45. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билердің алатын орны мен әлеуметтік маңызы, олар дәріптеген әлеуметтік және рухани-адамгершілік құндылықтар. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы халық билігінің табиғаты өзінің бастауларын протоқазақ қоғамынан алып, қазақ хандығына дейінгі аралықта үлкен даму сатысынан өтеді. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан халық билігінің нысандары Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттердің саяси билік жүйесінің институттарының тәжірибесін бойына сіңірген халық билігінің классикалық үлгісі болып табылады. Халық билігінің нысандары қазақ хандығына дейін талай даму тәжірибесінен өткен, шыңдалған және уақыт тезіне төтеп берген жүйенің көрінісін білдіреді.Ал енді «халық билігі» туралы айтатын болсақ, ең алдымен халық билігі ұғымының өзіне тоқталайық. Жалпы билік сөзі өте көп және әр түрлі мазмұнда қолданылады. Мысалы, философтар – қоғамының объективті заңдарына билік туралы, әлеуметтанушылар – әлеуметтік билік туралы, экономистер – шаруашылық билік туралы, саясаттанушылар – саяси билік туралы, психологтар – адамдардың өз-өзіне билігі туралы, ата-ана – отбасылық билік туралы, діндарлар – құдайдың билігі туралы, ал заңгерлер – мемлекеттік билік туралы, т.б айтады . «Билік ұғымының қазақи санада бірнеше астары болды. Билік ұғымы кең мағынада қамқорлық пен (үлкеннің, әлдінің), парасаттылықпен, көрегенділікпен, әділдікпен байланыстырылатын, бағыт-бағдар беру, жол көрсету ретінде түсіндірілді. Зорлық пен күш көрсетіп, қиянатпен өктемдік жасау - билікке жат құбылыс деп саналды. Екіншіден, билік ұғымы билік айту, билік құру мағынасында қолданылды, яғни биліктің бұл мағынасы ақыл беру, кеңес беру, бірлесіп ортақ шешімге келу жағдайларын қамтитын. Сонымен бірге бұл мағына сот жағдайларын қамтитын. Сонымен бірге, бұл мағына сот билігінің (қызметінің) дербестену, даралану, болмысының көрінісі еді. Мемлекеттік биліктің бұл саласының өз алдына жеке өмірін бейнелейтін. Үшіншіден, ол билік орнату, мағынасында қолданылды. Бұлай ел басқару мүмкіндігіне ие болуы халыққа басшылық жасау, ел басқару жағдайларына сай келеді. Төртіншіден, биліктің (билеу), (билеп-төстеу), (билеп-жаншу) мағынасы болды. Бұл оның жағымсыз (көлеңкелі) қатпары болатын. Күш (зорлық-зомбылық) көрсету, өктемдік білдіру оқиғалары осы аталған мағыналарға сай болатын. Қазақи сана биліктің кең (бірінші) мағынасына жоғары баға берді» .
Ал енді мемлекеттік биліктің салалары болып табылатын халық билігі туралы айтатын болсақ, халық билігі деп нені түсінеміз, алдымен осы сұраққа жауап іздеп көрейік. Негізі халық билігі ұғымы хан билігі, сот билігі, әскери билік ұғымдарымен қатар мемлекеттік билік түсінігін құрайды.Халық билігі дегенде «демократия» ұғымы еске түседі. Әдетте демократия деп тарихқа үңілгенде ең алдымен Афина Республикасындағы демократия еске түседі. Мысалы, Геродот ұсынған антикалық демократияның келесідей белгілері болған. Біріншіден, адамдар қызметке жеребе тастау арқылы орналастырылды. Екіншіден, бүкіл халық заңға бағынды. Үшіншіден, елдің ішкі және сыртқы саясатының бағыт-бағдары жалпы халықтық жиналыста шешілді. Бүкіл халық, яғни мемлекеттегі барлық адамдар сайлау құқығын иеленді. Сөйтіп Афиныда өмірге келген полистік демократия 300 жылға созылды. Шамамен осы кездері Римде де алғашқы рет билік бөлінісі басталды. Саяси қақтығыстарды реттеу үшін жаңа құрылым - халық мінбері құрылды. Осыдан бастап елдерде саяси қақтығыстарды шешетін арнаулы органдар пайда болып, оған заңды сипат берілді. Римнің саяси жүйесінде ең алғаш болып басқарудың аралас түрі енгізілді. Мысалы, патшаның билігі - консулдық билік болса, сенат -аристократиялық, ал халық мінбері - халық билігі болды. Кейінірек АҚШ-та да билік осы үлгіде бөлінді. Мысалы, президенттік - Римдік патшалық билік, Сенат - аристократия, Өкілдер палатасы - халық мінбері дегендей. Тағы бір ұқсастық тарихи дәстүрдің қайталануы. Яғни Ақш-та Жоғарғы Сот заңдар мен Конституцияны талдау органы болса, ал Римде - бұл міндетті цензорлық институт атқарды. Басқаша айтқанда, жаңадан қабылданған заңдар бұрынғы қабылданған заңдармен салыстырылып, сәйкестендіріліп отырады. Демек, антикалық демократияның жаңа дәуірдегі демократиядан айырмашылығы: мұнда мемлекет орнына саяси жүйе болды, жеке адам мен полис бөлінбейді, жеке адам бостандығының кейбір автономиялық сипаты болды, олар құқықтармен қорғалды. Жаңа дәуірдегі классикалық демократияда антикалық демократияның жалпыға бірдей сайлауға қатысу, саяси мәселені шешу құқығы пайдаланылды.Қазақ даласында да демократияның өзіндік ерекшеліктері болған.Халық билігі ең алдымен құқықтық принциптерден көрініс тапқан. Ол, мысалы, Төле бидің: «Күш атасы – халықта, қарсы келген хан да, би де оңалмас» – деген өсиеті, Майқы бидің:
«Хан - халықтың қазығы, Қараша - ханның азығы.
Хан өздігінен өлім жазасын қолданбасын,
Өлім жазасын халық өзі шешетін болсын», - деген өсиет сөздері кейінгі ұрпаққа үлгі, дауды шешуде билерге прецеденттік маңызы бар түйін ролін атқарды.
Қазақтың ұлан-ғайыр даласында көшпенділерді басқару қиын болғандықтан хандардың билігі отырықшы-жер өңдеуші елдердегідей күшті болған жоқ. Рулар мен тайпалар басқарушы (хан) тарапынан қысым көрсе немесе үнемі келіспеушілікте болса, кез келген уақытта басқа жерге көшіп кете алған. Мысалы, Қазақ Хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібек басқарған тайпалар мен рулар осылай істеген еді ғой. Қазақтарда саяси құқықтардың болғандығын және оның дәстүрлі қоғамда өзіндік орын алғанын, мысалы хандарды сайлау институтынан, немесе дәлірек айтсақ, халық мойындаған Төрелер мен Шыңғыс ұрпақтарының (чингизидтер) билігін заңдастырудан көруге болады. Хандық билік көбінесе сайланбалы болған. Қазақ Ордасындағы хан сайлау дәстүрі туралы М. Мағауин: «… Қазақ дәстүрінде әрбір жаңа хан өзінің тумысымен емес, болмысымен билікке жеткен, яғни ханның ұлы емес, халықтың ұлы ретінде танылған ел - ағаларының бірі көпшіліктің қалауы бойынша хан сайланған. Қазақ Ордасының мемлекеттік құрылымындағы мұндай ерекшелікті өткен замандағы орыс дипломаттары мен оқымыстылары бірден байқапты» [3], - дей келе, XVІІІ ғасырда Ресей мен Қазақстан арасында елшілікте жүрген атақты М. Тевкелев пен XVІІІ ғасырда Қазақстанды отарлау саясатын жүргізген Орынбор губернаторы И. Неплюев те хандардың сайлануы туралы, жалпы қазақ даласындағы еркіндікті, қоғамның ашықтығын жазған болатын.Түркілерде (қазақтарда) хан сайлау дәстүрі өзінің түп-тамырымен сонау ғұн дәуіріне кетеді. Мысалы, Ғұн мемлекетінің басқарушысы «Тәңір-құт» деген лауазымды да иеленген. Бұл оның мемлекеттік билікті атқарумен қатар, дінбасы да болғандығын білдірсе керек. Билікке ие болу көбінесе мұралық жолмен жүзеге асырылды, бірақ егер билік мұрагері таққа лайық болмаса (қабілеті жетпесе, денсаулығы жарамаса және т.б.) оның мұра қалдырушының туыстарының ішінен лайықтысын халық (немесе билік басындағылар, бірақ бұл жағдай өте сирек кездесетін) сайлайтын. Бұл жөнінде VІІІ ғасырдан жеткен Күлтегін ескерткішінде Түрік халқының өткендегі ұлы қағандарын мадақтай келе: «Одан соң інілері қаған болды, ұлдары да қаған болды, бірақ інілері ағасындай бола алмады, ұлдары әкесіндей бола алмады», - делінген [4].
Түрік Қағанатында реттік тәртіп аттамалы жолмен, дәлірек айтсақ, іріктеу арқылы жүзеге асады, жасы кіші інінің келесісі емес, үлкен-кішісіне қарамай ең беделді, айбарлысы хан көтеріледі. Бұл салт Қазақ хандығы кезінде өз жалғасын тапты, болашақ хан тек сайлау арқылы ғана таққа жететін болды. Хан сайлау рәсімін көруге, белгілі бір мөлшерде сырттай болса да атсалысуға ұлыстағы кәрі-жастың бәрінің де хақысы бар. Әрбір адам кеңесші дауысты иеленген. Бұлар белгілі бір үміткерді қостап, мақұлдап немесе әлдебіреуіне наразылық білдіріп, хан сайлаудың өзі қалаған бағытта өтуіне ықпал етуге таласқан. Яғни қазақ Ордасындағы халықтың, қарулы әскердің ой-пікірі жауапты кезеңде үлкен күшке айналған. Ал хан сайлау барша жұртқа ортақ іс. Басқа елдерде жоқ, тек қазаққа ғана тән рәсімдердің бірі - жаңа хан сайланғаннан соң, әр тайпадан, әр рудан келген адамдар ханның өрістегі малын түк қалдырмай бөліске салады. Бұл рәсім «Хан сарқыты» деп аталады. Ханға малдың керегі жоқ. Хан – ел иесі, жұрт тұлғасы, елде бар болса, Ханда да бар, ханның халықтан бөтен тілегі болмауға тиіс, деген сөз. Бірақ айта кететін жай, үш-төрт күнде бұл мал көбейіп, кері қайтады; бірақ бұл-ханның емес, қазынаның малы. Сонымен бірге «Хан сарқытынан» бөлек, «Хан талау» деген салт та бар. Бұл - ел сенімін ақтамаған, өзінің нашарлығын танытқан басқарушының мал-мүлкін түк қалдырмай бөліп алу. Бұл барымта емес, халық шешімі бойынша жүзеге асатын жаза. «Хан талау» - жанға емес, малға ғана қатысты рәсім екендігін естен шығармау қажет. Жан - сауға, бірақ әмірші мал- мүлкімен бірге, бар билігінен, абыройынан айырылады. «Халық қаһарланса, ханды да тақтан тайдырады» деген сірә осы болар.