Күйеуінен ерте ажырасып кетеді, қайтып күйеуге шыға алмайды, алаң
болып беріліп істейтін қызмет қарекеті де жоқ, кісіні мезі қылатын ұсақ-
түйек қызмет атқарып күн көрісін жасайды. Содан кейін қолындағы бары
да, орындалмаған арманының орнын толтырары да жалғыз баласы
болады. Ол баласын өзгеден бөлтірігін қорғаған бөріден бетер қорғайды.
Кейде, қызым, аналық өзімшілдік қараулықтың да шегі болмайды.
Ондайлар баламның қамын ойладым деп, жəне сол ойына имандай сеніп
жүріп, өз қамын ойлайды, өз дегенін істетеді. Meн енді байқап отырмын,
қызым, баласының «болашағын ойлап» Сашаны сенің соңыңа салып қойған
да Раиса Семеновнаның өзі. Егер қосыла қалған күнде де ол Сашаны
сенімен бөліспейтін еді. Жоқ, ондай əйелдер қолындағы барынан өлсе
айрылмайды. Өзге тұрмақ баласының өзін өзіне бермейді. Ах, залым, сенің
басыңды мықтап байлап алу үшін жаңа жыл кешін де өзі əдейі
ұйымдастырған екен ғой. Өз баласына жеңгетай болған — сводница!..»
— Мамамның аузынан тұңғыш шыққан, мен естіген қатты сөз осы
болды. Мен сол кезде мамамның осы сөзіне шалалау сеніп, біріне иланып,
біріне
иланбай
отырғанмын.
Қанша
көңілім
қалғанмен
Раиса
Семеновнаның атынан жарылып мені жақсы көрген көп күндері көз
алдыма елестеп, «соның жалған болуы мүмкін емес қой, Жалған болса
сезер едім ғой» деп таласып едім, мамам маған оны да оп — оңай
түсіндіріп берді. «Неге жақсы көрмесін, əуел баста Раиса Семеновна сені
шынымен-ақ жақсы көрді. Өйткені сен Сашаны шешесінің мегзеген биігіне
алып шығатын күш болатынсың. Енді келіп күтпеген жерден оның аяғына
байланатын қара тас болып қалдың. Сосын ол сені шынымен жек көріп
қалды. Эти люди по своему очень даже искренни
11
. Мен «Сашаға не
болған. Саша мені шын жақсы көруші еді ғой» деп шырылдап едім, шешем
қайырып тастады. «Сашаң сырт көзге дүрдей болғанмен нағыз тряпка!
Өмір бойы шешесінің қолындағы сулы шүберек болып өтеді».
— Солай, Надя. Сөйтіп мен өмірдің алғашқы мектебін өткенмін.
Түсіндің бе?— деп Света иығыма қолын салды.
— Мен өзі түсініп те, кей жерін түсіне де алмай отырмын,— деп
шынымды айттым.
— Мен де кейбір шындықтарды кейінірек түсінгенмін, — деді Света.
Содан аз іркіліп, бетіме қарап мырс етті. — Əйелдің аты əйел емес пе,
кейде бір іште жатқан шеріңді сыртқа шығарып алғың келеді. Білесің ғой,
біздің əйелдерге айтсаң неше саққа жүгіртіп ала жөнеледі. Сен тұйықсың.
Байқаймын, ішіңде жатқан бір сыр сандығың бар. Естігеніңді шашау
шығармай, сонда жинай бересің,— деп Света көңілсіз əңгімесін күлкімен
бітірді.
Света серпілгесін мен де сергіп қалдым, тек сондайда бір орынсыз сөзді
қойып қалатыным бар.
— Осыны Николай біле ме?— деппін.
Құдай оңдап Света бұл сұрағыма қысылған жоқ.
— Е, неге білмесін, біледі,— деді.— Көңілсіз əңгіме айтып сені біраз
шаршатып тастадым ба, қалай?
— Ендеше көңілдісін айт, — деп тағы да қойып қалғаным.
— Қанша мақтағаныммен сен де əйелсің ғой, бəрін білгің келеді, ə,—
деп күліп алды, — Ойыңды түсіндім. Николай ғой?— Күлкісі тез өшіп,
қайтадан байсалды, жадау қалпына түсті.— Шешемнің сол көзімді ашқаны
да маған оңай тиген жоқ. Мамам «түңілме» десе де көп нəрседен, əсіресе,
адамдардан түңіліп кеттім. Жұрттың бəрінің сыры маған мəлім сияқты.
Енді менің жағдайыма қызықпайды ғой, бірақ еркектердің қызығатыны
жалғыз ол ғана ма. Жігіттер қырындаса — ақ ар жағында бір арамдығы
тұрғанын сезе қоятын секемшіл болып алдым. Арада екі-үш жыл өткен соң
осы Николай кездесті. Мұның бір жақсы жері ар жақ бер жағының бəрі ап
— анық көрініп тұрады екен. Оның мені сатпайтынына, сатпақ түгіл,
қандай от болса да мен үшін қойып кететініне күмəнім болмады. Оның
үстіне ықыласы жеңіп кетті де... айттым ғой еркектің ықыласы құласа
əйелді жеңбей қоймайды деп...
— Ал, Надя, менің бар сырымды біліп алдың. Енді мен сенің
уысыңдамын,— деп Света өз хикаясын күлкімен тəмамдады.
4
Мен өзі, сірə, зерек емеспін — ау деймін, бір əңгіме естісем, соны
бірден түбіне жетіп түсіне қоймай, ойыммен оқтын-оқтын қайтып оралып,
күйіс қайырған түйедей талмап барып жұтатын əдетім бар. Светаның бұл
əңгімесінің де бар мəні маған кейінірек жетті. Саша туралы сараң
сөйлегені... соншалық көңілін қалдырған адам туралы кісі ыстық сөз айта
ала ма, бірақ кезінде тым ыстық болған сияқты. Жұрт біткеннен түңіліп
кетуі де тегін емес қой. Үлкен бір сезімге беріліп, содан күйреп, ауыр
күйзеліске ұшыраған түрі бар. Менен жасы мен білімі ғана артық десем
өмірдің де біраз сырын ұғып қалған болды-ау бұл əйел. Қатты ауырып, өлім
аузынан қайтқан, еңсесін енді ғана көтеріп келе жатқан адам сияқты
көрінді ол маған.
Орыс деген халықпен араласқаныма үш — ақ ай, бұрын сыртынан
естуім болмаса сырын білмеуші едім. Олардың қыздары, əсіресе қала
қыздары еркін болады деуші еді, рас екен — ау. Қысылып — қымтырылмай
жүріп көңілі кеткен жігіттерін таңдайды, сырын біліп сынайды. Біздің
қазақта да бұрынғыдай атастыру қалды ғой, қыздар көбіне көңілі кеткен
жігіттеріне барады, бірақ əйел жолы əлі де жіңішке жатыр — ау. Əке-
шешең қатал болмаған күннің өзінде сынай қараған сырт көздер — ақ
аяғына тұсау салып қояды. Аудандағы ең жоғарғы тоғызыншы класқа дейін
оқып, білімді саналған, көзге түскен кердең қыздың бірі мен едім. Өзгеше
түрімен кішкентай аудан орталығын елең еткізіп алыстан келген қызыл
командирге күйеуге шықтым. Бүкіл бойжеткендердің ішінде жалғыз
жүлдені өзім алғандай болдым.
Света ғашықтық жайынан сөз қозғады. Осы мен Қасымбекке шын
ғашық болдым ба? Əр жағдаймен алаң болып, көңілім алып-ұшып жүріп
сол арасын ойламағанмын ба қалай?
«Ғашықтық» деген сөз бала кезімде ертегі, жырларда құлағыма
шалынды. Бірақ ертегі, жырлардағы өмір де, адамдар да бізден бөлек, биік
көрінетін де, олардың бойындағы алапат от сезімдер де біздің кішкентай
бойымызға сыймайтын, қысқасы, қол жетпейтін нəрсе болатын. Бүгінгі
жабайы адамдар жырды тыңдап қанша тамсанғанмен «өз басымнан ондай
сезім кешемін» деп ойлай қоймайтын. Ертегі, жырдан ауысып азғана қазақ
жазушыларының аз ғана кітабын оқығаннан кейін де «ғашықтық» деген сөз
мен үшін аспаннан жерге түспей — ақ қойды. Мұнда да қыз бен жігіттер
өліп – талып, күйіп — жанып жатады. Жəне біздей жабайы емес, кілең бір
«асыл жандар». (Қайта осы орыстың «любовь» деген сөзі оңайлау ма дедім.
Ол өзі көп айтылады, жəне əркімнің — ақ көңілінде бола беретін нəрсе
тəрізді). Осы бір əсерден болар, анандай ғашық болуды мен өзімнен
дəметкенім жоқ. Бірақ көңілімде көмескі, бұлдыр арманым болғаны рас. Ол
кейде тəтті қиялға айналып, əжептəуір жерге алып та кететін. Ондайда
керемет сұлу, көрікті ер жігіт...
Басқа халықты білмеймін, қазақта қыз баласының сезімін оятатын тек
жыр мен кітап қана емес, көбіне жеңгелері.Олар жай адамның қолы
жетпейтін алыстағы ғашықтықты айтып əуре қылмайды, жас денедегі
оянып келе жатқан сезімге жақын, ұрымтал тұстан дəл басып, нағыз
қызықты жерден түртеді. «Күйеу деген жақсы болады. Қу тізеңді құшақтап,
дөңбекшігеннен, беу, ойбай – ау, жас жігіттің ыстық құшағына не жетсін»,
— деп бастап — түк білмейтін шығарсың əбден — ақ. Бой жетіп қалдың,
ішің бəрін біледі ғой», — деп онсыз да мазаңды алып, денеңді қыздыра
бастаған табиғаттың отына май құяды. Одан əрі тұрмысқа шығудың, бір
үйдің қазан – ошағына ие болудың артықшылығын құлағыңа құйып, «о
бастан пешенеңе жазылған» болашақ тірлігіңе баулиды. Ай, айналайын
қазақтың жеңгелері – ай, табиғат оята бастаған нəпсіні қатал ана қанша
тұншықтырып тастаса да, сендер оп – оңай тірілтіп аласыңдар – ау. Кейде
қыздың ардақтысын бір көйлекке сатып та жіберетін кездерің болады, бірақ
əйтеуір не де болса өмірге бастайсыңдар, өздерің татқан лəззатты аяғы
тұсаулы, жолы тар қыз балаға татырғанша, тағат етпеуші едіңдер – ау...
Менің Дариға деген жеңгем бар. Күйеуі бізге үш атадан қосылатын ,
бірақ əкем атадан жалғыз болған соң, олардың үй іші бізге жақын араласып
кеткен. Денесі тығыршықтай, бойы сұңғақ болса да жұдырықтай шүйке
бас, бет — бітімі де қуыршақтай кішкене ғана бір қарағанда əжептəуір əйел
денесіне кішкентай ғана қыз баланың басын қондырып қойған сияқты.
Аузы оймақтай, кішкене ғана пісте мұрын, сызылған қысық көзі
моншақтай жылтырайды. Күйеуге шыққанына бес – алты жыл болса да
көзі күлімдей жылтырап тұратын томпақ бетінен балалық табы кетпей – ақ
қойды. Балалық кезіндегі мінезі де өзгермеді. Содан болар, оның менен
алты — жеті жас үлкендігіне қарамастан,екеуміз қатар өскен құрбыдай —
сырымыз ашық болды.
Дариға қазақтың салты бойынша менің атымды атамайды, бірақ
меншіктеп ен салып, ат та қоймайды, жəй қыз — ау» дейді. Ішіне сыймай
баратқан жаңалығы, не өсегі болса, қасыма жүгіріп келіп, шымыр білегімен
мойнымнан құшақтап алып: «қыз — ау, сен естідің бе?» деп ыстық лебімен
құлағымды шарпып сыбырлай жөнеледі. Оның демінен құлағым буланып,
дымқыл тартып қалады. Кісі отырсын, мейлі оңаша болсын, маған айтатын
əңгімесін сыбырлап бастайтын Дариғаның əдеті, бірақ сəлден кейін күбірге
ауысып, одан қыза келе бөгде кісі отырса да елемей, дауыстап кетеді. Мен
бүйірінен шымшып алғанда бейкүнə кескінмен бетіме үрпие қарап,
таңырқап қалады да содан кейін өз қылығы есіне түсіп, сыртқа сүйрей
жөнеледі.
Дариға қанша бала мінезді, аңқау көрінгенмен, біраз жыл оң жақта
болған əйел емес пе, əжептəуір кекселігі де бар. Əсіресе жігіт — желеңді
жақсы таниды. Менімен қатар жүрген оқушы балаларды ол адам санатына
қоспайды. Ал, сырттан қырындап көз тастаған ересек жастардың
ешқайсысын қапы жібермейді. «Қыз — ау, ана cap жалақтың ойы да тегін
емес. Жоқты сылтауратып осы үйге екі-үш келді. Көзі жыпылықтап саған
қарай береді. О, түсіп қалғыр, МТС-тың шатөботы болғанға өзін əжептəуір
əкім болдым деп шелтеңдеп жүр ғой. Дəмесін қарай гөр шіріктің». «Бүгін
дүкенге бара қалсам, əлгі үрпек бас кішкентай қара бар ғой, Бекберген
деген, сол алдымнан шыға келгені. Өзің бері қарашы, қыз — ау,
қайрылмасам да қалар емес, дүкеннен ере шықты. «Жеңге — ей» деп
мияулап сызылады келіп. «Е, немене» дедім. «Жібектің түйіні бір, жас —
жастың тілегі бір» деген, сізден бір қолқам бар еді» деп суыртпақтап келе
жатыр. Оның да көкейіндегісі сен екенсің. О, түсіп қалғыр, ол талайдың
соңынан жүгірген, енді саған қарап əукесінің салбырауын қарашы. Ойбай-
ау, бетім — ау, ол Қадырбай шалдың сарықарын боп қалған тоқалына да
қол салыпты дейді. Құрсын, аулақ жүр дедім». Дариғаның мұндай
əңгімелері көп болатын. Оның сөзіне сенсем дүниеде қыз құрып қалғандай
маған көз салмайтын жігіт жоқ. Дариға солардың біреуін де маған тең
көрмей, сыртымнан қызғыштай қорып жүреді. Əлде, «ит қорыған жерге
өш» деп, жас жеңгем қорғаштаған сайын олар да маған ынтыға түсе ме
екен? Ал, жігіттерді қайдам, бірақ Дариға жеңгем мені жігіттерден қорып,
сақтандырып жүріп — ақ сызаттап жаңа тепсініп келе жатқан сезімімді
қоздырып, табиғатымды ертерек оятты. Əрине, қыз балаға «ана жігіт, мына
жігіт» деп құлағының құрышын жей берсе... түнде төңбекшисің.
Мен өзім сырт көзге тұйық, сабырлы бала саналғанмен ішімде талай
пəле жатты. Он алтыға қарағасын — ақ қабағымның астынан жігіттерді
сынап отыратын əдет шығардым. Дариға айтып жүрген жігіттерге де өз
көзқарасым болды. Олардың пейілін көзі жіті жеңгемнен бұрын — ақ
аңғарып қалатынмын. Бірақ сыртыма шығарып сыр білдірмесем де іштей
əрқайсысын өзіме өлшеп көрем. Қайсы біреуіне«кет əрі» де емес
сияқтымын, əйтсе де əзірге көңілім жыға құлаған біреу жоқ. Басқа, өзге
біреуді күтем. Кімді күтетінімді анықтап білмесем де, əйтеуір бір аңсайтын
адамым бар.
Менің күткен адамым тап бір күтпеген жағымнан кездесті. Жалпақ,
былғары белбеу буынған əскери қоңыр көйлегінің жағасында қызыл сырлы
төрт бұрышты екі кубигі бар командир жігітті көріп жүргенмін. Шыққан
негізі осы өзіміздің ауданның Ақкиізі, елге демалысқа келіп жүр дегенді
естігем. Келсе қайтейін. Өзі орта бойлыдан жоғары, былай тұлғасы
сымбатты. Сопақшалау келген бет – бітімі де тым жақсы, быттиыңқырап
тұрғаны болмаса дөңгелек қой көзі де сүйкімді, бірақ кішілеу пісте
мұрнының астындағы дүрдиген ерні...күлгенде күрек тістері көрінеді. Өзге
қандай қасиеті барын кім білсін, бірақ қалай мақтасаң да сұлу жігіт деп
айта алмайсың. Менің онымен ісім де болған жоқ еді. Былай енді тосын кісі
болған соң... көз астымен сынап қарағаным бар. Сөйткенше бір үйде жүзбе
— жүз кездесіп қалдық. Зəуреш деген өзіммен бірге оқитын құрбымның
үйіне барғанмын. Əлгі командир сол үйдің жақын жиендері екен, сəлем
беруге келіпті. Бəзбен жылы амандасып, Зəурешті біледі ғой, менің жөнімді
сұрады. Пəлендей еш нəрсесі жоқ, мен де қысылмай еркін сөйлестім.
Сонымен тарап кетіп едік... кешке кинода тағы кездестік. Енді тіпті ескі
танысша еркін келіп қасымызға отырды.
Əуелде менің ойым алаңсыз болатын. Бар пəлені бастаған Дариға
жеңгем болды. Ол əдетінше айтам деген жаңалығы кеудесіне сыймай,
мойнымнан құшақтап алып:
— Қыз — ау əлгі демалысқа келген кəмəндірді көрдің бе? – деді.
— Көрдім.
— Көрсең жаным – ау не бітіріп жүрсің? Жұрт деген тағы гу – гу етеді.
Өзі əлі үйленбепті. Тұқымы да Ақкиіздің ішіндегі дырауы көрінеді. Осы
жолы құр кетпейді деседі. Я – я жай келіс емес, қалыңдық іздеп келіпті
дейді.
— Іздесе қайтейін?
Дариға жеңгем: «денің сау ма»? дегендей бетіме үрпие қарады.
— Қыз — ау, не дейсің сен? Бүкіл аудан аузын ашып отырған жалғыз
жігітті...
— Қойшы, Дариға — ай, ерні көнтиген, көзі быттиған біреуді
соншама...
— Қыз — ау, есің дұрыс па? Қазақ айтқан емес пе «ат ерінді, ер
мұрынды келсін» деп.
-
Мұның мұрны кішкентай, ерні үлкен ғой.
-
Е, болса ше?— деп өз екпінімен кете берді де, кенет сөз мағынасын
түсініп, өз ағаттығына күліп жіберді. — Түһ, сен де... Оның ернін қайтесің.
Құдай беріп қолыңа түссе, əлі-ақ ерттеп мініп аласың ғой.
Осыдан-ақ Дариға жеңгемнің тағаты таусылды. Ауданға демалысқа
келген командир туралы күніне бір емес екі — үш хабар əкеледі. Жəне бір
нəрсе естіп келген сайын жерден жеті қоян тапқандай қуанып, маған
айтқанша шыдай алмай жарылып кете жаздайды. Сөйтіп Дариға жеңгем
оның туған — туысқанын, нағашы — жекжатын түгендеп берді. Содан соң
қай күні қайда болғаны, не айтқаны, кімдердің оған қай қызды лайықтап
жүргені — оны да түгел анықтап берді. Жəне сөз аяғында ылғи: «өзін жеңіл
жүріске қимаймын, сабырлы көрінеді. Уақытың келді, бағың жанса сенің
теңің сол ғой» деп күрсініп, арман қылып алдымнан көлденең тартып
қояды.
Байқаймын, жалғыз Дариға емес, ауданға тосыннан келген жас
командирге көп-ақ жұрт қызыға қарайды. Көз үйренген көптің бірі емес,
дырдай командир, алыстан, тіпті қиырдан келген. Басқа қасиетін қойғанда
осынысының өзі-ақ талай əңгімеге азық. Бойдақтығы жəне бар. Онысы да
көп ықыласын қоздыра түседі. Сондай адаммен қатар жүрудің өзі кісіге
əжептəуір мəртебе. Содан болар Қасымбекпен ойламаған жерден кездесе
бергенімді, оның қасында жиірек болғанымды ерсі көргенім жоқ. Жəне
өзінің мінезі де жайлы екен — кісіні ұялтатын қытықты сөздерге бармайды,
кейбір жігіттер сияқты «қарындас» деп сызылып бастап, «жас — жастың
тілегі бір, жібектің түйіні бір» деп суыртпақтамайды, мен көрмеген алыс
жердің, тілі, əдеті басқа елдердің əңгімесін шертеді. Көргені көп, кісіні
жалықтырмайды.
Адам алғашқыда кісінің көп жақсылығын байқамайды екен. Бір
қарағанда кей кісінің сырт кескіні сонша оғаш көрінетіні бар, бірақ жақын
араласып үйренісе келе байқасаң пəлендей түгі де жоқ. Қайта... Қасымбек
те алғашқыда дүрдиген ерні бір-біріне жуыспайтын аңқиған ашық ауыз
сияқты көрініп еді, сөйтсем тіпті де олай емес, түріліңкіреп тұрған қалың
ерні сақа жігітке аңқау баланың əлпетін беріп, сондай бір сүйкімді
көрсетеді, кішілеу дөңгелек көзі быттиыңқырап тұрғанмен нұры жұмсақ,
кісіге мейрімді. Алғашқыда түсі суық əскер киімінің өзі-ақ жатырқатып
тұрған осы жігітке аз күнде қалай бойым үйреніп, жақын тартып кеткенімді
білмей қалдым. Дариға жеңгем айтқандай «бүкіл аудан аузын ашып
отырған жалғыз жігіт» менің қасымда көбірек жүргеніне мақтандым.
Сөйтіп алаңсыз, əлденеге мəз болып жүргенімде бас — аяғы он күннің
ішінде ауданның өсегі гу ете қалды. Алақандай ауданның орталығында
жүрген — тұрғанның бəрі алақанда. Бір жігітпен екі рет сөйлесіп
тұрғаныңды көрсе (обалына не керек біріншісіне онша мəн бермейді) сөзге
ілігіп жүре бересің. Ал мен болсам Қасымбекпен талай кездестім.
Қасымбек жəне орыс арасында көп болған жігіт, именуді білмейді, мен де
тартыншақтауды ұмытып кетіп, тапа — тал түсте көшеде талай сөйлесіп
тұрдық. Өткен – кеткеннің көрмегені жоқ. Осыны көрмесін нағыз бір өсек
айтпайтын əйел болса да шыдай ма. «Құдай — ау, (ойбай — ау), əлгі Қамқа
кемпірдің немересі Нəзира бар ғой...» Ар жағын қалай жалғап əкетуін əр
əйелдің қиялының ұшқырлығы біледі.
Сөйткенше Қасымбек қызметіне қайтып кетті. Кетерде маған еш нəрсе
айтқан жоқ, тек хат салып тұруға рұқсат сұрады. Мен не дейін... «мейліңіз»
дедім.
Осылай қалың өсектің ортасында қалдым да қойдым. Жəне менің
жаныма ауыр тиетінін ескермей, сол өсектің көбін сырттан Дариға жеңгем
əкеледі. Өсек негізінен екі ұдай, екеуі де жорамал. Бірі «Қасымбек
Нəзираны алатын бопты, екеуі сөз байласыпты» саяды, екіншісі... екіншісі
құрсын, оның айтары жоқ. Қасымбек кеткен соң көшеге шығуымның өзі
қиындап кетті. Жұрттың сұқ көзі ылғи маған қадалатын сияқты, кейбір
əйелдердің соңымнан сыбырласып қалып жатқандарын көріп, кірерге тесік
таппай, жүрісімнен жаңылам. Бұрын сызылып тұратын жігіттер де енді
еркінсіп, ащы мысқылмен сөйлейтінді шығарыпты. «Кіммен қара болсаң
сонымен ақ бол» деп Дариға жеңгем де дегбірімді алып барады. «Ақ
болғанда» қайтейін? Енді амалым жоқ, Қасымбектің хатын жеңгеміз
екеуміз асыға күтетін болдық.
Асыға күткен алғашқы хаттан амандық, саулықтан артық ешнəрсе
табылмады. Дариға менің қолымнан алып,күбірлеп екінші қайыра оқып
шықты.
— Апыр — ай, тым болмаса «сағындым» деп те айтпаған екен, — деп
күңк етті де, іле есін жиып мені жұбата сөйледі. — Сабырлы жігіт қой.
Бірден «күйдім, жандым» дей ме. Əп дегеннен əукесі салбырағандар
тұрлаусыз болады. Айтатынын кейінге сақтаған ғой. Келесі хатында
жазады ғой. Бұл хатына жауап бермей тұра тұр.
Келесі хатында да бірінші хатынан көп ілгерілемеді. Қараптан-қарап
менің жағдайым ғажап болды. Қасымбекке ақтарыла құлап, ғашық болған
еш нəрсем жоқ сияқты еді, былай жақсы таныстық, бөтен көрмедім, ол
кетерден бұрын сөз салғанда ойланатын да едім, енді біреу айдағандай...
оның сөз салғанын сарғая тосқаныма қайранмын. Егер Қасымбек олай
істемесе масқара болып... бірақ арамызда масқара қыларлықтай еш нəрсе
болған емес, тіпті құшақтан сүйген де жоқ. Əйтеуір не де болса мазасыз
халге түстім. Қасымбекті шын сүйем бе? Жоқ па? Анық білмеймін. Бірақ
соның сөзін күтем.
Мен күткен хабар почтадан емес, басқа жақтап келді. Зылиқа деген орта
жастағы əйелді бұрыннан танушы едім. Араласымыз жоқ, жəй, былай... Ол
жайлы кейінірек білгенім — Қасымбектің апасы боп шықты. Туған апасы
ма, əлде немере ме, анығын Дариға біледі, сол Зылиқа бір күні көшеде
кездесіп қалып, əншейінде бас изеп, өте беретін адам, үйіріліп тұрып
сөйлесті. Үй-ішінің амандығын егжей-тегжейлеп, «құдай қаласа енді бір
айда оқуың да бітеді ғой» деп үйіріп алып барады. Содан «Бүгін бір үй
оңаша еді. Жалғыз адам сопайып отырып шай іше алмайды екен» деп үйіне
ертіп апарды. Шай үстінде Қасымбекті аузына алды. Оның бала кезіндегі
қылықтары есіне түсті, інісінің оқып жүрген кезін де ұмытпапты. Содан
біртіндеп ағытыла берді де, менің бөлмей, төмен қарап тыңдап
отырғанымды көріп, сөзінің артын жырға айналдырып жіберді. Арасында
ұмытпай мені де мақтап қояды.
Зылиқаның бұл мінезінен түк түсінбедім, десем шылғи өтірік болар еді,
бой жетіп қалған қыз залым болады, бастапқы үйіріле кеткенінен-ақ, тегін
емес екенін сезгенмін, бірақ бұл жолы Зылиқа жақсылықтың нышанын
білдіріп, баурына тартты да, дəйекті еш нəрсе айтпай жіберді. Əйтсе де
қоштасарда:
— Именбей келін тұр, айналайын. Бөтен адам емеспіз ғой. Кейде бір
адамның іші пысады,- деді.
Əрине, ол үйге мен өз бетіммен именбей барып тұра алмадым, бірақ
оның есесіне Зылиқаның өзі менімен жиі кездесіп қала береді. Кездескен
сайын, ең жақын адамындай мені айналып — толғанып, өзіне жақындатып,
іш тартып барады. Сөзінің дені — ақ сол баяғы Қасымбек жайлы. Енді
қазір Қасымбек екеумізге бірдей жақын ортақ адамымыз болып алды.
— Қасымбек хатында ылғи сені сұрайды. Сірə сағынады – ау деймін
өзіңді — деп Зылиқа сыр тартып күлімсірей қарап қояды. –Өзің хат жазып
па едің. Болмаса сен үшін мен жауап берумен келем. Өзіңнен несін
жасырайын, «орнықты, көргенді бала» деп сыртыңнан біраз мақтап
жібердім.
Үйде Дариға, түзде Зылиқа маған Қасымбекті ұмыттырмады. Өзімен аз
ғана күн кездесіп жүргенде көңілім құлап, жақсы көріп үлгермеген жігітке
енді сырттай ынтығатын халге ұшырадым. Байқаймын, күн асқан сайын
Қасымбекті жақсы көріп барам, ішімнен сол жігіттің жары болуға
дайындалам. Егер де осы бір тұста арамыз үзіліп кетсе – некелі жарынан
ажырасқан əйелдей күйреп қалатын түрім бар. Сол күдік қамшылап,
дегбірім қашып, Қасымбектің əр хатын тағатым таусылып, ынтыға күтетін
болдым. Ойын-күлкіден тыйылып,төңіректегі тіршілікті ұмытып, жүрегім
алып-ұшып қияли өмір кештім. Ақыры, алты айдан кейін мені əкетуге
Қасымбек қайтып оралғанда мен оны əлдеқашан берілген, көп жыл
сарылып күткен некелі жарындай қарсы алдым.
Санап тұрсам Қасымбекпен кинодағысы бар, көшедегісі бар, тоғыз рет
кездесіппін, егер менің шешемнің заманы болса, бұл тоғыз қызға күйеуге
шығуға жететін кездесу, ал менің бағыма бұл аздау болды. Той үстінде
ойлап қарасам, Қасымбектің өзінен гөрі қиялымда жасап алған бейнесін
жақсырақ біледі екем. Қиялымда Қасымбек бұдан көріктірек те, əсіресе, бір
тəуірі маған жақынырақ еді.
Той тарқап, көңіл қызуы басылған соң қиялымдағы ғашығым ғайып
болды да, қасымда шала таныс жігіт қалды. Оған əлі бойым да үйренбеген,
кəдімгідей жатырқаймын. Үйренген ортамнан, жылы ұямнан суырылып
шығып, сол шала таныс жігіттің етегінен ұстап бейтаныс, қиян шетке
аттандым. Поезд вокзалдан ұзай бергенде — ақ бойымды азынатып əкеткен
жалғыздық сезімін болашақ жұбайымнан жасыра алмай қалдым. Көзімнен
жасым ыршып кетті.
5
Осында келгелі бері құлағыма шалынып жүр «жамандықтың да бір
жақсылығы болады» деген орыстың мəтелі бар екен. осы мəтел айнымай
менің алдыма келді. Дүниедегі ең жаман нəрсе жалғыздық қой, ал мен
болсам тура жападан-жалғыз... ауыл-аймағым, өскен ұям, оқыған
мектебім... Қамқа əжем, əкем, Дариға жеңгем, Зəуреш, барша жақын, туған,
қатар-құрбым... бəрі кейін қалды. Кіндік кескен, туып өскен жерім... о да
кейін қалды. Бұрын ауылдан аттап шықпаған қыз бала сыр мінез болып,
етің үйренбеген жігітпен көз көрмеген қиырға аттансаң... Менің осы
хəлімді үзіліп түскен жапыраққа теңейсің бе, əлде көшкен елдің жұртында
адасып қалған соқыр күшікке теңейсің бе, əйтеуір кісі қызығатын хал емес.
Кеше осылай келе жатқан сапарда менің бұл күйімді Қасымбек мықтап
сезді ғой деймін. Мен өзімді бір бүйірден көргенім жоқ, айнаға да
қарағаным жоқ, бірақ кескінімнің қандай болғаны көз алдыма ап-анық
елестейді: сірə қара жауынның астында қалған панасыз балапандай болсам
керек. Өйткені күйеуімнің көзінен ылғи үрей мен аяныш көрдім. Осы
панасыздық пен жалғыздық сезімі мені Қасымбектің бауырына өзі-ақ
апарып тықты.
Менің бірден үңірейіп қалған өмірімді Қасымбек жалғыз өзі толтыра
алды ма, ол арасын ойлаған да жоқпын, бірақ əйтеуір ол қойнымдағы
жарым ғана емес, көп, көп адамның орнын басты. Менің ендігі ата-анам да,
ағайын — туған, қатар — құрбы да сол болып, мол төңірегім тарылып
келіп бір Қасымбекке тірелді. Содан шығар менің бар ықыласым
Қасымбектің үстінде — одан ауытқып көңілім басқа жаққа бөлінсе — ақ
сағыныш пен елегізу деген пəле басталады. Мен бейне бір терең суда
малтығып жүрген адам сияқтымын — жағалаудан алыс кетіп, жерге
табаным тимеген соң, жармасқан жалғыз талымнан, қолым қарысқанша
қысып алып, айрылмаймын.
Біздің осы бір тосын жағдайымыз жаңа басталған жұбайлық өмірімізді
ерекше арнаға салды. Жаңа қосылған жастардың арасындағы ыстық
құштарлықтан гөрі Қасымбекте ағалық қамқорлық сезімі басым болды да,
менде өзімнен үлкенге деген құрмет, ізет көбірек болды. Əлі бетіміз
ашылып болмаған сияқты, төсекте де бір-бірімізге еркін емеспіз. Менің
қатар шешінуге қаймығатынымды сезеді — ау деймін, Қасымбек жатар
алдында сыртқа шығып кетеді де ішке мен көрпе жамылып жатып қалған
соң барып кіреді. Гимнастеркасын басынан сыпыра бере шамды сөндіреді
де қараңғыда шешінеді. Қасыма жатқан соң да бірден құшақтауға именіп,
иығымнан, шашымнан сипайды. Соңғы үш-төрт күннен бері жайлап қана
құрсағымнан сипайтынды шығарды, тіпті сипамайды да, бейне қолымен
тың тыңдағысы келгендей алақанын бүйіріме басады.осы сəтте екеуміз де
демімізді ішке тартып, тына қаламыз. Бүгін кешке қарай тұла бойым
ауырлап, бүйіріме бір нəрсе батқандай болып жүр еді, Қасымбек дəл
бүйірімнің сол ауырған жерін басты. ІІІаншу ма, əлде... бүйірім аздап
солқылдағандай болды.
— Қимылдайды — деді Қасымбек бір түрлі қуана күбірлеп. –Қимылдап
жатыр.
Бүйірімді солқылдатқан шаншу емес, СОЛ екенін енді менде білдім.
Көңілім қобалжып, əлденеге елегізи бастадым. Тұла бойымда басқа бір
өмірдің өсіп келе жатқанына түсіне алмадым да, бір түрлі өзімді өзім
жатырқадым. Əрине, əйелдің екіқабат болуы өмір заңы екенін бала
жасыңнан білсең де, өз басыңа түскенде ойың он саққа жүгіреді екен.
Қасымбек төсектен басын көтеріп алып бір шынтағына сүйеніп сəл тұрды
да, қайта қисайды. Ақырын ғана менің иығымнан сипады. Қуанышына
қобалжу араласып, не қыларын білмей, қипақтай берді, менікі мен — ау
оның сасқанына жол болсын. Менің жауап бермей жатқаныма
ыңғайсызданып, тағы да қозғалақтап:
— Сезесің бе? А? – Қимылдайды кəдімгідей, — деді маған
жалынғандай болып.
— Иə, сезіп жатырмын.
Осыдан кейін Қасымбектің қолтық астына кіріңкіреп, біраз уақыт үнсіз
жаттым. Кейде адам бір – біріне жақындығын сезіну үшін де осындай үнсіз
жатқанының өзі жақсы. Қасымбекте енді үндемей, шашымнан иіскеп,
бауырына қыса түседі: менің жақындығымды сүйсіне сезеді, бірақ көңілін
алаң қылған басқа бір ойы бар.
— Біраз ойланып көріп едім. Сірə, сенің елге қайтқаның дұрыс болар,
— деді Қасымбек.
— Неге?
— Аяғың ауыр. Күнің жақындағанда жалғыз өзіңе қиын болады ғой.
Оның үстіне...
— Қайда əлі. Күнім жақындағанда көре жатармыз, — дедім мен
қашыртқылатып. Қасымбекті тастан кеткім келмейді, бірақ елді де мықтап
сағынып жүрмін.
— Қазір білмеймін... Жағдайдың өзі де... — Қасымбек бір нəрсені
күмілжітіп келеді.
— Жағдайдың несі бар?
Арғы бетте немістер əскер топтан жатыр деген сыбыс бар. Не боп
кетерін кім біледі. Сені елге апарып тастасам ба деп ойлап ем. Биылғы
демалысты да алып қойдық.
Осы сыбыс бұрын да менің құлағыма шалынып еді, бірақ жастық
бейқамдықпен елей қоймап едім, қазір де онша мəн бермедім. Елді
сағынсам да, ажырасқан əйелдей шошаң етіп қайтып баруым... я, бір түрлі
елден — жұрттан ыңғайсыз.
-
Қойшы, əншейін сыбыс шығар,- дедім Қасымбекке.- Кішкене
сабыр етіп күте тұрайық. Ұзатылмай жатып қайтып келсем Қамқа əжем не
дейді?
Қасымбек мырс етіп күліп жіберді.
-
О — ой, ол кісі қатал кісі, — деп маған қарай аударылып түсті.- Сен
оның жүрердегі маған айтқан сөзін білесің бе? «Əй, солдат күйеу, бері кел»
деп мені оңаша шақырып алды. Сосын біраз уақыт үндемей сұстана қарап
тұла бойымды бастан-аяқ шолып өтті. Өзінің өңі қандай қатал. Шынымды
айтсам тура генералдың алдында тұрғаннан бетер қысылдым, — деп
Қасымбек кішкене күліп алды.- «Сенің өзің шайма жігіт емес пе едің?»
дегені, бетіме тіке қарап. Не дерімді білмей сасып қалдым. Дəл ондай сəтте
кімнің болса бір тері шығады. «Шынымды айтайын, ата-бабаңмен
араласып, өзім таңдап құрық салған күйеу емессің. Бұрын қалыңдық пен
күйеуді ата-аналары қалаушы еді. Көпті көрген көнелер балаларын құтты
жеріне қондырарда барар ұясының бапты болу жағын ойлайтын. Бүгінде
билік жастардың өзіне тиді ғой. Оның атын не деуші едіңдер, сүйіспендік
дейсіңдер ме? Бұрын ата — анасы ақылы толыспаған жастың алды-артын
түгел ойлайтын. Жастықтың буына мас болып, көңіліне желік кірген жас
нені ойлайды? Сүйіспендік дейсіңдер ғой. Сонда қашанғы жаласып сүйісе
бересіңдер? Сиыр да бұзауын бір маусым ғана жалайды. Соның ар жағында
отбасының өмірі мен тірлігі бар. Соны ойладыңдар ма?» деп тура
алқымнан алды. Мен үндей алмай қалдым. Кемпір де, ойлансын деген
болар, төмен қарап біраз үнсіз отырды. Біз осы «ғашықтық, махаббат»
дейміз — ау, бақсам жас адам сезімге мас болып жүріп көп нəрсені
ойламайды екен. Қамқа əженің сөзі маған көп ой салды. Бұрын «бір-
бірімізді жақсы көрдік қой, одан артық не керек», деп жүре беруші едім.
Осы жайлы кейін де біраз толғандым. Енді қарап тұрсам өмір деген оңай
нəрсе емес сияқты.- Қамқа əжемнің сол сөзі бүгін де көңілін
тебіренткендей Қасымбек аз уақыт үнсіз жатты.
Бұрын өзі мұндай əңгіме айтпаушы еді. Əжемнің сөзін көптен бері бүгіп
келіп, енді айтқаны... Содан ойлана жүріп ой түйді ме екен, əлде бүгінгі
менің мына жағдайым... екеуімізге ортақ, жан біткен нəресте түрткі болды
ма екен, не де болса жəй ұйқы ашар əңгіме емес, күйеуімнің ар жағын
ашып келеді.
— Байқаймын, Қамқа əжең анау-мынау кемпір емес. Салмақты сөзі
артында екен. «Қызымды құлақ естімеген қиырға алып бара жатырсың.
Кəрі қойдың жасындай жасым қалды. Көзімнің тірісінде қызымды қайтып
əкеп көрсетесің бе, əлде осы бастан күдерімді үзіп бақұлдасып қалайын
ба?»
деп
бұлтартпай
тура
түп
етектен
алғаны.
Сасқанымнан
«уайымдамаңыз демалыс алған сайын келіп тұрамыз, сізді сағындырып,
сарғайтпаспыз»
деп жалпылдай бастап едім, жекіп тастады: «жə, ондай ықыласың болса
кезінде көрерміз. Асатпай жатып құлдық деп, əзір жалпылдатпа. Əскерде
жүрген адамның бас билігі өзінде болмайтын көрінеді ғой, рұқсат бермей
қойса қайтесің?» деп бір тұқыртып алды да, содан кейін барып əрең жібіді.
«Қиын жерде жүрген көрінесің, шырағым, жаман айтпай жақсы жоқ. Ер
басына іс түсетін де кез болады. Шетте жүрген жалғыздың жұбайынан
басқа серігі бар ма, қызым мені жерге қаратпайды, серігіңе жарайды,
шырағым. Қарның ашса, қуырып же, шөлдесең қайнатып іш, бəріне
шыдайды. Тек қорлық көрсетуші болма» деді.
Адам деген қызық — ау сондай өр мінезді өктем кемпір соңғы сөзін
мұңайып қалып айтты.Кici нашар адамның осалдығын көргенде онша елей
қоймайды, ал мықты адамның босағанын көргенде өзің де бір түрлі боп
кетесің. Қамқа əжеңнің сол кескіні көз алдымнан кетпей қойды. Сенің
қабағыңды кішкене кірбің шалса əжеңнің сол бір мұңайған түрі көз алдыма
келе қояды.
... Қамқа əжем. Мен өз анамнан жеті жасымда жетім қалдым да, есімді
білгелі Қамқа əжемнің қолында өстім. Қамқа əжем тура туған анамдай
болды, шешемді жоқтатқан жоқ деп айтсам, мүмкін рас та болар. Бірақ
...туған шешенің қандай болатынын көрмеген адам оның орнын басқан
адамды кіммен теңейді? Қамқа əжем елпілдеп көрген жоқ, ең ықыласы
түсіп кеткенде басымнан сипап, бауырына қысады да, кейде маңдайымнан
иіскеп «бара ғой қалқам», деп қоя беретін. Сонда да оның мені жақсы
көретінін кішкентайымнан — ақ білуші едім. Бала деген сезімтал ғой,
кейде үлкенді алдап кететін жерден баланы алдай алмайсың. Қамқа
əжемнің сырты қанша салқын болғанмен оның ішінде термосқа құйған
астай суымайтын бір ыстығы барын сəби кезімнен сезсем керек. Əйтеуір
осы кемпірді өгейсінген кезім болған жоқ, бірақ əжеме еркінсіп, еркелік
жасаған кезім де, əй, болмаған шығар. Қанша жақсы көрсем де өзінен
кəдімгідей қаймығатынмын.
Жалғыз мен емес, Қамқа əжемнен біздің үйдің іші түгел қаймығатын.
Үйдің іші деймін-ау, бүкіл ауылда ол кісінің бетіне келген адам жоқ. Əжем
кең сүйекті, бет бітімі де кесек, ажарлы кісі. Менің бір байқағаным біздің
қазақта неше түрлі, бір-біріне ұқсамайтын ұлттардың бет бедері бар.
Дариға жеңешем бітік көз, нағыз корей тəрізді болса, биік қабақты, құс
мұрын, ақсары Қамқа əжем Европа елінің əйелдеріне ұқсас. Ірі жүзді өңінің
жылитын кезі сирек, əманда қатқыл. Анау-мынау адамды ықтырып
тастайтын тəкаппарлығы да бар. Кейде біреудің орынсыз айтылған сөзіне,
немесе оғаш мінезіне тіл қатып сөзін шығын қылмай-ақ тəкаппар кескініне
мысқыл жүгіріп бір қарағанда əлгі бүлдіріп алған адам кішірейіп шөгіп
қалатын да, ал өзгелері бойын жинап ала қоятын. Əдетте ауылдың үлкен-
кішісі болсын, əйел-еркегі болсын «алды қатты кісі» деп қаймығып, Қамқа
əжемнің алдында мұнтаздай болатын.
Мен аттанар кезде Қамқа əжемнің осы мінезі күрт өзгергені сонша тіпті
өзім танымай қалғандай болдым. Оңаша бөлмеде ол — пұл затымды
жиыстырып жатыр едім, үстіме əжем кіріп келді. Ол кіргеннен — ақ
көңілім əлденені секем алғандай болып еді; бұрынғы байсалды паң қимылы
жоқ, келісінде бойына бітпеген бір асығыстық бар. Қасыма тақап келді де,
кенет неге келгенін ұмытып қалғандай, қипақтап сəл бөгелді. Дəл осы сəтте
тұңғыш рет əжемнің бетінен бір дəрменсіздік нышанын көріп, жүрегім дыз
ете түсті. Содан мені оқыс құшақтап алды да, сүйекті ірі кеудесіне қатты
қысып, самайымнан жабысып сүйіп, кенет өксіп — өксіп жылап қоя берді.
Даусын шығармай, тістеніп алып солқ — солқ етеді. Мұндайда мен қалай
шыдайын, егіліп жүре бердім. Қамқа əжем көңілінің босағаны қандай төтен
болса, бойын да сондай оқыс тежеп, кимешегінің шетімен көзін сүртіп
алды. Содан кейін мені бір қадам аулақтатып бетіме тіке қарады. Осы бір
қарасы менің де жасымды тыйып тастады. «Біздің көзіміз көріп, құлағымыз
естімеген жат жұрттың арасына кетіп барасың. Қайтейін, өзің ғой, қалап
алған. Пешенеңе жазылғаны сол шығар. Көрмеген жердің ой — шұқыры
көп болады, алдыңда не барын қайдан білесің. Тек, қиын-қыстау күн туса
осалдық көрсетіп азаматыңның сағын сындырма. Оған да тапсыратын
сөзімді айттым» — деді де шығып кетіп еді. Айналайын, ақ əже, сондағы
айтқан сөзің осы екен ғой.
Сампылдап сөйлеген дауыстар, асыға басқан аяқ дүрсілі. Қасымбек ояу
жатыр екен, менің шошып оянғанымды көріп, елегізіп басын көтеріп алды.
— Шошып оянған жоқсың ба, Нəзираш? – деп сұрады үрпиіп.
«Үрпиіп» дейтінім, қараңғы болса да, оның даусынан үрпие қарағанын
сездім.
Біреу асыға басып келіп есік қақты.
— Жолдас лейтенант, жолдас лейтенант, тревога! – Николай даусы...
Қасымбек орнынан ұшып тұрып киімін іздей бастады. Мен шам
жағайын деп едім, қараңғыда шырпы таба алмай састым. Қасымбектің
кейбір түндерде осындай тревогамен асығыс кетіп қала беретіні болушы
еді, оған да үйренетін кезім болған, бүгін не жамандыққа көрінгенін , тұла
бойым қалтырап, буыным кетіп қалды. Шырпы таба алмай столдың үстін
сипалай берем. Мен сөйтіп қараңғыда босқа қарманып тұрғанымда
Қасымбек киініп те алды.
— Сен... сен жата бер, Нəзираш... əншейін жаттығу тревогасы шығар,
— деді Қасымбек.
Бірақ мұның дауысында қобалжу бар, əдеттегісіндей сенімді айта
алмады. Осы бір үрейдің қайдан тарағанын білмеймін. жаңағы есік қаққан
Николай даусы... көңіліме үрей салып кеткен соның дауысындағы діріл ме?
Дүрсілдеген қадам тықыры ұлғайып барады. Əр тұстан асығыс дауыстар
естіледі. Нe де болса, шырт ұйқыға кетіп баратқан жұрттың басын төсектен
жұлып алған бір қарбалас бар. Қасымбек үйден асығыс шығып кетті.
Қараңғы бөлмеде жалғыз өзім селтиіп тұрып қалыппын. Сəлден кейін
есімді жиып, столдың үстінен шырпы тауып алып шам жақтым. Кетер
Қасымбек кетіп қалды, енді неге шам жаққанымды білмеймін, шамасы,
жалғыз өзім оңаша бөлмеде қараңғылықтан сескенген болармын. Бірақ
шам жаққанмен де жаңағы бір көңіліме кірген жиренішті үрей тарамай
қойды. Қасымбек есік ашқанда селк ете қалдым.
— Сен не ғып жатпай отырсың?—деді Қасымбек.
- Жəй... ұйқым ашылып кетті. Иə, жайша ма екен?
— І — і... пəлендей еш нəрсе жоқ. Командирлер орнында болсын, əскер
дайын тұрсын депті, Мүмкін жоғарғы жақтан тексеру келетін шығар.
Байқаймын, Қасымбек өзі де анығын білмей қатты қобалжып тұр. Ар
жағында үлкен бір күдігі бар сияқты, соны айтуға бата алмай, айтпауға
жəне шыдамай тұрған жайы бар.
— Шыныңды айтшы, жаманат хабар жоқ па?
— Білмеймін, Нəзираш. Əскерге оқ-дəрі жеткізуге əмір беріпті. Мүмкін
сақтық шығар. Əзір ешкім анығын білмейді. Сен қобалжи берме. Бүгін
ештеңе бола қоймас. Жатып ұйықта, — деп Қасымбек иығыма қолын
салды.
Жүрегім бір сұмдықты сезді ме, білмеймін, əйтеуір тұлда бойым
тітіркеніп, Қасымбекті жабысып құшақтай алдым. Содан солқылдап жылап
тұрғанымды бір-ақ білдім. Қасымбек те мені бауырына қысып, бетімнен,
көзімнен сүйеді. Ерні босап кеткендей «қой, Нəзираш, оның не?», «Қой,
ештеңе болмас... Күн демалыс қой...» «Саған жылауға болмайды...» деп
жұбатпақ болады. Даусы жалынышты, бүкіл тұлғасында үлкен күйзеліс
бар, мен жылағанға менен бетер қиналады. Осы сəтте: «Қиын-қыстау күн
туса осалдық көрсетіп азаматтың сағын сындырма» деген Қамқа əжемнің
қатқыл кескіні көз алдыма келді де, көз жасым оқыс тыйылды.
Қасымбектің құшағынан өзім босанып:
— Бара ғой. Жолдастарың күтіп қалар, — дедім.
Қасымбек менің тез жұбанғаныма қуанып, иығымды кеудесіне қаттырақ
қысты да шығып кетті, бірақ менің көңілім орнына түспеді. Командирлер
кетіп қалды. Аяқ тықыры саябырсығанмен əйелдердің бір-бірімен алыстан
тілдескен дауыстары естіледі.
Қараңғыдан қорқатын сияқтымын. Өзімді қанша тежедім десем де
елегізген көңіл басылатын емес. Үйде керосин аз болса да шам жарығымен
ұйықтап кетпек болып төсегіме қайта жаттым.
Үркіп кеткен ұйқы тез арада қайтып оралмады. Үйдің іші қара көлеңке,
терезе алдында жетілік шамның бармақтай жалыны жылтырайды. Өз
жүрегімнің дүрсілін естігендей болам. Бүйірім солқылдайды. Жəй ғана
солқылдамай бір түрлі суырып ауырғандай болады, жаңағы алас-қапаста
есімнен шығып та кетіпті – ау, қимылдайды. СОЛ. Өз тіршілігінен хабар
беріп жатқан ішімдегі жан иесінің қазір аты жоқ. «Бала... нəресте... бұл
атаулар оған əзірге қонбайтын сияқты, бар тапқаным «СОЛ» деймін.
Қасымбек кеткенмен мына қара көлеңке бөлмеде «екеуміз» қалыппыз. Мен
енді «оны» анығырақ сездім. Менің бойымда екінші бір өмір өсіп келе
жатыр. Ғажап...
Осы тұста бұрын басымнан кешпеген тосын хəліме үйрене алмай
дөңбекши бердім. Ұйықтайын деп көзімді жұмам, бірақ көзім ілінбейді.
Кірпігім айқасқанда қараңғылық қиялынан, шамның бармақтай жарығы
бұлдырап алыстап кетеді. Мен айсыз түнде далада келе жатқан сияқтымын.
Қарауытқан сауыры кең қырат пен жұлдызы сирек қара күңгірт аспанның
арасы жалғасып кеткен, бар дүние қарауыта толқып теңселіп тұрғандай.
Тек алыста бармақтай шырақ, əлсіз шырақ жылтырайды. Жеті жасар қыз
бала сол титімдей сəулеге үрейлене, үрпие қарайды. Кішкентай қыз
моладан қорқады, артына үрпие қарайтыны содан. Ал, қарамайын десе...
Ол арада əлі топырағы суымаған анасы жатыр.Моладан қанша қорықса да,
сол жаққа барғысы келіп тұрады.
Сол күні кешке Қамқа əжем мені шақырып алды. Біз ондайда «неге
шақырдың»деп сұрамайтынбыз, үнсіз ғана үлкеннің əмірін тосамыз. Əжем
ескі шүберектен пілте өріп алды да, оны тостағандағы қойдың тоң майына
батырды. Содан кейін жайнамазын бүктеп қолтығына қысып, тостағанды
маған ұстатты да:
— Жүре ғой, балақайым, апаңның басына барып келейік, — деді.
Күн батып баратқанда екеуміз ауылдың сыртындағы зиратқа келдік.
Шымнан қалаған, мүжіліп шөгіп қалған ескі молалардың бергі шетінде
топырағы басылмаған жас қабір. Сол жас топырақтың астында менің апам
жатыр. Дəл осы араға жерлегенін өз көзіммен көргенмін. Содан бері:
«мүмкін апам тіріліп кетіп, топырақтың астында тұншығып, қиналып
жатқан жоқ па екен?» деген ой тұла бойымды түршіктірумен болған.
Қазір де топырақ астынан тың тыңдап құлағымды тосам. Қамқа əжем
шарт жүгініп құран оқып отыр. Мен оның бір сөзін түсінбеймін, оның
үстіне Қамқа əжем, молдалардай əуенге
салып созбай, көбіне іштей күбірлеп, ақырын оқиды.
Қамқа əжем құранды ұзақ оқыды. Қанша айтқанмен бала емеспін бе,
мен алаң болып кетіп едім, бір кезде үнсіз етегімнен тартып қалды.
Сөйтсем қолын жайып бата қылып жатыр екен, мен де қолымды жайдым.
Бата қасиетті нəрсе. Батада айтылған тілекті құдай береді. Мен де іштей
күбірлеп құдайдан апама бар жақсы тілек тілеп жатырмын. Қамқа əжем
бетін сипап, қатты бір күрсініп қойды.
— Апаңа жақсы тілек тіледің бе, қалқам? Сен періштесің ғой. Сенің
тілегің қабыл болады, — деді менің маңдайымнан сипап.
Содан соң майға батырған пілтені тұтатып қабірдің басына қойды да:
— Артыңда қалған шырағың сөнбесін, жарқыным, — деді.
Қамқа əжем ұсақ-түйек күйбеңді білмейтін адам, көбіне ірі сөйлейді,
мына сөзі де маған аруақты естіліп, төбе құйқам шымырлап кетті. Қараңғы
түнде ауылға қайтып келе жатып артыма қайрылып қарай бергенім де сол.
Қамқа əжеме қанша сенсем де көңілімде бір күдігім бар: əжем «шырағың
сөнбесін» деп еді, біз тұтатып кеткен ана шырақ, майы таусылып, қазір —
ақ сөніп қалмай ма? Ақыры шыдай алмай осы күдігімді сұрадым.
— Əй, балам — ай, əлі баласың ғой, — деп əжем басын шайқады. —
Сенсің ғой оның шырағы. Сенің тілеуіңді тілеп кеткен жоқ па, бейшара.
Қамқа əжемнің осы сөзі менің сəби көңіліме өшпестей əсер етті. Сонау
қараңғыда жылтыраған кішкентай шырақ... Сол шырақ тура менің сəби
көкірегімде жылтырап жанып тұрғанын ап-анық көзіммен көргендей
болдым...
Тағы да бүйірім солқылдайды. Қимылдап жатыр. Жаңа ғана тұла
бойымды тітіренткен үрейден кейін... өн бойыма жайлы, рахат жылу тарап
келеді. Мына қараңғы түнде, қара көлеңке бөлмеде тағы да бір əлсіз шырақ
тұтанып, жылтырап жанып келеді.
6
Қанша ұйықтағанымды білмеймін. Тағы да шошып ояндым. Көзімді
ашып алсам құлан иектеніп таң атқан екен, біреу дүрсілдетіп есік қағады.
— Надя! Надя! Не ғып жатырсың? Түр тезірек!
Светаның даусы. Бір жаманат болып қалған сияқты...даусы ышқынып
шығады. Буыным қалтырап төсектен əзер көтеріліп, тəлтіректеп барып есік
аштым.
— Бол, Надя, тез жинал.
— Не боп қалды?
— Соғыс! Немістер соғыс бастапты. Бізді вокзалға жөнелтейін деп
жатыр. Бол тезірек!
Қапелімде ешнəрсенің байыбына жете алғаным жоқ. Қайдағы соғыс?
Не соғыс? Əйтеуір бір жамандықтың болғанын сезіп, бойыма діріл еніп
келеді.
— Ау, болсайшы енді. Тез киін.
Қасымбек... Николай... олар қайда?
Света осы кезде буыны босағандай орындыққа отыра кетті.
— Мен қайдан білейін. Олар əскер емес пе. Соғысқа кеткен шығар, —
деді бір түрлі даусы солғын тартып, өзі де солып қалғандай кішірейіп кетті.
Менің миыма бip оқиға енді ғана жетті. Соғыс басталып кетті... Мен
оны енді қайтып көремін бе, жоқ па? Түнде адам сияқты қоштаса да алмай
қалдым — ау.
— Асықтырып жатыр ғой, — деді Света жайымен. Жаңағы кірген
кездегі аптығы басылып, орнынан ақырып көтеріліп, қолыңа ілінген
затыңды ал да тезірек шықсайшы.
Адам баласының жаратылысы қызық — ау: өз өміріңдегі нəрсенің
үлкені қайсы, елеусіз ұсағы қайсы, көбіне соны ажырата алмай шатасасың.
«Жолға жинал» деген соң, тас төбемнен жай боп түскен соғысты да бір
сəтке ұмытып, дүние — мүлкімді жиыстырып əуре боп жатырмын. Қазақ
«кедеймін десең көшіп көр» деуші еді, сыбай — сылтаң жүрген екі жас
қанша дүниеміз жоқ десе де, ол — пұл жиналып қалыпты. Төсек-орын
,ыдыс-аяқ, көр-жер... əрқайсысына бір жармасам. Бəрі керек сияқты.
Мен сыртқа шыққанда, таң сарғайып атқан екен, қораның ішінде
сапырылысқан əйелдер – бір кіріп, бір шығып, аз ғана дүниелерін сыртқа
тасып əлек. Ираида Ивановнаның күйеуі сидиған арық, ұзын тұра
лейтенант, еркектерден əзірге көзіме көрінгені сол ғана бір қолында ыдыс-
аяқ салған шелек, бір қолында түйіншегі бар, алақтап бала көтерген əйеліне
қарай береді.
— Апырай — ай, Раечка, сен қайтер екенсің? Саған қиын болады — ау,
Раечка, — дейді жалтақтап.
Қиын болса қайтер дейсің. Жолыңнан қалма енді, — деді Ираида
Ивановна. — Көппен бірге амалдармыз. Бар енді, бастығың кейіп қалар.
Ираида Ивановна балаларын ертіп, түйіншектерін есік алдына жинап
жатыр. Əдеттегідей сабырлы, асып — сасуды білмейді. Күйеуі əлі де
қипалақтап қасынан кетер емес.
— Апыр-ай, қап ə... Таң атпай соғыс бастағанын қарашы құрғырлардың.
Мен сені машинаға мінгізіп салайын,— дейді.
— Қол-аяғым бүтін. Өзім де мінем ғой. Сені іздеп жатқан шығар, Ваня.
Бастықтар кейіп қалар.
Аға лейтенанттың дөңгеленіп кеткен көзі жаутаңдап балаларына
қарайды.
— Ваня, Ваня қайда? Шурик. Боренька, бері кел,— деп балаларын
шақырып алып, шетінен сүйіп жатыр. Балаларын сүйіп болып əйеліне
жармасты.— Ал, сау бол, Раечка. Балаларыңа сақ бол.
— Ваня, өзіңе сақ бол. Сақтанып жүр, — дегенде Ираида Ивановнаның
даусы да тарғылданып кетті, қанша сабырлы əйел болғанмен қоштасар
жерде қалай шыдасын.
Meн Қасымбекпен адам сияқты қоштаса да алмай қалдым.
Біздің бəрімізге бір-ақ машина беріпті, əйелдер топырлап соған
заттарын тиеп жатыр, көбісі кузовқа тиеліп отырып алған, содырақ келген
Света екеуміздің тұмсығымыз батар емес.
Елизавета Сергеевнаның заттарын күйеуінің ординареці тиеп жүр. Өзі
хрусталь вазасын шүберекке орап, кеудесіне қысып алған, қай жерге қоярға
білмей сасып тұр.
— Миша, Миша, мына вазаны сынбайтын жерге қойшы, — дейді
ординарецке.
— Елизавета Сергеевна, бұл машинадан сынбайтын жер табу қиын ғой.
Өзіңіз кабинаға мініп, қолыңызға алып отырыңыз, — дейді ординарец.
Ираида Ивановна балаларын машинаға мінгізе алмай əлек. Үш бала
жаутаңдап шешесіне қарайды. Үлкен Ванясы жөргектегісін көтерген,
Шурик пен Боря шешесіне жəрдемдесіп ұсақ-түйек түйіншектерін арқалап
алған. Дабырлаған қалың əйелдерден береке қашып бара жатыр еді, бізге
арнайы бөлінген, мен шала танитын лейтенант, əйелдердің шаңқылдаған
шуылын басып, айқайлай сөйлеп тəртіп берді.
Ол алдымен машинадағы əйелдерді түсіріп, жұрттың жүгін түгел тиетті
де, сосын балалы əйелдерді ғана мінгізді.
— Қалғандарың бес шақырым станцияға жаяу барасыңдар. Тек тезірек
жетіңдер. Эшелон күтпейді, — деп əмір берді.
Біз затымызды тиеп жиналғанша таң да əбден ағарып атып, шығыстан
қызыл жалқын сəулесін шашып күннің құлағы көрінді. Біз шұбатылып
усадьбадан шыққанда жаңағы əлем сасқан əбігер де толастап, енді ентелей
басып, үнсіз келеміз. Орманы мен көк шалғынды далаңқайы аралас алқап
сарғыш мөлдір сəулемен реңі жұмсарып, əлі ұйқысы ашылмағандай
маужырап тыныш жатыр. Құс ұйқысынан оянып бірен-саран сергек
торғайлар ғана шырылдайды. Ертеңгі салқын тұла бойымды құрыстырып,
тітіркеніп келем. Мына маужыраған бейбіт шақта осы дүрлігу... маған бір
түрлі жат көрінеді. Жылы төсектен үркітіп тұрғызған жылы ұямды бұзған
сұмдықтың бар салмағы əзір менің миыма жетіп болған жоқ. Сол алғашқы
күні,одан келесі күндері де мен басыма төнген қауіп – қатерді дұрыстап
сезгенім жоқ. Алдымда не барын білсем... бірақ адамның алдында тұрған
зауалды білмейтіні де бақыты шығар.
Төбемізге келіп қалған жаудың самолетін де білгенім жоқ. Біз екі-үш
шақырымдай жер жүріп, станцияға жақындап қалғанбыз, төбесі шошайып
станцияның су тартатын мұнарасы да көрінген. «Қашан жетеміз» деп,
менің екі көзім сол жақта еді, кенет құлағыма алыстан талып шыққан бір
гүріл естілді. Əуелгіде оны елеген де жоқ едім, шыққан сол булыққан гүріл
бірте-бірте үдей берді. Осы бір бұрын естілмеген тосын дауыстан көңілім
елегізіп, жан — жағыма қарап едім, көзіме еш нəрсе көрінген жоқ.
Сөйткенше:
— Воздух! Неміс самолеттері! — деген ащы айқай құлақ шекеме
қылқандай қадалды.
Əйелдердің көбісі не қыларын білмей аңырып тұрғанда əлгі гүріл тіпті
үдеп кетті. Жақындап қалған жау самолетінің гүрілі бүкіл ауаны
қалтыратып, адамның буынын алып барады. Бұғып баратқан басымды
зорға көтеріп, аспанға қарап, қайтқан қаздай тізіліп келе жатқан қарасұр
самолеттерді көрдім; жаңа шыққан күнге шағылып бауырлары жарқ-жұрқ
етеді — алмастың жүзіндей қара жарқыл тура ажалдың өз сəулесі сияқты.
Зəре — құтым ұшып, Светаның шынтағынан ұстап алып, жолдың
шетіне қарай жүгіре беріппін. Оның да тұла бойы дір-дір етеді. Екеуміз
есімізден танып, өкпемізді қолға алып зытып бара жатыр едік:
— Жат! Жатыңдар!— деген айқай шықты.
Света екеуміз қатар құладық. Иін тіресіп бір-бірімізге тығыла түсеміз.
Əуеден төніп келе жатқан ажалдан сескеніп, саз топырақты жасыл жерге
батып кеткіміз келіп, төбеден түсетін бомбаны тосып бар денеміз бір уыс
болып жиырылып қалған.
— Өтіп кетті.
— Иə, өтіп кетті.
— Тұрыңдар, қатындар. Станцияға жетейік.
Бұл сөздердің мағынасы бізге дұрыстап жеткен де жоқ. «Бізге» дейтінім
Света екеуміз жүрегіміз дүрсілдеп бірге coғып, жанымыз бірге ышқынып,
осы үрейлі сəтте екеуміз бір денедегі екі қол сияқты болып кеттік. Светаны
білмеймін, менің өз басым дəл солай сезіндім. Есін ертерек жиған əйелдер
етектерін қағып, ұзап баратқан самолеттерге қарап тұр; олардың əлі де бір
нəрсені көруге, сөйлесуге шамалары келгені ғажап.
— Станцияны бомбаламайды. Əрі кетті.
— Қайтып оралып соғып жүрмесін.
— Біздің зенитчиктер қайда? Истребительдер қайда кетті?
Бұл сөздер менің құлағымды жанап, миыма соқпай кетіп жатыр. Іштен
тітіренткен жиіркенішті дірілді баса алатын емеспін. Аспанда ажал ұшып
өтті. Енді мына тыныш төңіректі түгел соның салқыны шалып, ажалдың
суық лебі ауаға таралып, кісінің тұла бойын жайлап барады. Светаның
қаны қашын кеткен, өңі шүберектей аппақ. Оның қуарған өңінде ажалдың
салқыны бар. Мен соны ап-анық сездім. Енді байқасам анау сөйлесіп
тұрған, шашылған заттарын жиыстырып жүрген əйелдер де сондай.
Бұлардың бəрін де ажалдың демі шалып етті. Бəрі де қазір өлі дене болып
сұлап жатуы мүмкін еді. Осы жүргендердің ендігі өмірлері бұрынғыдай
баянды, бекем емес, неғайбіл, ешкім де енді өз тірлігіне сене алмайды.
Анау, біздің зенитчиктер мен летчиктерге кейіп тұрған ұрысқақ Муся да
жаңағы самолеттер енді бір айналып соқса жағы қарысып жер құшып
жатуы мүмкін.
Осы бір ауыр əсер жаншып тастады ма, сүлесоқ қалпымнан ұзақ уақыт
арыла алмай, əйтеуір көппен бірге жүре бердім...
Біз станцияға екі өкпемізді қолымызға алып асығып жеткенімізбен,
бізді жөнелтуге асыққан адам көрінбеді. Бізді алып келген лейтенант пен
бір-екі жауынгер өз бөлімін қуып жетуге кетіп қалды. Басқа бөлімдердегі
командир əйелдері де ағып-тамып келіп жатты. Бəріміз жабылып
станцияның бастығын іздедік.
О, ғажап, осы аласапыранның арасында балалар ойнап жүр. Кəдімгі
балалар, ұрысқақ Мусяның қызы Люся Шурикке:
— Енді сен жасырын. Боря екеуміз іздейміз,— дейді.
Боря екеуі көздерін басып теріс айналып тұрғанда Шурик жүгіріп
барып біреудің үлкен бір бума жүгінің тасасына жасырынды да «ізде» деп
дауыстады. Люся мен Боря қалың жүктің арасынан Шурикті іздеп таба
алмай жүр еді, осы кезде құдды қуыршақ сияқты көзі дөп-дөңгелек, беті
томпиған төрт жасар қыз:
— Ол мұнда! Мұнда! Мен көрдім,— деп айқай салды.
Шурик жүктің тасасынан оған жұдырығын түйіп еді, кішкентай қыз
қағу көрмеген ерке болса керек, оған тынған жоқ.
— Meн көрдім. Бəрібір айтам, — деп, қолын шапаттап секіреді келіп.
Кішкентай, тəмпіш «тентек» мұрын, жүзі күлімдеп тұратын керемет
сүйкімді қыз екен. Ана балалар кейіген сайын мəз болады.
Балалардың ойыны үдеп барады. Бес-алты жастағы сыған тəріздес
бұйра шаш, бадырақ көз қара бала пальтосын сыпырып, бір жеңін қарына
іліп алып, өзі шамалас сары баланы қуып жүр; жете беріп пальтомен ұрмақ
болады, анау дарытпайды. Əлгі «қуыршақ» қыз оған да мəз.
— Ұр! Ұр!— деп екі қолын шапаттап айқай салады.
Кейбір əйелдер балаларын жоғалтып, айқайлап жүгіріп жүр. Бірақ
балалар уайым-қайғыны ұмытқан: күліп, айқайлап, жұрт сапырылысқан
перронда асыр салады, буып — түйіп қойған жүктің үстіне шығып, төмен
қарай секіреді, жұрттың осы дүрліге көшуінің өзі оларға қызық думан
сияқты. Томпаң-томпаң етіп, қызықтары басылар емес.
Қазақ баланы «періште» дейді, баланың аузынан жақсы сөз шықса, оны
аузына «құдай салды» деп қуанады, сəбидің тілегі қабыл болатынына
ешкім шек келтірмейді. Менің өзім орта білім алсам да қазақша
тəрбиелендім, құдайға сенбесем де, қазақтың көп ырымына сенемін,
əсіресе бала туралы айтылғандарына күмəнім жоқ.
7
Біз станциядан аттанар кезде ызы — қиқы шу болғанмен поезд жүрісін
түзеп шығысқа қарай бет алған соң жұрт тез тынышталды. Вагон ішінің
əлгінде ғана алқынған аптығы басылып, жұлынған түйме, жыртылған
өңірге кінəлі белгісіз жандарға арналған қарғыстар айтылып, сонымен бірге
буыншақ-түйіншектер де тəртіпке келтіріліп жатты. Əйел затының аузы
мен қолы қатар қимылдайтын əдеті емес пе.
Жұрт орын теуіп жайғаса бастаған соң əңгіменің беті де өзгерді.
— Қап, қайтейін, керемет əшекейлі фарфор табағым бар еді, қалып
қойды, Бүгінде ондай фарфор жоқ, кəдімгі ескі шыны еді...
— Қайдағы жоқ фарфорды айтасың. Менің үш жүз елу сомға алған
радиоприемнигім қалып қойды ғой. Ваня тревогамен кетті. Жалғыз өзім
қайсысына жармасарымды білмей...
— Мен сасқалақтап жүріп сандықтың түбінде жатқан ішігімді ұмытып
кетіппін.
Барлық қауіп-қатерден құтылып болдық па, білмеймін, жаңа ғана жай
қайғысымен аласұрып поезға жармасқан əйелдерге мал қайғысы қайтып
оралған. Жаңағы аласапыран əп-сəтте ұмыт болып, жұрт көңілінің тез ғана
байыз тапқанына қарағанда, соғысты өз көзіммен көрген жоқпын, мүмкін
осының бəрі бос дүрліккен жалған үрей болып жүрмесін деген де ой келе
бастады.
Света екеуміз ебін тауып қызыл вагонның ірге жағына өтіп алғанбыз.
Басында чемодан үстінде шоқиып отырып едік, поезд шайқай келе — жер
кеңіп, түйіншегімізді жастанып, аяқ созып қисаятын халге жеттік.
...Биыл көктемде Қасымбек екеуміз елден бері қарай аттанарда вагон іші
тығыз болып еді. Бұрын ауылдан ұзап шығып көрмеген мен мақрұмға
үлкен станция басындағы сапырылысқан ала-құла тобыр бір түрлі қызық,
бірақ соншалықты жат көрінген. Осы күнге дейін мен көрмеген киімдер
мен кескіндер, танымайтын адамға бадырайып қарауға қанша ұялсам да,
көзімді еріксіз тарта берген. Өзімнің үйреншікті ортамнан, орнықты,
сабырлы тіршілігімнен шығып, аумалы-төкпелі, белгісіз беймаза дүниенің
ішіне кіріп баратқанымды сезіп, бойымды үрей биледі. Ендігі дүниеде
сасқанда қарманатын талым, жалғыз арқа сүйерім Қасымбек қана екенін
тұңғыш сонда сезгенмін.
Бірақ поезд қозғалған кезде төңірегімнен бөлініп шыға келгендей
болдым. Вагон ішіндегі гуілдеген дауысты, құжынаған жұртты, тіпті
қасымда терезеден бірге қарап келе тұрған Қасымбекті де ұмытып кетіппін.
Мүмкін балапанда ұясынан суырып алғанда, бойын осындай суық сезім
билейтін шығар. Қары кетіп болмаған ерте көктемдегі сұрғылт аспанның
астында көрініп жатқан алашабыр адырлы даланы қимадым ба, əлде Қамқа
əжемді, момын əкемді, Дариға жеңгемді — бүкіл ағайын – туған, ауыл —
аймағымды қимадым ба білмеймін. Не де болса менің осы күнге дейінгі
бар өмірім артта үзіліп қалып баратқандай...
Көшпелі елдің баласы қыстауының ғана маңы емес, жыл сайын көшіп
қонатын жерінің əрбір жырасы мен қыратын, тобылғы өскен төбесі мен
қараған өскен ойпатына дейін бұлжытпай таниды. Ауыл жаңа қонысқа
қонып жатқанда, жүгіріп былтырғы жазғы өмірдің ізін қуалап кетесің.
Өткен жылғы кімнің үйінің қай жерге тігілгені, жер ошақтың бітеліп қалған
шұқыры, балалар асық ойнайтын ауыл сыртындағы тақыр, түнде ақсүйек
алып қашатын қыраттың баурайы — бəрі сайрап тұр. Бəрі көзіңе оттай
басылады.
Көші-қон үлкендерге əбігер болғанмен, балаларға мейрам. Жүк
түсіргені, үй тіккені, жер ошақ қазып қазан астына от жаққаны — бəрі
қызық. Малды ауыл отырған қоныс тез тозады — бір айдың ішінде-ақ ауыл
аумағының жусаны мен бозы қырқып алғандай тұқылданып, шаңы
бұрқылдап шыға келеді. Қойдың құмалағы мен жылқының тезегінің ащы
исі, құжынаған қара шыбын... Жоқ, жаңа қоныс балаларға ғана емес
үлкендерге де мейрам. Жаңа қонысқа қонып жатқанда мен өзімді де бір
түрлі тазарып шыққандай сезінетінмін. Мұнда жылқының кісінегені,
қойдың маңырағаны, ошақтан будақтаған кешкі түтін — бəрі жаңа, бəрі
таза. Мен жаңару, тазару мейрамын сеземін.
Көші-қонның да небір қызық, күлкілі оқиғалары болып жатады. Соның
бірі əлі есімде. Біздің ауылда Сəлімбек деген кішкентай ғана кісі бар еді,
жұрт оны сыртынан«қыртпыш» деп атайтын. Бойының ұзындығы он бір-он
екі жасар баламен деңгейлес, бірақ сол түріне қарамастан, шырт етпе,
ұрыншақ. Əйелі Ақкүміс бойы күйеуінен екі есе биік те, көлденеңі екі есе
кең, ірі кісі. Сəлімбекті үй — ішінде мазасыз, қазан-ошаққа араласады
деген өсек бар. Оның есесіне Ақкүміс жер қозғалса қозғалмайтын
сабырлы. Бір жылы, Жосалы көлінің танабындағы шалғынға қонып жатыр
едік, жағалай тігіліп жатқан үйлерді қызықтап жүріп Сəлімбек үйінің
қасына келіп қаппын. Ақкүміс жалғыз өзі керегелерін құрып жүр. Сəкең
оған бұрқан – талқан ашулы.
— Көшір дедім ғой сен қатынға. Тікпейсің үйді бұл жерге, — деп
ақырды ол əйеліне.
Ақкүміс оның сөзін елең қылмастан керегені бір-біріне шанди берді.
— Ай, сен керең боп қалдың ба? Көшір үйді бұл жерден. Көрмейсің бе
мына қияқты? Аяқты пышақтай тіледі. Кісіні жалаңаяқ жүргізбейді.
Керегені анау жерге тасы.
Ақкүмісте үн жоқ, өз шаруасымен бола берді.
Өзі шыдамсыз Сəкең əбден ызаланды.
— Қап, сен қатынды ма...— деп кіжініп тұрды да, кенет асығыс шешіне
бастады.
Мен оның бұл əрекетіне түсінбей қайран қалдым. Сəкең жүн шекпенін,
көйлегін шешті, аяғындағы етігін асығыс,жұлып лақтырып шалбарын да
шешіп тастады. Суға түсейін деп жатыр десем, көл біраз жер, жағасына
барып шешінбей ме. Тек дамбалшаң ғана қалған Сəлімбек енді балағын
түре бастады. Балағын балтырына дейін түріп алғасын, жерде жатқан
қамшысын алып тұра жүгірді. Дызылдап жүгіріп бара жатып үй тігіп
жатқан Ақкүмісті қамшымен бір тартып өтті, Ақкүміс оған мыңқ етпей, өз
жұмысын істей берді. Сəкең оның бұл мінезіне əбден ыза болды білем,
біраз балағаттап алып, қайта жүгірді. Тағы да əйелін иығынан тартып өтті.
Қамшы батып кеткен болар, Ақкүміс иығын қиқаң еткізіп қатты
тыжырынып қалды. Үшінші рет жүгіріп келе жатқанда, күйеуін ұстап
алмақ болып шап беріп еді, ананың жалаңаш иығы жып етіп қолынан
шығып кетті. Сəкеңнің қулығын сонда түсіндім: үстінде қолға ілігер
тұлдыр қалмаған екен.
Ақыры амалы болмаған Ақкүміс:
— Жын соқты ма, сені? Қойсайшы енді – деп жекіріп еді. Сəкең одан
бетер өршігіп кетті.
— Ə – ə, жаныңа батты ма, бəлем. Көрсетейін мен саған. Байыңның
тілін алмайтын немесің ғой, ə?
Алпамсадай əйеліне əлі жеткен соң, көңіліне жел кіріп масаттанып
кеткен Сəкең осы жолы əйеліне тым жақын келіп қалды ма, білмеймін,
қайтадан керегесін шанди берген Ақкүміс, ірі денесіне оғаш оқыс
қимылмен жалт бұрылып, шап беріп Сəлімбектің дамбалынан ұстай алды.
Сəкең байғұс торға түскен шыбындай дызылдады да қалды.
— Ойбай — ай, ойбай — ай, Сейілхан — ай, жетсейші. Жынды қатын
өлтіреді ғой, Сейілхан — ай, жетсейші, — деп шыр – шыр етеді.
Бұларға көрші — қырық-елу қадамдай жерде өз үйін тігіп жатқан
Сейілхан ағам да осының бəрін көріп тұр екен, мəз болып қарқылдап күліп
келе жатыр. Ақкүміске қамшы қатты батып кетті білем, бет-аузы түтігіп
долданып күйеуін жерге көтеріп ұрды.
Ақкүміс Сəкеңді үнсіз жаныштай берген кезде, күлкісін тыя алмаған
күйі жүгіре басып Сейілхан ағам да жетті.
— Жеңешетай, бір ашуыңды маған бер, — деп, Сейілхан Ақкүмісті
сыртынан қапсыра құшақтай алды.
Сəкең үн-түнсіз, орнынан тұрып, қайта киіне бастады. Тек етігін киіп
жатып:
— Əтеңелеттің қатыны бұрын шалып жығатын еді, енді алып жығатын
болыпты ғой, — деп күңк ете қалды.
Қазекең қарнын тойдырғысы келсе жоқтан сылтау табады, «ерлі-
зайыптыны татуластырам» деп Сейілхан ағам үй тігіліп болмай жатып-ақ
Ақкүміске қазан көтертті. Еріккен жұрт түтін шыққан жерге шыбындай
үймелейтін əдеті емес пе, бұл оқиғаны көзі шалған біраз көршілер де осы
үйге жиналды. Бəрі Сейілхан ағамның аузына қарап:
— Апырай, туғалы бірге жасасып келе жатсақ та білмейтініміз көп екен
ғой. Сəкеңнің ашуының осыншама қатты екенін кім білген, — деп ол
əңгімені керісінше айтып отыр. — Ашуы қатты деймін-ау, бұл кісінің қолы
одан да қатты екен. Жеңгеміз бір ажалдан қалды, құдай сақтап. Тіпті бұл
Сəкеңнің кісіге араша бермейтінін қайтерсің. Араға түсем деп өзім де
таяққа сілейіп шықтым.
Сейілхан ағам қатты ыңқылдап, «ауырып қалған» жотасын қинала
сипап қояды. Кейбіреулер Сəлімбекке сездірмей айнала беріп мырс-мырс
күледі, ал, жүзі жанбайтын қулар да толып жатыр; олар сыр білдірмей,
Сейілханның əңгімесіне «қалтқысыз» сеніп, қостап бастарын шайқап,
таңдайларын қағады.
— Е, Сəкеңнің мінезін білеміз ғой. Бұл кісі жер қозғалса қозғалмайды,
ал бір ашуланса ма... Құдайым о кезде тек бетін аулақ қылсын.
— Ойпырмай, Сəке, бүкіл ауыл болып қиылып отырмыз ғой. Бір
ашуыңызды бізге беріп, жеңгемізге кешірім етіңіз. Жеңешеміздің асын
жарқырап отырып ішейік.
Манадан бері жұдырықтай болып түксиіп отырған Сəлімбек жиналған
жұртты аяды ма, ақыры жібіді.
— Ай, қоймадыңдар — ау, шырақтарым — ай. Жарайды енді, осы жолы
ашуымды қидым, бірақ енді қайтып жыныма тиюші болмасын тек.
Сəкеңнің райынан қайтқанына жұрт мəре-сəре боп даурыға қуанысып
жатыр, əсіресе манадан бері күлкіге булығып өле жаздап отырған байғұстар
ішін ақтарып мəз болып қалды.
Ал Ақкүміс жеңешем болса – əңгімеге ешбір қатысы жоқ адам сияқты.
Жұрттың сөзіне құлақ та аспай, астың қамында жүр. Қымыз толы кішілеу
қара месін қапсыра көтеріп, ішке кіргізді де, былқ еткізіп босағаға сүйей
салды. Местің мойнын керегенің көзіне байлап, пұшпағын шешіп кетік
тостағандарға қымыз құйып жағалата бастады.
Сейілхан ағамды жұрт ер мінезді деп мақтайды. Ішімнен сезем, ер
мінезіне қоса ожарлығы да баршылық. Оның кеуделі, кең иықты келген сом
тұлғасына да көз тойғандай, бет бітімі де кесек — дөң қабақты, үлкен қыр
мұрынды, бет сүйегі кең болғанмен өңі өткір. Сейілхан ағамның өз
маңайындағылардан артықшылығын көріп іштей мақтаныш ететінмін.
Оның үстіне менің бұл нағашым қолы ашық, жомарт. Əрине, сығымдан
дүние құрап, там-тұмдап мал жинамайтын адамның өзге жұртқа берері де
көп болмайды, бірақ əйтеуір қолында бір нəрсесі болса Сейілхан ағам
онысын жұрттан аяп көрген емес.
Мал дегенде бұл кісіде жалғыз сиыр болса болады, болмаса ешкі сауын
отыра береді. Бүкіл тұяқтыдан айнымайтын бір ғана малы болатын, ол —
Шағыр аты... Шағыр тұрқы ұзын ірі жылқы еді. «Шыға шабатын
ұшқырлығы жоқ, ал бірақ ұзақ шабысқа келгенде нағыз болдыруды
білмейтін хайуан, мықтылықта бұған жылқы баласы жетпейді», деп
үлкендердің мақтап отырғанын талай естігенмін. Шағыр аттың өзі де нағыз
Сейілхан ағама арнап жаратылған жылқы сияқты еді; ол ана тұлғасымен
басқа атқа мінсе — есекке мінгендей болатын шығар.
Шағыр атпен Сейілхан ағам қыс бойы қасқыр мен түлкіні қырып
алатын. Ауылдың адамдары аңнан қайтып келе жатқанда ылғи алдарынан
жүгіріп шығатынбыз. Кішілеу кезімде ат үстінен еңкейіп, алдына көтеріп
алып дəл үйдің есігінің алдына əкеліп түсіретін де, қолыма бір түлкінің
терісін ұстатып жіберетін. Жаңа сойған түлкінің əлі де жылуы кетіп
болмаған, былқылдақ жұмсақ терісін құшақтап, қойныма қуанышым
сыймай табалдырықтан сүріне — қабына кіретінмін.
Соншама түлкі, қасқыр соғын жүргенде Сейілхан ағамның ішік былай
тұрсын, түлкі құлақшыны да болмайтын. Соққан аңын үйге əкеліп көрген
емес, өзгелердің қанжығасына байлап жіберетін.
— Өз еңбегің, өз олжаң емес пе, төбеңді жылтыратып бір тымақ
кимейсің де, тым болмаса,— дегендерге:
— Даланың аңы таусылар дейсің бе, Шағыр ат аман болсын, — деп
жауап беретін.
Ал, Шағыр атын ерекше жақсы көретін. Шаруаға онша қыры жоқ
Сейілхан ағам бұл атын бөлекше баптайтын, уақытында суарып, жем
бермеген кезі, сірə, жоқ шығар.
Байқаймын, Сейілхан ағам майлық пен сулыққа бірдей. Қазақша аңшы,
серілігі, ешкімді басынан асырмайтын өр көңілі де бар, ал қара жұмысқа
келгенде қайсы біреулердей кірпиязданып, шікірейіп тұрмайды, білегін
сыбанып кірісіп кетеді. Тіпті кісі жұмысын істеуге де арланбайды жəне
істесе жапырып істейді. Ауылдағы көп жұрттың үйін қалап, пешін салып
беретін де сол. Онысына, ол əрине, ешқандай ақы — пұл алмайды.
Сейілханның мінезін білген жұрт ақысына бір нəрсе ұсынуға да қорқады.
Нағыз бір түлен түрткен біреу болмаса ешкім оның шамына тимейтін.
Бірақ оның есесіне ағайын да Сейілханнан еш нəрсесін аямайтын. Ол
Қарақалпақтан, не Өзбектен төсегін арқалап, əйелі мен баласын жетелеп
келгенде, алдынан кіретін үй де, сауатын сиыр да табыла қояды.
Сейілхан ағам ақ жарқын, əзіл-қалжыңға да бай. Оның əсіресе көп
ойнайтыны өзінің құрдасы Əлмұқан. Əлмұқан да Сейілхан сияқты ірі
денелі кісі, бірақ бір-біріне ұқсамайтын екі адам болса осы екеуіндей — ақ
болар. Сейілханның денесі тарамыс, иығы кең, мықын жағы қысыңқы
келсе, Əлмұқанның денесі болбыр, толық, иығы қушық та, қарны мен бөксе
жағы жуан. Сейілханның жүзі қара торы, сүйегі кең бет бедері қоладан
құйғандай шымыр да, Əлмұқан ақсары, екі беті семіз малдың қоң етінен
кесіп алып жапсыра салғандай бедерсіз, салпы ұрт. Сейілханның үні ашық,
даусы кейде шаңқылдап шығады, ал Əлмұқанның үні күңгірт, май басып
кеткен ұртынан мес ішінде шайқалған қойыртпақтай болпылдап шыққан
сөзіне əрең түсінесің.
Қазақ жігіттерінің өз құрдастарымен аяусыз қатты ойнайтын əдеті емес
пе, Сейілхан ағам да Əлмұқанның өз басын ғана емес, есімін де
қақпақылдай қағып ойнатып бар нəрсеге атау қылып қойып алған: «Бұ да
бір Əлмұқан ғой», «ой, мынау Əлмұқанның ісі ғой», «мынау нағыз
Əлмұқан боп шықты ғой» деп ылғи сөз орайына қыстырып отырады.
Біреу алыс қалаға барып келсе ауыл адамдарының топырлап сол үйге
жиналатын əдеті, бір рет Əлмұқан мен Сейілхан ағам қаладан келген.
Сондағы жұртты күлдіріп, Сейілхан ағамның айтқан əңгімесі айнымай
есімде қалыпты.
Облыстық қаладан біздің ауылға дейін екі жүз елу шақырым. Жол алыс,
адырлы дала, нағыз шілде — тамыздың уақыты – ат – арбамен шыққан екі
жолаушы шөлдеп арып – ашып келе жатады. Жолда ертеректе келген
поселен украин хуторлары болатын, ол кездегі қазақтар орыс пен
украиннің арасын ажыратарлықтай тереңдікке бара алмайды, орыс дей
салады. Даланың жазда іркіліп қалатын жылғаларына хуторлықтар қауын-
қарбыз егіп, бақша салатын. Күнге күйіп, қаңсып келе жатқан Сейілхан мен
Əлмұқан осындай бір бақшаның үстінен түседі. Мынадай ыстықта теңкиіп
жатқан қарбызды көріп қалай ғана қайырылмай кете алады адам. Екеуі
арбадан түсіп бір қарбызды жерге атып жіберіп жеп алады. Аздап шөлі
қанғасын жүрмек болады, бірақ «Ертеңгісін ойламаған ерден без» деген,
алда əлі екі жүз шақырым жол бар, талай шөл бар, ертеңгісін ойлап бұлар
он шақты қарбызды арбаға ытқытып та жібереді.
Осы кезде сайдан еңгезердей бір орыс шыға келіп, бұларға тұра
ұмтылады. Нағыз бір өз күшіне сенген ұрдажық, ожар неме екен,
балағаттап, келе Сейілханды құлақ шекеден қойып жібереді. Ондайға
төзетін Сейілхан ба, шарт та шұрт төбелес басталып кетеді. Анау да бір
күшті нəрсе екен, екеуі ұзақ төбелеседі — мұрын да қанайды, жаға да
жыртылады.
Ақыры жеңісе алмай, екеуі шаршап ажырасады .
Сейілхан арбасын айдап кете бергенде, Əлмұқан арбаның астынан
шығып, «ау болдыңдар ма?» деп, арбаға мініп жатыр дейді.
Бұларды шолан жақтағы балшығы түсіп, азыңқырап кеткен бөлмеге
жайғастырады. Қарайып жарылып кеткен тақтайдан жасаған сəкіге жыртық
киіз төсеген, кенеп дастарханының үстіне қатып қалған нан сынықтарын
тастайды, шекер деген атымен жоқ. Тіленшінің сүйген асын кім берсін,
аққұмандағы бөгіп қалған ескі шамба ақ судың түсін күреңітуге де
жарамайды. Сөйтін бұлар көңілсіз күңгірт үйде татып кеткен шайды
ақырын сораптан отырады. Мұндайда əңгіме де жараспайды.
— Ии, Ырғыз жақтан келген екенсіздер ғой. Ол бик жырақ бид, жырақ,
— деп қояды Хайбри қыстың көзі қырауда мына қазақтарды не түлен
түртіп жүргеніне түсіне алмай.
— Ырғыз жақтан келдім дейсіздер ме,— деп шай құйып отырған
Хайбридің əйелі елең ете қалады.
— Иə.
— Со жаққа біздің бір қызымыз кетіп еді. Хабарымыз да жоқ. Бик матур
қыз еді. Қазаққа тиіп кетті. Ии, пақыр бала, қарап болды инді.
— Қызыңыздың есімі кім еді? Кімнің қызы еді?— деп осы кезде
Сейілхан ағам елең ете қалады.
— Иісімі Минникамал, Сұнғат абыйымның қызы еді. Əке-шешесі
үлділəр. Фақыр житім қыз. Қазаққа тиділəр шул, — деп Хайбридің əйелі
қасіретін білдіріп қояды.— Хабарласа да алмадық. Ненди халдə. Күйеуім
кім-дүр аның...
Осы кезде шынтақтап жатқан Сейілхан ағам басын көтеріп алады.
-
Минникамал?.. Сұңғаттың қызы дедіңіз бе? Сұңғат сіздің кіміңіз
болушы еді?
— Сұңғат минім абыйым. Əниім блəн бір туған.
— Мəссаған... Қазақ сұраса келе қарын бөле шығары деген осы екен —
ау... Менің ең жақын қайын бикем болдыңыз ғой.
— Нишік дисіз?
— Егер айтып отырғаныңыз Сұңғаттың қызы Минникамал болса ол
менің əйелім. Ал енді қалай қашып құтыласыз?
Хайбри əйелімен екеуі Сейілхан ағама қарап аузын ашып, есінен танып
қалады. Нəукең де аң — таң, Сейілханның Балсұлудан басқа əйелі жоғын
біледі, айтайын десе Сейілханды масқара қылады жəне онымен бірге өзі де
масқара болады, айтпайын десе Сейілхан ағам тіпті тереңге кетіп барады.
«Əй, қатты қиналдым — ау», — дейтін Нəукең.
Алдымен Хайбридің əйелі есін жияды.
— Ии, мин неғып отырам иш, — деді екі қолымен екі жағын сарт
еткізіп орнынан ұшып тұрады...— Хазір, хазір, — деп төргі бөлмеге қарай
жүгіреді. О жақтан қайта оралып күйеуіне кейиді. Ии, əтисі, утырасың шул.
Қонақларды үйге шақырмисың да... Син дүкəнгə бар əлі тизірек. Күйау
атына жем саларға ұмытма.
Осы жағдайдан бастап қонақтардың хал-жағдайы мүлдем өзгереді.
Көңірсіген исі аш адамның қолқасын атып шыжылдап пəрамаш пісіріледі,
бүлкілдеп қазан қайнайды. О кезде қазақтардың да ауыздана бастаған кезі,
дүкеннен бір-екі жарты да келіп қалады.
Кішкене сіміріп алғасын Сейілхан əлгі біз көрмеген Минникамалды
құдды өзінің Балсұлуындай қылып сылқитып суреттеп бермесі бар емес пе.
Анау екеуі тек «пи, алла» деп аузын ашып,тамсанады да отырады.
Осыдан кейін Сейілхан ағам қалаға барса сол Хайбридің үйіне түсетін
болады. «Мына, ноғай сияқты күйеу сыйлағыш халықты көрсемші» деп
ылғи риза болып келетін.
Бірақ жақсы нəрсе ешқашан ұзаққа созылмайтын əдеті ғой, Сейілхан
ағам қалаға барған сайын Хайбридің үй – іші «қызымызды неге əкелмедің?
Келер жолы қалдырма» деп мазасын ала береді. Қазақтың сылтауы
таусылған ба, Сейілхан ағам əр түрлі сылтау айтып жүре береді. Ақыры
қазақ күйеуден күдер үзген болу керек, бір рет барғанында «ақыры сен
қызымызды əкеліп көрсетпейтін болдың, өзіміз барамыз» деп Хайбри мен
əйелі жолға қамданады.
Сейілхан ағам бұ жолы қатты сасады. Қысылғанынан дүкенге барып бір
жарты арақ алып, қайтып келіп Хайбридің əйеліне тамақ салғызады. Содан
ас үстінде Хайбриге қайғылы хабарды естіртеді.
— Келгелі айта алмай қиналып жүр едім. Минникамал қыздарыңыз
осыдан жеті-сегіз ай бұрын дүние салған. Артында жалғыз ұлы қалды.
Бұл хабарға ағыл-тегіл еңіреп жыламаса да, əйелімен Хайбри əжептəуір
қайғырады.
— Ни, фақыр,— дейді Хайбри.
— Минникамал... Минникамал бағрым... Куре дə алмай қалдым шул
сині, — деп əйелі мұрнын тартып көзіне жас алады.
— Ер адамға бала бағу қиын екен. Балаға көз болсын деп, қазақтың
заңымен жесір отырған бір жеңгемді ала салдым. Кең балақ қазақылау
адам, бірақ əйтеуір балаға пейілі түзу, — дейді Сейілхан ағам.
Сонда жылап отырған Хайбридің əйелі:
— Ни, харап булған икəнсіз, Сейілхан. Өзібіздің татарда бигірəк əйбат
хатынлар бар иш,— деп шап ете қалады.
Ауылда осы əңгімелерді айтып жұрт күліп жүретін. Бірақ Сейілхан
ағамның Хайбримен туыстығы осымен тынған жоқ. Ол бір жыл барып
қаланы қыстап, осы Хайбридің үйінде тұрған. Балсұлу жеңешем жер
қозғалса қозғалмайтын салмақты да, сырт адамға тұйық, ол сыр
білдірмейді. «Балалы үйде ұрлық жатпас» деген, Сейілхан ағамның барған
кезде қорыққаны баласы Шəкмарал екен, біз оны «Шəкім» дейміз, ал, бір
ғажабы ол кезде он-он бірлер шамасындағы Шəкім қыс бойы тіпті ши
шығармапты.
Шəкім Сейілхан ағама тартқан, бірақ Балсұлудан да құр алақан
қалмаған. Бойы ағамнан төмен болатын түрі бар. Балсұлу анамның əкесі
Жүніс тəрізді құнжықтау, мінезі де тұйықтау. Сейілхан ағам сияқты
ақтарыла қоймайды, көбін ішіне сақтайды, кішкене болса да ісіктеу
қабағының ар жағынан қуақы күлкінің ұшқыны тепсініп тұрады: «ішімде
бір пəле бар, бірақ айтпаймын» деп тұрғандай.
Шəкім сөйтіп «ішінде жатқан пəлесін» Хайбридің үйіне де ашпаған.
Өйткені Хайбриге жиен болғаны Шəкімге қып-қызыл пайда болыпты.
Баласыз Хайбри, əйелімен екеуі «жетім» жиенін қатты мүсіркеп жылы —
жұмсағын аузына тосады. Кейде Балсұлу ашуланып баласын сабап алса —
аналар Шəкімді өз бөлмелеріне кіргізіп алып, «өгей ана өгейлігін істемей
қоя ма?» деп, тəтті тамағын аузына тосып бəйек болады екен.
Мен ұзатылып, ұзақ сапарға аттанарда осы қаладан поезға міндік.
Сейілхан ағам Шəкімді қасына алып, бізді шығарып салуға ере келді. Алыс
ауданнан бізді аямай солқылдатып, ит сілікпемізді шығарып жеткізген жүк
машинасы шөгіңкіреп кеткен қоңыр — қызыл қақпалы кішілеу үйдің
алдына келіп тоқтады. Біз машинадан жапырлап түсіп жатқанда үйден
шүңкиген татар шалы шықты.
— Ашағыз, қызым, ашағыз. Сіз тіптен де ашамадығыз, — деп, содан
кейін менімен бірге қайғырып қойды, — Хатын — қызға бигрəк та жырақ
шул Белоруссия диген. Анда, мұсылманлар да иоқтыр.
Ойлап-ойлап, түсіне алмай дал болам: Сейілхан ағамның соншама
алдағанына бұлар ренжімеді ме екен, əлде ренжісе де... Туыстық қана емес,
адамдарды жақындастыратын басқа да нəрсе бар шығар. Солай аралары
жақындасып кеткесін Сейілхан ағамның сайқымазақ қуақылықтан
басталып ұлғайып кеткен қиянатын кеше салды ма екен, əйтеуір жалғасып
кеткен осы жандардың арасы үзілмепті. Үзілмепті деймін-ау, тіпті
суымаған да сияқты.
Хайбри əйелімен екеуі бізді поезға мінгізіп салды. «Енді үйді көрдің,
танисың, қайтқанда біздің үйге түс» деп əйелі маған қайта-қайта
тапсырады.
Енді мінекей, қайтып келем. Осыдан елге аман-есен жетсем. Алғаш
ашатын таныс есігім сол Хайбри абзидың есігі болмақ. Ар жағы ел-жұрт,
кең дүние.
8
Мінер алдында бізді көп азапқа салып, бірақ мінгізіп алғасын жап-
жақсы зырғып кеткен поезд бір-екі станциядан өтпей жатып-ақ жүрісінен
жаңылды. Əуелі бір полустанокте екі сағаттан астам кідірдік. Мұндайдағы
бір жаман нəрсе поездің қанша тұратынын білмейсің де, вагоннан аттап
шыға алмайсың. Əлсін-əлсін есіктен сығалап «қашан жүреді екен?» деп
көрші вагондағылардан сұрайсың, олар сенен сұрайды. Осындайда оны-
мұны тұспал, жорамал айтушылар да көбейеді.
— Қарсы келе жатқан əскери эшелонды күтіп тұрмыз. Майданға күш
керек. Алдыңғы кезек майданға баратқандардікі ғой.
— Алдымыздағы станцияны бомбалап кетіпті. Жолды түзей алмай
жатқан көрінеді.
— Жауды тойтарыпты дейді ғой. Сосын несіне асықсын.
Елден шыққаныма төрт айдан асты. Содан бері үйірінен адасып қалған
құлындай жалқымын. Рас, қасымда Қасымбек болды, сүйенішім, қармаған
жалғыз талым сол, бірақ ол жан – жағымды түгелдей қоршай алмады.
Жолың болғырлар «айт, айт» деп қинамайды. Шын қинаса, менен де
айтатын бір нəрселер табылар еді, бірақ оған тілім жетпейді. Қысылып, аз
сөйлегенімнен болар, менің орысшам сол мектептегіден онша артылып
кете қойған жоқ. Еркін сөйлеу былай тұрсын, əлі тілімді сындыра алмай
келем — орыстың сөзін əр əрпін баттитып, сірестіріп айтам.
Біз тоқтағалы екі сағаттан асып кетті. Басында əйелдер «əне жүреді,
міне жүреді» деп, елеңдеп, есіктен мойындарын созса да жерге түсуге
именді. Поезд ойда жоқта жүріп кетсе қарғып мінуің оңай емес, есігінде
басқыш сатысы да жоқ, тек аспалы үзеңгісі ғана бар қызыл вагон. Бірақ
уақыт ұзаған сайын мойын созушылар көбейді де, ақыры алдыңғы
тұрғандары қарғып жерге түсе бастады. Бірте-бірте вагон босап қалды.
Құдай оңдағанда тұрған жеріміз жалғыз үйлі полустанок екен, біздің
орнымызды басып алатын бөгде адамдар көзге түспеді.
Қалың орман арасындағы далаңқайға орналасқан төрт — бес үйлі
полустанок тып-тыныш, өзге дүниеден, басталған соғыстан аулақ, оңаша.
Мұндай жерде соғыстың басталғанын ұмытып та кетесің. Адам баласы
қызық қой, əуелгі сəттерде ұзап шығып түзге отыруға қорқып, жақын
арадан бұта іздеген жұрт бірте-бірте составтан алыстай берді де, əрі —
беріден соң тіпті еркін қыдыратынды шығарды. Сөйтіп біздің əйелдер
ұзаңқырап кеткен кезде паровоз оқыс гудок берді. Бəріміз жапа-тармағай
вагонға қарай жүгірдік. Құдай оңдап мен алыстап кете қоймағанмын,
алдымен келіп міндім. Қалғандары мініп болар — болмастан доңғалақтың
тормоздары пышылдап, состав орнынан қозғала берді. Мұндайда əйелдер
қандай берекесіз: шыңғырып, бақырып азан-қазан боп жатыр.
Таңсəріде соғыс басталған суық хабарды естіп, содан сəске түске дейін
қасқыр тиген қойдай дүрліккен қатын — қалаш поездің жүрісі түзеле келе
сабаларына түсейін деген. Үрей мен əбігер де бірден пышақ кескендей
тыйылмай, толқыған судай ақырындап барып басылды. Əйелдердің ес
жиғаннан кейінгі бірінші еске алғаны — қарбаласта ұмыт қалған, іліп алып
кетуге келмеген дүние-мүліктері болды. Екінші ауызға алғандары
күйеулері.
Əрине,
ол,
дүние
—
мүлікті
күйеулерінен
артық
көргендіктерінен емес, əйелдіктерінен – ұрғашы туғанның о бастан
жаратылысы солай. Менің басында əдемі болыскей самаурыным
Бар еді, қара шəйнектің шəйін мейірім қанып іше алмаған соң,
Қасымбек сатып əперген.
Алас — қапас жанталаста онымен ісім де болмапты, енді қазір
кəдімгідей ішім удай ашып келеді. Жұрт сияқты түйіншегімді арқама таңып
алғанда – оны да бір қолыммен іле кетеді екем. Елге жеткенде Қамқа əжем
рахаттанып бір шайға қанар еді.
Командирлер семьясы үлкен бір ауыл боп тұрғанда — белгілі бір
қалыбымыз, əрқайсымыздың өзімізге лайық, өзіміз деймін — ау,
күйеулеріміздің қызмет сатысына лайық орын дəрежеміз бар — тын. Мұны
əскер тілінде, «субординация» дейді, субординациямыз манағы жан
ұшырған сасқалаң кезде тас — талқан боп бұзылып еді, енді тынышталған
соң өзінен — өзі қалыбына келе жатыр.
Балалар да ермек тапқан. Өрмелеп, буған — түйген жүктің үстіне
шығып, еденде бос орын болмағандықтан шешелерінің үстіне қарғиды.
Баяғыдай өзінен үлкен-кіші балаларға бірдей бас болып жүрген «Вовка
командир» — штаб бастығының баласы.
— Я командил, я командил, слушай,— деп айқай салады ол.
Оның жіңішке сəби даусы вагон дүрсілінен əзер естіледі, бірақ сонда да
балалардың да, аналардың да құлағына тегіс жеткен сияқты. Əр жерден бір
бала жүк арасынан қыбырлап, домалап құлап тұрып жатыр. Олардың
шешелері де балаларымен бірге ойынға еліккендей.
— Саша, командирің шақырады.
— Андрюша, командиріңнің бұйрығын орында,— деп бəйек болады.
Ал, балалары жоқ кейбір келіншектер:
— Өзі тегін емес, түбі генерал болады.
— Е, майор Масловтың өзі ғой.
— Вовка командир, қаттырақ команда бер,— деп қолпаштап жатыр.
Алевтина Павловна баласына «қой, Вова» деп ұрысқан болады, бірақ
ұрысы зəрсіз, тек əншейін көз қылу. Əйтпесе, баласының өзге балалардан
сынық сүйем болса да артықшылығына, басқа келіншектердің қошаметіне
деген іштей мақтанышын жүзі айтып тұр.
Қошемет деген құрғыр, қаршадай бала тұрсын үлкеннің өзін есіртіп
жібермей ме, Вова да жұрт қолпаштаған сайын, əдетінше еліре түседі.
— Стлойся! Шагом алш! Смилно! Шагом алш!— ден айқайлайды.
Екі түйіншектің арасынан қозғаларға жер таппай тұрған екі-үш жасар
бір баланы жұдырығымен түйіп қалды.
— Неге тұрсың? Шагом алш!
Ана бала көзі жыпылықтап екі жағына кезек қарады да, жылап қоя
берді.
— Қой, Вова,— деп Алевтина Павловна баласына кейіген болады.
— Командир өз жауынгерін ұрмайды. Сен командирсің ғой, Вова.
— Қызылəскерді ұруға болмайды, Вовочка, — деп өзге əйелдер де ақыл
айтып жатыр.
Олардың жалынышты шыққан дауыстарына қарағанда Вова емес,
өздері бір нəрсені бүлдіріп алған тəрізді.
Түнде бір разъезде таң атқанша тұрдық; одан сəске түске дейін жəне
қозғалмадық. Арт жақтағы майданнан, алдыңғы жақтағы елден еш
хабарымыз жоқ, қобалжумен болдық. Бар естігеніміз түс мезгілінде
Молотов сөз сөйлепті, Германиямен соғыс шындап басталса керек.
Біз дүрлігіп көтерілгелі тəуліктен асып кетті. Жұрттың алып шыққан
азық-түлігі шамалы екен, барлығын кеше түсте — ақ тауысып алған.
Үлкендер төзеді ғой, алдымен балалар жағы қинай бастады. Біз тоқтаған
полустанокте дүкен, буфет деген жоқ екен. Жарты шақырымдай жерде
шағын село тұр, қатындар сол селоға жаутаңдап қарай-қарай көздері талды.
Барайын десе поездан қалып қоям деп қорқады, ал поезд болса жүрмей
тұрып алды, таң атқалы он барып келуге болатын еді. Ақыры шыдай алмай
үш əйел «тəуекел» деп селоға кетті, соның бірі Ираида Ивановна. Кенжесін
көтеріп, үлкен ұлын ертті де, ортаншы баласын «қозғалмаңдар» деп вагон
ішіне отырғызып кетті.
Қырсыққа бастағанда солай болады ғой, түн ортасынан сиыр сəскеге
дейін қозғалмай тұрған поезд, қатындар селоға кіріп кетісімен — ақ гудок
беріп, тормоздары пышылдап қозғала берді. Бəріміз жапа-тармағай
ұмтылып вагонға мініп алдық. Ең соңғы əйелді қолынан тартып мінгізіп,
жайғаса бастаған кезімізде барып, селоға кеткен əйелдер есімізге түсті.
— Қатындар — ау, селоға кеткен үшеуі қалып қойды ғой, — деп
дауыстады бір келіншек.
— Мама! Мамам қалып қойды!— деп Ираида Ивановнаның бес жасар
баласы Боря айқайлап жылап жіберді.
— Қатындар — ау, енді қайттік?
— Стоп-кранды жұлыңдар, тормоз беріңдер,
— Стоп-кран қайда?
— Қызыл вагонда стоп-кран болушы ма еді?
— Бұл неғылған оңбағандық. Тым болмаса жарты сағат бұрын
ескертпей ме?
— Станция бастығын жауапқа тартқызу керек.
Əйелдер азан-қазан, поездің дүрсілін басып, вагон ішін басына
көтереді, осы даңғазаға бебеу қағып шырылдап жылаған екі баланың даусы
ұласты.
— Мамам қалып қойды! Мамам!
— Мама! Мамочка!
Боряға қосылып Шурик те айқайлап жылай бастады. Света барып екі
баланы жұбатып жатыр.
— Жылама, балақайым, жылама. Мамаң келесі поезбен қуып жетеді,—
деп алдарқатады сəбилерді.
Кешеден бері қаңтарылын тұрған поезд бауырын жазып, жүрісін түзеп
алды, бірақ елге қарай асығып келе жатқан əйелдердің ішінде оған
қуанғаны болмады. Вагон ішіндегі даңғаза оқыс тыйылып, жұрт енді үнсіз
қалды. Əлденеге айыпты боп қалған адамдай біраз уақыт бір-бірінің бетіне
тікелеп қарамады. Бір ғажабы Ираида Ивановнаның екі баласы да, көппен
бірге тынышталып, үнсіз отыр. Бастарына түскен төтенше қасіретті сезді
ме, əлде шыңғырып жылай-жылай шаршады ма, білмеймін, екеуінің
кішкентай денесі шөгіп, сүлесоқ боп томсырайып қалған, тек оқта-текте
көздері жаутаңдап бірінің бетіне бірі қарайды да, ұядағы балапандай бір-
біріне тығыла түседі.
Осы бір төтен оқиға шырқын бұзып кеткен Елизавета Сергеевна біраз
дағдарыстан кейін біздің тізгінімізді қайтадан қолына алды. Ол енді
апасынан адасып қалған екі баланың тағдырын таразыға тарта бастады.
Бірақ алдымен «тəртіп бұзудың зардабының осындай пəлеге əкеп
соғатыны» жайлы біздерге біраз ақыл айтып алды.
— Ираида Ивановнаның қуып жетуіне менің үлкен күмəнім бар, — деді
Елизавета Сергеевна. — Өздеріңе мəлім қазір жағдай қиындап тұр. Еліміз
соғыс жағдайына көшті.— Елизавета Сергеевна тағы да əдетінше күйеуіне
еліктеп əскери тілмен сөйлеп тұр. — Сондықтан да біз мына екі баланың
тағдыры жөнінде дұрыс шешім қабылдауымыз керек. Кімнің қандай
ұсынысы бар?
Өз тағдырларын шешуді Елизавета Сергеевнаның қолына беріп қойып,
Шурик пен Боря сол томсырайған күйі үнсіз отыр. Əйелдер де мынадай
қиын жағдайда не айтарын білмей дағдарған түрлері бар. Бірақ заты əйел
емес пе, көп үнсіздікке шыдамады, біреуі бастап еді, бəрі бірдей жамырап
қоя берді.
— Келесі станциядан қалдырып кетейік, анасын тосып алсын.
— Денің сау ма? Титтей бала не біледі? Адасып өлмей ме?
— Далаға таста деппін бе? Станцияның бастығына тапсырып кетеміз
де.
Мынау алас — қапаста станцияның бастығы бала баға ма? Айтады екен
— ау...
Жə қойыңдар, — деп, жамырап баратқан қатындарды Алевтина
Павловна тоқтатты. Москваға дейін өзімізбен бірге апарамыз. Ар жағын
сосын көрерміз.
Əйелдер осы сөзге тоқырап су сепкендей басылды да Елизавета
Сергеевна басшылықты қайта қолына алды.
— Алевтина Павловнаның айтқаны дұрыс, əйел жолдастар. Бəріміз
осыған қосыламыз ғой?—Бір ғажабы ернін шымшып сөйлейтін Елизавета
Сергеевнаның əлсіздеу ащы даусы вагон дүрсілінің арасынан жұртқа тегіс
естіліп тұр.
— Қосыламыз.
— Басқа не айтатыны бар.
— Қаршадай сəбилерді далаға тастаймыз ба?—деп қостап жатыр
əйелдер.
— Ендеше біз бұ балаларға қамқоршы тағайындауымыз керек,— деді
Елизавета Сергеевна.
— Қамқоршысы несі тағы. Бəріміз ортамызға алып бармаймыз ба?
— Иə ортамызда болсын.
— Жоқ, əйел жолдастар, олай болмайды. У семи нянек дите без глазу.
Персонально жауап беретін адам керек,— деді Елизавета Сергеевна.—
Күтпеген жағдайлар болып қалуы мүмкін. Бізде басы бос əйелдер аз емес.
Света, Шурикті сен қолыңа аласың. Лида, Боряны сен бағасың.
Əйелдер басшысының бұл тəртібіне үнсіз келісім бергендей.
— Боря, балақай, Лида апайыңа бара ғой. Сен енді Лида апайыңмен
бірге боласың. Оның айтқанын тыңда, — деп Елизавета Сергеевна Боряны
иығынан сипап тұрғызбақ болды.
— Бармаймын. Бармаймын. Шуриктен кетпеймін,— деп Боря еңіреп
жылап қоя берді.
Əйелдердің алдап-сулап жұбатқанына да болмайды, ағасының
қолтығынан тастай қылын жармасып алған.
— Бармаймын, Шуриктің қасында болам,— деп шыр — шыр етеді.
Света шыдай алмады білем:
— Сəбиге тимеңдерші енді. Ағасымен бірге болсын. Нəзира екеуміз
бірігіп бағармыз,— деді.
Боря біраздан кейін барып өксігін басты да, кішкентай ағасының
бүйіріне басын қойып ұйықтап қалды.
Біреудің қайғысы жаныңа батқанмен, өз қайғыңдай ұзаққа бармайды.
Анасынан адасып қалған екі сəбидің қасіретіне «аһылап, оһылаған»
əйелдер көп ұзамай-ақ өз тіршіліктеріне кірісті. Тіршілік дегенде сірескен
тар вагонның ішінде не тіршілік болсын, түйіншектерін шешіп қайтадан
буып түйеді, бірақ о да ұзаққа бармайды, содан кейін ауыздары жалпылдап
əңгіме соғады, мұнысы енді таусылмайды.
Шурик пен Боря дəл менің алдымда. Алты жасар Шурик інісін оятып
алам ба деп қорқып, қыбыр етпейді. Аузынан су ағып, пысылдап ұйықтап
жатқан Боряға ауық — ауық көзінің қиығымен қарап қояды. Бір
дөңбекшігенде інісінің басындағы пилоткасы жерге түсіп кетіп еді,
бөксесін қозғамай жайымен ғана қолын созып алды да, басына қайта
кигізуге оятып алам деп қорқып, тізесінің үстіне қойды. Алты жасар
баланың əп-сəтте қамқоршы боп есейіп шыға келгеніне қайран болдым.
Осы екі бала енді қайтып анасына қосыла ма, жоқ па? Бала қасіреті тез
ұмыт болады дейді. Əнекей, Боря ұйықтап кетті. Баланың аты бала ғой,
қайғыны тез ұмытатыны да рас. Бірақ сəби жүрекке түскен қасірет.
...Жеті жасар кезімде бес жасар інім Жұмашпен дəл осылай бір-
бірімізге тығылып отырып ұйықтап қалғанбыз. Ертеңгісін алдымен мен
ояндым. Киіз үйдің ірге жағында, текеметтің үстінде жатыр екенбіз, бір
қамқор қол басымызға жастық салып, үстімізге көрпе жауыпты. Мен
Жұмашты керегеге қысып тастаппын. Мен оянған кезде ойымда еш нəрсе
жоқ басым қақырап бос тұр. Көзімді ашып үйдің уығына, одан шаңыраққа
қараймын. Ашулы түндіктен көкпеңбек мөлдір аспанды көріп, кеудеме
белгісіз бір қуаныш лықсығандай болды. Киіз үйде ұйықтағанда
таңертеңгілік шаңырақтан саф таза көк аспанды көріп қуанып оянатын
əдетім еді, бүгін де сол қуаныш лықсып келе жатты да кенет...
Кенет əлдененің ойсырап қалғанын сездім. Күндегі əдетімше көңіліме
лып еткен қуаныштың арты құлазыған далада жалғыз қалғандай үрейге
айналды. Бойымды мұздатып, адам шошығандай жаман бір нəрсе келе
жатты. «Апа... Апам жоқ,.. Апатайым...» Осы сезім жүрегімді тіліп өтті де,
еңкілдеп жылап қоя бердім. Білмеймін, ащы даусым шықты ма, əлде
солқылдап үнсіз жыладым ба, əйтеуір бір кезде Қамқа əжемнің құшағында
отыр екем.
— Айналайын, мауқыңды бас. Қайтейін деп едің... Анаң ғой. Қанша,
«əжемнің баласымын» десең де, шыққан жері құрғыр қиын ғой, — деп
Қамқа əжем шашымнан, жотамнан сипайды.
Қамқа əжемнің қолы да, сөзі де жұмсақ — жаныма жағып барады, тағы
да ұялмай, қысылмай жылағым келді. Біраз жылап алғасын бір түрлі
тазарып шыққандай бойым жеңілдеді. Жұмаш əлі ұйықтап жатыр, еш
нəрсені сезер емес.
— Жұмашжан əлі кішкентай ғой. Еш нəрсені түсінбейді. Өсе келе біледі
ғой бəрін,— деді Қамқа əжем. — Аналарыңды жоқтатпаймын дегенмен...
бір бүйіріңде жатады ғой құрғыр. Қанша елпектегенмен туған шешедей
қайдан болсын.
Қамда əжемнің осы сөздері құлағымда қалды, бірақ мен ол кезде бұл
сөздердің мəн — мағынасын ұққан жоқ едім, оның түсінігі есейе келе,
кейінірек барып жетті маған.
9
Басында составымыз шағындау еді, жүре келе ұзарып барады. Шамасы
келген станция осы поездің құйрығына бір нəрсесін іліп жібереді. Алғаш
аттанғанда вагонымыз соңына таман еді, енді ұзын поездің орта тұсына
келіп қалыппыз. Арт жақта да ала-құла, ашық — жабық вагондар, екі-үш
жерде қарайып цистерналар да көрінеді. Вагон іші де тарылып барады.
Қатындар қанша бажылдағанмен үстімізге біраз адам мінді. «Көңіл
сыйса...» дегендей əйтеуір сыйып жатырмыз.
Бізді қинағаны вагонның тарлығы мен поездің сыртқы жүрісі: жəне бір
қиыны бізді үлкен станцияға кідіртпейді, қайдағы бір жалғыз үйлі разъезге
əкеліп қаңтарып тастайды. Кейінірек білдік, үлкен станцияларда поезд көп
үйіріліп қалса жау самолеттері бомбалап кетуі кəдік екен. Əрине бəрі біздің
қамымыз ғой, бірақ бас аман болғанмен хəліміз онша емес, азық жағы
қинап келеді. Ал оның кесірінен екі-үш əйеліміз қалып та қойды. Өзіміз
шыдармыз — ау, Света екеумізге салмағын артқан Ираида Ивановнаның екі
баласы қиын боп келеді. Бір жақсы жері байғұстар мазасыз емес, монтиып
отырады да қояды. Əйтсе де жаутаңдаған көздерінен танимын —
қарындары ашып-ақ келеді. Бір полустанокте Света жұрттан бұрын қарғып
түсіп, айналдырған екі-үш үйге жүгіріп барып екі тілім нан алып келді.
Аналар да бермейін демейді — ау, бірақ поезд үлкен, Светамен жарыса
жиырма шақты əйел жүгірді, олардың қайсысына жеткізсін; қолда бар екі-
үш таба нанын жұқалап пышақ үстінен үлестіріп берген.
Света бір тілім нанды екі балаға бөліп берді де, бір тілімін қиқымын
түсірмей алақанына салып ұстаған күйі маған қарады. Қара нанның
қышқылтым исі танауымды жыбырлатып жүрегім сазып қоя берді, тіпті
солқылдатып қолқам суырып барады. Осы кезде «Вовка командирге»
еріксіз көзім түсіп кетіп еді, шолжың ерке бала, бір түрлі жуасып бізге
телміре қарап тұр екен, Светаға көзіммен соны нұсқадым. Света жұқа өңі
қызарып, ыңғайсызданып езу тартты да нанын Вовкаға ұсынды. Вовка
нанды қарбытып бір асап алғаннан кейін барып, аузы балпылдап:
— Спасибо, тетя Света,— деді.
Əуелгі кездері поездің жүрісіне, дұрысырақ айтқанда тұрысына,
əйелдер қатты ызаланды. Темір жол біткеннің үлкенді-кішілі барша
бастықтарын түгел саралап, бəрінің сазайын сөзбен беріп шықты.
«Осындай қым-қуыт кезде, соғыс жағдайында осынша салақтық жасаған...
Бұл жай тəртіпсіздік емес тура зиянкестік... қылмыс... Ендігі Москваға екі
баратын уақыт болды... біз əлі екі жүз километр ұзап шыға алмадық...
Тəртіп... тəртіп жоқ». Осы сияқты мірдің оғындай дəл тиетін дəлелді сөздер
аямай-ақ айтылды. Бұған қоса Қасымбекке еріп осы жаққа келгелі менің
құлағыма шалынған: «Расхлябанность», «разгильдяйство», «размазня»
деген сияқты командирлердің өздерінен төмендерге кейігенде айтатын
əдемі
сөздері
де
кетіп
жатыр.
(Басында
«расхлябанность»,
«разгильдяйство» деген сөздер маған сондай əдемі көрінуші еді, кейін
мағынасын сұрастырып білсем онша жақсы сөз болмай шықты).
Бірақ ашу — ыза да саябырсып барып басылды. Əйелдер енді «басқа
түссе баспақшы» деп бұл жағдайға да мойын сұнған түрлері бар.
Мойынсұнбағанда қайтеді, біздің көзімізге көрініп, қолымызға түспейтін
темір жол бастықтарына қашанғы шабалаңдай береді.
Біз екінші тəулікке қарағанда не бары төрт-бес үлкен станциядан, екі-
үш кішігірім қаладан өттік. Менің бір байқағаным үлкен станцияларда
абыр-сабыр, аласапыран: артынып — тартынып, чемодан, түйіншегін
арқаланып жүрген халық. Арлы-берлі жүгірген темір жол қызметкерлері,
көбінің даусы қарлығып біткен. Соңынан жүгіріп, жан алқымға алған
жұртқа жауап беруге де мұршалары жоқ, қолдарын бір-ақ сілтейді. Ашық
платформаларға, қызыл вагондарға жүк əкеп тиеп жатқан жүк машиналары
гүжілдейді. Кейде əскери эшелондар да кездесіп қалады. Мынау
аласапыранда лоблыған көңілді орнықтыратын солардың сабырлы кескіні.
Ал, кішкентай разъездер мен полустаноктерге тоқтағанда түсінде азан-
қазан, аласұрған тобырдың ішінде жан ұшырып келе жатқанда оянып
кеткендей — көңілің орнығып, жаның жай тауып қалады. Қыраттың
баурайында шыққан көк шалғында қаннен-қаперсіз жайылып жүрген сиыр
мен ешкілерді көріп, аузын ағашпен өрген құдықтан аспалы қауғамен су
тартып жатқан əйелдерді көріп — кешегі бейбіт өміріне қайтып оралғандай
боласың. Осы дүрлігістің бəрі түсіңде көрген оқиғаға ұқсап кетеді.
Балалардың бұрын мен аңғармаған мінездері көп — ау деймін, кішкене
нан жеп, сусын ішіп алған соң Шурик інісі Боря бұрынғысынан өзгерейін
деді. Өңдеріне нұр жүгіріп, көздері жылтырап бір-біріне күлімсірей
қарайды.
— Шурик, Шурик, екеуміз жасырынбақ ойнайық, — деп жалынды
Боря.
Шурик те жасырынбақ ойнағысы келіп орнынан тұрып, көзі
жыпылықтап жан-жағына қарап еді аяқ аттар жер жоқ.
— Жасырынбақ ойнайтын жер жоқ қой, — деді Шурик күрсініп.
— Менің жасырынбақ ойнағым келеді, — деп қыңқылдады Боря.
— Көрмейсің бе, айналатын жер жоқ, — деп кейіді Шурик үлкенсіп.
Содан кейін інісінің жыпылықтаған көзін көріп аяп кетті ме, не
қыларын білмей, кішкентай қабағын шытып ойланып тұрды да:
— Боря, Боря, таптым. «Сүзеген ешкіні» ойнайық. Кəне, сен баста, —
деді.
— Ой, жақсы болды, жақсы болды, — деп Боря қуанып қолын
шапаттады. Содан соң екі саусағын шошайтып, мүйізше кезеп:
— Идет коза рогатая... — деп бастап ала жөнелді.
Екеуі мəз болып, шықылықтап күліп, бір-бірін кезек қытықтап, əрі-
беріден соң алыса бастады.
Осы кезде арт жақтан жеткен бір поезд жанап өте берді. Əуелі мен де
оны елемеп едім:
— Ой бабоньки, мына поезд арттан қуып жетті ғой, мұнда Ираида
Ивановна болуы мүмкін ғой, — деп есік алдында тұрған бір əйел дауыстап
жіберді.
Шешесінің атын естіп екі бала «мама, мама» деп айқайлап есікке қарай
ұмтылды. Света екеуміз до есіктің жақтауына жармастық. Қызыл вагон
тіркеген ұзын состав өтіп барады. Жүк тиеген поезд болғанымен ашық
платформаға, қызыл вагондарға сығылысып мінген адам да аз емес. Екі
үлкен вагонға сиыр тиеген, оған жалғас үш-төрт жолаушы вагоны кетіп
барады. Вагон ішіндегілердің кейбіреулері терезеден қарап тұр. Бірте-бірте
поездің жүрісі үдей берді. Бір терезенің ар жағынан бала көтерген əйелдің
бет — жүзі көрініп қалды, Ираида Ивановнаға ұқсай ма...
— Анау Ираида Ивановна емес пе? — деп дауыстап қалды бір əйел.
Таныды ма, əлде əйелдің сөзіне елікті ме, екі бала:
— Мама, мама...— деп шырылдады.
Бірақ ол вагон жалт етіп өте шықты да сəлден кейін составтың құйрығы
да бұлаң етіп алдымыз ашылып қалды. Алдамшы үміт жер соқтырып
кеткендей, жаңа ғана топырлап айқай салған əйелдер, су сепкендей
басылып сұлық тұр. Осы төбеге ұрғандай тыныштықта тек Боряның ғана
«мама... мамам қайда?» деп жыламсырай қыңқылдаған даусы естіледі.
— Қыңқылдама! Тыныш отыр,—деп Шурик ағалық істеп, інісіне
кəдімгідей жекіріп тастады.
Боря ағасына жаутаңдап қарады да, қоя қойды.
Осы екі сəби аналарынан ажырасқалы тəулікке жуықтады. Аналарына
қайтып қосыла ма, жоқ па, ол арасы маған неғайбыл. Сағат сайын жағдай
қиындап бара жатқан сияқты, жол бойғы дүрлігіс те күшейіп барады.
Немістер біздің майданды жарып өтіпті деген қауесет расқа айналған түрі
бар. Үлкендер сезген қауіпті балалар сезе қоймайды ғой, көңілдері
келгенде өзге дүниені ұмытып, мəз-мəйрам болып ойнап та кетеді, əйтсе де
көптің тұнжыраңқы көңіл күйі бұларға да шалығын тигізетін сияқты. Екі
бала да ауық-ауық шешелері есіне түсіп, əсіресе естияры Шурик үндемей,
телміріп отырып қалады.
— Шурик, неғып отырсың? Бері кел, ертек айтайын мен сендерге, —
деп Света шақырған кезде, бір сəт еш нəрсе түсінбегендей бажырая
қарайды да, содан селт етіп:
— Ертек пе? Қандай ертек айтасың, Света апай? — ден, басындағы
ойын сілкіп тастап, тез сейіледі.
Ал, Боряның бір жас кішілігі тіпті айқын көрініп тұр — оның ішке
бүгетін еш нəрсесі жоқ. Шешесі есіне түскенде «мама... мамам қайдан
келеді?.. Мамама барғым келеді...» деп қыңқылдай бастайды, бірақ бір
нəрсеге алаң қылып, алдарқатып жіберсең уайымын тез ұмытады.
Біз қанша қамқорсынғанмен бұл балалар Света екеумізге бауыр басып
кете қойған жоқ, айтқаныңды істеп, тіліңді алмай артыққа жақындамайды.
Ұйықтар алдында аяп кетіп Боряны бауырыма басып жатып едім,
пысылдап жылап жатты да, ағасының бүйіріне барып тығылды.
Бip үйдегі балалар тай-құлындай тебісіп, асыр салып ойнап жүрген
қуанышты шағында бір-бірінің қадірін білмейді, төбелесіп те, татуласып та
жатады. Қадірін білмейді емес — ау, əншейін алаңсыз көңіл еш нəрсені
ойлатпайды. Қайғы үлкендерден гөрі, сəби балаларды қаттырақ
табыстырып жіберетінін мен өз басымнан кештім.
Анам қайтыс болғаннан кейін біздің үйдің іші үңірейіп қалғандай
болды. Үйдің іші деймін-ау, бүкіл ауыл құлазып тұрды. Үйге кірем, сыртқа
шығам, өзімді қоярға жер таппаймын, ауыл сыртына да шығып кетем.
Əйтеуір қайда барсам да бір нəрсе жетпейді. Не жетпейтінін де білмеймін.
Кейін есейіңкірей келе күшігінен айрылған итті көргенім бар. (Ауылда ит
көбейіп кеткен соң, ауыл адамдары жаңа туған күшіктерін қапқа салып,
аузын байлап суға тастаған). Сол ит өзін қоярға жер таппады. Күшіктерінің
жатқан орнын иіскелейді, бір ауық өзен жаққа барады, бір ауық қырға
шығып ішегін бұралтып ұлиды кеп, сосын қайтып келіп ескі жұртын
тіміскілеп қыңсылайды. Менің сол кездегі хəлім дəл осыған айнымай
ұқсайтын. Менің де ішімде ит ұлып жатты.
Қамқа əжем шақырып алып бетімнен сүйеді, баурына басып,
маңдайымнан сипап біраз отырады. Менің хəлімді біраз түсінгені ғой,
əйтпесе ол кісі баланы көп еркелетпейтін.
Аз уақыт алдарқатқанмен Қамқа əжемнің ықыласы да көңілімдегі
ойсырап тұрған қуысты толтыра алмайды. Əрине, кішкене бала өне бойы
қайғыра бермейді, мəз болып ойнап та кетесің. Алғашқы кезде бала
қасіретінің мақтанатыны да болады екен. Ауыл адамдарының, əсіресе
əйелдердің саған деген ықылас — пейілі өзгеріп кетеді. Əншейінде сені
баласынып көзге ілмейтін əйелдер, енді сен келе жатқанда сыпсыңдап
соғып отырған не бір қызық əңгімесінен пышақ кескендей тыйылып, жаңа
ғана жылтырап тұрған жүздерін қасірет реңі шалып: «е, Нəзира айналайын,
келе ғой, кел»,— деп ерекше елпілдеп, бұрын сен байқамаған жақын
пейілін танытып,— кебеже түбіне тығып жүрген тəттісі мен дəмдісін
аузыңа тосады.
Қайғылы бала қатарынан бөлініп, бұрын көптің бірі болса, енді көптің
көз тіккен, қабағын баққан қарасына айналады екен. Оның қасіретінің лебі
төңірегін шарпып жүреді — ол келе жатқанда балалардың айқай-шуы,
күлкісі тыйыла қалады. Осылай ащының арасында аузыда бір тиіп қалған
тəттідей сəбидің қайғылы көңіліне мақтаныш енеді.
Бірақ күні бойы өзіңді қайғыңмен бірге қампитып жүрген бұл
мақтаныш баянды емес, кешке қарай, жатар орынға келгенде, тағы да
құлазып қаласың. Қамқа əжемнің құшағы да үңірейіп тұрған сияқты,
азынаған бойыңды жылытпайды. Сол кездегі менің ішім жылып, ең жақын
тартқан адамым — інім Жұмаш. О да, осы Боря сияқты, бес жаста болатын,
еш нəрсенің байыбына бара алмайды, бірақ сəби жүрегі басына түскен
бақытсыздықты сезеді. Ағасын жоқтайды. Сонда өзге адамнан гөрі маған
келіп тығыла беретін.
Бір үйде тетелес өскен бала — жиі — жиі төбелесіп те қаласың. Ол
менің ызама тиетін, ойыншығымды бүлдіретін, шүберек қиындысынан
безендіріп киіндіріп қойған қуыршағымды бұзып тастайтын, тиіп кетсең
бақырып, апама барып арыз айтатын, мен де есемді жібермей оңаша жерде
жақсылап шымшып, кейде сабап алатынмын, апам қайтыс болған күннен
бастап екеуміз төбелеспейтін болдық. Татулықты кімнің бастағанын
білмеймін, əйтеуір Жұмаш бұрынғыдай менің ызама тимейтін болды. Енді
оған ойыншықты өзім бергім келіп тұрады. Қолыма іліккен асық, топайды,
əдемі таяқ, шыбықты Жұмашқа əкеліп бергенді жақсы көрем. Жұмаш та
менің қуыршақтарымды тарпа бас салып алып қашатын мінезінен
тыйылып, алғысы келсе жаутаңдап бетіме қарап өзімнен сұрайтын болды.
Жұмаш өзі қатарлы ер балалармен ойнауын сиретіп, маған үйірсектеп,
асық атудың орнына қуыршақ ойнайтынды шығарды. Мен де Жұмаштың
қасымда болғанын жақсы көрем. Ер бала мен қыз баланың ойыны жарасып
бірге ойнауы қиын ғой, əр бала өзінің табиғатына тартады. Ал, біз
ағайынды екеуміз тіптен жұп жазбайтын болып алдық — біріміз жоқ
болсақ біріміз елегізіп іздеумен боламыз. Əрине, бірге туғанның аты бірге
туған ғой, бірақ қаршадай екі баланы осынша жақындастырып кеткен, сəби
басына ерте түскен қасірет болар, сірə.
10
Ақыры біз де үлкен станцияға келіп тоқтадық. Аумағына қарағанда қала
болуы да мүмкін, аты-жөнін біле алмадым. Кейінірек тіркелген біздің вагон
маңдайында аты жазулы вокзалға едəуір — ақ жетпей тоқтады. Əйелдер
есіктен мойындарын созып:
— Бұл қай станция?
— Бұл қандай қала?
— Қай жерге келдік екен?— деп бір-бірінен сұрайды.
Менің білуге құштарлығым да шамалы, атын айтқанға бұл жақтың қай
қаласын біліп жатырмын, əйтеуір елге жақындай берсек болды — дағы.
Станция шынында да үлкен екен, тарам-тарам темір жолдың саны жеті —
сегізге барады — ау деймін. Бірнеше составтар тұр, көбі қызыл вагондар,
араларында кілең көк вагон тіркеген бір жолаушы поезы көзіме оттай
басылды. Екі-үш вагонды тұмсығымен итеріп маневр жасайтын паровоз
кетіп барады. Түтіні будақтап пыс-пыс етіп біздің жанымыздан өте беріп,
құлақ — шекемізді жарып айқайлап кеп жіберді.
Осындайда бəріміздің вагонның есігіне топырлайтын жаман əдетіміз
бар, жұртпен бірге мен де ұмтылам. Қапелімде, өз жағдайымды ұмытып
кетіп, опық жейтін əдетім, қазір де қатындар жан-жағымнан сығымдап,
бүйірімді қысып барады. Тершіген жұмсақ ыстық денелердің арасынан
ұмтылып шыққым келіп кейін шегіне бердім. Біреуінің қолтығының
қолаңсасы қолқамды атып барады, жүрегім айнып басым айналып кетті.
Дүниеде осы иісшілдігім — ақ жаман.
Сығылысқан əйелдердің ортасынан сытылып шығып «уһ» деп қара
күңгірт вагонның бұрышына отыра кеттім.
— Босқа топырламай жерге түссеңдерші, түге. Жарық дүниені көрейік,
— деді бір əйел.
— Бəсе, неғып тұрмыз қатындар — ау, түссеңдерші, — деп қостады
біреуі.
Əйелдер жапырлап жерге түсе бастады. Қарғып балалар да түсе
бастады. Вагонның босағасында Елизавета Сергеевна шырылдайды:
— Тəртіп сақтаңдар, əйел жолдастар, тəртіп сақтаңдар.
— Қайдағы тəртіп?
— Тəртіп деп қапырық вагонның ішінде тұншығып өлеміз бе?
— Біздің поездің қанша тұратынын білмейміз,— деді Елизавета
Сергеевна бұрын мен естімеген бір жалынышты үнмен.— Ираида
Ивановна сияқты қалып қойып жүрсеңіздер кім жауап береді?
— Ендеше барып білу керек.
— Иə, дұрыс айтылған сөз. Жүріңдер барып білейік.
Бірнеше əйел Елизавета Сергеевнаның жарлығын күтпестен вокзалға
қарай аяңдады, өзгелері де алақтап, кеткісі келіп кете алмай тұр.
— Жолдастар — ау, сендер ауылдың қатыны емес, командир
əйелдерісіңдер ғой. Неге беталды кетесіңдер. Бұлай етуге бола ма?— деп
шырылдайды Елизавета Сергеевна.
Бұл жолы оның дауысында баяғы əмірлі еркелік жоқ, дəрменсіздік қана
бар. Содан болар, анау əйелдер кетіп қалды, қалғандары да онша құлақ
асып тұрған сияқты емес.
Енді мен де жерге түстім. Света екеуміз жоғалып кетпесін деп екі
баланы қолынан ұстап тұрмыз. Төрт жасар «Вовка командирін» көтеріп,
жұрттың соңын ала Алевтина Павловна да сыртқа шықты. Бес-алты əйел
вокзалға қарай кетіп қалды. Қалғанымыз не қыларға білмей іркіліп тұрмыз,
тегі біз де ыдырап кететін сияқтымыз.
— Соғыстан бұрын аштан өлетін болдық қой,— деді Алевтина
Павловна күйінішті дауыспен.— Баласы жоқ əйелдер барып дүкеннен
тамақтан өтетін бір нəрсе алып келсін. Кəне кім барады?
Əйелдер Алевтина Павловнаны қостап «мен барам», «мен барам» деп
шуылдасып жатыр.
— Ендеше қазір сендерге ақша жинап береміз, — деді Алевтина
Павловна сумкасын ақтарып жатып.
Елизавета Сергеевна байғұс жұрт жаппай қолпаштап жүргенде ғана
əруақты екен, қазір ешкім елемеген соң, шүңкиіп бір шетте қалды.
Алевтина Павловна бес-алты əйелді сақадай сайлап бөліп алып жұмсап
жіберді.
— Осыдан құр қол келіп көзге көрінуші болмаңдар,— деп əмір етті.
Алевтина Павловнаның тырсиып шертіп тұратын шымыр денесі
босаңқырап қалғандай көрінді маған. Əдемі жүзінің нұры қашып, көз
айналасына көлеңке түсіпті. Вовка — командир шешесінің етегіне
тығылып үнсіз тұр, баяғы есірген еркелігі бір жақта қалған. Кешеден бері
осы бала асыр салып еркелеу тұрсын, ойыннан да қалды — тіпті назары
төмен.
Станция басының абыр-сабыры бізді таңдандырған жоқ. Жол бойы
мұндай аласапыран, алас — қапасқа көзіміз үйренетіндей болды. Қара май
басқан шпалдар мен рельстерге сүрініп, вагондардың буферлерінен қарғып,
босып жүрген неше түрлі халық. Қызмет атқарып, тəртіп беріп, ic
тындырып жүргендерінен бас сауғалап, қайтсе де кету үшін жан ұшырып
жүргендері анағұрлым көп. Осыны көріп, жаманат хабар расқа шықты-ау»
деп тұла бойың мұздап қоя береді. Мұнда топ — топ болып ұйымдасып
келгендерден гөрі не де болса өз талайынан көрмек боп жапа — тармағай
жүрген «жекелер» көп тəрізді. Сол «жекелердің» біразы біздің вагонға келіп
еді, бажылдап кіргізбедік. Олар саяқ жүрген жалғыз-жарым болғандықтан
күшке сала алмады, ал жалынып-жалпайғанға біз жібімейтін болып
алғанбыз.
Он бес қаралы адам үйірін бұзбай біздің составты жағалап келеді. Əр
вагонның алдында бір тоқтап — ашық болса, ішіне мойындарын сұғып
көріп, кейде вагон есігінің алдында кежілдесіп тұрып алады. Сол топ енді
бізге жақындады. Бастап келе жатқан бір-екі адам киім киісі мен келбетіне
қарағанда əжептəуір бастық болар, сол екеудің жанында не əскердікі, не
милицияныкі екенін ажырату қиын қоқырайған қызыл фуражка киген біреу
келе жатыр. Бұтында галифе шалбар, бірақ аяғында етік емес ботинка,
үстінде жеңі қысқа, иығы тыртиған тар бешпент. Жай адамға да, əскер мен
милицияға да ұқсамайды, кім екенін құдай білсін. Бəрінің қолдарында
чемодан, бума — бума заттар, арқаларына да түйіншектерін артып алған.
Бұл топтың жартысынан көбі əйел екен. Кейбіреулері, шамасы, буып —
түйген заттарының ішіне сыйғыза алмаған болу керек, қыс пальтоларын
үстіне киіп алып, ағыл-тегіл терлеп келеді.
Meн осылардың түр-түсін қызықтап қалыппын да еш нəрсе
ойламаппын, қауіпті алдымен сезген Елизавета Сергеевна болды.
— Қыздар — ау, — деп баж ете қалды ол. Сасқанынан «жолдас
командир əйелдері» деуді де ұмытып кетті.
— Қыздар — ау, тез орындарыңа сақ болыңдар, келіп қалды, — деді
Елизавета Сергеевна сасып.
Əйелдер топырлап вагонға мініп болмай жатып əлгі топ біздің
қасымызға келді. Қызыл фуражка кигені əккі неме екен, мініп жатқан
əйелдермен араласа вагонға бас сұғып көрді де:
— О, мұнда орын жетеді екен,— деді.
— Онда сіздермен көрші болсақ қайтеді?— деді іштерінде жас
ортасынан асқан инабатты кісі сыпайы ғана.
Біздің əйелдер баж — баж ете қалды.
— Өзіміз сыймай келе жатырмыз.
— Ине шаншарға жер жоқ.
— Дегенмен, жолдастар, ойланайық. Жағдай қиын ғой. Қысылып-
қымтырылып.
Біздің əйелдер бұрынғыдан бетер шырылдап ала жөнелді.
— Станислав Янович, бұлай шаруа бітпейді. Айтқан сөзге түсіне ме
бұлар. Кəне басып кіреміз,— деп қызыл фуражка вагонның есігіне қарай
ұмтылды.
Жаңағы шулаған шулаған ба, біздің əйелдер енді бүкіл станцияны
басына көтере шарылдап, азан-қазан болды. Вагон ішіндегілер қызыл
фуражканы жиырма шақты жұдырықпен түйгіштеп, жердегілер етегінен
тартып, ақыры айдап шықты, қызыл фуражка домалап жерге түсті. Жеңіс
біздікі болды.
— Бұл ерекше вагон.
— Адамдарымыздың жартысынан көбі вокзалда жүр. Қазір келеді.
— Бұл командирлер семьясына берілген арнаулы вагон,— деп əйелдер
тұс-тұстан жамырай сөйлеп жатыр.
Бұл сөздер бір жағынан ет қызуымен айтылып жатса, екінші жағынан
мына келгендердің бетін қайтарып, жаңағы жеңісті шегелей түсудің қамы
еді.
Бірақ біздің мұнымыз алғашқы жеңіс қана боп шықты, тіпті жеңіс екені
де неғайбыл. Аналардың ішінде таудай бір ірі əйел теңкиіп бірден көзге
түскен — шашын келте қырыққан, жалаң бас, желкесіне тарақ түйреген,
етшең ірі жүзді, май мұрындау келген қайқы тұмсық, үлкен иегінің оң
жағында бір буда қыл өскен бармақтай қара сүйелі бар. Шілде мезгілі болса
да қалың пальто киген,— арқасына тағын алған үлкен бір бума түйіншегі
бар, қолында тақтайдан шегелеген үлкен чемодан,— ағыл-тегіл терлеп
үнсіз тұр еді,— қызыл фуражка домалап кеткен соң, енді сол қозғалды.
— Арнаулы вагон... ерекше вагон... көрдіңдер ме? Сондай-ақ сендер
кімнің шікіресі едіңдер,— деп гүж ете қалды таудай əйел. Өзінің денесіне
сай даусы да жойқын екен.
— Біз, командирлердің əйелдеріміз...— деді біздің ішімізден біреу. Кім
екенін байқай алмадым, əйтеуір кім де болса даусы мықты шықпады.
— Һi, командир əйелдері...— деп кекетті таудай əйел.— Командир
əйелі... Сөздерін қарашы түге... Сонда біз немене, кім көрінгеннің астында
аунап жатқан біреуміз бе? Қарашы — ай, бұларды. Кəне, қатындар,
мініңдер вагонға. Көрейін əуселесін.
Таудай əйел саңқылдаған зор даусымен өзгелеріне əмір етті де тура
вагонға қарай ұмтылды. Біздің əйелдер тіпті сасқанынан үндей алмай
қалды. Есіктің алдында тұрған Елизавета Сергеевна шырылдап бір нəрсе
айтқысы келіп еді, алқынып даусы шықпай аузын аша береді. Сасқалақтап
жан-жағына қарады, көзі бір шеттегі, манадан құдай сабыр беріп үндемей
тұрған ұрысқақ Мусяға түсті.
— Муся, қалқатай, жарығым, сен... сен бір нəрсе деші мынаған,— деп
жалынды.
Вагон есігіне қарай төніп келе жатқан таудай əйелге қарсы, арық
шібіштей қатып қалған, бір шөкім Муся шабалаңдап шыға келді.
— Сен, қатын, кімді басынасың — ай. Таудай болған ет пен майыңнан
қорқады деп пе едің, мына жұрт? Əукеңді созба, тарт əрі. Командир қатыны
деп кекетеді ғой. Көрсетейін мен саған кекеткенді.— Муся шабалаңдап
кетіп жатыр, оның жіңішке ащы даусы құлаққа істіктей қадалады.
Бірақ ана дəу оған тынатын емес.
— Прыс... Мына бір шəукілдегі қайдан шықты. Кет былай есіктен,
болмаса лақтырып жіберем. Бүрісіп қалған көк тулақ.
— Кəне, лақтыршы! Көрейін күшіңді! Борсып кеткен ет пен май! Екі
көзіңді ойып алайын. Терлеп-тепшіп, қарашы өзін. Сенің қолаңсаңды
иіскейміз бе?
Біз Света екеуміз вагонға міне алмай қалып, екі баланы ұстап шеттеу
тұрмыз. Есік аузында екі əйел шарт та шұрт ұрсысып жатыр. Дүрегей төбет
пен қанден иттің айқасқаны сияқты. Бip шөкім Мусяң болатын емес, тіпті
ана дəудің беті қайтып барады.
Кісі деген қызық қой, кейде қияметте де қалжың айтатын шығар, арт
жақтан біреу айқайлайды.
— Дəу апаңды мінгізіңдер! Осынша ет пен майды қалай қиып тастап
кетесіңдер немістерге!
Біз өз қызығымыз өзімізге жетіп жатқасын еш нəрсені байқамай
қалыппыз. Айқай — шу, бақырған дауыстар жамыраса қалың жұрт үріккен
жылқыдай дүрлігіп жүр. Поездағылар вагонға кіруге емес, шығуға таласып
жатыр. Шығып үлгергендері тым — тырақай станцияның далалық жағына
қарай қашып барады. Паровоздар гудогын безілдетіп, соның арасында
«Воздух! Воздух!» деген айдай естіледі.
— Жау самолеті! Жау самолеті!— деп айқайлады жүгіріп баратқан
біреуі.
— Қашыңдар, қатындар! Жау самолеті келіп қалды! Бомбалайды!— деп
айқайлады қызыл фуражка.
Ұрысқа қызып кеткен қатындар сол кезде барып əзер тыйылды.
Алдымен дəу əйел тоқтады да, жан — ағына алақтап зытып баратқан
жұрттың соңынан қорбаң — қорбаң жүгіре жөнелді. Ұрысқақ Муся,
самолетпен ісі жоқ, ана дəудің желкесінен əлі де сыбап жатыр еді, вагон
ішінен дүрліге шыққан əйелдер оны итеріп түсірді.
Қауіп-қатердің мəн-мағынасы менің миыма жетті ме, білмеймін, жұртқа
қарап аузымды ашып тұрып қалыппын. Света қолымнан жұлқып «неғып
тұрсың, жүгір тезірек» дегенде барып, Боряны қолынан жетелеген күйім
жүгіре жөнеліппін.
Жау самолеті станцияны қанша уақыт бомбалады — он минут пе, бір
сағат па,— ол арасын мен айта алмаймын. Əуеден бір киіздей тұтасқан
қалың ал?ал төбеме құлап келе жатқан сияқты — одан құтылам, аман қалам
деген ойым болған жоқ. Миым айналып, басым зеңгіп, көз алдымды бір
тұман басқандай. Бір ғажабы осы тұман жиі — жиі жыртылып кетеді де —
шымылдық ашылғандай ар жағындағы дүние ап-айқын көрінеді. Боря
екеуміз бір составтың астынан еңбектеп өттік. Мен бір рельске сүрініп
құладым, тізем қақсап барады. Бірақ оған қарамастан, тұра жүгіріп
зырқырап баратқан Боряны қуып жетіп қолынан ұстап алдым. Гүрілдеп
келіп қалған самолеттің даусы тұла бойымды қалтыратып, іші-бауырымды
бүрістіріп жіберді.
— Жат! Жатыңдар!—деген біреудің даусы ажалдың хабарындай
естіледі.
Осы дауысқа еріксіз бағынып құлай кеттім. Осы кезде аспан да үстіме
құлап келе жатқандай еді. Тек жерге сіңіп баратқанымды білем. Бір кезде
көзімді ашсам — қасымда Боря жатыр. Беті — аузы лас, көзі жыпылықтап
маған қарайды. Жұрт орындарынан тұра сала қайта жүгіріп барады. Мен
бұл жүгірістің мəн-мағынасын ұққаным да жоқ, бойымды бір үрей кеулеп,
жұртпен бірге жүгіре бердім. Əйтеуір Борядан айрылмаймын, бірақ оны да
біліп істеп келе жатқаным жоқ.
Бір сəт станция жаққа көзім түсіп кетіп еді — будақ — будақ көтерілген
түтін мен шаңды көрдім. Бір жерде қара түтін астынан жалақтаған қызыл-
күрең жалынды көзім шалды. Аспандағы самолеттерді əлі көргенім жоқ.
Жоғары қарауға мұрсатым жоқ, жəне дəтім де шыдамай ма, білмеймін, Бір
кезде Светаны көзім шалып қалды, о да Шурикті тас қылып ұстап алыпты.
Оларды тарс ұмытып кетіппін — ау.
Тағы да:
— Жат! Жатыңдар! — деген бірнеше үрейлі дауыс жамырай шықты.
Тағы да аспан опырылып құлап келе жатты. Көзімді ашқанда бір
байқағаным бомбалар кəдімгідей шыңғырады екен. Төбе құйқамызды
шымырлатып, аспаннан шыңғырып құлап келеді.
Топырақ исі келеді мұрныма, оған енді түтіннің отқа қарыған ыстық
темірдің исі араласты. Көзімді аштым. Жасыл даланың шетін көмкерген
орман түсті көзіме, одан əрі көкпеңбек тұнық аспан. Сəл кейінірек
байқадым — «орманның бергі іргесінде шағындау деревня бар екен,
үйлерінің төбелерін, моржаларын көріп жатырмын. Жасаған — ау, ана бір
моржадан кəдімгідей түтін шығады. Сұйқылтым бейбіт түтін аспанға қарай
баяу көтеріліп барады. Біздің манадан бергі дүрліккеніміз түс болғаны ма?
Еш нəрсені жөндеп түсіне алмай, түсінгім де келмей аз уақыт жаттым.
Сол жақ қолтығымның астынан бір нəрсе қыбырлайды, шошыңқырап жалт
бұрылсам Боря екен, екеуміздің жерге сіңіп баратқанымыз, бомбаның
шыңғырғанымыз есіме түсті. Əр жерге сұлай — сұлай кеткен жұрт
біртіндеп орындарынан тұрып жатыр.
— Қайтып кетті. Енді келмес,— деді оң жақтан бір еркек даусы.
— Кім біледі, құрғырлар тағы да оралып жүрер.
Алдымен Боря түрегелді.
Тұрсаңызшы, апай,— деді маған.
Кішкентай ботинкасының тұмсығы мүжіліп ақжем боп кетіпті, ақ
жолағы бар сұр шолақ шалбары лас, бір-екі жерінде қара майдың теңбілі
бар, шамасы, мана поездің астынан еңбектеп өткенде жұқты — ау. Өзі де
кəдімгі қара сирақ боп алыпты — беті де қара ала сатпақ, жылтырап көзі
ғана көрінеді, Өңі жүдеңкіреп тұр.
— Апай, тұрсаңызшы, — деп ол екінші қайыра айтқанда орнымнан
түрегелдім. Белім шойырылып қалыпты.
Енді барып аспанға қарадым. Есімді жинап манадан бері зəре-
құтымызды алып төбемізден төнген тажалды көргім келіп еді, көзіме еш
нəрсе ілікпеді. Түс қайтып қалған — шөкімдей бұлт жоқ, көк аспан сол
тұп-тұнық қалпы, түк көрмегендей мөлдіреп тұр.
Болған оқиғаны айтып тұрған жер ғана. Станция жақ қап-қара тұтасып
тұрған қара бұйра шаң ба, түтін бе, ажыратып болар емес. Сол қара
толқынның астынан əр жерден қызыл қошқыл жалынның үшкір тілі
сүйреңдейді. Біз қаға беріс қалыппыз, аспаннан келген бар жалын сол
маңға төгілген сияқты.
— Шурик... Шурикке барғым келеді. Шурик қайда?— деп Боря
қыңқылдай бастады.
Станцияның сыртқы далалық бетіне қарай қашқан көп адамның біразы
үстін қағып жаңа тұрып жатыр, тіпті əлі де тұрмай жатқандары бар. Бəрі де
өртеніп жатқан станцияға қарайды, біреулері солай қарай кетіп барады.
Көбісі — ақ не қыларын білмей дағдарып тұр. Мен жан-жағыма алақтап
Светаны іздеп едім, көзіме түсе қоймады. Арлы — берлі жүгіріп іздеп те
көрдім. Үшті-күйлі жоқ. Қайда кетіп қалғанын құдай білсін. Енді Боря ғана
емес, менің өзім де жетімсіреп қалғандай мазам кете бастады.
Жұрт мидай араласып кетіпті, тіпті біздің əйелдердің бірі көзіме
түссеші. Боряны жетектеп, дедектеп жүріп ұрысқақ Мусяға ұшыраса
кеттім. Соған да кəдімгідей қуанып қалдым. Бірақ ол да Светаны, тіпті
біздің əйелдерден ешкімді көрмеген боп шықты.
Алты-жеті жасар бала ерткен бір сары шашты əйелді көзім алыстап
шалды; үстіндегі киімі де Светаға үк,сайды. Не де болса анықтайын деп
Боряны жетелеп солай қарай аяңдадым. Осы кезде тағы да:
Воздух! Воздух!—деген үрейлі айқайлар гүрілдеген самолет даусымен
қатар естілді.
Самолет даусы шыққан арт жағыма жалт қарасам, сонау алыс орманның
үстінен бауырын аз-ақ көтеріп бізге қарай алты-жеті самолет келе жатыр.
Қонғысы келгендей тура жерге қарай шүйіліп келеді. Есім шығып, жаңағы
Светаға қарай Боряны жетелей жүгірдім. Осы кезде патырлап оқ жауа
бастады. Қайдан, кімнің атқанын да байқай алмадым. Қазан қайнағандай
топырақ бұрқ-бұрқ етеді.
— Жат! Жатыңдар!— деген айқай еміс құлағыма келіп, сол дауысқа
еріксіз бағынып құлай кеттім.
Осы кезде «Шура! Шурик!»— деп айқайлап Боря тура жүгірді.
Қолымнан қалай шығып кеткенін білмеймін. Үстіңнен арба айдап өткендей
сатырлатып, гүрілімен кісіні жерге жаншып бір самолет өте шықты. Оның
артынан патырлатын оқ боратып тағы біреуі төніп келді. Meн есімді
жиғанша Боря он бес — жиырма қадамдай жүгіріп барып, екпінімен ұшып
түсті. Оқ тигенін, не сүрініп кеткенін біле алмадым. Бірақ құлағын түріп
ұнатпадым да соңынан қуа жүгірдім.
Көтеріліп жүгіре бергенде көзім түсіп кетті: жаңа ғана арт жақтан оқ
боратып жайпап өткен самолеттер, енді қайтып оралып алдыңғы жақтан
келеді. Сүйір тұмсықтарынан бұрқ — бұрқ түтін шығады. Тағы да
батырлатып оқ жаудырып келеді. Есімнен адастым ба, білмеймін, мен енді
əлгіндегідей шошымай. жүгіріп келе жатып самолеттердің сұсты жүзіне
тіке қарап, тұмсықтарынан бұрқылдаған түтінін, біреуінің тіпті қара
свастикасын анық көрдім. Өкпемді қолыма алып Боряның қасына жетіп
құладым.
Жақындай беріп-ақ баланың сұлық жатысын ұнатпап едім, енді
басымды көтеріп бетіне қарап жүрегім зу ете қалды. Боряның аузы қан. Өңі
сұп-сұр. Кірпігі аздан қимылдағандай болды ма, көзінде нұр жоқ. Баланың
басын көтере беріп, кеудесінің астында жерде ұйып қалған қанын көріп
зəрем ұшып кетті. Шамасы «Света! Света!» деп шыңғырып айқайлап
жібердім — ау деймін. Бір кезде «Боря! Боря!» деп айқайлап, жүгіріп келіп
інісінің үстіне құлай берген Шурикті көрдім. Жүгіріп келген күйі ентігін
баса алмай Света да жүрелеп отыра кетті.
— Боря! Боренька! Вставай, Боренька!.. Я пришел, вставай. Боренька!
— деп алты жасар Шурик бəйек болып бір ауық інісінің қолынан ұстайды,
бір ауық иығынан сипалайды.
Жанарында үрей бар, бірақ сонда да еш нəрсеге сенгісі келмей безек
қағады.
— Боренька, тебе больно? Очень больно, да? Боренька?..
Сəби жүрегі бір жаманатты сезгендей, көзі шарасынан шығып барады.
Інісінің өмірі біздің қолымызда тұрғандай, Света екеумізге керемет бір
жалынышпен жаутаңдап кезек — кезек қарайды.
— Тетеньки, почему он молчит? Ему пуля попала, да?— деп үрейлене
жыпылықтап біздің бетімізге қарады да, шыңғырып жылап жіберді,— Его
убили... Мама! Мама! Бореньку убили!.. Боренька!..
11
Сөйтіп соғыстың дəмін біз де таттық. Бұрын қай жағымыздан келіп
қалары белгісіз, алыстан жасқап, айбарымен қорқытып келе жатыр еді, енді
келіп тас төбемізден түсті. Алғашқы əсер тіпті жаман болды. Бүкіл дала
қасапханадай қан сасып, дымқыл тартып бусанып тұрғандай.
Ауаның өзіне ажалдың салқыны кіргендей шыңылтырланып бара ма,
қалай.
Еңкілдеп, ышқынып жылаған дауыстар естіледі. Далада сұлап жатқан
адамдар көп, біреулер күйбеңдеп жаралыларға көмек беріп жатыр, станция
жаққа қарай кетіп баратқандар да бар.
Мен еш нəрсені түсінуден қалып барам. Осы күнге дейінгі, дəл осы
станцияға келгенге дейінгі өмірің үзіліп артта қалған сияқты. Алдымда не
бар? Қазір қандай халдемін? Оны дұрыстап ажырата алмаймын. Көмескі
сезетінім — өмір артта қалды, алдымда ажал бар. Мен сол аралықта
тұрмын. Светаның бетінде де нұр жоқ, бір түрлі қан-сөлсіз сұрғылт тартып
кетіпті, жанарында да сəуле өшіп, бір салқын, қуқыл жарқыл қалған. Ап-
анық көріп, денеммен сезгендей болдым — оның бойын да ажалдың
салқыны шалған.
Алып бара жатқан үрей жоқ, өн бойыңа тараған бір суық бар, барша
дүние бояуы мен жылуынан айрылып құлазыған көңіліңді одан бетер
жүдете түседі. Мынау июнь айында маужыраған жасыл далаға, алыстап
қарауытқан көгілдір орманға қаңтардың ызғары тарап барады.
Төңірегіме, сиқы қашқан сұрдай дүниеге қарағым да келмейді, оны
көзім көргенмен көкірегім ұғып тұрған жоқ. Бəрі мəнсіз. Мынау көгерген
дала да, анау алыс қарауытқан орман да... О, жасаған, манағы мұржадан
бейбіт селдір түтін, жылы түтін көк аспанға баяу көтеріліп барады. Кəдімгі
от басының, ошақтың түтіні.
Осы түтінді көргесін бойыма бір жылу кіргендей болды: дүниеде əлі де
тіршілік бар екен ғой, түтін түтетіп отырған кəдімгідей бейбіт ошақтың
басы бар екен ғой. Аз-аздап есімді ашып, зеңгіп қалған басымды көтердім.
Төңіректегі болып жатқан дүниені түсінетіндей халге жеттім.
Жау самолеті тағы оралып соға ма, оны анық білген адам жоқ, тіпті
ондай қауіпті ойлап жатқан жан да жоқ сияқты. Станция басының абыр-
сабыр, аласапыраны қайта басталған. Бірақ темір жолға жақындағаннан —
ақ зəрең ұшады. Бұл ара астан-кестен. Манағы сіресіп тұрған бес — алты
составтың быт-шыты шыққан. Алғаш қарағаныңда белгісіз бір бұзады дəу
келіп, асыр салып, бүкіл поездарды баланың ойыншығындай қиратып,
бүлдіріп шашып кеткен сияқты. Кейбір составтар кəдімгідей опырылып —
опырылып қалған, қайсыбір вагондар құлап жатыр. Кей жерлерде темір
жол танабын отау үйдің орнындай ойып — ойып, қопарып кеткен де,
рельстерді үзіп, сым темірдей бұралтып майыстырып тастаған.
Станцияға жақындағаннан — ақ көңірсіген өрттің исі мен шаң – тозаң
кеңсірігіңді ашытып, көзіңді қариды. Кейбір вагондар лапылдап жанып
жатыр. Ар жақта да, склад па, білмеймін бір өртенген үлкен үйдің қызыл —
қошқыл жалыны жұлқынып көкке шапшиды. Осы жалын мен түтіннің
арасында арлы — берлі аласұрған халық. Еркек, ұрғашы, бала — шаға
мидай араласып, не қыларын, қайда барарын өздері де білмей қасқыр тиген
қойдай дүрлігіп жүр. Қайдан тап болғаны белгісіз бір əскерлер арғы бетте
өрт сөндіріп жатыр. Мына аласапыран мəнсіз дүрлігісте жөн — жосығын
біліп сабырмен қимылдап жатқан солар ғана. Иə, дүркіреп жүрген
тобырдың арасында өрт сөндірген адамның өзі əлдеқайда сабырлы көрінеді
екен.
Света екеуміз ары жүгіріп, бері жүгіріп өз вагонымызды іздеп таба
алмадық. Бір — біріне ұқсас вагондар көп, кейбірі қираған, қайсыбірі
жанып жатыр. Мен сасқанымнан:
— Вокзалдың бастығынан барып сұрайық,— деппін.
Света үндеген жоқ, бетіме бажырайып қарады да қойды.
Жалғыз біз емес, өкпесін қолына алып жүгіріп, өз вагондарын іздеп
жүрген адамдар кілең. Бір сəтте манағы бізбен ұрсысатын дəу əйелге көзім
түсті, тірі екен. Арқасында түйіншегі, қолында тақтай чемоданы, бірін
жоғалтпапты. Мына бейтаныс қалың нөпірдің ішінен көзіме жылы ұшырап
қоя бергені... Светаны түртіп қалып едім о да мырс етті, бірақ анау əйел
бізді таныған жоқ. Ол ұрсысқанда біз қаға беріс тұрғанбыз, сол сəтте бізді
байқайтындай болған жоқ — ты.
— Света, Света! – деген айқайға жалт қарасақ, Елизавета Сергеевна
жүгіріп келеді.
Панасыз, дəрменсіз адам иесіз қалған иттей елегізгіш болады — ay
деймін, оны көргенде, Светаны білмеймін, өзім қуанып қалдым. Бірақ
түріне қарасам Елизавета Сергеевнаның хəлі бізден де төмен сияқты,
бұрынғысынан да кішірейіп, шүңкиіп кеткен, өңі тіпті жүдеу, жаутаңдап бір
түрлі жалынышты қарайды.
— Ой, сендерді ұшыратқаным қандай жақсы болды, Біздің əйелдер
қайда?
— Біз де таба алмай жүрміз.
— А?.. Олар қайда кетті екен? Жүріңдер, вагонға барайық. Олар
вагонның қасында шығар.
Біз манадан вагонды іздеп таба алмай жүргенімізді айттық, сөйтсек
Елизавета Сергеевнаның өзі де, вагон тұрсын оң мен солын ұмытып
қалыпты. Ақыры қаңғалақтап жүріп жанып жатқан вагонның қасында
үйіріліп тұрған өзіміздің бес-алты əйелдің үстінен шықтық. Іштерінде
Алевтина Павловна, ұрысқақ Муся бар, керілдесіп бір нəрсеге таласып тұр.
Мусяның бажылдаған даусы анадайдан естіледі.
— Бекер болса осы арада арам қатайын. Осы тура біздің вагон. Танын
тұрмын, өтірік айтсам көзім шықсын.
— Сен қайдан білесің? Кілең қызыл вагон, бір — бірінен аумайды,—
деп шəк келтірді Алевтина Павловна.
Əйелдер тұс-тұстан ұрысқақ Мусяға дау айтып жатыр.
— Қой, біздің вагон емес бұл.
— Біздің состав басқа жолда болатын.
— Иə, бұл басқа вагон шығар.
Вагон ішінде əйелдердің қолға іліккен азғана дүниесі мен бір киер киім-
кешегі бар, ақығына жетпесе де «біздің вагон бұл болмағай» деп тілейді,
ішімнен мен де соны тілеп тұрмын. Бірақ шабынып алған Муся «көзім
шықсын, арам қатайын» деп өзеуреп бой беретін емес.
Жаманат деген құрғырдың өтірік болып шығатын кезі сирек қой. Өрт
сөндіріп жүрген əскерлер енді осы тұсқа жетіп, ұзын шлангамен су сеуіп
сөндіре бастады. Біреулері сом темірмен вагонның жалын жалап жұқартқан
қабырғасын ойып түсіріп, біреулері имек көсеу темірмен іштегі жанып
жатқан түйіншектер мен чемодандарды іліп алып сыртқа лақтырады.
Əйелдер лапылдап, бықсып жанып жатқан заттарын танып баж — баж етіп
тап береді. Бір лейтенант, өрт сөндіріп жүрген солдаттардың командирі
болар, от пен екі араға түсіп əйелдерді кейін шегерді.
— Өртеніп өлесіңдер ме, тоқтаңдар! — деп ақырды.
Содан кейін өртеніп жатқан заттардың үстіне су бүркітіп, шала
бықсытып сөндіріп берді. Заттарына жапа — тармағай бассалған əйелдер
əп — сəттің ішінде үсті-бастары, бет — аузы күлді-күйелеш боп шыға
келді. Кейбіреулері бықсып жанған дүние — мүліктеріне қолдарын
күйдіріп алып шар-шар етіп айқайлап та жібереді.
Темір жол аралықтары бұрыннан да шаң — тозаңына қара май төгіліп
теңбілденіп тұтасып тұрған лас еді, енді өртенген вагондардың күл-қоқысы
түсіп, оның үстіне өрт сөндірген су құйылып нағыз қап-қара, қара
шылқымай болған. Сол шылқымайдың үстінде біздің өртенген заттарымыз
жатыр. Əркім өз дүниесін іздеп, аударып-төңкеріп əбден былғап біткен.
Заттарымды таба алмай біраз əлек болдым. Бір кезде жұрттың аяғының
астынан бір шеті күйген тақтай чемоданымды тауып алдым. Пальтом мен
үй – ішінің ол – пұлын салып алған түйіншегім табылмады, вагонның бір
түкпірінде өртеніп кеткен болар. Жоғалтқан жалғыз мен емес, өрт сөндіріп
аласұрып жатқан солдаттарға:
— Жолдас жауынгер, вагонның ірге жағын көсеуіңмен тағы бір сүзші.
Менің чемоданым жоқ.
— Айналып кетейін, вагонды тағы бір тінткілеші,—деп жалынып
жатқан əйел дауыстарын естимін.
Чемоданымның табылғанына да шүкірлік еттім, ішінде көйлек —
көншегім, етігім бар. Сонша жерден ауылға жалаңаш, қайтқаным...
чемоданымның бір бұрышы бықсып жанып жатыр. От тиген қалың
тақтайдың ішіне өте қоймаған екен. Аузын ашайын деп едім, қапелімде
сасқанымнан кілтімді таба алмадым. Аузына салған кішкене құлыпты
жұлып алайын десем, Сейілхан ағам қаққан шеге болсын ба, əлім жетпеді.
От тиген тақтайдың қызыл шоғы үдей ішіне кеулеп барады. Не қыларымды
білмей, қатты сасып тұр едім, арт жағымнан бір солдат:
— Я патушу. Держи, вода, вода налью, — деді де, мен қайрылып
үлгермей шлангадан суды ытқытып жібереді.
Байқаймын, солдаттың орысша сөйлегені өзіме тартқан, содан ба, даусы
құлағыма бip түрлі құлағыма жылы тиді. Алғысымды айтайын деп артыма
бұрылып едім, солдат та маған бажырая қарады.
— Мə — а. Қазақ емесіз бе, қарындас?..
— Қазақпын. Өзіңізде қазақсыз ба? — деппін сасқанымнан, оның
қазақша сөйлеп тұрғанын да ескермей.
— Əрине, бұл жақта неғып жүрсіз, ойбай — ау?
— Жолдасым командир еді. Соған еріп келіп ем. Мұндай болатынын кім
білген. Еділбаев Қасымбек деген лейтенант. Естіген жоқсыз ба?
Солдат «естімедім» деп тіке жауап беруге ыңғайсызданды білем.
— Е — е, апыр — ай, сіздерге қиын болды — ау,— ден қипақтады. Өзі
ұзын бойлы, сырықтай жігіт екен. Қара сұр жүзді, ат жақты, екі танауы
быттиған кішкене пісте мұрын, шықшыты шығыңқы, астыңғы иегі ұзындау
болғанға ма, иегін ілгері ұмсыныңқырап жүреді. Аласа маңдайына дөңес
біткен қабағының астынан өткір көзі жылтырайды. Өзі де өткір, пысық
жігіт сияқты. Көптен ел қарасын сағынып, жалғызсырап, құса болған, одан
мынадай халге түскен мен бейбақ қазақ баласын көргенде қуанып кетіп,
ауылдың төбесін көріп қалғандай болып едім, ол қуанышым ұзаққа
бармады. Айтпай — ақ түсініп тұрмын, бұл солдаттан маған дəрмен
шамалы. Екеуміздің жолымыз екі басқа.
Бұл жігіт те елді сағынып жүр-ау деймін, менің төңірегімде
айналсоқтай береді.
— Қарындас десем жеңгей болып шықтыңыз — ау. Бірақ жас жағынан
қарындас боларсыз. Есіміңіз кім?.. Е... менің аты — жөнім Бұқашев Абан.
Апыр-ай, өтіп кете алмадыңыздар — ау, а...— деп қиналды Абан.
— Бізді енді қайтер екен?
— Ол арасын біле алмадым.— Ол су сеуіп жүрген шлангісін бір
жолдасына ұстата салды да, менің қасыма қайтып оралды.— Апыр-ай
сіздерге қиын болды-ау. Мына көрмейсіз бе, жол жабық. Көпірді тас —
талқан қып бомбалап кетіпті.— Абанның маған жаны ашып қиналып-ақ
тұр, қабағын шытып дағдарып қалды.— Апырай сізге не десем екен?
Тоқтай тұрыңызшы кішкене, мен командирімнен ақыл сұрап келейін.
Ол сораңдап составтың соңғы жағына қарай жүгіріп барады. Біздің
вагонымыздың өрті сөнуге таяды. Екі қабырғасы үңірейіп ойылып шыққан,
төбесінде де сау жері шамалы. Солдаттар вагонның түкпір-түкпірінде
қалған түйіншектер мен чемодандарды имек темірлерімен тартып шығарып
еді — жанып кеткен екен, күл болып үгітіліп түсіп жатыр. Əйелдердің
көбісі — ақ шұқылап аударып-төңкеріп жүріп өз заттарын тауып алған.
Кейбіреулері өрт шалған дүниелерін қағып-сілкіп «аһылап, оһылап» жатыр.
Күйіп қалған асыл бұйымдарының күйігі шыдатпай ащы дауыстары шар-
шар етеді, жаңа ғана бастарына төнген тажалды ұмытып кеткен.
«Бастан құлақ садақа» дейді қазекең, мен өзі құдайға сенбесем де, өзіме
жетерлік ырымшылдығым бар. Соңынан шыққан, өртеніп кеткен
түйіншектің біреуі менікі екен, таныдым, ішінде ұзатыларда арнайы сатып
алған қимас пальтом болса да онша күйінбедім. Бас садақасы. Елге аман-
есен жетсем...
Шала өртенген дүниелерін жұрт танып алып тауысуға айналған. Төрт-
бес қаңылтыр шəйнек, сынған тарелка шашылып жатыр. Манадан бері
əркім бір аунатып былшыған қара күйе қылған бір түйіншекті танып
ұрысқақ Муся айқай салды.
— Мынау Ираида Ивановнаның заты ғой. Иə, иə... Сыртындағы мына
көрпесінің жолағынан танып тұрмын. Егер бекер болса осы арадан
тапжылмай қатып қалайын...
— Оны қайттік? Өзі жоқ қой.
— Өзі жоғы несі? Балалары бар емес пе? Шурик, Боря? Қайда?
— Шурик мында,— деді Света.
— Затында ендеше сендер алыңдар,— деді Муся,— Шешесі жоқ болса
дүние баласына тиісті емес пе? Балаларының керегіне жаратасыңдар. Тағы
бір баласы бар емес пе? Боря қайда?
— Шынында да Боря қайда осы?
Асып – сасып, есінен танып жүрген əйелдер Боряның жоқ екенін енді
ғана аңғарып, Света екеумізге кезек — кезек қарады.
— Боряны өлтіріп тастады. Оқ тиді,— деді Шурик томсырайып.
Өрттен шыққан дүние-мүліктің əбігері біткен соң, əйелдер не істерін
білмей дағдарып тұр. Жол басшымыз Елизавета Сергеевна есінен
айырылып қалған, жөн сілтеудің орнына жаутаңдап жұртқа қарайды.
— Не істейміз, а? Не істейміз? — дейді дəрменсіз кескінмен.
Бұрын аузын шымшып сөйлейтін жұқа шымыр ерні де босаңсып, дауыс
əдеттегісіндей тық — тық етпей, жұмсарып бəсеңсіп кеткен.
Мен біраз жағдайды біліп келдім. Енді біраз уақыт бұл жерден поезд
жүрмейді. Қирап қалған көпірді оңдау оңай ма, Ал, оның үстіне немістер де
жақындап қалса керек. Сонымен сізге не ақыл айтарымды білмей
тұрғаным...
Абан желкесін қасып кəдімгідей қиналып тұр.
— Қайтейін, енді, жолдастарыммен бірге болам да.
— Апырай – ай, ə,— деді Абан қинала қипақтап.— Қолдан келер
көмегім болмай тұр — ау сізге. Командирдің айтқан ақылы — бұ жерге енді
аялдамасын деді. Мына жағдайда бұл жерден сіздерге ешкім көлік тауып
бере алмайды. Жаяу — жалпылап кете беріңіздер. Жолшыбай бұйырғанын
көрерсіздер.
— Жарайды, рахмет.
Сабаудай жігіт қолынан келер қайраны болмағанға қатты қиналған түрі
бар, аласа маңдайының астындағы дөң қабағын жиырып алып, желкесін
сипалай береді. Ақыры, қоштасудан басқа амалы қалмады.
— Ал, жолыңыз болсын, жеңгей. Алдыңыздан жарылқасын. Аман-есен
барсаңыз ел — жұртқа сəлем айтыңыз.
Абан тез бұрылып, алшаң адымдап кете берді де, оқыс қайрылып.
— Ағайдың аты-жөні Қасымбек Еділбаев дедіңіз бе? I – і — деді.
12
Төңірегім сұп-сұр. Бір жылтыраған ашық сəуле болсайшы. Бірақ
көрінбейтін қараңғы да емес. Үлкен бөлменің іші, қабырғасы, кішілеу
терезесі, қарауытқан белгісіз дүние мүліктер. Оны ажыратып жатқаным
жоқ, ажыратуға құлқым да шамалы. Қасымбек столға еңкейіп, бір нəрсе
жазып отыр. Маған бұрылып қарамайды, күңгірт жарықтан жүзін анық
көре алмаймын. Осындай ала кеуім шақта оның қағазға үңілгені несі?
Мейлі жаза берсін. Тек тұла бойым құрыстап, денем тоңазып барады.
Пальто жамылу керек еді, бірақ соны іздеуге зауқым жоқ. Оның үстіне
үйдің іші тіпті қараңғыланып барады. Жаңағы отырған жерінде Қасымбек
жоқ. Терезенің орнында болар-болмас күңгірт саңылау қалған.
Шала көрген түсімнен айығып көзімді аштым. Шынында да төңірегім
қараңғы, тек аяқ жағымнан аздаған саңылау көрінеді. Астымда қарағайдың
қылқанды бұтақтары, кəдімгідей тоңып қалыппын. Тұла бойым қалтырап
барады. Орнымнан тұрмай бүрісе түсем, жамылатын еш нəрсе жоқ. Ақыры
басқа амалым қалмаған соң, тым болмаса қозғалып жылынайын деп
еңбектеп сыртқа шықтым.
Бозарып таң атып келеді. Түнде қалың тұтасып, қап – қараңғы боп
көңіліме үрей салған қалың орман, енді арасына саңылау кіріп, селдіреп,
айқындала түсіпті. Шалаштан бойымды қарып, бұрынғыдан бетер
қалтырап, тісімді сақылдатып жіберді. Күйбеңдей жүгіріп, жер тепкілеп
жын соққан адамдай өзімді өзім сабалаймын. Аздап бойым жылынайын
деді, бірақ толарсағыма дейін су болып енді аяғым тоңа бастады.
Ойым он саққа жүгіреді. Ұрланып жаман ой да келеді. Əлде мені тастап
өз жөнін тапты ма екен?— Менің оған тиер пайдам шамалы ғой, тек
əйтеуір қара демесе... Мені қимастай оған нем өтіп кетіпті? Күйеулеріміз
бірге істеді, Коля Қасымбектің қарауында болды. Ал одан басқа? Біраз
уақыт көрші тұрып, орысша айтқанда подруга болғанымыз бар. Бірақ
терезесі тең құрбы болуға оның тəрбиесі де, білім-білігі де менікінен
əлдеқайда артық жəне оған орысша тілімнің мүкістігін қосса тіпті
төмендеп қалам. Мені аз да болса оған теңестірген бір жағдай Николай
Қасымбектің қарауында қызмет істейтін, яғни бастықтың əйелімін. Мұнда
бір байқағаным əйелдер де өздерін күйеулерінің шен — дəрежесіне қарай
ұстайды екен. Əрине мен Светаның алдына түсіп көргенім жоқ, оның мені
елеп, ықылас білдіргеніне де риза — тынмын. Қазір енді, бізді шендестіріп,
теңелместі теңеп тұрған күйеулеріміз жоқ. Құдай білсін...
Үмітіме талшық ететінім, «жүзі игіден түңілме» деп атам қазақ
айтпақшы, Светаның жүзінде иманы бар, сырына қанбай жатып бір
көргеннен-ақ іш тартып кеткенім содан болар. Қайдан білейін, əйтеуір,
əзірге жұбымыз жазылған жоқ еді: екшеле келгенде соншама əйелдің
ішінен екеуміз тізе қосып бір кеткенбіз.
Поезымыз қирап қалғанмен басында ұйтқымыз бұзылған жоқ — ты.
Бəріміз ұбап — шұбап станцияның бастығына бардық. Бастыққа кірмек
болып топырлаған қыруар жұрттан тіпті есікке маңайлай алмадық. Біреуді
біреу тыңдап, біреуге біреу жол беріп жатқан жоқ. Əйелдікке басып
шарылдайын десең сенен басқа да əйелдер толып жатыр. «Біз командир
əйелдеріміз, бізді алдымен жөнелт» дейтін өктем сөзің өтпей далада қалды.
Бұл арада ең мықтымсынған əйелдердің қолынан келгені:
— Қатындар, бір — біріңнен көз жазып қалмаңдар. Бірге болыңдар.
Шашау шықпаңдар,— деген өзара ақылдан аспады.
Шынында да мынау аткөпірдің ішінде көз жазып қалсаң — ақ енді
қайтып үйіріңді таба алмайсың. Ұясы бұзылған арадай гуілдеген жұрттың
ішінен біздің дауысымыз бастықтардың құлағына жететін емес. Сөйтіп
тұрғанда түп жағындағы кеңседен бір бастық шығып:
— Жолдастар, жолдастар, тынышталыңдар!—деп айқай салды.
Ызы — қызы шу саябыр тартып, есек — дəме жұрт аузына үңілгенде
əлгі бастық көпірдің бомбаланып қалғанын, енді бұл станциядан бір состав
кейін қарай жүре алмайтынын айтты.
Шығысқа қарай кетіп баратқан адам көп: үйеме жүк тиеген, оның үстіне
бала-шаға, еркек — əйелі жыпырлап мінген екі-үш машина етті, оқта-текте
салдырлаған арбалар кездесіп қалады, ал қалғанының бəрі жаяу-жалпы.
Түйіншектерін арқалап, чемодандарын көтеріп шұбырып баратқан жаяу
босқын. Бұлардың ұзақ жолға, жаяу көшке жаттықпағаны бадырайып
көрініп тұр. Арқаларына артқан жүктері одырайған ебедейсіз, көбінің
қолдарында чемодан, шелек, шəйнек ұстағандары да бар. Əне бір топтың
бергі шетінде бара жатқан əйел арқасына көрпеге буған үлкен түйіншек
артып алған, бір қолында үлкен корзинка, бір қолында кəдімгі жарқыраған
сары жез самаурын. О, дүниесі құрғыр десейші.
Вокзалдан жамырай шыққан көп жұрт топ — топқа бөлінсе де бір-бірін
нысанаға алып, қарайлап келе жатыр еді, енді ұзаған сайын бір-бірінен
қараларын үзіп, əртүрлі жол тарамына түсіп ыдырай берді. Белоруссия
жерінің орманы да көп, орман арасында құмы да көп екен, туфлиімізге
құйылып жүргізбейді. Оның үстіне биік тақа туфли жаяу жүріске
жаратылмаған ғой, əрі — беріден соң əйелдер туфлилерін шешіп алып,
жалаң аяқ кетті. Сусылдаған құм жалаң аяққа жайсыз емес — ау, бірақ
үйренбеген табанға бататын нəрселер көп, байқаусызда аяқтарына тікен
кіріп кетіп, əйел байғұстар баж-баж етеді, менің елден алып келген етігім
абырой болды.
Біз өртенген станциядан көппен бірге лықсып шықтық та, сол
екпінімізбен тарта бердік. Жөн сілтеп жол көрсетер басшымыз да, белгілеп
алған бағыт — бағдарымыз да жоқ, əйтеуір көппен бірге маңдайымызды
шығысқа беріп, кілең əйел ағып — тамып, шұбатылып кетіп барамыз. Үш
— төрт шақырым жүргеннен кейін — ақ, алғымыздан бұрын, чемодан
көтеріп, зат ұстаған қарымыз талып, болдырып тоқтадық.
Ойда жоқта мынадай оқиға оңай болсын ба, əшейіндегі сөзшең
əйелдердің екпіні су сепкендей басылып, бəрінің де қабағы салыңқы үнсіз
отыр. Қазақ «тас төбесінен жай түскендей» деуші еді, ал біздің тура тас
төбемізден жай түсіп, осындай халге душар етті. Күн шаңқай түске
көтеріліп қалғанмен біздің даладағыдай ыстық жоқ. Біз жол жиегінде
қайыңның көлеңкесінде отырмыз. Көбі төмен қарап жер шұқиды, біразы
қисайып жатыр.
— Қыздар — ау, осы біздің бастығымыз қайда?
Біліп жатырмын:Маруштың даусы, менікі сияқты оның даусы да орыс
үнінен бөлекше естіледі.
— Қайдағы бастық?
— Елизавета Сергеевна бар емес пе. Əйелдер советінің председателі
сол ғой.
— Оны қайтейін деп едің?
— Қайткені несі? Бастық бастықтығын істесін бізге. Басқарусыз бола
ма екен, — бұл енді ұрысқақ Мусяның даусы. – Жөн сілтеп, тəртіп берсін.
Біз үшін жауап бермей ме сол?
— Елизавета Сергеевна,— деді ұрысқақ Муся.— Баласы жоқ бедеу
келіншектер кердеңдеп бос келе жатыр. Ана жас баласы бар əйелдерге
жəрдем етсін. Бала көтеріссін. Соған бұйрық етіңіз, Елизавета Сергеевна.
Бір мезгіл бала көтеріссе қолы сынып қалмас. Сылаңдап еркек қарататын
заман емес.
— Тауып айттың, бəрекелде.
— Иə, бір-бірімізге қол ұшын бермесек бола ма?— деп Мусяның бұл
сөзін балалы əйелдер қостап жатыр.
— Мұндайға бұйрық берудің керегі жоқ. Баламды көтер деп кісіні
зорлауға болмайды,— деді Алевтина Павловна.— Өздері біліп істеген
адамдар болса, мейлі.
— Неге бұйрық берудің керегі жоқ?— деп шап ете қалды ұрысқақ Муся.
— Өзі білсін дейді ғой. Ал, өзі білмейтіндерді қайтесің? Бір əйел баласын
көтере алмай қан сорпасы шығып келе жатса, бедеу келіншек құйрығы
қайқаңдап кердең — кердең басып жүре бермек пе? Жо-жоқ тəртіп керек.
Біз өзіміз əскер болмасақ та əскердің қатынымыз. Бəрін де тəртіппен
істеуіміз керек. Солай емес пе, Елизавета Сергеевна?
— Менің ойымша Муся... Э — э... Мария Максимовнаның айтқан
ұсынысы өте дұрыс. Əйел жолдастар, мынадай жағдай қиындап тұрған
кезде шынында да тəртіп керек,— деді Елизавета Сергеевна,— Біз де
əскери тəртіпке көнбесек болмайды. Балалы əйелдерге көптеп көмектесейік
дегені де дұрыс сөз.
Елизавета Сергеевна кəдімгідей тіріліп келеді, даусы қатайып, өзінің
баяғы үйреншікті əскери сөздері тіліне қайтып оралып, кəдімгідей құс
түріне келіп қалыпты. Шаршап келіп, қалай болса солай құлай кеткен
əйелдер етегін жинап, бастарын көтеріп, бастықтың сөзіне құлақ асайын
деді.
— Ал, əйел жолдастар,— деді Елизавета Сергеевна, даусы
шымырланып, үні де өктем шығады.— Ендігі жocпарымыз не болмақ?
Соны ақылдасайық.
— Оның ақылдасатын несі бар. Тезірек үлкен бір станцияға жетіп
поезға мінудің қамын қылу керек,— деді Алевтина Павловна.
— Ол станцияда поезд болмаса қайтеміз?— деді күлегеш Муся қабағын
түйіп.
— Келесі станцияға барамыз.
— Сонда немене, солай жаяу жүре береміз бе?
— Жүрмегенде не істейсің? Немісті тосып алайын дем пе едің?— деп
шап ете түсті ұрысқақ Муся...
— Қайдағыны айтады екен — ау,— деп күлегеш Муся сықылықтап
күлді.
13
Жүрісіміз өнбей келе жатса да, жолға көндіге алмай болдырып қалған
əйелдер бұдан əрі аттап басқысы келмей, кешке таман шағындау бір
деревняға тоқтадық. Көбісі шаршағанын мойындағылары келмей,
«алдымыз түн, адасын кетерміз — ді» сылтау қылды. Бəріміз бір жерге
сыймайтын болған соң екі-үш адамнан үйді-үйге тарап қонбақ болдық.
— Əй, қатындар, сендер тал түске дейін шалжиып жатып алмаңдар,—
деді ұрысқақ Муся шоғырланып, ошарылып тұрған əйелдерге.— Ертең
сендерді үй бас сайын сұрау салып іздеп жүретін жағдайымыз жоқ. Солай
емес пе, Елизавета Сергеевна?
— Дұрыс айтасыз, Мария Максимовна,— деп қостап қойды Елизавета
Сергеевна.
— Ертең қай уақытта жиналсақ екен?— деп ұрысқақ Муся Елизавета
Сергеевнадан сұрады.
— Енді... жалпы ертерек жиналайық.
— Ендеше əтеш бірінші шақырған кезде дəл осы араға жиналасыңдар.
Бұл Елизавета Сергеевнаның бұйрығы. Ұқтыңдар ма? Ал ұйықтап
қалғандарың болса обалдарың өздеріңе. Іздемейміз. Солай емес пе,
Елизавета Сергеевна?
— Ə-ə... Иə, иə. Ерте жиналайық, жолдастар, тек кешігіп қалмаңдар. Э
— э, Мария Максимовна, біз екеуміз бір үйге түнерміз.
Елизавета Сергеевна бір кезде өзі ат — тонын ала қашатын ұрысқақ
Мусядан енді айрылғысы келмейді; бір нəрсе істегісі, не айтқысы келсе
алақтап соған қарайды.
Қонатын үй іздеп əйелдер деревняны жағалап кетті. Біз Света екеуміз,
ортамызда Шурик бар, төбесін басқалардай шаломмен емес, тақтаймен
жапқан, өзгелерден еңсесі биік үлкендеу бір үйдің алдына келіп тоқтадық.
Қақпаның алдына келіп қипақтап тұрғанымызды көрді білем, ауладан орта
жастағы арықтау келген ақсары əйел шықты. Шаруа жайлап жүрсе керек,
алдына алжапқыш байлап, кенеп көйлегінің жеңін түріп алған, шүңіректеу
біткен өткір көк көзін шүйіре қарады. Біз мəн-жайымызды айтып қонуға
рұқсат сұрап едік, əйелдің əжім шалған қатқыл жүзі жылымады, бірақ
қарсылық та білдірмеді.
— Жарайды, бір түнеп шығыңдар,— деді салқын ғана.
Біз аулаға кіріп қайда барарымызды білмей іркіліп қалып едік, алты-
жеті жасар сары бала бізді көріп, аузын ашып аңырып, əуелі «түрі жат, бұл
неғылған адам» дегендей маған қарап тұрды да, одан көзі Шурикке түсті.
Тосын баланы қызық көріп, бірақ бейтаныс баланың қасына келуге бата
алмай қипақтап тұр. Үй иесі əйел рұқсатын берді де, енді бізбен ісі болмай
сиырын сауып жатыр, біз не қыларға білмей аз тұрдық та, үй іргесіндегі
тақтай скамейкаға отыра кетіп, арқамызды жүктен босаттық.
Күн батып кеткен, бірақ теріскей жақтың ымырты тез үйіріле
қоймайды, кеугім тартып ұзақ тұрады. Əйел сиырын сауып болмай — ақ
үйеме арба шөп тиеген осы үйдің еркегі келді; биік қабақ, қырпусыз мол
мұрты аузын көмген қапсағай денелі кісі екен. Он екілер шамасындағы
бала ат айдап келеді; аты арқасына екі адам қатар жатып ұйықтағандай ірі
де семіз, ондай атты орысша «битюг» дейді екен. үй иесі шетен қақпаны
ашып, арбасын айдап қораның түпкі бұрышына өте берді. Қазір сірə,
босқындар таңсық болмаса керек, бізді көре тұрса да назар салып елемеді.
Кішкене бала бізді тастай беріп, шөп түсіріп жатқан əкесі мен ағасына
барды.
Біз мөлиіп үнсіз отырмыз. Өлердей шаршадық, жата қалғымыз — ақ
келеді, бірақ кісі үйіне қалай қожалық жасайсың. Бүгінгі біздің бір күнгі
бастан кешкенімізді өмір бойы көрмегендер толып жатыр. Манағы сəске
кезіндегі станция басындағы ойран — ботқасы шыққан дүние, қаза тапқан
халық. Мынау алты жасар Шурик бала тұңғыш рет ажалды көрді. Ажал
мұның ең жанды жерінен соқты, жанындай жақсы көретін тетелес інісін
алып кетті. Шурикті Боряның қасынан əкете алмай əлек болғанбыз. «Боря,
Боренька» деп жылап, одан мамалап шыңғырып азан — қазан болғанда...
соған қалай шыдағанымды өзімде білмеймін. Света қайратты екен, інісіне
қарай ұмтылып, əл бермеген Шурикті қапсыра құшақтап, əйтеуір сол
арадан алып шықты. Ышқына жылаған бала аз ғана жүргесін, пышақ
кескендей тыйылып, Светаның қолынан түсті.
Қазір сол Шурик мүлгіп үнсіз отыр. Мүлгіп отыр ма, əлде бір нəрсе
ойлап отыр ма? Кенет:
— Апатайлар, біз Бореньканы жерлемедік қой,—деді кəдімгі үлкен
адамдай мұңайып.
Сиыр мөңірейді. Деревня көшесінің шаңын бұрқ — бұрқ еткізіп
қайтқан сиырлар кетіп барады, мал қайырған əйелдер мен балалардың
даусы естіледі. Біздің хозяйкамыз күрпілдетіп екінші сиырын сауып жатыр,
күйеуі қарулы кісі екен, айырымен бір шөмеле шөпті бір — ақ түйреп
лақтырады, арба ортайып қалыпты.
Астағыпыр – алла — ау, баяғы қаймағы бұзылмаған ауыл тірлігі.
Басталған соғыс та, бүгін станцияның ойран — ботқасын шығарған жау
самолеттері де, Боряның қазасы да, біздің осы дүрлігісіміз де — мына маң
басқан, байыпты тіршілікке жанаспайтын бөлек нəрсе сияқты. Бір түрлі
ерсі, жат көрінсе де, осы баяу, бейбіт тірлік біздің көңілімізге аз да болса
тыныштық əкелгендей болды.
Хозяйка сиырын сауып болып, сарқып емсін деп екі бұзауын ағытып
жіберді де сүтін үлкен горшокке құйып, оны погребке түсірді. Қазан астына
от жақты. Үйге кіріп шығып, арлы-берлі өткенде бізге назар салып
қарамайды да. Үй иесі де шөбін түсіріп болып, арбасып доғарды. Үлкен
баласы:
— Батя, атты тұсап жіберем бе?— деп сұрап еді.
— Қазір босқын көп, біреу қағып кетер. Қораға байлап, алдына шөп сал,
— деді.
Енді үйге қарай келе жатыр. Жақындай беріп бізге бас изегендей сол
ишарат жасады. Бізді жаратпай жүр ме, əлде өздері жаратылысынан пейілге
сараң жандар ма, ол арасын айыра алмадық, бірақ қайсысы болса да бізге
жайлы тиіп отырған жоқ.
Қас қарайған кезде барып бізді үйге шақырды. Ондық шамның
жарығымен тамақ іштік. Хозяйка, алдымызға бір — бір тілім нан қойды да,
шөгеннен май шыжғырып қатық еткен капуста көже — щи құйды. Əйелі
оттан шыққан шөгенді столдың үстіне қойып жатқанда барып, үй иесі бізге
адам сияқты зер сала қарап алып:
— Иə, қай жақтан жүрсіздер?— деп сұрады.
Біз жөнімізді айттық. Шуриктің жағдайын естіп, мүсіркеп маңдайынан
сипап қойды.
— Иə, иə... Кішкентай балаға обал болған екен. Станцияны
бомбалағанын осы арадан біз де көрдік.
— Батя, мен де көрдім. Самолетті көрдім,— деп кіші баласы сөзге
араласты.— Ой, тіпті қызық болды. Гүрс — гүрс ете қалғанда...
Əкесі ұнатпай бір қарап қойып еді, кішкенесі жым болды.
Үй иесі биік қабақты, үлкен үшкір мұрынды, ірі жүзді кісі. Суалыңқы
жағы мен шықшыты шығыңқы кең иегіне бір жеті ұстара тимеген болар,
сақалы өсіңкіреп кетіпті, бірақ сары сақалдың өскені бадырайып біліне
қоймайды екен. қолы да күректей, қолындағы сорпа ішіп отырған қасығы
шай қасықтай көрінді маған.
— Кішкентай балаға обал болған екен,— деп басын шайқап қойды үй
иесі. – Əкең... əкең айыпты ғой бəріне. Үйі — ішін мұнда əкеліп несі бар
еді?
— Соғыс болатынын қайдан білген,— деді Света сөзге қаймыға
араласып.
— Неге білмейді. Офицер болғасын бəрін білу керек,— деді үй иесі
мұртын сипап.
— Менің папам офицер емес, командир, — деді Шурик ұнатпай. Қызыл
армияда офицер болмайды,— деп түсіндірді үй иесінің бетіне қарап.
Үй иесінің «офицер» деген сөзі біздің де құлағымызға түрпідей тиген
еді.
— А — а, солай ма? Біз ондайын əлі біле алмай жатырмыз, — деді үй
иесі езу тартып.— Сірə, түбі, большевиктердің көп нəрсесін біле алмай
қалатын шығармыз. Сіздің əскерлер қашып келе жатқан көрінеді ғой.
Сөзінде кекесін бар, бізді əйел деп басынғаны болар, кекесінін
жасырмақ түгіл, айызы қанып, ащы мысқылмен бізге бір қарап қойды.
— Жасаған құдайға мың да бір рахмет,— деді əйелі қолын бүріп
маңдайына тигізіп шоқынып жатып. — Өзіміздің жиған – тергеніміз
өзімізге бұйыратын болды ғой. Əлгі бір колхоз деген пəлесіне жеткізбей —
ақ, жасаған құдайдың рахымы түсті ғой. Арғы жақтан келгендер буынып —
түйініп кетіп жатқан көрінеді.
Света екеуміз бір — бірімізге қарадық... Тұла бойымыз мұздап қоя
берді. Келімсек, кіріптар қонақтың баққаны үй иесінің қабағы емес пе,
жаңа үйге кіргеннен — ақ үй иесінің ажарын баққанмын. Қанша түксиіп,
қабағын түйгенмен шүңірек көзінің бір тереңінде шыдамсыз жарқыл
бартын, не де болса бір жақсылық хабарды асыға күткен адамның кескіні.
Сол күткені кім екенін енді білдім.
— Арғы беттен келгендер кім?— деп сұрады Света түсінбей.
— Е, советтен келгендер ше. Осында сельсовет дей ме,парт ячейка дей
ме, əйтеуір көбейіп кетіп еді. Келіп алып жалаң аяқ, жақыбайларды құтырта
бастаған,— деді хозяйка. — Олар да енді сендер сияқты зытып барады.
Тентіреп жүрген мазасыз қонақты үй иелері сұқ көзімен атса да, біз
оған дайын едік, бірақ дəл мынадай үйге түсеміз деген үш ұйықтасақ
түсімізге кірген жоқ — ты. Содан есеңгіреп қалдық па, Света екеуміз
тілімізді тістеп алғандай үндемедік. Үндегенде не айтамыз, біздің сөзіміз
райынан қайтаратын жандар емес бұлар, мына сөздері де жай бір ашу
үстінде, немесе кездейсоқ қиянат көріп ренішпен айтылып жатқан нəрсе
емес, əріден, түбінен шыққан сөздер.
Иə, біздің жан сақтаушыларымыз да бүгін — ертең келіп қалар осы
араға. Ал, қонақтар, сендер ертерек кетіңдер. Қолға түсіп қаларсыңдар.
Онда бізге де сөз келіп жүреді. Басына күн туған адамға қол ұшын
бермеген де жаман. Бірақ...
— Иə, ерте жатыңдар да, ерте тұрып кетіңдер,— деді əйелі.— Немістер
сендерді онша жақсы көрмейтін болар.
Бала ойы сөз мағынасына жете алмай, бірақ іші бір жаманатты
сезгендей Шурик көзі жыпылықтап үй иелеріне кезек қарап отырған — ды.
— А, олар сіздерді жақсы көре ме?— деп сұрады ол, кенет таңырқап.
— Оларың кім?
— Немістерді айтам. Фашистерді. Сіздер соларға жақсыздар ма? Сіздер
бізге жақ емессіздер ме?— Шурик бұрынғыдан бетер таңырқап, үй
иелеріне, қасындағы өзі шамалас сары баланың бетіне үрпие қарады.
— Біз бе? Біз...— деп сары бала не айтарын білмей қипалақтап, сосын
əкесінің қабағын көріп, қоя қойды.
— Жə, сендердің ақылдарыңа сыятын нəрсе емес ол,— деп үй иесі екі
баланы тойтарып тастады. Содан кейін əйеліне əмір етті,— Шоланға
қонақтарға төсек сал.
Исі аңқыған жас шөптің үстінде жатырмыз, ортамызда Шурик пыс —
пыс етеді, Света да ұйықтай қоймаған тəрізді, бірақ екеуміз бір — бірімізге
тіл қатпаймыз, ішім сезеді, оның хəлі де менің хəлімдей болар. Көкіректе
бір зіл бар. Содан соң... Содан соң... жирену ме, жек көру ме?.. Əйтеуір
тереңнен туындап келе жатқан жанға жайсыз бір сезім бар. Бір — бірімізге
айта алмай... айтқымыз келмей жатқанымыз да сол болар.
Арғы беттен соғыс келеді. Біз сияқты қатын — қалаш, бала — шағасын
елге қайтарып, қолына қару ұстаған, əскер қатарындағы ер азамат соғысқа
кетті. Жолшыбай көргеніміз де сол — соғысқа аттанып бара жатқандар, жау
қолына түсіп қалмайық деп кейін шегінуге қам қылғандар — өзгеден
бұрын өзі мініп кеткісі келіп вагонға таласып, қанша керілдесіп, қырқысып
жатса да олар бір жақтың адамдары, арғы беттен жау келсе иін тіресін бірге
қарсы тұратынына өз басым шəк келтірмеймін. Мен үшін, жалғыз мен үшін
ғана емес шығар, дүние қазір қақ айрылып екіге бөлініп, ана жақтан келе
жатқан қатыгез, қаныпезер дұшпандар, мына жақта біз...
Қазір мынау қараңғы шоланның ішінде қапсағай ірі денелі, үлкен үшкір
мұрынды, шүңірек көз шаруа елестейді көз алдыма. Көктен күткені жерден
табылған қуанышын жасыра алмай, биік қабағының астынан бояуы сұйық
көкшіл көзі табалай, мысқылдай жылтырайды. «Арғы бет», «бергі бет» деп
жүргенімде, арғы беттен күткен жауымның бірі осы болғаны ма? «Бергі
бетте де» жау болғаны ма? Бала кезімнен аңқаулау едім, біраз нəрсенің
бақайшағын шағып, байыбына бармаппын да, біраз нəрсені аңғармаппын
— ау.
Қас пен досты мен таңдап алғаным жоқ. Менің дұшпаным арғы беттен
өзі келді, дұрысырақ айтқанда келе жатыр. Менің ғана дұшпаным ба?
Бəріміздің дұшпанымыз ғой енді. Қасымбек солармен соғысып жатса, мен
солардан қашып баратсам, менің де дұшпаным болмай қайтеді.
Ал, мына үй иесі? Елін шауып келе жатқан дұшпанды азат етушідей
асыға күтіп отыр, оның дұшпан көріп отырғаны біздің жақтың адамдары.
Демек, дос пен қасты бұл өзі таңдап алған. Қора жайлы, шаруасы бүтін,
Совет өкіметінің қолы батқан адамға ұқсамайды. Əлде қолдағы малының
баянсыздығын сезіп, «ертең алады — ау» деген күдігі ме екен, мұны арғы
бетке бір — ақ ырғытқан. Бай — кулактарды кəмпескелеп аластағанда мен
тым жастау болдым да, еш нəрсенің байыбына бара алмағанмын, жəне
біздің ауылда үлкен бай болмады да, ондай істі көзіммен де көрген жоқпын.
Кейін мектепте тап тартысы жайлы сабақ өткенде де, мұғалім түсіндірген,
кітапта
жазылған
қағиданы
сартылдатып
айтып
беріп
емтихан
тапсырғанмен, соның ар жағында тұрған дəйекті өмір, арпалысып
тартысқан тірі адамдар көз алдыма елестей қоймайтын. Иə, иə, мына кісіні
өзінің туған елінен бөліп тастаған нəрсе... не де болса күйгелек ыза, азға
ренжіген шырт етпе ашудан əріде, тіпті өзінің табиғатында жатқан астары
қалың өшпенділік сияқты. Ана көзқарасы ма?—Ол бітісетін адамның
көзқарасы емес.
Тағы да көз алдыма үй иесі елестеді. Стол басында тарамыс ірі денесін
кішірейткісі келгендей құнысып отыр; екен тағы мылтық ататын
солдаттардың дəл солай бүкжиіңкіреп алатынын көріп едім. Қырпуы
алынбаған мол мұрты астыңғы ернін көміп, биік қабағының астында
нысанаға дəл қадалғандай мысқылды суық жарқыл бар. Неге екенін
қайдам, тұла бойым мұздап кетті.
Үй иесінің осы бір кескіні ауық — ауық көз алдыма келе береді, көзімді
тарс жұмып алған сайын анық елестейді. Арқа жағымды мұздатқан бір
жаман сезім тұла бойыма шым — шымдап жайылып, демімді ішіме тартып,
төргі бөлме жақтан естілген əр тысырға құлақ түрем. Шоланнан сыртқа
шығатын есікте қылаңытқан кішкене ғана саңылау бар, ал оң жақтағы төргі
бөлмеге апаратын есік көрінбейді; о жақ түпсіз қараңғы. Осы қара тұңғиық
арамызды қақ бөліп тұр. Денем тітіркеніп демімді ішіме тартып тағы да
тың тыңдадым. Тысыр еткен дыбыс жоқ, тым-тырыс. Света да іштен тынып
жатыр — ау деймін, пысылдап — ұйықтағаны естілмейді, тек Шурик қана
ақырын пыш — пыш етеді, бірақ ұйықтаған баланың түрі емес. Қыбыр
етпей жатыр еді, кенет аударылып түсті де, ақырын ғана сыбырлап сұрады:
— Ол біздің жақтікі емес пе? Он не за нас?
14
От маздап жанып кетті. Бөгде жұрттың назарын аударатын бықсыған
түтін жоқ. Көңілімді орнықтырған сол ма, əлде маужырап бойыма тарап
келе жатқан рахат жылу ма, əйтеуір қайғы — қатерді ойламай балқып
отыра бергім келді. Таңның да реңі кіріп, қызыл шырайланып, ағаш
аралары селдіреп орман іші кеңіп қалған. Алаңсыз көңілмен мына ертеңгі
саф таза рахатты бойыңа сіңіріп отыра берсең, шіркін қандай жақсы, тек
қолтық астым солқылдап мазамды алып барады. Жүрегімнің сазғанын
сəлден кейін барып түсіндім.
Орнымнан тұрып, алдымен орман ішін айнала шолып шықтым, əзірге
қыбыр еткен қара көрінбейді. Света кеткен жаққа ұзағырақ үңілемін, бұта
— бұтаның түбін, ағаш — ағаштың арасын көзім талғанша тінтемін. Апыр
— ай, қонып қалса да ертерек тұрып келмей ме екен. Əлде сол жаққа таман
өзім барып қайтсам ба екем? Бағыты осы мына теріскей жақ болатын.
Осыдан екі жүз қадамдай жүрсең орманның шеті көрінеді. Одан əрегірек
барсаң... Бірер шақырымдай жердегі деревняға сайды қуалап тіке баруға да,
немесе орман ішімен орағытып баруға да болады. Бұ жақтың бір рахаты
əйтеуір тасасы көп...
Сол алғашқы жолда түнеп шыққан күннің ертеңіне кешке қарай үлкен
станцияға жетіп жығылғанбыз. Тіпті станцияның қарасын көргенде
поездан қалып қоятындай өкпемізді қолымызға ала ұмтылдық. Алдымыз
озып кетіп, артымыз шұбатылып қалып қоя береді. Ұрысқақ Муся
бажылдап айқайлап арттағыларды қуалайды, қалып қойғандарға жəрдем
етуге ілгергілерді бөгейді. Алевтина Павловна қан сорпасы шығып келе
жатыр екен, шыдай алмай менде бір пəс Вовка командирді арқаластым. Өзі
тым сыпайы адам ғой, беруін беріп қалса да, іле — шала:
— Сіздің аяғыңыз ауыр ғой. Сізге ауыр көтеруге болмайды екен ғой.
Ғафу етіңіз. Өзім көтерейін,— деп бəйек болды.
Осылай шаршап — шалдығып бір станцияға жетіп едік... бейбіт
кездегідей мұрты шағылмай бүп — бүтін тұрған станцияны жəне жолда
тұрған бір — екі составты көріп, есек – дəме көңіл тағы да алып — ұшып,
аптығып жетіп едік... ол көңілімізде су сепкендей басылды. Алдыңғы жақта
тағы бір көпірді бұзып кетіпті.
Ең бір сөзуар əйелдердің де тілі байланып, салымыз суға кетіп, жарты
сағаттай отырдық та, жаяу — жалпылап əрі қарай жүре бердік. Алғашқы да
ет қызуымен байқамаппыз, келесі күні ертеңгілік оянғанда қол — аяғымыз
салдырап, қозғалтпай қалған екен, орнымыздан əзер көтерілдік. «жазған
құлда шаршау бар ма», арқамызға батпандап жүк артқандай ауыр
денелерімізді сүйретіп ілгері қарай жүре бердік.
Мүмкін өзің, жеке басың болсаң, əй дүние құрып кетсінші, деп бір күн
жатып дем алар ма ең, бірақ көппен бірге болған соң... Көптің жеке адамға
деген бір киесі бар қайдам, жұрт кетіп бара жатқан соң сен жаның шықса
да қалмауға тырысасың. Əуелі маған осылардың бəрінің күші менен артық,
іштеріндегі жалғыз осалы мен сияқты көрініп, «жұрттың шырқын
бұзбайын, жалғыз қалмайын» деген бір ой еріксіз жетелей беріп еді, ал
кейінірек байқасам, бұлардың көбінің — ақ хəлі менен артық емес тəрізді.
Ішіміздегі соқтауылдай, ірі шымыр денелі күлегеш Мусяның өзі
қиралаңдап аяғын əзер басады. Алевтина Павловнаның айтары жоқ, ақсары
жүзі тотығып күреңітіп, көз төңірегі ойылып түскендей шүңірейіп, жұмсақ
ұлпа ерні солып, кезеріп кеткен, бастығымыз Елизавета Сергеевна да
шүңкейіп əрең келеді, біреуден жəрдем сұрағандай жалынышты кескінмен
жан-жағына қарап қояды. Бір шаршамаса, шаршамайтын ұрысқақ Мусяны
да көріп келем, ай мəз емес, бұрынғы қайқайып тұратын ұрысқақ ерні
жуасып тісіне жабысып қалыпты. Енді бақсам мен сияқты бұларды да
еріксіз жетелеп келе жатқан көпшілік екен. Сонда, бəрімізге бірдей үнсіз
əмірін жүргізіп келе жатқан көпшілік кім? Бақсам, ол біздің өзіміз. Ал,
əрқайсымыздың өзімізге салса, дəл осылай титықтап, көзіміз қарауытқанша
жүре алмас едік, тым құрыса жиірек аялдап, көбірек дем алар едік. Сонда
бəріміздің басымыз қосылғанда үстімізге аруақ көтеріле ме? Осы жəйтті əрі
— бері ойлап, менің шаршаған ойым түбіне жете алмады, тек əйтеуір осы
көппен бірге болғым келеді — сонда ойым да орнықтырақ, көңілім де
тоғырақ болатынын білем.
Біздің арба сатып аламыз деген талабымыз оп — оңай орындала
қоймады. Білмеймін, кілең əйел болғанға ма, шаруалар бізбен үлкен саудаға
барғысы келмей тайқақтай береді; сөйтсек ақшаға да сенімсіз қарайды
екен. Содан қолда бар дүниесымағымызды жинап көріп едік, ол ат арбаның
құнына маңайламады.
Қиналғанда ақыл тапқан Алевтина Павловна болды. Ол құлағындағы
алтын сырғасы мен қолындағы алтын сақинасын шешіп алып, содан кейін
түйіншегін шешіп көк жібек көйлегін шығарды. Əйелдер оған үнсіз қарап
тұр. Алевтина Павловна көйлегін бүктеді де үстіне сырғасы мен жүзігін
қойды. Содан соң көз айналасы тереңдеп, жағы суалыңқыраған əсем жүзін
көтеріп бізге қарады.
— Менде бары осы,— деді ол ақырын ғана.— Ал, ортамызда мəстек
болса бір көлік болмаса біз ешқайда жете алмаймыз. Өздерің біліңдер, əйел
қарманса əйтеуір бір нəрсе табады.
Əйелдер аз уақыт не істерге білмей үнсіз қалды. Ұзатыларда қолыма
Қамқа əжем салған алтын балдағым бар еді, оны кішкентай кезімде
апамның қолынан көретінмін, екі бірдей анамның көзіндей көріп жүрген
дүнием еді, қайтейін, қия алмай қанша қиналсам да дəтім шыдамады,
шешіп алып Алевтина Павловнаның сақинасының қасына қойдым. Ол
жанарын көтеріп менің бетіме қарады, үндеген жоқ. Бірақ адамның тұла
бойын жылытып жіберетін бір көзқарас болады ғой...
Осыдан кейін басқа əйелдер де сақина, сырғаларын шығара бастады.
Бұлардың қай — қайсы да үлде мен бүлдеге оранып жүрген əйелдер емес,
көбісі — ақ командирге тиіп иығы енді бүтінделген, өмірінде бір
жылтырағы, қия алмай, қинала-қинала шығарады. Жұрттың соңын ала
күлегеш Муся да бүткіл полк əйелдерінің көзінің жауып алған алтын
жалатқан күміс білезігін шешті. Қолы қалтырап ортаға қойды да, теріс
айналып кетті. Қорс — қорс етіп мұрнын тартты да, ақыры шыдай алмай
жылап жіберді. Бірақ еш əйел, тіпті ұрысқақ Муся да, оған кейіген де,
күлген де жоқ.
Кілең əйел болсақ та саудадан онша ұтылған жоқпыз. Жылқы баласын
мен де аздап танушы едім, ұрысқақ Муся тіпті жетік боп шықты, аттың
аузын ашып тісіне дейін қарады. Қамыт, ызбройын түгендеп, арбаның да о
жер бұ жерін қарап тексеріп, оң аяғы арбаның доңғалақ күншігін
майлайтын майына дейін таптырып алды.
— Немене, жаман арбаң мен жауыр мəстегіңе əкеңнің құнын алдың.
Байғұс қатындарға тұла бойындағы жалғыз жылтырағын жұлып беру оңай
деп пе едің. Сасық қайысың мен қара майыңды аяйсың ба? Əкел!— деп
апшысын қуырды.
Арба тауып алған соң адам болып қалып едік. Арқалаған ол — пұл
затымызды арбаға тиеп, бала-шағамызды да арбаға мінгізіп, кейде
шаршаған кезде екі — үштен мініп, əйелдер де аяқ суытып алатын болған.
Мені аяғы ауыр деп арбаға көбірек мінгізеді. Енді кəдімгідей жүрісті де
өндіріп, күніне жиырма шақты шақырым жолдың басын қайырып
тастайтын халге жеттік. Тек Белорус ормандарының ішінде құмы түскір
жиі кездесіп қалады, сол ғана көлікті қинап кетеді, Ондайда арбаны өзіміз
итереміз. Əйелдер де алғашқыдай емес, жүріске үйреніп алды.
«Сұрай — сұрай Меке барады», орыстар «тіл Киевке апарады» дейді
екен, біз де сол алдымыздағы үлкен қалаларды бағдарға алып сұрау салып
келеміз. Біз сияқты қаша көшіп баратқандар да жиі ұшырасып қалады,
ондайда қара болып бір жүреміз. Үлкен жолдар тиышсыз, жау самолеттері
жиі — жиі шабуыл жасайтын көрінеді, кейде дұшпанның танкілері мен
мотоцикл мінген əскерлері де өтіп кетеді дегенді айтады. Біз сол көбіне
орман арасымен өтетін жіңішке жолмен келеміз.
Бəріміздің күніміз қараған жалғыз атымызды баладан бетер əлпештеп
бағамыз. Орыстың келіншектері оған «Вася» деп ат қойып алды. Тоқтаған
жерде сол «Васяның» алқымына бастарын сүйеп, мойнынан сипап
еркелетіп тұрғаны. Көк шөпті жұлып əкеп:
— Мə, Вася, же, жей ғой,— деп аузына тосады.
— Ой, ты хороший мой. Какой ты красивый,— деп атты сипалап, асты-
үстіне түсіп жатқан əйелдерге ұрысқақ Муся кейіп тастайды.
— Хайуанның мазасын алмаңдар. Соншама мекіреніп немене.
— Қайдағыны айтады екен — ау. Мекіренгені несі,— деп күлегеш Муся
сылқ — сылқ күледі.
Шынында да сылап — сипағаннан хайуан тоқ болмайды — атты түнде
кезек-кезек
күзетіп,
арқандап
жаямыз.
Жолдағы
бір
колхоздың
басқармасынан бір қапшық сұлы сұрап алып едік, мойнына ілетін
дорбамыз болмаған соң əйелдер шөпті қос уыстап көсіп алып аттың аузына
кезек — кезек тосады.
Бірақ əйелдің уысы не жарытсын, күлегеш Муся ақыл тауып басынан
қызылды — жасылды гүл өрнегі бар бəтес орамалын шешіп алып сұлыны
соған салып аттың аузына тосты. «Вася» ерні жыбырлап сұлыны жегіш —
ақ екен, сұлы таусыла бергенде орамалды қоса асап жіберді. Муся
орамалын аттың аузынан əзер суырып алды, бірақ не пайда, орамалдың
ортасы ырым — жырым. Күлегеш Муся байғұс тағы да солқылдап жылап
отыр.
Бұ да бір заман екен. Онша арып — ашып жүдемей, көп əйел əзіл —
қалжыңы, ептеген ұрыс — қағысы аралас тым жақсы келе жатыр едік.
Жаяу жүріске де аяғымыз үйреніп жаттығып қалғанбыз, ойымыз тезірек
барып, тыныштау бір қаладан поезға мініп кету. Неміс те қашанғы шабуыл
жасай берер дейсің, біздің əскер де оны тоқтатып кейін қарай қуатын кезі
жақындап қалған шығар, деп ойлаймыз. Əр нəрсе басында қиын ғой, қазір
енді кəдімгідей көшіміз түзеліп, жол азабына көндігіп алғанбыз. Аман —
есен елге жетсек, мұның бəрі əншейін...
Иə... О да бір заман екен.
Жаңылмасам, арба сатып алғаннан кейінгі үшінші күн болар.
Орман ішіндегі бір кішілеу хуторға түнеп ерте аттанып кеттік. Ерте
жатып, жақсы дем алып, құр атқа мінгендей тынығып қалған екенбіз. Күн
жаңа шығып келеді. Бұ жақтың шөбі қандай, сарғаю дегенді білмейді ғой,
орман арасындағы алаңдарда көкпеңбек болып жайқалып тұрғаны. Əлі
кеуіп болмаған түнгі шық осы көк кілемнің үстіне шашып жіберген сансыз
моншақтай жылтырайды. Əйелдер де тыңайып сергек оянған, көңілді келе
жатыр.
— Осы «Васяға» сұлы берілді ме, бүгін?— деп сұрайды Маруш.
Жай сұрақ емес, бір астары бар сияқты.
— Жоқ, берілген жоқ. Күлегеш Муся жем беруші еді ғой,— дейді Валя
дейтін келіншек іліп алып.
— Жолдастар, осы біреуге бұралқы ат тағуды қойсаңдаршы, — дейді
Елизавета Сергеевна өзінің ағалығын танытып. – Жəй Муся деңдер.
Болмаса Мария Петровна деңдер.
— Ах, Мария Петровна, —дейді арбаның үстінде баласын емізіп келе
жатқан Наташа.— Мен арбаны тоқтатайын, Васяға жем беріп аласың ба,
қайтесің?
— Несімен жем береді? Орамалын жегізіп қойды ғой, — дейді Маруш.
Орамал қайғысы ұмыт болса керек, күлегеш Муся сылқ — сылқ күледі.
— Етегі бүтін емес пе, енді етегімен берсін. Кəне тоқтатайын —
болмайды Наташа.
Жұртпен бірге күлегеш Муся да сықылықтап күледі келіп.
— Əй, қатындар — ау, жаяу жүріп келе жатып күле бермеңдер, тез
болдырып қаласыңдар,— дейді Маруш езу тартып.
Алғашқы бір екі күнде біз тоқ шауып қызыл май қылып алқындырып
алған ат сияқты шаршап — шалдығып, тез болдырып қалғанда сыр
бермеген осы Маруш болды. Қаншырдай қатып алған бір сылым артық еті
жоқ сұңғақ денесі, қара торы қағілез жүзі сол ширақ, сергек қалпынан
ауған емес. Біз шаршап — шалдығып талып жеткен жерге құр атқа
мінгендей тың келеді. Мінезі де сол орнықты қалпынан ауған емес, əсіресе,
бір нəрсе айтар алдында сəл ғана тепсініп, шығатын мысқылмен езу
тартатын кескіні бар — ау титтей өзгерген жоқ – баяғы сол «Шығыс
Мадоннасы».
— Ішіміздегі жалғыз болдырмайтын сенсің ғой, — дейді Алевтина
Павловна Марушқа күле қарап. – Бір сылым артық майың жоқ. Бірақ оған
бола кердеңдей берме, бізде сенімен теңеліп келеміз. Артығымыздың бəрін
сылып бердік.
— Иə, майдан арылып келеміз.
— Енді күйеулеріміз кездессе ғой, қу сүйегімізді құшақтайды.
— Еркек деген қу сүйекті кеміретін ит емес. Енді бізге қарамас та.
Əйелдер осылай қалжың айтып қарқылдасып күліп келе жатқанда, бетін
арбаның артына беріп баласын ұйықтатып отырған Наташа:
Қыздар — ау, ана келе жатқандар кім? Кілең мотоцикл мінген біреулер
ғой,— деді.
Бəріміз ошарылып кейінгі жаққа қарадық. Сонау үш — төрт шақырым
жердегі орман көмкерген қыраттан бері қарай жеті — сегіз мотоцикл
ызғытып келеді екен. Түрлері əскери адамдар сияқты болғанмен біздің
көзімізге тосын, жат көрініп, бəріміздің көкірегімізге үрей жүгірді; өз
көзіміз мотоцикл мінген қызыл əскерді көрген жоқпыз — ды.
— Біздің əскерлер ме екен?— деді Валя қобалжыған сенімсіз дауыспен.
— Жоқ, мынау біздің əскер емес. Тезірек орманға тығылайық. Арбаны
айдаңдар!— деді Алевтина Павловна.
— Орманға тезірек жетейік!
— Не де болса сақтық керек.
Құдай оңдап жол да орманға тақап қалған екен, жүз қадамдай — ақ жер
қалыпты, атты тұс — тұстан сабалап орманға қарай жүгірдік. Енді сол жүз
қадам жер жеткізсейші, артымызға қарай-қарай жүгіреміз. Мотоцикл деген
жел аяқ қойсын ба, басқа жолға бұрылмастан, тура желкемізден төте салып
жақындап келеді. Өліп — талып орман ішіне де іліктік. Бірақ...
— Жолдан бұрылып қашыңдар! Бұта — бұтаны паналаңдар!— ден
айқай салады Алевтина Павловна.
— Ay, арбаны қайтеміз? Балаларды қайтеміз?— деді ұрысқақ Муся.
Осы кезде мына дүрлігістен зəре — құты қашқан балалар жылай
бастады.
— Бəрібір арба құтыла алмайды. Балаларға тимес. Сендер қашыңдар!
Қашыңдар!— деп айқай салды Алевтина Павловна.
Өкпелерін қолына алып жүгірісіп келе жатқан əйелдер тым — тырақай
орманның ішіне қойып кетті. Етегім далақтап мен де жүгіріп келем,
жүгірмегенде қайтейін.
— Алевтина Павловна, сақ бол! Балаларға көз қара бол,— деп
айқайлайды біреуі қалың ағаштың ішіне кіріп баратып, кім екенін айыра да
алмай қалдым.
Қайда, қалай қарай қашып баратқанымды да біле алмай тұла бойымды
жаман бір жымысқы үрей билеп, ес — түсімді білмей ышқына — ышқына
жүгірем. Тер жуып, удай ашып баратқан көзім де еш нəрсені анықтап
көрмейді, тек əйтеуір бетімді бір нəрсе осып — осып кетеді, соны ғана
сезем. Бір кезде біреу аяғыма тұзақ салып, қатты тартып қалғандай құлап
баратқанымды білдім.
Дымқыл жердің жасыл көк шөптің исі келеді мұрныма. Ішім ауырады.
Көзім ашиды. Жеңіммен көзімді сүртіп, бауырымды көтеріп еңбектеп тұра
беріп едім, арт жақтан шаңқылдаған дауыстар естілді. Еркек дауысы.
Ентіккен жүрегім лүпілдеп алқымыма келіп тірелгендей еңбектеп көтеріле
берген күйі буын — буыным қалтырап бір жамбасыма құлай кеттім. Енді
шаңқылдаған еркек даусына шырылдаған əйел дауыстары араласты.
Алевтина Павловнаның дауысын танып қалдым, оның даусының мұндай
ащы екенін бұрын білмеппін — ау. Мына біреу шырылдаған Наташаның
даусы.
Қалтыраған буынымды əзер билеп, тізерлеп бойымды көтеріп, бұтаның
саңылауынан дауыс шыққан жаққа көз тастадым. Сонша өлім — өшкендегі
жүгіргенім жетпіс – сексен қадамдай — ақ жер екен, бəрін анық көріп
тұрмын, жасыл форма киген жеті — сегіз неміс солдаты арбаны қоршап
алыпты. Наташа арбаның үстінде, бір солдат оған жерге түс дей ме, əйтеуір
бір нəрсе деп шынтағынан тартады, енді біреуі қолындағы баласына
жармасады. Наташа баласын бауырына тас қылып қысып алған, құлындағы
даусы құраққа жетіп шыр — шыр етеді, арбаға жабысып қалғандай түсетін
түрі жоқ. Енді бір солдат əйелдермен ісі жоқ, бір нəрсе іздегендей арбаны
ақтарып жатыр. Алевтина Павловна да Вовкасын көтеріп, бауырына қысып
алған екен, оған да келіп бір солдат жармасты. Бауырындағы баласын
жұлып алмақ боп алысып жатыр.
— Вовка, жаным, қорықпа! Ешкімге бермеймін,— деп, даусы
тарғылданып Алевтина Павловна жан ұшыра айқайлайды.
Екі солдат Валяның бір жасар ұлын шыңғыртып қолынан тартып алды,
біреуі бақырып жылаған баланы көтеріп, қолымен тербеп, «бай, бай» деп
жұбатпақ болады, екіншісі қос тағандап жер тіреп, ышқына тартынған
Валяны əрегірек əкеткісі келіп ырс — ырс етеді. Осы азан — қазан
айқастан оқшауырақ бір солдат ауыз гармонын ойнап тамашалап тұрған, ол
Валяның баласын жұбата алмай əлек болып тұрған солдатты көріп
мазақтағаны болар, қарқылдап күліп, бір нəрсе деп сөйледі. Содан кейін
Валяны алып кете алмай ырсылдаған солдатқа да бір нəрсе айтып күлді де,
қос тағандап сіресіп тұрған Валяны арт жағынан теуіп жіберді.
Арбаның тасасынан Алевтина Павловнаның төбесін көріп қалдым,
байғұс шырылдап əлі алысып жүр, əзір Вовасы қолында шығар деймін.
Наташаны ақыры арбадан сүйреп түсірді.
Осы кезде қырық — елу қадамдай жақынырақ жатқан бір əйел орнынан
тұра арбаға қарай жүгірді, Шабалаңдап сөйлеп барады. Ұрысқақ Муся.
— Бұл не масқара! Қаран қалғыр кілең, адамсыңдар ма, хайуансыңдар
ма? Баладан, жас баладан неге ұялмайсыңдар? Өңшең ұятсыз!
Көргенсіздер!
Жаңағы Валяны теуіп жіберетін неміс қайтадан ауыз гармонын ойнай
бастап еді, ұрысқақ Мусяны көріп неге мəз болғанын құдай білсін,
гармонын аузынан жұлып алып, қарқылдап тұрып күлді де, бауырындағы
автоматын сыңар қолымен көтеріп, Мусяға қарай дыр еткізіп бір дүркін
атып жіберді. Муся біреу кеудесінен қойып жібергендей, шалқалақтап
барып, кенет алға ұмтылғандай ілгері қарай етпетінен құлады; бір — екі
рет дөңбекшіп, аударылып түскендей болды. Ана солдат қарқылдап күле
түсті де, кенет қадалып қалғандай оқыс тыйылып, теріс айналып кетті.
«Мамалап» жүгіріп бара жатқан Люсяны көріп қалдым.
Менің көзім қарауытып кеткендей болды. Басқа солдаттар да қарқылдап
күледі. Біздің əйелдердің шарылдаған даусына мотоциклдің тырылдаған
қатқыл гүрілі жалғасты. Енді бір байқап қалғаным арт жақтан тағы бір топ
мотоциклшілер ағызып кеп, ошарыла тоқтады. Соңғы топ жеткенде мына
солдаттар аяқ астынан сасқалақтап, біздің əйелдерді қоя беріп асығыс
бойларын түзей бастады. Соңғы келгендердің ішінен біреуі, шамасы
командир болар, бұрынғыларға ақыра өктем сөйлеп бір нəрсе айтып жатыр.
Алдыңғылары айыпты кескінмен мотоциклдеріне ырғып мініп тез жүріп
кетті. Ол топ ұзай бергенде соңғылары да қозғалды.
Арбаның қасындағы əйелдер құтылғанын не құтылмағанын білмей,
əрқайсы тұрған — тұрған жерлерінде сілейіп қимылсыз қалған. Бұта —
бұтаның тасасынан шыққан əйелдер арбаға қарай жүгіріп барады. Мен де
солай қарай барайын деп түрегеліп бұтаның тасасынан шығып едім, бір —
екі қадам аттағаннан кейін буынымнан əл кетіп арбаның қасына əрең
жеттім. Жүгіріп бұрын жеткен əйелдер арбада қалған байғұстарды
құшақтап, манадан бері тас қылып қысып тастаған үрей құрсауы үзіліп
кеткендей еңіреп жылап жатыр. Естерінен тандырған қорқыныштан, көрген
қорлық пен азаптан жылайды. Ірі тұлғалы Валяның бүкіл жардай денесі
селкілдеп, өксігін баса алмай кеңкілдеп солқ — солқ етеді.
Екі — үш əйел ұрысқақ Мусяның басына үймелеген, біреуі мамалап
бақырған Люсяны əзер ұстап отыр. Енді өзге əйелдер де есін жиып осылай
қарай жапа — тармағай жүгіріп келеді.
Мусяның денесін тығыз қоршап алды да, кейінірек жеткен маған еш
нəрсе көрсетпеді, Тек «маму убили, маму убили» деп ышқына жылаған
Люсяның даусын естимін.
Жыламай тұрған жалғыз Алевтина Павловна ғана, бір түрлі өңі түтігіп,
қарауытып кеткен бе қалай, бізді көрмей əлдеқайда алысқа қарап, етегіне
жабысқан Вовасының басынан ақырын ғана сипалай береді.
Аз ғана жылап — сықтап мауқын басып алған соң əйелдер қайта
дабырласты:
— Қыздар — ау, енді не істейміз?
— Не істегені несі? Жүрмейміз бе?
— Біз жаудың тылында қалып қойыппыз ғой.
— Апыр — ау, біздің əскер қай жағымыздан өтіп кеткен?
— Біз орман сағалап, бұғып келе жатқанда өтіп кеткен.
— Қой, біздің əскер келетін шығар əлі.
Мен білсем бұл барлаушылар ғана. Алға жіберген шолғыншы отряды.
— Енді қайттік, құдай — ау?
Əйелдер бірін — бірі і тыңдамай, бірін — бірі бастырмалатып жамырай
сөйлеп кетті. Басалқы айтып, билік жүргізетін адам жоқ. Елизавета
Сергеевна болса мəңгіріп қалған, көзі жаутаңдап əркімнің аузына бір
қарайды. Бірақ қанша шуылдасқанмен іштерінен пəтуалы сөз айтып
тиянаққа тірейтін адам табылмаған соң, бастапқы «енді не істейміз» деген
сұраққа қайта оралып, тоқырап қалды.
Əйелдердің дабырасы басылған соң Алевтина Павловна:
— Ал енді жүрелік, — деді.
— Жүргенде... Мария Mаксимовнаны қайтеміз? Жерлемейміз бе? —
деді Елизавета Сергеевна алақтап.
— Қабірді қалай қазасың. Күрек жоқ қой.
— Қалай бетін жасырмай тастап кетеміз?
— Мария Максимовнаның денесін арбаға салыңдар.Жолшыбай күрек
табылған жерде жерлерміз,— деді Алевтина Павловна. Өлікті көтеруге
жүрексініп, əйелдер қипақтап тұр. Бір – біріне:
— Ал, ал, ұстасаңдаршы, дейді де шегіншектей береді.
Ақыры болмаған соң Валя мен күлегеш Мусяны шақырып алып,
Алевтина Павловна өлікті арбаға көтерісіп салып, ыңғайлап жатқызып,
бетін жапты да, өзі арбаға мініп Вовкасын алдына алып атты делбемен
қамшылап жүріп кетті. Қалған əйелдер де еңселерін көтере алмай, үнсіз
шұбатылып, арба соңынан ерді.
— Мына жолмен біз қайда барамыз? Артымыздан тағы да немістер
келсе қайтеміз?— деді күлегеш Муся.
— Иə, басқа бір, оқшау жолға түсейік.
Алевтина Павловна үндеген жоқ. Атты анда — санда шыбықпен бір
ұрып қойып, арбаны айдап келе жатыр. Тек аздан кейін барып тіл қатты.
— Сендер өңшең əйелдер топырламай, ана орманның ішімен жүріңдер.
Жолдан жүз қадамдай қашық ұстасаңдар болады ғой. Тек арбадан көз
жазып қалмаңдар.
— Ay сонда...
— Егер сендерге бір нəрсе болып қалса...
— Арттан тағы да жау əскері келіп жүрсе...
— Одан да арбаны орман ішіне бұрсайшы.
Заты əйел болған соң, əйтеуір сөзге араласпай қала ма, əйтпесе шешіп
айтып, жөн сілтейтін біреуі жоқ.
— Орман ішінде жолсызбен арба жүре ала ма? Басқа бір жолдың реті
келсе көрерміз. Ал, барыңдар енді топырламай,— деді Алевтина Павловна
жеки сөйлеп.
Біз жолдан шығып орманға кіріп баратқанда:
— Арбадан көз жазып қалмаңдар. Бірақ Мусяға ұқсап көмекке келем
деп ақымақ болмаңдар,— деп дауыстады.
15
Бала кезімнен естіген «уды у қайтарады» деген сөздің мағынасының
көп екенін маған соғыс үйретті. Осы бетіммен аман — есен елге жетсем,
бұл жағдай жау солдаттары мен алғаш рет кездескен, зəремді зəр түбіне
жіберген ең бір қорқынышты оқиға болып, мүмкін көз алдымнан кетпей
қояр ма еді, бірақ тағдырдың маған келешекте тарттырған тауқыметтерінен
кейін бұл жəйт өткінші елес, тіпті ойыншық сияқты көріне бастады;
кейінірек ойлап қарасам, бізді осыншама есімізден тандырып, зəре —
құтымызды қалдырмай қалтыратқан сұмдық оқиға — ана неміс солдаттары
үшін ойда жоқта тап болған бір ермек болса керек. Мотоциклмен ызғытып
келе жатқан көңілді солдат тар бір топ жас келіншектердің үстінен шыға
келсе, мұндай сəті келген шаруаны қапы жіберсе солдат бола ма; ертең
жолдастарына несімен мақтанады? Жол — жөнекей қолға түскен олжаны
оңай малданып, апыл – ғұпыл мауықтарын басып, бой суытып болып
жолдарынан қалмай тезірек жүріп кеткілері келген шығар. Бірақ осы бір оп
— оңай олжаның шырқын бұзғаны, құрғырлардың кішкене балалары бар
екен, жəне балаларын бауырына қысып алып айырылмайтындарын
қайтерсің. Бұған біреулері ашуланады, əрі қызық көріп күледі.
Төтеннен келген үрейден, қанша зəреңді алғанмен, кісі тез — ақ айығып
кетер еді — ау, бірақ мына оқиғаның аяғы тұтасқан қалың жамандыққа,
арылмас қорқынышқа ауысып мынау əшейінде ақжарқын, сөзуар
əйелдердің тілін байлап, еңсесін басып келе жатыр. Біз жаудың қақ
ортасында қалдық... Ол тұрмақ бір рет қолына да түсіп шықтық... Ендігі
хəліміздің бар сұмдығы бойымызға зіл боп тарап, басқан сайын аяғымызды
ауырлатып, еңсемізді төмен тартады... əйелдер біреу — міреу адасып
қалмасын деп жұбымызды жазбай, орман ішіндегі ойлы — шұңқырлы,
бұталы — томарлы жолсызбен келеміз. Кейде бір жалғыз аяқ соқпақ
кездесіп жүрісіміз түзеле бастаса — ақ, ол түскір қиғаш алып кетеді де;
анда — санда қылаң етіп көрініп келе жатқан арбамыздан көз жазып қалмау
үшін, қайтадан төтелейміз. Бір мезгілде үлкен жолдан бұрылып, қиғаштау
көрінсе де бір жіңішке жолға түсіп, сағат жарым жүргеннен кейін
орманның шетіне таман отырған орманшының ескіріп жапырайып қалған
ағаш үйіне жеттік. Орманшының өзі дүкеннен керек — жарағын алуға, əрі
мынадай неғайбіл кезде хал — жағдайды білуге, осы арадан он шақты
шақырым жердегі үлкен селоға кетіпті. Үйінде екі кішкене баласы мен
əйелі қалған екен, əйелі отыздың шамасындағы қараторы ажарлы кісі,
менің бір байқағаным бұ жақтың жергілікті халқында қара торы адам аса
сирек кездеседі, байғұс біздің хал — жайымызды білген соң жаны ашып,
асты — үстімізге түсті.
Оның күйеуінің қашан келері белгісіз болған соң, əйелдер өзіміз күрек
алып Мусяға қабір қаздық. Бұрын бір кішкентай істі бастар алдында
«өйтсек қайтеді», «жоқ бүйтсек қайтеді» деп əрқайсымыз əр жаққа тартып,
талқыға салатын əдетіміз бар еді, бұ жолы Алевтина Павловнаның бір ауыз
сөзіне даусыз жығылып, жұмыла кірісін кеттік. Орманды жердің
топырағының бет жағы дымқыл болғанмен ар жағы қатқылдау екен,
кеудеге дейін қазып едік, əйелдер: «тереңірек болсын», «бетін жаба
саламыз ба, дұрыс болсын» деп бірін — бірі қамшылап, ақыры кісі бойына
жеткіздік. Жеті жасар Люся қабір қазғандармен араласып, топырақ
лақтырған күрекке жаутаң — жаутаң қарап, алаң болып ана қазасын
ұмытып кеткен сияқты еді, бірақ шешесін қабірге түсірер кезде «мамалап»
ышқына жылап шешесінің денесіне жармасты. Ықылық атып, қылқынып
қалған баланы əзер ажыратып, Мусяны қабірге түсірдік.
Орманшы жағына пышақ жанығандай, үлкен қыр мұрынды, сопақ беті
дөңес шот маңдайынан иегіне қарай сүйірлене түскен ақсары кісі екен,
жирен мұрты бар, ол біз тамақ ішіп болған соң қайтып оралды. Кілең
əйелді көріп биік қабағының астына терең жасырынған шүңірек көзі
жыпылықтап таңырқап қалды. Астыңғы ернін қымқырып, аузын сылп
еткізіп сөйлегенмен даусы жұмсақ, түрі именшек, сірə, момындау адам
сияқты.
Оның алып келген хабары жақсылық емес: жау əскерінің екпіні қатты,
толқын — толқынымен қаптап өтіп жатқан көрінеді, тіпті біраз ілгерілеп
кетсе де керек.
Сонымен шығар тесігіміз бітеліп, немістердің қақ ортасында, жаудың
тылында қалып қойғанымызға көзіміз əбден жетті. «Бүгінгі бізге кездескен
жаудың байқаусызда өтіп кеткен ұсақ тобы шығар, алдымызда біздің əскер
тұрған шығар» деп көңілге талшық еткен үміт сəулесі өшіп, ендігі жағдайға
тіпті көңілімен де көндіге алмай, əйелдер сөзден қалды.
Байқаймын, жол — тұспалын білмейтін көрбала жалғыз мен емес, осы
отырған əйелдердің көбісі үшін — ақ болашағын ойлаудың өзі
қорқынышты сияқты. Əншейінде үндемейтін Света осы жолы өзгеден
бұрын есін жиып, ақылға келді. Ол орманшыдан:
— Біздің алдымыз қалай? Орманы көп пе?—деп сұрады.
Орманшы астыңғы ернін қымқырып, алдыңғы жақты шолып өткендей
көзін шүйіріп, кішкене іркіліп, ойланып барып жауап берді.
— Алдарың біраз жерге дейін жалаңаштау болады. Бір — бірімен
жалғаспаған ұсақ шоғыр тоғайлар болмаса, тұтас орман көп жерге дейін
кездесе қоймайды.
— Ал енді, жаудың тылында, қоршауда қалғанымызға көзіміз жеткен
жоқ па? Ендігі тірлігіміз не болмақ, қандай қам қыламыз, соны ақылдасып
алуымыз керек емес пе? — деді Света.
Даусы да ширақ, осы топтың ішіндегі ең еті тірісі өзі сияқты, осынша
уақыт бірге жүргенде Светаның мұндай пысық екенін білсемші. Бұрын
біреу сөз бастаса əр қайсы өз ақылын өткізгісі келіп жамырай жөнелетін
əйелдер, бұ жолы сөзге араласуға асығатын емес, «сен не дейсің», дегендей
қабақтарымен бір — біріне қарап, ақылды өзгеден тосады. Қипақтаған
көптің назары, ақыры Елизавета Сергеевнаға қарай ауысып еді, бірақ ол
байғұс ұрысқақ Муся қаза болғаннан кейін желі шыққан доптай солып
қалыпты; бастық екенін ұмытып, көптің тасасында шүңкиіп үнсіз отыр.
Ішіміздегі жалғыз еркек орманшы, бізге жаны ашып жаутаңдай қарап,
астыңғы ернін қымқырып, оқта — текте аузын бір сылп еткізгені болмаса,
ақыл қоса алмады.
— Сіздің ойыңыз қалай, Алевтина Павловна? Қайткенде де бір шешімге
келуіміз керек қой,— деді Света, шамасы өзге жұрттан жөн — жосық
сілтейтін пəтуалы сөз күтпеген сияқты.
Алевтина Павловна, баяғы бұлаңдаған сұлу келіншектің паңдығы мен
назды еркелігінің ізі де қалмаған, кəдімгі қарапайым көп əйелдің бірі
болып, Вовкасын бауырына қысып, бір шетте отырған; ол Светаға іркіліп
барын жауап берді.
— Сен дұрыс айтасың, Света,— деді Алевтина Павловна, баласын
алдынан түсіріп жіберіп, өзі көтеріліңкіреп отырды.— Иə — а, бір шешімге
келмей болмайды. Жаудың қоршауында қалғанымызға енді көзіміз əбден
жетті ғой, көңіл алдарқататын еш нəрсе жоқ, осы кезге дейінгі күніміз бір
бөлек еді, ендігі күніміз бір бөлек, құрбылар. Соны ойлаңдар. Бүгінгі
көргенімізді құдай енді қайтып көрсетпесін. Əсіресе баланың... Сəбидің
көзінше жармасқаны.. Білмеймін, егер бір нəрсе болса тірі қалар ма едім?..
Əлде... Өлімнен де жаман нəрсе болады екен.
— Бұл бүртігі ғана, желегі əлі алдында емес пе? — деді Валя.
— Иə, о да мүмкін,— деді Алевтина Павловна...— Жаман айтпай жақсы
жоқ. Енді тек жамандықты ғана күтуіміз керек. Басқа не істейтінімізге
көзім жетіп отырған жоқ, ал, менің бір анық білгенім,— біз енді мына тұтас
тобымызбен жүре алмаймыз.
— Сонда қалай?.. Сонда...— Елизавета Сергеевна сөзін жұтып тұтығып
Алевтина Павловнаның бетіне панасыз кескінмен үрпие қарады.
— Менің ойымша да Алевтина Павловнаның айтып отырғаны дұрыс,—
деді Маруш өзінің байыпты қалпын өзгертпей.
— Сонда қалай, тарап кетеміз бе?
— Əрқайсымыз бет — бетімізге кетеміз бе?
— Жоқ, ол болмайды ғой. Қолға түсіп қалсақ қайтеміз?
— Басымыздың ауған жағына кете берсек. Мен жол да білмеймін.
Əйелдердің шулап басылғанын сабырмен тосып, Maруш сол орыс
əйелдерінен мақамы бөлек байсалды даусымен қайта сөйледі.
— Ий, ыдырап бөлек — бөлек кеткеніміз жөн. Қолға түссек те біртіндеп
түсеміз. Немістерді бірден қарық қылмаймыз.
Біреулер ащы күлкімен мырс — мырс езу тартты, күлегеш Муся
сықылықтап күліп жіберді. Топырағың торқа болғыр Мария Максимовна
тірі болғанда осы арада бір тыйып тастар еді, қалған əйелдер оған еш нəрсе
деген жоқ.
— Маруштікі запыраны аралас қалжың ғой. Бірақ оның да жаны бар,—
деді Алевтина Павловна.— Біз мына тобымызбен ешқайда сыймаймыз,
қолға да тезірек түсеміз. Екі – үш адамнан бөлінуіміз керек. Содан əркім өз
шамасы келгенше қам жасайды. Ал, біз сияқты баласы бар əйелдер ұзаққа
бара алмаймыз. Орман тасасындағы хуторларды сағалап, біздің əскер
қайтып келгенше жан бағамыз. Ал, бастыларың өздеріңше қаракет етіңдер.
Алевтина Павловнаның бұл сөзі командирдің шешіміндей болып
шыққанға ма, əлде өзге орайының жоқтығынан ба, əйтеуір ешкім дау айта
алмай ақыры осы сөзге тоқырадық. Екі — үш адамнан топқа бөлінгенде де
ши шығарарлықтай еш нəрсе болмады, əркім өздері бұрыннан — ақ
орайлас екен, сол ыңғаймен жұптаса кетті. Менің ыңғайласым басынан —
ақ Света ғой, бірақ мынадай жағдайда қалай көрер екен деп бетіне қарап
едім, жайымен езу тартып басын изеді. Тек бастығымыз Елизавета
Сергеевна ғана серік таппай жетімсіреп əркімнің бетіне қарай беріп еді,
соны сезген Алевтина Павловна:
— Елизавета Сергеевна егер баласы бар, қиын болады демесеңіз,
екеуміз бірге болайық,— деді,— Басқа түскенді бірге көрерміз.
Елизавета Сергеевна қуанып кетті.
Өз баласы болса амал жоқ қой, бірақ мынандай жағдайда кім бала
жетелеп жүре алады, Люся мен Шурикті əйелдер орманшының үйінде
қалдыруға ұйғарып еді, олар онша ықыласты бола қоймаса да, көнді. Люся,
жаңа ғана жерленген шешесінің қасіретімен өзге сөзге алаңдар жайы жоқ,
ал Шурик қалғысы келмей көбірек қипақтады. Өз анасы болмаған соң
батып та айта алмай, көзі жəутеңдеп, аз да болса үйреніп қалған Света
екеумізге қарай береді.
– Апатайлар, мені ала кетсеңдерші.,. Meн өзім жүре алам ғой,— деп
жалынды бір кезде.
Meн не қыларымды білмей босап кетіп едім, Света əйтеуір сөз тауып,
алдарқатып жұбатып жатыр:
– Жоқ, біз алысқа барамыз. Сен шаршайсың. Люся екеуің осында
қалғандарың жақсы. Кейін сені елге поезбен апарады. Оған дейін мамаң да
келіп қалар...
Екі — үш адамнан қос болып оңай бөлінсек те ажырасып кетуіміз онша
оңай болған жоқ. Сонша күн жұбымызды жазбай бірге жүріп, үйірсек боп
қалғанбыз ба, дəл кетер жерге келгенде əйтеуір сылтау тауып айналсоқтай
береміз; оның үстіне бұрын əжептəуір қара болған соң көңілге де тоқтау
көрінетін, енді екі — ақ адам болғанға елегізиміз бе, қалай. Люся
шешесінің қабірінің қасында қалуды жек көрмесе де ажырасар кезде бізді
қия алмай жылап қоя берді. Шешесінің қазасы, үйреніп қалған таныс
адамдардан ажырап жат жерде қалуы — жеті жасар балаға бір күннің
ішінде осал жүк болсын ба.
Шыдай алмай Люсяны бауырыма қысып, содан кейін шашынан,
маңдайынан сипап ойымдағы бар жақсы, жұбаныш сөздерімді айтып
жатырмын. «Сен мұнда жалғыз қалмайсың ғой, қамқор болатын адам бар.
Кішкене шыдай тұр, қарағым, бұ жердегілер де жаман кісілер емес, əлі —
ақ бауыр басын өз баласындай болып кетерсің, аман болса, папаң да сені
іздеп тауып алмай қоймас. Мамаңның артында қалған жалғыз шырағы
сенсің ғой, сол шырағын сөндірме, айналайын, сен аман бол». Мен сөйлей
бастағаннан — ақ Люся тез жұбанып, жылағанын қоя қойып еді, енді
байқасам бір түрлі көзі адырайып түк түсінбегендей маған таңырқай қарап
қалыпты. Сөйтсем мен қазақша сөйлеп тұр екем ғой, бала не айтқанымды
түсінбей дағдарып қалыпты. Бірақ сөзімнен болмаса да көзімнен бір
нəрсені ұқты — ау деймін, қоштасарда менің мойнымнан құшақтай алды.
16
Көтеріліп келе жатқан күн сəулесі алдымен ағаш бастарын шалып,
қайыңның жапырақтары мен қарағайдың қылқанды бұтақтарын алтын
жалатқандай нəзік сарғыш нұрға малып, бусандырып келеді. Сəлден кейін
мол шұғыла орман ішіне ойып кіріп, ағаш басынан жерге дейін қиялай
тіреп кілең бір бозаңытқан күміс арқауларын қаптата тартып тастады.
Төңірегім кеңіп, айналам жадырап ашылып келеді.
Шіркін біздің даланың таңы да ғажап болушы еді — жусан мен боз,
көде бір түрлі сергіп, тазарып оянатын, шығыстан күннің құлағы
көрінгенде— бүкіл даланың жалпақ бетіне сəл ғана қан тепсінгендей
сұйқылтым қызғылт нұр шалатын; қыраттардың баурайында, сай мен
жылғаларда жиегін пышақпен кесіп алғандай тұп — тұнық қою қара
көлеңке жатады. Сонау, көз ұшындағы көкжиекке дейін жердің беті —
ондағы қарайған дүние, қыбырлаған
Мал ап — анық мөлдіреп тұрады. Аздан кейін о да осындай рахатқа
балқып, ақырын бусанып келе жатады. Орманның тамашасы күндізгі
ыстықтағы саясы, кешкіліктің рахаты дала ғой, алысың айқындалып,
дүниең кеңіп жүре береді.
Қайран туған жер! Сені де көретін күн болар ма екен? Арамыз бөлініп
қалды. Ортамызда өткел бермес дариядай жау бар, дария деймін — ау,
маған енді туып өскен ел — жұртым теңіздің ар жағындай елестейді.
Кішкентай болса да үміт жетелеп, əйтеуір жақындай берейікші деп
шығысқа қарай жетелеп келеміз. Менің үмітім де теңізге салған жел қайық
сияқты, жөнді ескек, желкені жоқ, қалт — құлт етіп шексіз теңізден алып
шыға ала ма? Ай, қайдам... Тек үмітсіз сайтан демесе.
Осындай жалғыз қарақан басың болса да бірсəрі ғой. Бірақ осы мен
шынымен — ақ екеумін бе? Екеумін дейін десем... көзіммен көріп,
қолыммен ұстаған еш нəрсем жоқ, құрсағымда жатқан дүниені өз тəнімнен
бөліп алып, тірі жан бейнесінде көз алдыма елестете алмаймын. Кейде жас
нəрестені көз алдыма елестеткім келсе де түр — түсі, мүсіні ұстатпайды,
түсте көргендей бұлдырап кете береді.
Ал жалғызбын дейін десем... жоқ, жалғыз емеспін. Оны анық білем.
Бүйірімді жылытып, бір жан иесі жатыр, қыбырлап тіршілігінен хабар
беріп қояды. Қазір ішім білініп келеді. Кейде менің бір өзім ағаштың айыр
бұтағы сияқты екіге бөлініп келе жатқандай боп та сезінем. Бұрын басымда
болып көрмеген əрі қызық, əрі жат сезім. Ішімде жатқан осы кішкентай
өмір өсе келе бөлініп шыққанда тұла бойымдағы біраз нəрсемді өзімен
бірге ала кететін сияқты — сонда мен де екіге бөлінем. Қызық — ау, көп
бала тапқан аналар қайтеді екен, қайта — қайта бойындағысын бөліп бере
ме екен?
Аналық сезім деген сөзді көп естуші едім, шынымды айтсам, сол сезім
қазір менде бар ма, жоқ па, ол арасын анық білмеймін. Бар дейін десем
баланы қолға ұстағандай, құшырланып, иісін сезгендей исініп тұрған еш
нəрсем жоқ. Бірақ сезімнен құр алақан да емеспін — бүйірімде қыбырлап
қойып, ұйықтап жатқан осы бір жан иесіне деген көкірегімде жылу бар.
Мүмкін көктем кезінде жеміс ағашы бүртік жарғанда осындай халде
болатын шығар деп те ойлаймын. Со кезде қабығы жұмсарып, баяу тыныс
алғандай бусанып тұрады ғой...
Қазақ екіқабат əйелді «аяғы ауыр» деп бекер айтпаған екен, аяғының
ауыр, жеңілін əсіресе жүрген адам біледі, күн асқан сайын аяғым шынында
да ауырлап келеді. Кешегіден бүгін көбірек шаршаймын, ертең бүгінгіден
де көбірек аритынымды біліп, меселім құриды. Осындайда өз денемді өзім
ауырлаймын. Оның үстіне іштегі жатқан, бар денемді ауырлатқан... Арық
атқа қамшы ауыр. Иə, оған кейде ыза болам. Сəтсіз сағатта пайда болған
балам емес, сорым сияқты, қырсыққа біткен баласың ғой, деп қарғап та
аламын, бірақ ұзамай райымнан қайтам. Қанша арып талсаң да, денеңнің
қай мүшесі артық, оны қалай кесіп тастарсың?
Света екеуміз əйелдерден бөлініп кеткелі екі жұмаға жуық уақыт өтіпті.
Содан бері бір жерде тұрақтап аялдаған жоқпыз, əйтеуір шығысқа қарай
жылжып келеміз, күніне он — он бес шақырым болса да ілгерілей береміз;
жолды да анық біле бермейміз. «Сұрай — сұрай Мекеге барады», ал, алда
— жалда сұрайтын адам кездеспей қалғанда мықтап ұстап алған бір
нысанамыз бар — ол күннің шығысы.
Адамды бір-біріне жол танытады дейді ғой, сол рас — ау деймін, осы
полктың əйелдерін мен бұрын біраз — ақ білетін сияқты едім; қанша
айтқанмен əжептəуір уақыт бірге тұрдық қой. Сөйтсем олар жайлы
білгенімнен білмейтінім көп екен. Көрші тұрып күндегі көретінің кітаптың
мұқабасы сияқты, адамның сырты ғана, жақын дос, сырлас болмаған соң,
ішін ақтарып, тереңдеп кіре алмайсың. Əрқайсының үйреншікті тіршілік —
дағдысы, белгілі мінезі болатын, содан жазбайтын. Мысалы Мария
Максимовна жайлы білгенім — «ұрысқақ Муся» ғана. Осы айдар қылып
тағып қойған бір сөзге бүкіл Мария Максимовна түгел сыйып кететін,
басқаларды білмеймін, əйтеуір мен үшін солай еді. Менің білетінім қашан
да бажылдап ұрсысып жатқан Муся, бетіне тірі пенде келе алмайды, одан
артыққа оны сынап көрген адам жоқ. Енді бақсам одан да басқа қасиеттері
бар екен Мария Максимовна марқұмның.
Алевтина Павловна да бұлғақтаған ерке келіншек қана емес пе еді?
Өзінің ажарының, күйеуінің дəрежесінің артықтығын көңілге мықтап
түйіп, жұрттың бəрінің алақанында болғысы келмейтін бе еді? Тек
күйеуінің қызмет дəрежесі үлкен Елизавета Сергеевнаға ғана кішілік
көрсетін. Бірақ өз басының одан анағұрлым артықшылығын біліп, ізет,
ілтипатының ар жағында астыртын ащы мысқыл жататын. Енді байқасам
бұл мінезі заманының түзу кезіндегі еріккен келіншектің сəндікке киген
киімі сияқты екен, қиын — қыстау кезеңде ішіміздегі ең төзімдіміз де, ең
ақыл табар тиянақтымыз да сол болып шықты.
Елизавета Сергеевнаны басынан ұнатпап едім: əкім болғысы келіп
сонша тыштаңдаған, əйелдің ішінен шыққан бюрократ, өр көкірек, тыраш
нəрсе болатын. Əсіресе жұртты менсінбей тепсініп тұратыны — ақ...
Қасына баруға қаймығушы ем. Мұның да сыртқы жылтырағын соғыс
сыпырып алғанда ар жағынан қорғансыз, керек десең мүсəпір əйел шыға
келді. Еркектер осалдықты жек көреді, бірақ əйел халқы олай емес. Ал, мен
болсам Елизавета Сергеевнаның мүшкіл халін көргенде жаным ашып, аяп,
бұрынғыдай емес, тіпті жақын тартып кеттім. Абзалы адам өзінің алла
тағала жаратқан табиғи кейпіне түскенде бір — біріне жақынырақ көрінеді
— ау деймін.
Мен өзім бала кезімнен кісі жатырқағыш едім, Қасымбекке еріп осы
жаққа келгенде де айдалаға келгендей болғанмын. Біраз уақыт ешкімге
жұғыса алмай, төңірегімді түгел дерлік жатырқап жүрген жайым бар еді,
енді сол бітеу төңірегім бірте — бірте ашылып, біраз қатар — құрбы
əйелдермен танысып, біраз сіңісіп кетпесем де кəдімгідей үйірге қосылған
құнан — тайдай үйренісе бастап едім. Кешегі қиын күндерде де... «көппен
көрген ұлы той»... бəріміз бірге келе жатқанда көңілі құрғыр да
орнықтырақ еді, мінекей бытырап кеттік. Өзге əйелдер қайда жүр екен,
байғұстар қандай халде екен?
Менің ендігі жалғыз сүйенішім Света... Апыр — ау, кешікті — ау, күн
сəскеге көтеріліп барады, аман болса игі еді. Соншама зарығып күткен
Светамның келгенін байқамай қалыппын, тек қырық — отыз қадамдай
жақындап келгенде ғана көзім шалды. Қуанған да, қорыққан да бірдей ғой,
селк ете қалдым. Иə, өзі... əдетінше аяғын жұмсақ басып келе жатыр,
ақсары шашын ағаш арасынан күн шалып қалғанда жарқырап көрінеді.
Мен базардан шешесі қайтқан баладай орнымнан тұрып қарсы
жүгірдім, сол жүгіріп келген екпініммен құшақтай алдым.
— Апырай, аман — есен келдің бе? Түу, кісіні осыншама қорқыттың
ғой, өзің бұ дүниеде бар екенсің,— деп аймалай берем.
Бірақ Света үндемейді, денесі де бір түрлі бос, менің құшағыма
тірілмей, былқ — сылқ етеді. Сəлден кейін менің құшағымнан сытылып
шықты да, шалаштың қасына келді.
Света маған көзі кіреукелене қарайды, кішкене қызып қалған сияқты.
Сыпайы қалпынан аумайтын, ұяң келіншектің мұндай мінезін бұрын
көрген жоқ едім, шынымен — ақ қорқайын дедім.
— Жылағым келіп отыр,— деді Света маған көзін қадай шүйіле қарап.
— Жылағың келсе мауқыңды басып жылап ала ғой,— деп
жауырынынан сипадым.
— Жоқ жылай алмаймын,— деді ол. (Көріп отырмын, мына көз
жылайтын көз емес).— Ал, жылағым келеді, жылағым. Бірақ жылай
алмаймын. Ақтарылып бір жылаған адамда арман бар ма екен?
— Осы саған не болған, айтшы,— дедім Светаға бір жағы кейіп, бір
жағы жалынып.
— Маған ба? Болары болды,— деді ол езу тартып.
Осы бір езу тартқаны — ақ жаман — езуінде күлкі, көзінде ызғар. Жəне
əлденеге ашынып, ерегіскендей кісінің көзіне қадала қарайды, бұрын өйтіп
бедіреюді білмейтін ұяң — ақ келіншек еді. Мына деревнясы түскірден оны
басқа біреуге айырбастап жіберген сияқты. Аз уақыт мені жаңа көргендей
қарап отырды да.
— Мен саған айтайын. Сен тек... не ойласаң да ішіңде болсын. Жарай
ма?
Мен үндемедім.
— Жарайды енді. Тыңдай бер,— деді содан кейін.
Светаның бір пəлеге ұшырағанын біліп отырмын. Coнысын маған
айтпай — ақ қойғанын тілеймін ішімнен, бірақ неге екенін білмеймін,
«қой» деп жəне айта алмадым. «Менен гөрі оған қиын ғой, ендеше өзінің
еркі білсін» деп ойладым.
— Кеше мен немістердің қолына түсіп қалдым,— деді Света.
— Иə, қалайша?— дедім шошып кетіп.
Света маған жауап қайырған жоқ, қабағын шытынып, аз уақыт үнсіз
отырды да, маған емес, басқа біреуге айтып отырғандай сөзін бастап кетті.
Достарыңызбен бөлісу: |