Сөздің лексикалық мағынасы Сөйтіп, айналадағы заттар мен құбылыстардың біздің санамызда бейнеленуінің нәтижесінде пайда болатын ұғым сөздің ішкі мазмұны яғни мағынасы болып табылады. Сөздің осындай әуелдегі (о бастағы) негізгі тура мағынасы лексикалық мағына деп аталады. Сөздің лексикалық мағынасы ол сөздің жеке тұрғандағы қалпынан да (яғни сөйлем ішінде емес) көрініп отырады. Өйткені сөздің бұл (лексикалық) мағынасы талай рет қолданылудың нәтижесінде санамызда әбден қалыптасқан, сол тілдің сөздік құрамына еніп, семантикалық ауқымы анықталған. Сондықтан да ешбір контекссіз-ақ ол (сөз) сөздіктерде (мысалы, түсіндірме сөздік, екі тілді сөздік т.б.) реестр сөз ретінде жеке беріліп, мағынасы көрсетіледі. Тілдегі кейбір сөздердің мағыналары кейде бір-бірімен жақын болуы мүмкін, бірақ толық бірдей бола алмайды, тілдегі әрбір сөздің өзінше бөлек-бөлек лексикалық мағынасы болады.
Сөздің лексикалық мағынасына, ең алдымен, оның нақты тура мағынасы жатады. Айталық, көл, құс, тау, үй, көк, биік, үш, бес, келу, жүру сияқты сөздердің лексикалық яғни нақты мағынасы: табиғи су қоймасы, үстін қауырсын жапқан ұшып жүретін жануар (мақұлық), жердің әр түрлі тас жыныстарынан қалыптасқан биік бөлігі, адамның тұратын баспанасы,, бір заттың нақты түсі (көк), бір заттың өлшемдік сипаты, заттардың нақты сандары (үш, бес), қимыл, қозғалыс. Сонымен бірге бір сөз осындай нақты тура мағынамен бірге басқа да мағыналарды білдіріп, ауыс, келтірінді мағыналарда да жұмсала береді. Мысалы, айыру етістігі, ең алдымен, дыр еткізіп жырту және қақ жару, екіге бөлу мағыналарын білдіреді. Бұл – етістіктің тура мағыналары. Сонымен бірге айыру етістігі бөліп шығу (қаймақтан майды айыру,) ажырату (ешкімді айырып болмайды), жер жырту, тілу (жерді тайыз айырады), арашалау, құтқару (бишара шалды ұрылардан айырып алды), бөлектеу, алалау, бірдей көрмеу (оларды бізден неге айырасыз?) танып, білу, анықтау (түнде айыра алмадым), т.б. Бір сөздің өзінде, міне, қаншама мағына бар? Енді айыру етістігінің тағы бір ауыс мағынасы – үнем қылу, күн көру. Осы заттардың майы мен, ұн, шайын айырсын, - деді Абай (М.Әуезов). „Абай жолы" романынан алынған мына бір үзіндіге назар аударайық. „Ол Абайды көре отырып, Құнанбайдың өзге жас балаларын да еске алды."
– Осы, ана Ысқақ бір жошын. Бір түрлі пысық та сергек неме, - деді.
– Ол әлгі Күңкенің қолындағы ма? – деп сұрап алып, Бөжей:
– Рас, құлдырап тұр! – деді.
– Я , рас-ау, соның оты бар! – деп, Байсал да қостады. Мұның бәрі – қиялап айтқан Құнанбайдың қошеметі. Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп отырған Құнанбай ол сөздерге көп шіміркенген жоқ. Қайта теріс көргендей мойын бұрып, Абайға қарап:
– Одан да не күтсеңдер де, осы жаман қарадан күтсеңдерші ,- деді. (М.Әуезов).
Осындағы жаман сөзі тіпті де жаман ұғымын беріп тұрған жоқ. Жаман қара деп отырғаны – Абай. Оған іштей риза болып, Абайдың келешегінен зор үміт күтіп, солай деп отыр. Бұл - сөздің контекстік келтірінді мағынасы, өйткені бұл мағына тек осы контексте, осы қолданыста ғана осылай түсініледі.
Сөйтіп, сөз бір я бірнеше лексикалық мағынаны білдіреді екен. Және сол негізгі лексикалық мағынамен бірге белгілі стильдік мәндегі әр түрлі экспрессивтік, келтірінді мағыналарды да білдіре алады. Бірақ сөз сөйлемде қолданылғанда, ол қаншама полисемиялы (көп мағыналы) болғанмен, оның бір ғана мәнінде жұмсалып, бір ғана мағынасын білдіріп тұрады. Сондықтан да сөзде бір ғана лексикалық мағына болады дейміз. Бұған керісінше сөздің бір ғана қолданысының өзінде бірнеше грамматикалық мағына болуы мүмкін. Сөздің лексикалық мағынасы оның ұғымдық мәні болсын (белгілі бір заттың, құбылыстың, іс-әрекеттің, әр түрлі амалдың т.б. аты, үғымы), келтірінді, ауыспалы, метафоралы т.б. мәндері болсын сөйлемде бір қырынан ғана көрініп, бір мәнінде тұрады. Ол сөйлеу процесіне түскендіктен (сөйлемде қолданылғандықтан), таза лексикалық мағынаны білдіріп қана тұрмайды, сол лексикалық мағынасының жалпылануы арқасында және сөйлемдегі басқа сөздермен әрқалай қатынасқа, грамматикалық байланысқа түсу нәтижесінде және кейде сол сөзге әр түрлі грамматикалық тұлғалар үстелу арқылы неше түрлі грамматикалық мағыналар береді. Сөздердің осындай қасиеттерін жинап, ұйымдастырып тұратын - сөйлем. Сол сөйлем арқылы сөздің нақты я келтірінді лексикалық мағынасы да, лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын грамматикалық мағына түрлері де, үстеме грамматикалық мағыналары да диалектикалық байланысты сөйлемдегі бір сөздің астарынан көрініп жатады. Бір қарағанда сөздегі осындай мағына үйме-жүймелілігі, қат-қабат келіп араласып жатқандай көрінгенмен, олардың тәртібі, өзіндік жүйесі бар екендігін байқаймыз, сол арқылы оларды бір-бірімен шатастырмай айырып ала білеміз. Әңгіме соның мәнін дұрыс түсінуде.