— Кеше деревняға жақындап барып, бой тасалап бақылап көріп едім. Көзіме еш нəрсе түсе қойған жоқ. Ұзағырақ бақылауға шыдамым жетпеді, шынымды айтсам, сол немістер бар болса да, көрінбесе екен деп тіледім. Құр қол қайтқым келген жоқ, тіпті немістер болса да амалдап сытылып шығып кетермін деп ойладым. Əйтсе де бой тасалап, ең шеткі үйге жетіп есігін қағып ем ар
жағынан бір неміс солдаты шыта келді. Сасқанымнан шалқамнан құлай жаздадым. Ол да мені көріп мені көріп таңырқап қалды. Көзін адырайтып қарады да, «о — о, зер гут фрау» деп дауыстап жіберді. Содан көзінде бір жымысқы күлкі ойнап, алды — артына, жан — жағына қарап сасып қалды. Сөйткенше мен де есімді жия бастадым. Енді қалай құтылудың амалын ойлап, дал боп тұрмын. Ал, ол оңаша орын іздеп əлек. Адам, мұндайда тіпті əккі, зерек боп кетеді екен, оның кірпігінің қимылына дейін қапысыз бағып, бəрін түсініп тұрмын. Кенет ол жоғы табылғандай, əлденеге қуанып, рахаттана жымиып қойды. Байқап қалдым, көзі қораның түкпіріндегі үйген пішенге түсті. Содан кейін білегімнен шап беріп ұстай алды да, мені солай қарай сүйрей жөнелді. Құтылатын болсам, ендігі құтылатын жағым тасада емес, көшеде екенін сезіп мен көшеге қарай тартынам. Ол орысша түсінбесе де мен əдейі сампылдап орысша сөйлеп басын қатырып, қолымнан келгенше алаң қылмақпын. Біреу — міреу көрер, жəрдем етер дедім де. «Мен бұл деревнянікі емеспін. Бір құрбыма соға кетпек едім. Өзім асығыспын. Жолың болсын, жіберші», деп ол түк түсінбесе де сөзді төпей бердім. Əйелдің сөзі кімнің болса да миын ашытып жібереді ғой, əлгі солдат мені босатып жібермесе де, тартыншақтап, шегінген маған ілесіп көшеге шығып кеткенін байқамай қалды. Солдатпен алысып келе жатып, бір жеңіл машинаның қасыма келіп тоқтай қалғанын да байқамай қалдым. Солдат мені қоя беріп, бойын түзеп, тартылып тұра қалып: «Хайль Гитлер» деп машинаға сəлем берді. Машинаның ішінде үш — төрт əскери адам отыр. Іштерінде сұңғақ бойлы, биік қыр мұрынды, бас бітімі сұлу біреу бар екен, шамасы бастығы болу керек. Мен неміс офицерлерінің шенін ажырата алмаймын ғой, бірақ бастық адам көрініп тұрады ғой. Мынау тым тəкаппар екен, өзгелерінен шені ғана емес, қай жағынан да жоғарымын дегенді кескіні айтып тұр. Сол офицер мені бастан — аяқ бір шолып өтті, жоқ, шолып өтті деген əшейін сөз, тура көзімен мені шешіндіріп шықты, тіпті сасқанымнан екі қолыммен кеудемді қымтап баса қалыппын. Бірақ көзін тез тайдырып əкетті, қасындағылары тіпті байқамай да қалды ғой деймін, қайтадан өзінің тəкаппар кескінін киіп алып, қасындағысына керенау ғана бір
нəрсені күңк етті. Онысы солдатқа «əйелді алып жүр» деп əмір берді. Ашық қара машина ақырындап ілгері қарай жылжи берді. Осы кездегі солдаттың сықпытын көрсең. (Света ащы бір мырс етті де, сөзін қайта жалғады). Əуелі төбесінен жай түскендей көзі жыпылықтап, мелшиіп тұрып қалды. Содан есі кіріп, қабағын тарс түйіп, маған ашулы ызамен қарады да, «жүр тезірек! Бас аяғыңды!» деп ақырды. Мен қасақана жай жүрдім, қайда асығам. Солдат автоматын кезеп ұстап алған, қабағы ашылмайды, біреуге кіжініп сөйлеп келеді. Meн