келіп едім, мынау əйелдің жиіркеніші шарамнан асырып жіберді. «Қайт дейсің маған? Еркіммен келіппін бе?» деп еңіреп жылап та жібердім. Тіпті өксігімді баса алмадым. «Не дейсің маған? Нe істей алам?» Əйел де байғұс көңілшек екен, маған қосылып ағыл — тегіл жылады. Екеуміз ұзақ жыладық, бірақ істейтін шара таба алмадық. Солдат мені қайтадан айдап əкеліп, манағы қамаған босағадағы
бөлмеге қайрылдырмай, əрідегі бір есікке кіргізді. Өзі тұңғыш рет қабағы ашылып, маған қарап жымысқы күлімсіреді де, есікті жауып шығып кетті. Бөлменің ішінде жан жоқ, екі шырақ қатар жанып тұр. Бұрын кеңсе болған бөлмеге аз да болса үйдің жылуын бергісі келгендей, ескі диванның үстіне шүберек жауыпты. Ортадағы столдың үстінде не барын білмеймін, шамасы графин, бутылкалар бар — ау деймін, оның үстін де қобырайтып ақ шүберекпен бүркеп тастапты. Мен не қыларымды білмей дағдарып тұр едім — төр жақтағы есік ашылып, жеңіл халат киген, жалаң бас, сымбатты біреу шыға келді, мұның манағы машина үстіндегі офицер екенін таныдым. Қара қоңыр шашын бір жағына қисайта, жылтыратып тарап қойған, денесі қағылез, бойы əжептəуір ұзын екен. Манағы тəкаппар кескінімен маған қысқа ғана көз тастап өтті де, тез ғана өңін жылытып ала қойды. — Қайырлы кеш, фрейлен,— деп басып сəл иіп езу тартты. Күні бойғы қорқыныш пен қорлықтан титықтап қалсам керек, бір ауыз жылы сөзге еріп кетіп: — Қайырлы кеш, офицер мырза,— деп немісше жауап қайырғанымды білмей де қаппын. — О, фрейлен немісше біледі екен ғой,— деді ол жүзі жадырап маған қабағын көтере қарап. — Жоқ. Тіпті аз білем,— дедім сасып. — Қайтеміз ендеше Сіздің білген жеріңізге дейін ғана сөйлесерміз. Дұшпаныңның не де болса мылтығын кезеп, ашық келгені жақсы екен, манадан бері талай дүниені ойлағанмын, жасыратыны жоқ, бұлардың аман жібермейтінін де білдім. Əйел залымның сезбейтіні бар ма, манағы машина үстіндегі алғашқы көзқарасынан — ақ бұл офицердің пиғылын танып қалғанмын. Шарасыздан қандай қорлыққа да мойынсұнып, не де болса жиіркенішпен қарсы алуға іштей қамданып — ақ едім, алдымда алысар жау емес, əйел затына қызмет етіп, тал жібектей майысып сызылған кавалер тұр.
Мені алып келіп диванға отырғызды да: «Егер флейлен рұқсат етсе, кешкі астың уақыты болды, ас алсақ қайтеді»,— деп сыпайы қимылмен столдағы жапқышты сыпырып алды. Екі күннен бері нəр татпаған, байғұс басым, ішке кіргеннен — ақ, астың исі мұрныма келіп, жүрегім сазып тұр еді, столдың үстінде сіресіп тұрған тағамды көргенде көзім жайнап, тамсанып қойғанымды да білмей қалыппын. Ана жырынды офицер менің хəлімді сезсе де, сезбегенсіп: «Сізге қандай шарап құяйын» деп сұрады да, мен үндемей қалған соң, «Сізге француз коньягін құяйын. Парижден алып шыққанмын» деді. Өзің білесің ғой, коньяк дегенді атын естігенім болмаса, мен ішіп көрмегенмін. Шарап сияқты қызыл болғанға ішіп жіберсем, бірден аш өзегіме түсіп кетті ғой деймін, үйдің іші дөңгеленіп, айналып жүре берді. ... Света тоқтап қалды. Манадан бері əлденеге ашынғандай, бар əңгімесін түгін қалдырмай ежіктеп айтып келді де, осы арада іркіліп