ТУРАШЫЛДЫ ТЫҢДАЛЫҚ, ШЫНАЙЫЛЫҚТЫ ШЫҢДАЛЫҚ
Ж.Ж. Молдабеков., философия ғыл. доторы, әл- Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің профессоры
Резюме
В статье рассматриваются идеи человечности и нравственные тенденции, которые были заложены основоположниками гуманистической традиции, одним из которых является Юсуф Баласагуни. Именно этими критериями должна руководствоваться каждая личность в современных условиях развития общества.
Summary
The article discusses the ideas of humanity and moral trends that have been established by founders of the humanistic tradition, one of which is Yusuf balasaguni. It is these criteria should guide every person in modern conditions of development of society.
Тәуелсіз Қазақстан өркениеттің жоғарғы сатысына өрлеп бара жатқан жайы бар. Енді ел азаматтары байтақ өңірде бұрыннан дәстүрге айналған еркін тілдесу, емін-ерін сұхбаттасу, өзара түсінісу, бірін-бірі сыйлай білу өнегесін игеруде. Жұмылған әрекетте адам алдымен өзіне кімді алдымен түсіне алды, түсінуге тырысты, кімнен өзін аулақ ұстап бақты? Қиыншылықта түсінбеушілік неден басталды, кімдер жағынан қолдау тапты? Жалғандықты кімдер, неге үрледі, жамандықтың бастауы қай ортада жалғасын тапты? деген тіршілікке тиек болатын сауалдарға жауап іздеуде.
Тарихи тәжірибеден, соның ішінде төл тарихтан тағлым алатын сәттер келді. Елдік өркениеттің қос нышанын аңғарамыз. 1. Ел қажетін тек таза жүректі, сергек саналы, туған жердің топырағынан құнар алған өмірлік тәжірибе иелері ғана қалт жібермей сезінді, сондай іңкәрлікке бейімділік танытты. 2. Нақты міндеттерге, ауқымды проблемаларға толығырақ түсінік, мақсатты ойлану қабілетін жетілдіруге деген ұмтылыс зиялы салауаттылар тарапынан қолдау тапты.
Х1 ғ. Орта Азияның ел болып жаңғырған, мемлекет болып күшейген тарихи, әлеуметтік-мәдени кезеңі. ҮІ-ХІІ ғасырлар аралығында Орта Азия мемлекеттері мен елдері мәдениеті дамыған, өркениеттің жоғарғы сатысына көтерілген кезі еді. Батыста өзара көре алмаушылық, бірін-бірі қудалаушылық шексіз шиеленісіп, оның тоз-тозы шыққан крепостной шаруалары көріксіз де жалтақ кездерді, үрейлі ғұмырды бастан кешіріп жатты. Ал Жібек жолы өңірі мен Орта Азияның өркендеп, қалалардағы өзара байланыстар мен көрші мемлекеттер арасындағы сауда-саттық жұмыстарының қарқындап тұрған шағы болатын. Ол дегеніміз қоғамдық қатынастардың әрекеттері артқан, адамдардың белсенділігі күн санап күшейе түскен кезеңдер еді. Мемлекетті, елді басқару қамқорлығы мен іс-шаралары әлеуметтік маңызы зор, ортақ саяси проблемаларға айналады.
Жаңа заманның өтпелі кезінде қоғамдық әрекеттер артты, адамдардың белсенділігі күн санап күшейе түсті. Тарихтағы қадымды бетбұрыстар, қарқынды өзгерістер несімен құнды? 1) Атамекенмен, жерұйықтағы өнегелі, өресі кең, өміршең бастауларымен; 2) адамның күш-қуатын қалыптастыратын кісілік қылықтар мен қасиеттер арқылы, отбасы мен қауымдастық құндылықтар тұрғысынан дәстүрді іріктейтін үлгісімен; 3) мемлекетті, елді басқарудың ортақ саяси проблемалары мен іс-шараларын жаңа қырынан қарастыруымен мәнді.
Табыс көзінің басты бастауын – тарихи сабақтастық пен көркемдік үйлестікті бір-бірімен үйлестірген Жүсіп Хас қажыб Баласағұнидің 1069 ж. 54 жасында жазған «Құтадғу білік» дастанынан табамыз. Дастанның рухани құндылығы неде? Осы іргелі мұраға не себептен жиі ораламыз?
Ж. Баласағұнның бірінші құндылығы - елдік ниетінде. Елдің еңсесін көтерген идея адамгершілігі және әлеуметтік маңызы зор өткір оқиғаларға назарды аудартқызды; екінші құндылығы – адами әлеует пен әлемді ұлықтауда, яғни адамдық қарым-қатынастағы жаңашылдықты, білімдар белсенділік пен сауаттылықты көтермелеуде; үшінші құндылығы – тұлғаның тәлімді болмысында, яғни кісілікке жақсылық жасаудың, туыстықтың түбір-тегін түгендеудің гуманистік көкжиегіне ықылас танытуында.
«Құтты білік» мән-мазмұны жағынан таңдантыратын, толғандыратын, құштарлықты күшейтетін трактаттар жиынтығы; адамгершілік, адалдық, қайырымдылық хақындағы ізгі мұраттар сабақтастығы; халықтың құты, ырысы болған ілім. Әдеп ілімі мен дүниетанымдық бағдары негізгі үш факторға - ірі тұлғалардың өмірлік тәжірибесі мен қоғамдық пікірге, кең ортадағы сауатты ақсүйектердің әлеуметтік әлеуеті мен ойшылдардың рухани мұрасына, биліктің түрлеріне және адамдардың өзара ықпалына деген өзінің ішкі тоқтамы мен сеніміне негізделген.
Ой-парасаттың өнімін өңдеу, толықтыру, топтау, тарату – ойшыл да іскер ақын Жүсіп Баласағұнның үлесіне тиген, дәлірек айтсақ, сол жауапкершілікті өз мойнына алған. азаматтық тұрғыдан өз тоқтам-түйіндерімен бөлісті, елдік сапарда төрелік шешімдер қабылдады, тың әрекетке жол ашты; адамгершілік кодексін жасады, билік дәстүрінде ел басқарудың жаңа үлгілерін ұсынды; елдің рухани, моральдық-этикалық тұлғасының бейнелі беделін тұжырымдады.
Осы ниетте ойшыл ақын ғылымға, тарихи тәжірибеге, танымдық талғамға, өмірдің эстетикалық сезімталдығы мен этикалық ұстанымдарына, қысқасы адамзат білімі мен мәдениетінің жетістіктеріне сүйенеді. Өмірлік ізденісінде 1) «үйренбеген өнер-білім қалмады, білгендерін қолына алып талмады»; 2) адамды әлеуметтендіруде, азаматты әлдендіруде рухани адалдық және кемелділік танытты; 3) өркениеттің керуенінен, тынымсыз іздемпаздардың талпынысынан шет қалмады.
Ж. Баласағұн ойшыл ретінде өмір жолын, адам тағдырын және ел болашағын біріктіре талқылауды, адам болудың құндылықтарына, қасиеттеріне және тәсілдеріне деген байырғы қалыптасқан дағдыны қайта қарастыруды, толықтыруды мақсат тұтады.
Достарыңызбен бөлісу: |