Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
СЕЙФИТДЕН СҮТЖАН
РУХАНИ АЛМАСУ АРНАЛАРЫ
(монография)
Павлодар, 2003
КІРІСПЕ
3
Екі ғасыр аралығында, әсіресе, ХХ ғасыр басында түркі
халықтары ерекше түленіп, өркениет өрісіне қанат қақты.
Көш бастаушы ұлттық зиялылар қараңғылық қойнауындағы
халыққа жарық сәуле түсіріп, олардың оянуына, алға
прогреске ұмтылуына мүмкіншілік туғызды. Ділі, тілі, діні бір
болумен қатар, тарихы мен тағдыры ұқсас түркінің түлектері
етектен тартқан ескілік пен басқа түскен бұғаудан
құтылудың бірден- бір жолы – рухани бірлесу, тіл, дін, ой
алмасу тұрғысында тұтасу деп білді. Бұл тұрғыда оларға
рухани алмасу арналары- мәдени қарым-қатынастар мен
байланыстар көп септігін тигізді.
Осы орайда, сол тұстағы әдеби-тарихи процесс негізінде
туындаған Ресей түрік мұсылмандарының рухани
алмасулары ерекше үрдіске ие болды. Әсіресе,
ағартушылық бағыт арнасындағы байланыстың орны
айрықша еді. Өйткені түркі ұлттарының рухани бірлік,
азаттық жолын айқындаған ағартушы-жәдитшілдік ағым
олардың өзара тығыз қарым-қатынас жасауына бастады.
Сондай-ақ, ислам ілімі аясындағы рухани алмасулар да
қоғамдық жағдайға байланысты барынша дамыды. Сөйтіп,
сол кезеңдегі түркі ұлыстарының мәдени-әдеби
байланыстары халықтың оянуына, саяси-әлеуметтік
деңгейінің біршама өсуіне итермеледі.
Осы тұрғыдан алғанда, жұмыстың негізгі нысанасы- ғасыр
басындағы қазақ пен түркі халықтарының әдеби
байланыстарын сөз ете отырып, түрікшіл – ұлтшыл
сарындағы шығармалардың рухани құндылығын, сипатын
және көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерін айқындау
болып табылады.
Өкінішке орай, бұл кезеңде өмір сүрген ірілі-ұсақты
әдебиет өкілдерінің шығармашылықтары туралы жазылып,
жарық көрген көптеген мақалалар мен монография
тараулары және әртүрлі зерттеулер бола тұра, қазақ
әдебиеттану саласында ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ
ғасырдың бас кезіндегі творчество қайраткерлерінің
туындыларын тұтас алып қарастырған әрі нақты зерттеген
4
еңбек жоқтың қасы. Болған күнде де олардың көбі кеңес
үкіметі тұсында жарияланғандықтан, ұшқары, солақай
пікірлерге толы болды. Ал, кейбір ақын-жазушылардың
шығармашылығы былай тұрсын, аттары да аталмады. Рас,
кейінгі жылдары жазылып, жарық көрген ғылыми зерттеу
еңбектері бұл олқылықтардың орнын толтырғандай еді.
Бірақ әлі де соншалықты толық әрі нақты
зерттелмегендіктен, екі ғасыр аралығындағы мәдени, әдеби
өмірді тұтас алып қарастырмай, оны нақты көзге елестету
еш мүмкін емес. Сондықтан осы кезең қаламгерлерінің
мұраларына
ғылыми
талдау
жасап,
шығармашылықтарының жанрлық, тақырыптық, стильдік
өзгешеліктерін ашып көрсету мақсаты көзделінді.
Кіріспеде тақырыптың көкейкестілігі, оның зерттеу деңгейі
айқындалып, ғылыми жаңалығы, практикалық мәні мен
мақсаты анықталмақ.
Бірінші тарауда зерттеу еңбегінің объектісіне айналған
қазақ-түркі әдеби байланыстары жөнінде айтылған әр түрлі
ой-пікірлерді сараптай отырып, соған қатысты туындалған
басты мәселелерге тоқталу қажет.
Сонымен қатар қилы оқиғаларға толы алмағайып кезең
көрінісі әдеби туындыларда қай деңгейде көрінгені сөз
етіледі. Сөйтіп, сол тұстағы қазақ пен түркі халықтарының
арасында қалыптасқан мәдени-әдеби байланыстардың
ерекше үрдіске ие болу себептері методологиялық
тұрғыдан анықталады.
Сондай-ақ, осы байланыстардың рухани өмірге әсерін,
ұлттық ой-сана өрісіне ықпалын айрықша атап өту ләзім.
Осы орайда, ағартушы – ақын-жазушылар-
Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпеев, С. Торайғыров, Ш.Бөкеев,
А. Байтұрсынов М.Жұмабаев, М.Дулатов, Н.Наушабаев,
М.Қалтаев, Ә.Найманбаев, Ы.Шөрековтердің шығыстық,
түріктік сарындағы шығармалары адамгершілік мұраттарға
негізделіп, сол кездегі қоғамдық құбылыстарға қатысты
айтылуы, тұрмыс қажетінен туындаған теңсіздік, отбасы,
мораль-этика мәселелері төңірегінде ой қозғауы орынды.
5
Бұл ретте, ол шайырлар өз заманындағы саяси-
әлеуметтік құбылыстардың мән-маңызына терең ой жібере
отырып, әр алуан проблемалар жөнінде пікір бөлісті. Олар
ұлттық идеяға ұласар келелі пікір-толғаныстарын баспасөз
арқылы үнемі жариялап отырды. Ол ақын-жазушылар өз
шығармалары арқылы ұлттық сананың өрістеуіне, тілі мен
дінінің, ділінің т.б. дамуына айрықша ықпал етті. Сондықтан
да тарихи-әлеуметтік жағдайға байланысты туындаған,
ұлттық идеялар негізінде құрылған, халықтың мұң-
мұқтажынан пайда болған сол кездегі әдебиет өкілдерінің
шығармаларына жаңарған көзқарас тұрғысынан баға беріп,
олардың ой-талғамдарын зерделеуге бағыт ұстандық.
Осы тұрғыда ой сабақтай келіп, сол тұста түркі
халықтарының арасына кең тараған жәдитшілдік ағым
негізіндегі әдеби байланыстар туралы ұлттық, діни-
ағартушылық идеялардың таралу жайы сөз болады.
Нақтырақ айтқанда, түркі жұртының тұтасуына тірек болған
түрікшілдік пен діни тұтастықтың тұтқасын ұстаған тарлан
таланттар шығармашылығы мен қызметі сөз етілді.
Ұлттық ой-сананың қалыптасып, дамуына ислам дінінің
еткен әсері орасан. «Кітаби» деп аталатын ағартушы-
демократ ақын-жазушылар халықты ұлттық идеяға,
адамгершілік қасиеттерге уағыздады. «Құран» сөзін ту етіп
көтеріп, діннің кең қанат жаюына өзіндік үлес қосты.
Расында, сол кезеңдегі ақындардың- Шәкәрім, Мәшһүр-
Жүсіп, Ғұмар Қараш, тіпті басқалары болсын- бәрінің
шығармашылығында діни дүниетаным айрықша орын
алады. Олар дін адамдыққа, қайырымдылыққа
тәрбиелейтін бірден-бір құрал деп түсінді. Құдай жолы-
әділеттіліктің ақ жолы деп білген олар ислам дініне сеніп,
Хақ-тағалаға табынып, соның ғана мархабатына сенді, жан
жарасына содан шипа тапты.
ІІІ тарауда ойымызды осы бағытта сабақтай түсіп, оны
нақты дәлелдермен тұжырымдауға тырыспақпыз. Әсіресе,
дінге қатысты көзқарастардың шынайылығына,
ағартушылық-демократтық сипатына баса назар
аударылады.
6
Сонымен қатар, ол ақындардың қай-қайсысы болсын
жазба әдебиет жанрларының көркеюіне, көркемдік
көкжиегінің кеңеюіне елеулі үлес қосқаны аян. Әсіресе,
саяси лирика, мысал, толғау, арнау және т.б. поэзия
жанрларының кең қанат жаюына айтулы еңбек сіңірді.
Аталмыш тақырыпты зерттеу барысында бұл пікірді жыр-
толғаулардан мысалдар келтіре отырып, дәлелдеу қажет
болды.
Шындығында, өнерде өмірмен байланыссыз ешнәрсе
жоқ. Демек, қандай да суреткер болсын, ол өз дәуірінің
тыныс-тірлігімен тығыз байланысты.
Задында, ақынның пікір-толғаныстары сол замандағы
қоғамдық оймен, халықтық мүддемен ұласып жатады.
Сөйтіп, ақын ойы, жыры өз замандастарының көңіл-күйі,
арман-тілегімен, сол арқылы бүкіл қауымның идеялық-
эстетикалық мұрат-аңсарымен бірге ұштасып, жалғасары
хақ. Бұл тұжырымдарды одан әрі осы арнада өрбітпекпіз.
Бұл еңбектің негізі- ғылыми мәні – орта және жоғарғы
оқу орындарының оқушыларына туған әдебиет тарихын
неғұрлым тереңірек білдіріп, жан-жақты мағлұмат беру.
Қоғамдық-саяси жағдайға байланысты бүгінге дейін
қарастыруға болмаған көптеген қолжазбаларды пайдалана
отырып, екі ғасыр аралығында өмір сүрген, діни-
ағартушылық
бағыт
ұстанған
қаламгер
шығармашылықтарын әдеби байланыстар төңірегінде
байыптай отырып, нақты әрі объективті зерттеу- жұмыстың
ғылыми жаңалығы болмақ.
7
І- тарау
БАЙЛАНЫСТАР БАРЫСЫ
Жалпы, түрік халықтарының әдеби байланыстары түп,
тіл, дін негізінде қалыптасып, дамыды десек, осы тұрғыдағы
терең тамырластықтың үлкен рөл атқарғаны әмсеге аян.
Әлбетте, ғасыр басында қазақ пен татар халықтарының тіл,
дін бірлігінен бастау алған әдеби-мәдени қатынастары
ілгеріледі. Айталық, баспахана мен мерзімді баспасөз
ісіндегі тығыз қарым-қатынастардың айтарлықтай өзіндік игі
әсері тиді. Қазан, Үпі, Орынбор т.б. шаһарларда қазақ
кітаптарының көптеп басылып шығуы туысқан халықтар
арасындағы рухани алмасуды одан әрі нығайтты. Сондай-
ақ, қазақ газет-жорналдарының көбеюіне татар
басылымдарының ықпалымен қатар, орасан зор көмегінің
де тигенін айту лазым. Нақтырақ айтқанда, қазақ тіліндегі
басылымдар өз бағыт-бағдарларын қандастарына қарап
түзеуі және олардың татар бай-көпестерінің иелігіндегі
баспаханалардан шығып тұруы осыны аңғартады. Тіпті,
алғашқы ұлттық дербес басылымдар- «Айқап» жорналы
мен «Қазақ» газеті татар баспасөзіне қарап бет-әлпетін
түзеп, мақсатын айқындағаны бүкпесіз шындық.
Ал, ағартушылық арна аясындағы қатынастардың да
рухани алмасуда жетекші рөл атқаратыны баршаға мәлім.
Осы тұрғыдан келгенде, татар қоғамында қалыптасып,
ғасыр басында қанатын кеңге жайған жаңа оқу үлгісі қазақ
арасына соны үрдіс туғызды. Жаңа ағартушылық бағыт
қазақ әдебиетінде де өз ізін қалдырады. Сөйтіп,
ағартушылық арна арқылы шығыс әдебиетінде байланыс
орнады. Бұл ретте татар, башқұрт, қазақ, өзбек және т.б.
халықтар әдебиетіне орыс, батыс өркениетінің ықпалы
болғанын мойындағанымыз дұрыс.
Сонымен қатар, батысқа қарап, бой түзеп, ой үзген
түрік қоғамындағы әдеби ағымдар туралы да сөз қозғаған
жөн. Өйткені, жаппай өркениет өресіне ұмтылған тұстағы
түрік зиялыларының еткен еңбектері орасан зор. Осыған
8
байланысты Таяу Шығыс елдеріндегі оң өзгеріс, игі істерді
санамалап өту өте қажет.
Әлбетте, шығармашылық үндестік ең алдымен
туысқан халықтардың әдебиет өкілдерінде байқалады
десек, оның өзіндік себеп-салдары бар. Ендеше үндестік
үніне дәйек болар туындыларды ізерлеп іздеп, дерек
көздерін молынан келтіргеніміз абзал.
Сөйтіп, байланыстар барысын бағамдап, қатынас
арналарын аршып, түркі туындыларының сабақтастығын
таныту- басты міндеттеріміздің бірі болмақ. Сондықтан бұл
тарауда қазақ пен басқа түркі халықтарының рухани
алмасуларын осы негізде алып қарастырмақпыз.
§1 ТЕРЕҢ ТАМЫРЛАСТЫҚ
Қазақ пен шығыстың басқа халықтарының арасындағы
мәдени, әдеби байланыстардың тамыры тым тереңде
жатқандығы әмсеге аян. Осы тамырластықтың төрікінін
түптің, тілдің, діннің бірлігінен іздеген жөн. Осы үш бірлік
шығыс халықтарының өзара тығыз қарым-қатынас
жасауына негізгі тірек болды және болып та келеді.
Қай ұлттың әдебиеті болсын өз алдына жеке дара
дами алмасы мәлім. Ол басқа халықтар әдебиетімен өзара
байланыста, тығыз қарым-қатынаста ғана өсіп өркендемек.
Демек, қазақ әдебиетінің, ең алдымен, тұрмысы бір
көрші отырған шығыс халықтарымен тығыз байланыс
жасауы заңды. Олардың шығу тегінің, сенер дінінің бір
болуы тарихы мен тағдырын ұқсастырып, тілін
жақындастырды. Тілі мен діні бір, шығыстық бұл халықтары
ортақтаса, қызу байланыс жасай отырып, әлем халқы
рухани нәр алар талай тамаша дүниелер әкелді.
Бүкіл әлем жұртшылығы таңдай тағып, тамсана оқитын
«Шахнама», «Ләйлі-Мәжнүн», «Хұсрау-Шырын», т.б
дастандар бұған толық айғақ. Әрине халықтар қарым-
қатынасында сол елдердің арда ұлдары мен сөз
9
зергерлерінің атқарар ролі ерекше. Халық пен халықты
жақындастыратын сол ұлттың ой алыптары екені рас.
Осы орайда алдымен әлемге әйгілі Шығыстың
шамшырақтары атанған Рудаки, Фердоуси, Руми, Хафиз,
Омар һаям, Сағди, Жәми, Маржани, Абай секілді таланттар
ауызға ілігеді. Мәселен, шығыстанушы ғалым Бартольдтің
айтуынша Фердоусидің «Шахнамасы» шығыс халықтары
арасына VI-VII ғасырларда кеңінен тарап мәлім болған.
Сондай-ақ, шығыс шайырларының кейбірі өздерінің
тірісінде-ақ үлкен беделге ие болғаны тарихтан белгілі.
Мысалы, шейх софы ақын Жәлаладдин Румидің беделді
болғаны сонша, оны жерлеуге шет жерлерден арнайы
келіп, басқа дін өкілдері де қатысқан.
Әлбетте, шығыс халықтарының рухани алмасулары
біркелкі дамыған жоқ. Оған әр түрлі тарихи-әлеуметтік
жағдайлар, алмағайып қиын қыстау кезеңдер біршама әсер
етті. Атап айтқанда, VIII-XV ғасырлардағы Шыңғысхан,
Ақсақ Темір бастаған жойқын жорық, қырғын соғыстар
зардабы рухани құндылықтардың таралуына көп кесірін
тигізді. Ал, одан кейінгі дәуірдегі жоңғар - қазақ арасындағы
қырғи-қабақ, қақтығыс, тартыстардың әсерінен белгілі бір
жағдайда терең тамырластықтан таралатын асыл арналар
желісі тоқталып, қазақ-шығыс әдеби байланыстарына
біршама бөгет жасалды.
Тек ХІХ ғасырда ғана бұл әдеби үрдіс жандана
бастады. Сонау өткен ғасырлардан бастау алатын рухани
байланыстар өз арналарын тауып басқа желіге түсті.
Бұл кезеңде, әсіресе, ХІХ ғасырдың екінші
жартысынан бастап қазақ әдебиетінде шығыс әдебиетінің,
оның ішінде шағатай және осман түріктері тілдеріндегі діни
әдебиеттің біршама ықпал еткендігін айтқан жөн. Мысалы,
мұны Мәделі, Ақмолла, Майлықожа мен Әбубәкір Кердері
сияқты шайырлардың шығармаларынан байқауға болады.
Бұл үрдіс сол ғасыр соңы мен жаңа ғасыр басында өз
жалғасын тапты. Осы туралы кеңес тұсында С.Сейфуллин:
«Қазаққа хат үйреткен Мұхаммед діншіндері шеттеп келген
мұсылман саудагерлері, ноғай молдалары, өзбек
10
имандары. Сондықтан қазақтың көркем жазба әдебиеті
туғанда, нұсқасы сол үйретушілерінен - таратушы
молдалардан имандардан тараған. «Сопы Алдияр»,
«Сыпатым Ғажизин», «Хикмет» тәрізді өлең кітаптар барлық
қазақ ауылдарында әптиектен соң оқылатын «үлгі»,
«ғибрат» кітаптары болды» [1], - деп жазды.
Шынында да, бұл тұста шығыс елдерінде діни
ағартушылыққа шақыру, исламның рухани құндылықтарын
уағыздау кең етек алды. Өйткені діні мен ділі бір, тілі жақын
туысқан халықтардың тағдырлары да ұқсас еді. Екіншіден,
Орта Азия мен Қазақстан Ресей империясына қарасты
болса, басқа шығыс елдері батыс мемлекеттерінің отарына
айнала бастады.
Патша үкіметі өзіне қарасты бұратана халықты
қанауда, бұғауда ұстап, өз саясатын жүргізе бастады.
Отарлау екі түрлі әдіспен жүргізілді, бірі - басқарудың жаңа
жүйесін енгізу болса, екіншісі - бағынышты халық арасына
христиан дінін тарату еді.
Әрине, бұл көзі ашық көкірегі ояу зиялы қауым
арасында алаңдаушылық туғызбай қоймады. Олар тал
қарманған адамдай жан жағына жіті көз жіберіп, өздерімен
тумысы бір туысқан халықтармен тығыз байланыс жасады.
Патша үкіметінің езгісіндегі бұл отар елдердің мақсат-
мұраты да, арман- аңсары да бір еді. Осы халықтардың сүт
бетіндегі қаймағындай кайраткер ұлдары ортақтасып, тіл
табыса білді. Сөйтіп, халықтың рухани оянуы жолында
оянбай еңбек етіп, бірінің жоғын бірінен тапты.
Терең тамырластықтың бір арнасы дінде жатыр десек,
осы желінің үзбей жалғасуы жолында түркі халықтарың текті
ұлдары тер төкті. Олар шығыс елдерінде үзіліп қалған
рухани алмасуларды жандандырды.
Жалпы, рухтың қуат көзі-Құранда десек, ислам
дегеніміз шынайылық, шындық деп білген жөн. Ал халық
пен халықты жақындастыруда діннің орны ерекше. Демек
екі ғасыр аралығындағы шығыс халықтары зиялы
қауымының ислам әлемініне ықласының аууы орынды да.
Шығыс халықтарын бір-бірімен байланыстыратын ортақ
11
факторлар аз емес. Олардың негізгі бөлігін түркілер
құрайды десек, барша түркілер бір-бірімен етене жақын
тілде сөйлейді. Сондай-ақ, мәдениеті мен әдебиетіндегі
ұқсастықтарды байқау қиын емес. Бұл халықтарың бәрінің
бір түптен тарағаны, олардың тарихының ортақ болуы да
оларды онан әрмен біріктіре түседі.
Сонымен бірге, бұлардың діні де ортақ –ислам болды.
Олардың бәрі бірдей ислам дінін барынша беріле
қабылдамаса да, анық -қағидаларын өздерінің салт–
дәстүрлеріне үйлестіріп жіберсе де, шығыс елдерін
жақындастыратын негізгі факторлардың қатарында ислам
тұратыны анық. Ислам бұл елдердің дәстүрі мен
мәдениетінің негізіне айналған ортақ бір мәдени құндылығы
болып қалыптасты.
Бұл кезде шығыс халықтарының өткен ғасырлардан
келе жатқан оқу жүйесін діни негіздегі мектеп пен
медреселер құрғаны аян. Ал, мектеп, медреселерде араб
және парсы тілдерінде жүргізілетін пәндер басым болды.
Бұл- халықтар арасындағы тұтастықты сақтап, одан әрман
нығая түсуіне біршама әсер етті. Бұл жөнінде тарихшы-
ғалым К. Аманжолов былай дейді: «Осы бір күрделі тарихи
жағдайда мұсылмандық факторға үлкен қауіппен қарап,
оның отаршылдыққа қарсы күш екенін түсінген патша өкметі
мектеп- медреселерді құрту мақсатында үлкен шаралар
қолданады. Мысалы, өлкені зерттеп, барлау жұмыстарын
жүргізген өлкетанушылар: «Біз, әсіресе, жергілікті ру-
тайпалар мен ұлттардың ислам негізінде бірігіп, іс- әрекет
жасауынан сақтануымыз керек», -деп шешеді. Сондықтан,
мектеп- медреселерге қарсы күрес түрлі айла- тәсіл арқылы
жүргізілді [2]. Сөйтіп, Орта Азия мен Қазақстан өлкесіне
орыстандыру саясатын жүргізуші миссионерлер жіберіп,
шіркеу, школдар салдырды. Империяның ішкі саясатын
жақсы түсінген озық зиялылар ұлттардың өзара
байланысын нығайтып, патшаның отарлауына қарсы
мұсылман халықтарының ауыз бірлігі мен ынтымақтастығын
нығайту жолын ұсынды, оның бірден бір жолы діни тұтастық
деп білді. Шығыс халықтарының ішінде патша өкіметінің
12
саясатын сезініп ерте оянған татар интелигенциясы еді.
Бұған олардың империя орталығына жақын орналасуы
және татарлардың орыс буржуазиясымен қоян-қолтық
араласуы себеп болды. Соның әсерінен татар халқы
батыстық ой-пікірлерді бойға дарытпай, көп уақыт- ХХ
ғасырдың басына дейін орта ғасырдағы шығыс әдебиетінің,
яғни діни сопылық әдебиеттің ықпалында болды.
Сонымен қатар, татар интеллигенциясы басқа
халықтарды орыстанудан, шоқынудан сақтандырып, дін
бірлігін ұсынды. Мәселен, татар молдалары көршілес қазақ
елінің арасында ислам дінін таратуға айрықша рөл атқарды.
Бұл туралы Аманжолов аталмыш еңбегінде былай дейді:
«Сонымен қатар, патша өкіметі өздерінің миссонерлік
әрекетіне қатерді татардан көрді. Себебі қазақ даласында
мектеп, медресе ашу, мұсылман дінін уағызда, тілмаштық
куәлік арыз жазу мәселелерінің басы- қасында татарлар
жүрді» [3].
Сөйтіп, татар мен қазақ халықтарының арасында
рухани алмасулар жүргізіле бастады. Көптеген қазақ ақын-
жазушылары өз кітаптарын Қазан қаласында басып
шығарды. Бұл жазбагерлерді кітап басып шығаруына
байланысты кейінгі кезге дейін «кітаби ақындар» деп атап
жүрміз. Олар екі ғасыр аралығындағы қазақ- шығыс әдеби
байланыстарына едәуір еңбек сіңірді. Бұл жөнінде ғалым
Б.Әбдіғазиұлы: «Діни ағартушылық бағыттағы әдебиет
өкілдерінің қаламымен Шығыстың әралуан оқиғалары қайта
жырланды, кітап болып басылып шықты. Шығыстан алынған
сюжеттерге дастан түрінде көп қиссалар жазған бұл
ақындар кейде қиссашыл ақындар деп те аталады. Қалай
дегемен де, бұл ақындар қазақ әдебиетінің классикалық
Шығыс әдебиетімен байланысының тамырын бұрынғыдан
да кеңейте түсті» [4], -деп, пікір қосақтайды.
Шынында, осы тұста әдебиет майданына араласқан
ақын-
жазушының
қай-қайсысының
болсын
шығармашылығынан шығыстық элементтерді байқау қиын
емес. Ол заңды және солай болуға тиісті. Себебі қазақтың
өзі Шығыс халықтарының бірі емес пе? Осы орайда, есте
13
тұтатын бір нәрсе, ол- қазақ пен шығысты бөліп қарастыру
кеңестік тұста пайда болды да, ол әдеттен әлі ажырай
алмай жүрген жайымыз бар. Сөйтіп, Шығыстан
шыққанымызға шағынып, Батысқа бет бұрған кезде шығыс
халықтарының мәдени қарым -қатынасына, әдеби
байланысына көп көңіл бөлінбеді. Мәселен, әдебиеттану
саласында шығыстық сарында шығарма жазған қаламгерге
«ұлтшыл», «діншіл» деген айдар тағылды. Соның кесірінен
уланған санамызды әлі де сергіте алмай, белгілі бір ақын-
жазушының шығармашылығындағы діл, дін, тіл бірлігіне
байланысты туындаған нәрселерге «шығыстан келген» деп
таңдануымыз да содан.
Жоғарыда атап өткеніміздей, өткен ғасыр басындағы
қазақ әдебиетінің шығыстың басқа халықтарының
әдебиетімен байланысы барынша зор болды. Бұған нақты
дәлел ретінде Шәді, Ақылбек, Жүсіпбек, Әбубәкір сияқты
шайырлармен қатар Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпейұлы,
М.Қалтайұлы т.б ақындар шығармашылығын атаған жөн.
ХХ ғасыр басында ұлттық интеллегенцияның
қалыптасып, шоғырлана бастауы халқымыздың басқа ел
мәдениеті мен әдебиетінен хабардар етіп, өркениетке
апаратын жолдағы алтын көпір іспеттес болды. Сөз өнерінің
өкілдері шығыс, батыс әдебиеттерінің қайнар көзінен нәр
алып қанықты.
Қалай десек те, батыстағы прогреске елеңдегенмен,
шығысқа еліктеу басымырақ болғаны айқын. Бұған,
біріншіден, ұлттық әдебиетіміздің өрісін кеңейтіп өрге
сүйреген Абайдың ақындық дәстүрі белгісі бір дәрежеде
ықпал етті десек, екіншіден, сол кезеңдегі қоғамдық саяси
жағдайдың да әсері мол болды.
Нақтылай айтқанда, екі ғасыр аралығындағы әдебиет
өкілдерінің Абай мектебінен дәріс алып, өсіп-жетілмегені
кемде-кем. Ал, «қазақтың бас ақынында» шығыстық сипат
басым екені анық болса, бұл арна сол тұста (ғасыр
басында- С.С.) асау толқындармен толысқаны мәлім.
Кейінгі толқын төл әдебиетіміздің тақырып аясын
кеңейтіп, жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктеріне
14
соны нақыш, тың өрнектер әкелді. Олардың кейбірі діни-
ағартушылық, ішінара сопылық бағытқа бейім бұрып, терең
тамырластықтан бастау алған таза шығыстық шығармалар
берді.
Кеңес дәуіріне дейінгі тұста қазақ-шығыс әдеби
байланыстарының барынша нығаюына белгісі бір
факторлардың әсері болды. Ол факторлардың кейбірі
Ресей империясының шығыс елдерін отарлау саясатынан
туындады. Міне, осы секілді факторлар мен тереңнен
тартқан тамырларды табу қазақ–шығыс әдеби
байланыстарын ашып көрсетуде басты негіз болмақ.
Осыдан барып әдеби байланыстардың бастау көздері, жаңа
түрлері, заңдылықтары, ерекшеліктері айқындалып, уақыт
талабына орай қажеттілікке жаратуы туындайды. Бұл ретте
белгілі ғалым Ш.Сәтбаева мынандай ой саралайды: «Қазақ,
қырғыз, өзбек, татар, түрікпен әдебиеттерінің байланыстары
жекелеген мақала еңбектерде бірсыпыра әңгімеленгенмен
осы байланыстардың көп қырлары мен сырлары әлі
ашылып болған жоқ»
[
5
]
.
Қазақ әдебиетінің әдеби байланыстары төңірегінде
тыңғылықты зерттеу жұмысын жүргізіп, сындарлы пікір
айтушы ғалымның ой-тұжырымы әбден дұрыс. Өйткені,
қазақ пен шығыстың басқа халықтарының әдеби–мәдени
байланыстарын ашуда, олардың этникалық бірлігін, діни
тұтастығын, тілінің ұқсастығын үнемі есте тұтқан жөн.
Демек, қазақ-шығыс әдеби байланыстарының тамырын
тауып, ауылын анықтау ең алдымен төл әдебиетіміздің
көкжиегін көрсету үшін, сосын соған үлес қосқан көрнекті сөз
зергерлерінің шығармашылықтарын айқындау үшін де аса
қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |