43. Ақтамберді жыраудың жырларындағы ұлттық болмыстың, ел намысы мен мақсат-мүддесінің көрініс табуы. Ақтамберді шығармалары нақыл сөздерге, афоризмдік толғауларға толы. Қазақтың болмысы, тіршілік-тынысы, ерекшеліктері, сол кездегі тарихи оқиғалар оның толғауларынан ерекше айқын көрінеді. Алдаспан жырларынан өрлік пен өміршеңдік, ел тәуелсіздігін ту еткен ерекше отаншылдық рухы басым.
Ақтамберді бүкіл ел мүддесін, ру, ата намысы емес, исі қазақтың намысын қуады, елді ерлікке, бірлікке шақырады.
Дұшпаннан көрген қорлығым
Сары су болды жүрекке.
Он жетіде құрсанып,
Қылыш ілдім білекке.
Жауға қарай аттандым,
Жеткіз деп, Құдай, тілекке!
Ақтамберді өзінен бұрын өткен Доспамбет, Шалкиіз дәстүрлерін әрі қарай жалғастырушы болып табылады.
Ақтамберді жырларында көшпелі қазақтардың ой-арманы, мақсат-мүдделері, олардың бар болмысы, ерекшеліктері, дүниеге өзіндік көзқарасы аңғарылады. Бұған жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын ұзақ толғауы дәлел бола алады.
Ақтамберді жыраудың айтуынша, қазақ үшін байлық – малда. Ол «алғидың құба жонына сыймас» ақтылы қой, «көлге түссе, көз жетпес» көк алалы көп жылқы, боздаған даусы күй болып төгілетін сансыз түйе жайлы армандайды, елдің төрт құбыласы тең, үлкен байлыққа кенелуін қалайды. Қазақтар үшін мал асылы жылқы екені белгілі. Жылқының көшпелілер өміріндегі алар орны жайлы Ақтамберді жыраудай толғаған қазақ ақыны жоқ. Ол – еліміздің ұлттық қасиеттерін, қонақжайлығын, үлкенді құрметтеу, кішіні сыйлау, әсіресе отбасының сыйлылығын, берекесін дәріптеп өткен ақын.
Ақтамберді жырау тоқсан үш жасында дүние салыпты. Туған жердің топырағын жастанар алдында айтқан толғауында жырау өзінің өмірлік мақсаты орындалғандығына ризашылдығын білдіре келіп, «батырларша оққа ұшпай, төсекте жатып тек өлгендігіне» өкінеді.
Философиялық афоризмдері:
Кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан.
Жеңіме жамау түскенін, кедейлік, сенен көремін, Жағама қолдың тигенін, жалғыздық, сенен көремін.
Бұлаңдап жүрген жігіттің көкейін бірде жоқ тесер.
Ақбөкен келіп жығылар – алдын қазып оралса,
Ата менен анасын күткен жанға — Мекке мен Мәдина үйдің іші.
Еділ-Жайық екі өзен талсыз болар деймісің,
Жағалай жатқан қалың ел малсыз болар деймісің.
Орнын тапса ер жігіт – елсіз болар дейсің бе. Орда тігіп орнатса – төрсіз болар дейсің бе.
Бақыт қонған басына – басқалармен тең өсер, Бақ қонбаған басына – жақсылардан кем өсер.
Қару алсаң мылтық ал: қарның ашса – тамағың, жаяу жүрсең – таяғың.
Күмбір-күмбір кісінетіп күрең де мінер ме екенбіз, күрек тісін ақситып сұлу да сүйер ме екенбіз; күдеріден бау тағып – кіреуке киер ме екенбіз, жағасы алтын, жеңі жез, шығыршығы торғай көз – сауыт киер ме екенбіз; қоңыраулы найза қолға алып, жалаулы найза жанға алып – жау қашырар ма екенбіз; тобылғы сапты қамшы алып, тұмар мойын ат мініп – қоныс қарар ма екенбіз; ел жазылып жайлауда жақсылар кеңес құрғанда – мұртымыз көкке шаншылып, бұрын да сөйлер ме екенбіз.
Ағайының көп болса – ұлы шерік қолмен тең, Білімді туған жақсылар – аз да болса көппен тең.
Қайырлы болса бай адам – дария шалқар көлмен тең, Қайырсыз болса жаман бай – ел қонбаған шөлмен тең.
Мінезді болса алғаның – күнде сонар қызбен тең, Жаман болса алғаның – астыңнан өткен сызбен тең.
Бағасын білмес жаманға – алтын-күміс жезбен тең.
Құдық қазсаң көзден қаз – көл суалмаса суалмас, Білімдіге бағынса – халық жүдеп-қуармас.