақылды адам бұлардың бірде-бірін бойына дарытпау үшін қам жейді, өйткені онда бұған толық мүмкіндік бар, деп тұжырымдайды автор. Менмендік те, жағымпаздық та – өте жаман қасиет. Адам деген ардақты атқа түлкідей қулық та, қасқырдай қатыгездік те үйлеспейді. Дастанның авторы адамның жақсы шынайы сезімдері туралы айта келіп, жол – жөнекей бұларды бойға дарыту жайында да ақыл-кеңестер береді. Мәселен, адамға ызақорлық, жанұшыратындай жағдайға түсу- жаман қасиет. Мұндайда адам кейде өзіне-өзі жем болады, аянышты халге түседі. (Кімде-кім ашу үстінде әрекет етсе, кейін сонысынан опық жейді», «Адамға долылық пен ашу, жанұшыру абырой әпермейді»). Автордың мұндағы айтпақшы ойы мынау: адам өзінің ақыл-парасатымен қатар сезім дүниесінде билеп-төстеуі керек, яғни ол өз көңіл-күйінің де қожасы болсын, солғын, қораш сезімді адам – бұл әлде де болса тәрбиесі жетіспеген адам. («Жанұшырушылық – топас адамның белгісі», «Ашу шақыру ақылға нұқсан келтіреді», «Ақылдылық ашумен бірге жүрмейді»). Автор осындай кемшіліктерден адам өзі ғана жай жапа шекпей, төңірегінің алдында да айыпты болып саналады, - деп түйіндейді.
Барша жұртқа ғылыми – білім алу, оны меңгерудің психологиялық астарлары туралы айтқандығы да өте маңызды. Бұл идеяны ол өз кітабының барлық тарауларына негізігі арқау етіп алған. Автор білімнің адам өміріндегі маңызын баса айтып, тебірене жырлайды. Ол еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін білім алуға шақырады. Бұл жерде оның жұртқа айтайын деген ойының желісі мынау: білімді болсаң ғана ақылды боласың, ал ақылдылықпен дүниенің сырын ашасың, мақсат-мұратқа жетесің. Білімді болу- бәрінен бұрын адам болу деген сөз. Білімсіз адам – надан, топас, білімділіктен ақыл шығады. Кімде ақыл болса, соның мерейі үстем, жоғары. Надан, білімсіз адамға айналасының барлығы күңгірт, бұлыңғыр, тұман. Мұндайлардың өзіне деген дұрыс сенімі де, асыл мұраты болып жарымайды. («Өмірдегі барлық жақсылық білімнен шығады», «Білімсіз адам – көр соқыр», «Білім – бұл қолдағы шырақ»). Автор адамның санасына түбі жоқ теңізге теңесе, білімді теңіз түбіндегі інжу, маржан, гауһар тастарға теңейді. Білім адамға оңайлықпен түспейді, оны меңгеру үшін көл-көсір, өлшеусіз әрекет ету қажет. Ғылым – білімге түгелдей берілген адам ғана өзінің ойына жете алады. Білімнің керек емес жері жоқ. Ол-саған тоңғанда киім, ашыққанда тамақ, әлсірегенде қуат. Білімнің де білімі бар, жаттап алған құрғақ білімнен пайда аз. Адамды адам ететін, оның өмір сүруін жетілдіретін, тәжірибемен ғана байланысқан білім. («Білімдіден шыққан сөз – дүниені нұрға бөлейді», «Білім ақылмен ұштаспаса, төңірегің қараңғылана түседі»). Нағыз білім – бұл өлшеусіз байлық. Білімді адамды ақшасы болмаса да жарлы деуге болмайды. Білімді сенен ешкім ұрлай алмайды, алған мен оны бойына сіңіре алмайды. Білім - сенің серігің, өмірлік жолдасың. Адам өзінің барлық керегін, ой-арманын, талап-тілегін тек білім арқылы ғана қанағатандыра алады. «Кімде кім білім мол болса, сол жұртқа әмірін дұрыс жүргізе алады», «Білімсіз еш нәрсе ашылмайды». Білімді болсаң ғана қоғамнан лайықты орын аласың, атың шартарапқа жайылады. Білімдіге қашан да төрден орын тиеді. («Білімді босаға жақта отырған мен біртіндеп төрге шығады»). Білімділік әр кез адамгершілік қылықпен нұрланып тұруы тиіс. Сөйтіп, дастанның авторы, айып келгенде, адамның бойындағы барлық ізгі қасиетттерді біліммен байланыстырып, жақсы адам болу үшін алдымен тиянақты білім алып, ғылым негіздерін меңгеру қажет, деп тұжырым жасайды.
«Құдатғу білікте» бұл айтылғандардан басқа да тәлім-тәрбие психологиясының сан-алуан мәселелері көрініс тапқан және нарық жағдайындағы тыныс-тіршілікке келтірер пайдасы мол.
Достарыңызбен бөлісу: |