бар. Калиткадан кіргенімізде, үш — төрт адамның қоршауында жаңағы
немістің начальнигі есіктің алдында тұр екен. Маған көзі түсіп кетіп,
əуелгі сəтте бір таныс адамын көріп тілдескісі келгендей ишарат
танытып, іркіліп қалды; бірақ жүзін бұрып əкетпей бетіме жылы
шыраймен тіке қарап аз тұрды да, содан кейін көзін төмен қарай
сырғытып басымнан бақайыма дейін бір шолып өтті. Жаңағы көзқарасы,
тек бұл жолы тиянақтылау, жұмсақтау қарады. Иегімен нұсқап мені
есікке қарай өткізіп жіберді, ішке кіріп баратып та сол көзқарасты
жауырыныммен сездім.
Мені коридорға кірер ауыздағы кішкентай бөлмеге кіргізіп, есігін
жауып қойды. Бөлменің ішінде сия төгіліп, сызылып айғыздалып біткен
бір шағын стол мен сықырлаған екі орындықтан басқа жиһаз жоқ.
Жалғыз терезе қора жаққа шығады екен, терезенің əйнегі мен жақтауы
да кір. Бұрышқа таман, дені арғы бөлмеге кеткен голланд пешінің бір
бүйірі қараяды, от жағып, күл шығаратын аузы осы бөлмеде. Басыма
төнген қатер мен жаман ой меңдетіп жібермесін деп, бөлменің бұрыш —
бұрышын тінтіп отырмын: еден жуатын шүберек, шелек, сыпырғыш тұр
бір бұрышта шүберек əлі кеппеген, су, шамасы, үйді осыларға даярлап
жақында ғана жудырып шықса керек.
Терезе қораға қарайды екен. оң жақта көшеден кіретін қақпа. Қорада
автоматын арқалап, сақшы жүр, есебін тауып қашып кетудің жолы жоқ
сияқты. Амалым құрып сықырлауық орындыққа отыра кеттім де, əлгі
кірлі столға шынтағымды артып дем алдым. Кіріп — шығып жатқан
адамдардың аяқ тырсылын естіп, алғашқыда елеңдеумен болып едім, бірақ
мені ұмытып кеткендей, ешкім есігімді ашпады. Столдың үстіндегі
шынтағыма басымды қойып, көзімді жұмып, тынығып отыр едім, ұйқы
арсыз емес пе, көзім ілініп кетіпті.
Есіктің сықырынан шошып оянсам бөлменің іші кеугім тартып қалған
екен, қаpa көлеңкеде автомат асынған бір солдат кіріп келеді, жақындап
келгенде байқадым, баяғы сол солдат. «Жүр» деп мені алып шықты.
Қораға, одан көшеге шықтық. Қайда баратқанымызды да білмеймін,
қақпайлап өзі əкеле жатыр. Ауыл адамдары үйді — үйіне ертерек
тығылып алған — ау деймін, көшеде бірен — саран солдаттар болмаса,
басқа жан жоқ. Солдаттың қабағы əлі ашылатын емес, түнеріп алған,
мені айдап əкеліп бір кішкентай моншаға кіргізіп жіберді де өзі ауызда
күзетіп қалды.
Кішкентай моншаның ішінде керосин шам жанып тұр, қара көлеңке.
Қарсы алдымнан егде тартқан, аласа бойлы əйел түрегелді.
— Сен кімсің? – деді ол бетіме қарап,— орыспысың?»
Мен не дерімді білмедім. Содан кейін əйел күйбеңдеп теріс айнала
беріп:
«Мына моншаны саған жақтырған екен ғой»,— деді. Оның дауысында
кекесін бе, жиреніш пе, əйтеуір не де болса менің жүрегіме инедей
қадалған бір нəрсе бар. «Иттердің көрмейсің бе, арам ісінің өзін қолын
жуып алып істегісі келеді. Жуып бермесең, орыстың қатынын
менсінбейтін болған — ау, бұл хайуандар».
Өзім де басыма түскен қорлық пен дəрменсіздіктен ызаға булығып
келіп едім, мынау əйелдің жиіркеніші шарамнан асырып жіберді.
«Қайт дейсің маған? Еркіммен келіппін бе?» деп еңіреп жылап та
жібердім. Тіпті өксігімді баса алмадым. «Не дейсің маған? Нe істей
алам?»
Əйел де байғұс көңілшек екен, маған қосылып ағыл — тегіл жылады.
Екеуміз ұзақ жыладық, бірақ істейтін шара таба алмадық.
Солдат мені қайтадан айдап əкеліп, манағы қамаған босағадағы
|