Сөз формалары Грамматикалық форма деген ұғыммен байланысты қолданылатын тағы бір ұғым – сөз формалары. Тұжырымдап айтқанда, сөз формасы немесе сөз формалары деген ұғымға белгілі бір лексикалық мағынаны білдіретін сөздің категориялық грамматикалық мағынаны білдіретін белгілі бір грамматикалық тұлғада тұруы жатады. Мысалы, сөз, сөздер, сөзді, сөздік, сөздіктер; сөздікпен, сөздікте, сөйле, сөйлесе, сөйлеген, сөйлепті, сөйлем, сөйлемнің, сөйлемді дегендерге назар аударайық. Ең алдымен, осылардың әрқайсысы жеке-жеке сөз бе? Әрине жоқ. Сөз тұрғысынан келсек, бұл топтан сөз, сөздік, сөйле, сөйлем деген төрт сөзді бөліп көрсетуге болады, ал қалғандары - төрт сөздің бірінің түрлі формалары. Басқаша айтқанда, сөз, сөздер, сөзді дегендер бір ғана сөз - сөз; сөздік, сөздіктер, сөздікпен, сөздікте дегендер де бір ғана сөз - сөздік; сөйле, сөйледі, сөйлесе, сөйлеген, сөйлепті дегендер де бір ғана сөз - сөйле; сөйлем, сөйлемнің, сөйлемді дегендер де бір ғана сөз - сөйлем, өйткені осы топтың әрқайсысы бір ғана лексикалық мағынаны білдіреді: сөз болса, ауыздан шығатын, белгілі ұғымды білдіретін дыбыстар жиынтығы, ол мағына сөз десек те, сөздер десек те, сөзді десек те өзгермейді; сөздік – белгілі мақсатпен (мағынасын түсіндіріп, жазылуын көрсететін, басқа тілге аудармасын беретін, т.б.) жасалған, тілдегі сөздерді жинақтап берілетін құрал, ол мағына сөздік десек те, сөздіктер десек те, сөздікпен десек те, сөздікте десек те өзгеріссіз беріліп отырады. Сөйлем мен сөйле дегендер жайында да осыны айтуға болады.
Ал бұлардың өз ішіндегі бір-бірінен айырмашылығы сол – негізгі лексикалық мағынасы біреу болса да, демек, лексика ретінде бір сөз болса да, сөз дегеннен сөздер дегеннің айырмашылығы сол - сөздің біреу емес көп екендігін білдіріп, ол қосымша грамматикалық мағына - дер формасы үстелу арқылы беріліп отырғанын көреміз. Сөйтіп, сөз деген сөздің бір формасы сөз болса, екінші бір формасы сөздер екен, үшінші формасы сөзді болады, өйткені бұнда сөз дегеннің негізгі лексикалық мағынасы сақталған да, оған қосымша тура объектілік (сөзді тыңда) мағына -ді деген форма (табыс септік жалғауы) арқылы үстелген.
Сонда сөз формалары деген ұғымға сөзге грамматикалық формалар үстелген түрлері ғана жатып, сөз формасының жаңа сөз тудырумен, сөзжасам қосымшасымен байланысы жоқ па? деген заңды сұрақ туады.
Өзінің аты анық көрсететіндей, сөз формасы деген ұғым сөзге грамматикалық мағына (форма тудырушы қосымшалар) үстейтін формалар қосылуы арқылы жасалады. Сөз формасы деген ұғымның бұл мәні әр уақытта дұрыс түсініле де бермейді. Мысалы, А.Ысқақовтыңсөз формасы дегенді төмендегіше талдауымен келісуге болмайды: „тіліміздегі сөз бен сөзді байланыстыратын (жалғастыратын), сөзден сөз тудыратын, демек, кейбіреулері жаңа сөз тудыратын, кейбіреулері тек сөздің түрін ғана өзгертетін я түрлендіретін (форма тудыратын) қосымшалардың қай-қайсысын алсақ та, олар өздері жалғанған сөзді бір грамматикалық категориядан екінші басқа бір грамматикалық категорияға көшіретін, я болмаса жалпы грамматикалық категорияның ішіндегі жалқы ка-тегорияларды іштей бірінен-біріне аударатын формалар ретінде қызмет етеді", „синтетикалық тәсіл арқылы туатын сөз формаларын категориялық маңыздары мен қызметтеріне қарай сөз жалғастыратын (сөз жалғастырғыш) формалар, сөз түрлендіретін (сөз түрлендіргіш я форма тудырғыш) формалар және сөз ту-дыратын (сөз тудырғыш) формалар деп үш салаға бөлген дұрыс" (ЫА — ҚҚТ, 83 — 84). Бұл жерде сөз түрлендіру және форма тудыру ұғымдарының бір-бірімен араласып кеткенін былай қойғанда, автор қосымша арқылы жасалған жаңа сөзді де сөз формасы деп қарайды. Сонда мал мен малшы бір сөздің екі формасы болмақ па? Әрине жоқ. Бұлар жеке-жеке сөздер, демек, екі бөлек сөздің формаларын жасауға негіз бола алады: малға, малды, малымыз т.б. және малшылар, малшының, малшымыздың т.б. Сөз бен сөз формасы деген ұғымдардың ара жігі, айырмашылығы олар білдіретін лексикалық мағынаның бір я бөлек-бөлек болуына негізделеді. Мал дегеннің лексикалық мағынасы (үй жануары) бір түрлі де, малшы дегеннің лексикалық мағынасы малды бағатын адам бүтіндей бөлек, екінші түрлі, бұлар бір түбірден өрбігенмен, бір сөздің формалары емес, жеке-жеке сөздер. Демек, сөз тудыратын (сөзжасам) қосымшалары үстеліп жасалған сөздер сол сөздің жеке сөз формасы болмайды, ол сөзден бөлек жаңа сөз болып есептеледі, сондықтан да ол морфологиядан гөрі сөзжасам мәселесінде қаралуға тиіс. Көп уақыт бойы сөзжасам құбылысы да дұрыс танылмай, шатастырылып келді ғой, сөз таптарын жасауды сөзжасам деп, әсіресе оның бір ғана синтетикалық жолын көрсетіп келдік. Бұның қателігі енді-енді айтыла бастады. Бұл – бір. Екіншіден, сөз формасы деген ұғым сөздердің белгілі бір грамматикалық топ құраудың амал-тәсілі болатын парадигмалық жүйелермен түрлену арқылы туып, морфологияның негізгі мәселелерінің бірі болып қаралады.
Сөйтіп, сөз әр түрлі тұлғалар арқылы түрленудің, сөзге түрлі форма тудыратын тұлғалардың қосылуы нәтижесінде оның көптеген формасы пайда болады. Сөздің көптеген формаларының ішінде біреуі сөздің сол формаларын жасауға негіз болады, яғни сөз формалары сөздің негізгі бір формасынан жасалады. Ол - көбіне белгілі сөз табының түбір негізгі және туынды тұлғасы болып табылады. Мысалы, зат есімнің сөз формаларына
септік тұлғаларына, тәуелдік, көптік, жіктік тұлғаларына негіз болатын – зат есімнің түбір тұлғасы. Сондықтан зат есімнің септелу жүйесіне, тіпті басында түрлену, мысалы, тәуелдену, көптелу т.б. жүйесіне негіз болатын атау септік тұлғасы деу – түбірімен қате, негізсіз пікір. Сын есімнің сөз формасына (шырай тұлғасына) негіз болатын – сапалық сын есімнің түбір тұлғасы. Басқа есім сөз таптарының түрленуіне (субстантивтену арқылы септелу, көптелу, тәуелдену кейде жіктелу) негіз болатын – сол сөз табының түбір тұлғасы. Дәл осындай етістіктің сөз формаларына (етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік және рай, шақ, есімше, көсемше) негіз болатын – етістіктің түбір тұлғасы немесе рай, шақ, есімше, көсемше тұлғаларына негіз болатын – сонымен бірге (яғни түбірмен бірге) етістіктің лексика-грамматикалық (етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік) тұлғалары, ал жіктелу тұлғаларына негіз болатын – етістіктің тек функциялық (рай, шақ) тұлғалары болып табылады. Айта кету керек, оқулықтар мен көптеген зерттеулерде белгілі бір сөз табының түрлену формасына негіз болатын тұлға қате көрсетіліп жүр. Мысалы, зат есімнің септелу жүйесіне негіз болатын форма деп атау септік тұлғасы, сын есімнің шырай тұлғаларына негіз болатын форма деп жай шырай тұлғасы, етістіктің түбір тұлғасы деп 2-жақ бұйрық рай (анайы) тұлғасы, етіс тұлғаларына негіз болатын форма деп негізгі етіс тұлғасы көрсетіліп жүр. Ең алдымен, белгілі бір парадигмалық түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға сол түрлену жүйесінің ішіне соның бір түрі болып кіре алмайды, ол жүйенің шеңберінен тыс тұрады, өйткені ол – бұл түрлену жүйесіне тек негіз болатын тұлға. Мысалы, бала-м, бала-ң, бала-сы тәрізді тәуелдіктің түрлену жүйесіне негіз болып отырған тұлға бала болса, ол сол тәуелдіктің түрлену жүйесі ішіне кірмейді ғой (бейтарап немесе белгісіз жақ тәуелдік түрі деген жоқ қой). Екіншіден, белгілі тұлға сол тәуелдену жүйесінің бір түрі болып есептелсе, онда ол түрлену жүйесіне негіз болатын тұлға емес, басқалардай өзіне тән білдіретін грамматикалық мағынасы бар бөлек форма (кейде арнайы тұлғасы болмаса, нөлдік форма) болып саналады. Сөйтіп барып ол сөз формасының бірі, түрлену жүйесі қатарының бір түрі болып табылады. Сондықтан атау септік тұлғасы – басқа септік тұлғаларына негіз болатын форма емес, басқа септік тұлғаларымен тең дәрежеде, септік жүйесінде өзіндік орны бар жеке грамматикалық сөз формасы болатын тұлға. Ал жай шырай мен негізгі етіс дегендер - сөз түрлену (шырай, етіс) парадигмасына зорлықпен енгізіліп жүрген жасанды тұлғалар, өйткені сапалық (сын есімнің шырай тұлғалары барлық сын есімнен емес, тек сапалық сын есімнен жасалады) етістік түбірі тәрізді ұғымның орнына жұмсалып жүрген тұлғалар. Ал етістіктің түбірі (негізгі және туынды) мен бұйрық райдың анайы 2-жақ тұлғалары да бір емес: етістіктің түбірі етістіктің барлық тұлғаларына негіз болатын тұлға болса, бұйрық райдың 2-жағы етістіктің сол түбір тұлғадан өрбіген түрлену жүйесінің бір формасы, грамматикалық категориясының бір түбірінің көрсеткіші болып табылады. Бұл жерде етістіктің түбірі мен бұйрық райдың екінші жақ тұлғасы – сырттай сәйкес келгенмен, грамматикалық сипаты жағынан бүтіндей бөлек-бөлек тілдік құбылыстар. Олардың өзіндік ерекшеліктері (атау септіктің сипаты, зат есімнің түбір тұлғасынан өзгешелігі, септік жүйесінің бір түрі екендігі, етістіктің түбір тұлғасы мен бұйрық райдың екінші жақ тұлғасы, жай шырай деген мен негізгі етіс дегендердің шырай, етіс категорияларына еш қатысы жоқ екендігі) сол тұлғаларға байланысты жеке-жеке тақырыптарда арнайы талданады.
Сырттай ұқсас кейбір сөз формаларын шатастыруға себеп болып отырған нәрсе – жеке сөздерде болатын сияқты сөз формаларында да кездесетін омонимиялық қасиетті ескермеуден туып отыр. Басқаша айтқанда, сырттай ұқсас түлғаларды олардың қандай мәнді білдіретінін анықтамай, мағыналық ерекшелігін ескермей, мағыналық байыбына бармай-ақ, сыртқы қасиеттері арқылы белгілі бір грамматикалық топқа телудің салдарынан осындай қателіктерге ұрынып отырмыз.
Сөз формаларының қазақ тілінде екі түрі бар: 1) сөзге форма тудыратын қосымшалар жалғану арқылы жасалатын синтетикалық формалар немесе сөздің синтетикалық формалары; 2) негізгі сөзге көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалатын аналитикалық формалар немесе сөздің аналитикалық формалары. Жоғарыда баяндаған мәселенің негізгі желісі сөздің синтетикалық формалары яғни сөзге форма тудырушы қосымшалар (жалғау, жұрнақ) жалғану арқылы пайда болған сөз формалары жайында болды.
Сөздің аналитикалық формалары негізгі сөзге көмекші сөздердің тіркесуі арқылы бір грамматикалық мағына үстеп, сөйтіп, белгілі бір грамматикалық түрлену жүйесінің бір түрі, грамматикалық категорияның бір көрінісі болып, жұмсалатын тұлға ретінде жасалады. Етістіктің аналитикалық формалары туралы Н.Оралбаевабылай дейді: „Сөздің синтетикалық формасын жасаушы қосымшалар қандай дайын единицалар болса, сөздің аналитикалық формасын жасайтын аналитикалық форманттар да сондай дайын элементтер. Осы дайын аналитикалық форманттар арқылы сөйлеу кезінде сөйлеуші етістікті сөйлемде керегіне қарай түрлі аналитикалық формада қолданады. Сөйтіп, аналитикалық формалы етістік сөйлеу кезінде тілдегі дайын модель бойынша жасалады... Аналитикалық формалы сөздің әрқайсысы белгілі бір грамматикалық категорияның формасы екенін көрсетеді. Сөздің аналитикалық формасын жасаушы аналитикалық форманттар – етістіктің грамматикалық категорияларының көрсеткіші. Олар арқылы жасалған аналитикалық формалы етістіктер де сол категорияның парадигмасына енеді" (О. — ҚҚФ. 15-16). Әрине, негізгі сөзге тіркескен көмекші сөздің бәрі бірдей сөздің аналитикалық формасын жасай бермейді. Мысалы, есім, еліктеу сөздерге тіркескен көмекші етістіктер етістіктің аналитикалық формасын жасамайды: баян етті, шар етті, әңгіме қылды т.б. күрделі сөздердегі ет, қыл көмекші етістіктері әрі сөз тудырушылық (сөзжасам) мәнде, баян, шар, әңгіме деген сөздерді құранды етістікке айналдырып тұр, әрі оған қимылға қатысты грамматикалық мағыналар үстейді. Сөйтіп, бұл жердегі көмекші етістіктер әрі сөз тудырушылық (сөзжасам), әрі форма тудырушылық қызметті бірдей атқарып тұр, сондықтан баян етті – баяндады, шар етті - шарылдады, әңгіме қылды - әңгімеледі сөздерінің баламасы ретінде жасалған. Демек, бұл жерде көмекші етістіктер таза грамматикалық мәнде қолданылмаған.
Етістіктің аналитикалық форманттары мына сияқты етістік категориясымен байланысты көрсетіліп жүр:
а) қимылдың өту сипатына байланысты, мысалы, келіп қалды -қимылдың ойда жоқта жасалғанын, келіп қойды қимылдың кенеттен жасалғанын, келе қалды, келе қойды – қимылдың жасалып кеткенін, келе салды – қимылдың немқұрайлы жасалғанын, келе берді - қимылдың қайталанғанын, келіп жүрді – қимылдың үзіліспен ұзаққа созылғанын, келіп алды – қимылдың өзі үшін жасалғанын білдіреді. Сондай-ақ қимыл тәсілін білдіретін (көрмеген бол, құлай жаздады т.б.), қимылдың даму сатысын (фазасын) білдіретін (мақтай бастады,