«Орынбор қырғыздары туралы жарғының» кемшілік тұстары көп еді. Сондықтан оның орнына 1844 жылы «Орынбор қырғыздары туралы ереже» шықты. Ендігі жерде Орынбор әкімшілігіне қарайтын қазақтар тұратын жерлер Ресей империясы аумағының бір бөлігі деп жарияланды. Кіші жүзге жалпы басшылық жасауды Орынбор шекара комиссиясы жүргізді. Оның құрамына төрағаның өзі, орынбасары, төрт кеңесшісі және қазақтардан сайланатын төрт заседатель, ерекше тапсырмалар жөніндегі шенеунік, адам және мал дәрігері кірді. Жаңа ереже бойынша билер сотына барынша шектеу қойылды, ол ұсак-түйек мәселелерді ғана қарайтын болды. Үкіметке карсы әрекеттер жасау, кісі өлтіру, қарақшылық жасап ел тонау, барымта алу сияқты қылмысты істерді әскери coт қарады. Ал ұрлық жасау, алаяқтық, бұзақылық, 50 сомнан жоғары мүліктік талап сияқты істер Ресей империясы шекара комиссиясының жанындағы жалпы заңдар негізінде қаралды. Орынбор әкімшілігіне қарайтын қазақтардың жағдайы олардың Орта жүздегі қандастарына қарағанда әлдеқайда ауыр еді. 1844 жылы Кіші жүз жеріндегі шекара шебіне жақын тұратын қазақтар үшін қамқоршы деген қызмет пайда болды. Оның негізгі міндеті шекара шебіне жақын тұратын қазақтарды отырықшы орыс халқының озбырлығынан қорғау еді. Қамқоршы далалық қазақтар шекара шебінен Ресейдің ішкі жағына өтіп кеткен жағдайда ғана олардың құқықтарын қорғай алатын. Басқарушы сұлтандардың жанында шешек ауруына қарсы егу жұмыстарын жүргізетін бір-бірден қазақ фельдшері болды.
1822—1824 жылдардағы жарғыларды енгізудің салдары[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Бұл жарғылар, негізінен алғанда, алысты көздейтін арам ниетті пиғылмен жасалған еді. Соның салдарынан Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары өздерінің дәстүрлі мемлекеттілігінен айырылып қалды, Қазақстан бірте-бірте Ресей империясының отарына айналды. Жарғы жаңалықтары көші-қон шеңберін тарылтты, еркін көшу бостандығы мүмкін болмай қалды. Бұрыннан қалыптасқаң рулық ұжымдар бір-бірімен мидай араласып кетті. Бір кездегі дамыған көшпелі мал шаруашылығы тұйыққа тіреліп, күрт құлдырай бастады. Патша үкіметі мемлекеттік салықтың қатаң белгіленген мөлшерін бекітті. Елден жиналатын алым-салық шенеуніктік аппарат пен әскери күштерді ұстауға қажетті қаржы көзіне айналды. Патша үкіметінің бұл реформалары қазақ рубасылары мен сұлтандарынан іріктелген, айтқанды екі етпей орындайтын «тәртіпті аппарат» құруды одан әрі күшейте түсті. Олар бірте-бірте орыс шенеуніктеріне теңестірілді. Ендігі жерде олар сыйақы мен шен алу үшін қызмет етуге көшті. Оларды қызметке тағайындау да, қызметінен алып тастау да Ресейдің аймақтық басшылығының көзқарасы мен көңіл күйіне тікелей байланысты болды. Болыс сайлауы парақорлық, шар салушылардың дауысын, орыс шенеуніктерінің ықыласын сатып алу сияқты жиіркенішті масқара құбылыстардың етек алуына алып барып соқтырды. Неміс зерттеушілерінің бірі Ф.фон Шварц былай деп жазды:
“
Округ басшылары неғұрлым тиімді де пайдалы болыс лауазымын параны кім көп берсе, соған сатудан тіпті де тартынбайды.
”
Сайлаудың мұндай сиқы бір руды екінші руға қарсы қойып, өзара өшіктірді. Әркім өз руының құрамына дауыс беруге тырысты. Ал аға сұлтандарды сайлауға қара сүйек өкілдерінің де қатысуына рұқсат етілген кезде сұлтандар мен рубасыларының бір-біріне қарама-қарсылығы күшейе түсті. Округтық приказдар империяның қазақ даласындағы және Орта Азия иеліктеріндегі әскери-отаршылдық әрекеттерін одан әрі өршітудің әзірлік алаңдарбіна айналды. Сұлтандардың бір бөлігі, әсіресе жаңа қызмет лауазымдарын бөлу кезінде ескерусіз қалған бөлігі, патша үкіметінің реформаларына қарсы шықты. Ондай наразылықтардың бірқатары қарулы көтеріліске ұласты. Дегенмен де, XIX ғасырдың 20-жылдарындағы реформалардың отаршылдық сипаты мен мәні күшті болғанына қарамай, олар қазақ даласында сауда-саттықты, денсаулық сақтау ісін және халыққа білім беруді едәуір дамытуға оң ықпалын тигізді.