Етіс категориясы Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте етіс қимыл, іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы (семантикалық-синтаксистік сипаты) әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады. Етіс категориясының семантикалық (лексика-грамматикалық) сипаты қазақ тіл білімінде арнайы зерттелсе де, әлі тұрақты бір пікір жоқ. Зерттеушілердің бір тобы етіс тұлғаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына жатқызады. Академиялық грамматика етіс қосымшаларын былай анықтайды: „Етіс аффиксі қосылған сөздер аффикстердің санына қарамай, туынды түбір етістіктер құрамына кіреді, сондықтан да бұл категория сөз тудырудың морфологиялық әдісіне жатады". Сөйтіп, етіс қосымшалары жалғанған етістік туынды түбір деп саналады да, етіс қосымшалары етістік негізден етістік тудыратын жұрнақ деп аталады" (ҚТГ, 168, 140) Етістіктің әр түрлі грамматикалық түрлерін, лексика-грамматикалық сипатын, әсіресе етіс категориясын арнайы зерттеген А.Қалыбаева (Хасенова) да осы пікірін басқа зерттеулерінде де тұрақты қайталап жүр. Басқаны былай қойғанда, жоғарыда келтірілген пікірі яғни айтылуы (түрі) бірдей етістіктердің бір сөз бе, (полисемия ма), әлде бөлек-бөлек сөз бе, омоним ба, оны ажыратудың критерийі ретінде ол етістіктің салттылық я сабақтылық қасиетін негізге алу керек деуі, ал етістіктің салттылық я сабақтылық қасиетін айқындайтын және өзгертетін грамматикалық тәсіл етіс қосымшалары екені белгілі, етіс қосымшаларын лексикалық сипаты негізінде сөзжасам қосымшасы деп анықтау болып табылады (ХА. -ЕЛТС, 210,211).Бұл пікірді А.Ысқақов та қолдайды: „Сөйтіп, етіс формаларының бұл ерекшелігінен, біріншіден, басқа жұрнақтар сияқты туынды етістік жасайтын қабілет барлығы (айырмасы тек етістіктен етістік тудыратындығы) және сол етіс жұрнақтары арқылы туған формалар етістік негіздері есебінде қызмет ететіні айқындалады. Ендеше бұл жағынан қарағанда, етіс жұрнақтары сөзден сөз тудыратын жұрнақтармен сипаттас келеді де, лексикалық категорияға жатады. Екіншіден, етіс категорияларының формаларында субъекті мен объектінің амалға қатысын, керісінше, амалдың (әрекеттің) субъекті мен объектіге қатысын білдіретін грамматикалық сипаты күшті. Демек, етіс формалары сөйлемнің грамматикалық құрылысына өзгеріс енгізіп отырады." (ЫА -ҚҚТ, 296).
Айта кету керек, сөзжасам қосымшалары сөзге жалғанғанда, оны (сол сөзді) өзгертіп жіберетіндіктен, жаңа мағыналы (лексикалық мағыналы) сөз тудыратындықтан (сөйтіп, тілдің грамматикалық құрылысын емес, сөздік құрамын байытатындықтан), жаңа лексикалық мағыналы сөздің жалпы грамматикалық мағынасы да, грамматикалық сипаты да өзгереді, сөйтіп, ол жаңа сөз сөйлемде басқаша грамматикалық байланыстарға түсіп, өзгеше қарым-қатынастарды білдіріп, жаңаша қызмет атқаруы таң қаларлық жай емес. Сондай-ақ етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары болса, біріншіден, ол грамматикалық сипаты бар тілдік құбылыс болмай, яғни сөздердің белгілі бір грамматикалық тобының (сөз табы-ның, яғни етістіктің) тұлғалық көрсеткіші болмай, етістіктің шеңберінде ғана қалып қоймай, екіншіден, парадигмалық сипаты болмай, категориялық мәнді білдірмей, басқа да толып жатқан сөзжасам қосымшаларының бірі болып қала берер еді. Бұл мәселе жөнінде И.Мамановтың пікірі назар аударарлық: „Етіс категориясы – түбір етістіктен туатын грамматикалық форма. Яғни етіс формалары - өзі жасалған түбір етістікпен кореллятивті түрде өмір сүретін және екеуінің лексикалық мағынасы бір болып келетін етістіктер" (М.И. ҚҚТ, 36). Сөз жоқ, етіс жұрнақтары семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшаларына жақын. Кейбір түрлері жаңа сөз жасап, етіс қосымшалы етістік негізгі сөздік құрамнан жеке лексикалық единица ретінде орын алған. Мысалы, таң асыру, қызды айттыру, бір көрген біліс, екі көрген таныс, үйге кіріп жылынды, үйді жылытты, рұқсат беруді өтінді, бұған екеуі де келісті, екі дайға келгенде ол маған болысады, оқуға берілді, ауруынан жазылды, олар бәрібір табысады т.б. қолданыстағы етістіктер етіс қосымшалары арқылы жасалған туынды түбір негізгі түбірден туған жаңа мағыналы сөздер болып табылады: ас, айт, жылы түбірлерден -ыр, -тыр, -т, өзгелік етіс қосымшасы арқылы, біл, таны, кел, бұл түбірлерден -ыс, -іс, -с ортақ етіс қосымшасы арқылы, жылы, от түбірлерден -н, -ін өздік етіс қосымшалары арқылы бет, жаз, түбірлерден -іл, -ыл, ырықсыз қосымшалары арқылы жаңа мағыналы сөз жасалған. Сондай-ақ қазіргі кезде түбір және қосымшаға ажырамайтын, өлі түбір деп есептелетін, бірақ тарихи тұрғыдан бір кездегі өзгелік етіс пен өздік етіс қосымшалары деп танылатын, қазір әрқайсысы жеке-жеке сөз, лексема деп қаралатын оян мен оят, үйрен мен үйрет, жұбан мен жұбат, уан мен уат сияқты жеке-жеке параллель сөздердің тілімізден орын алуы етіс қосымшаларының сөзжасамдық сипатының белгісі болса керек. Сондай-ақ бір сөзге етіс тұлғаларының бірінің үстіне бірінің, тіпті өзгелік етіс қосымшаларының өзі бірнеше рет қабаттасып жалғануы да таза грамматикалық немесе категориялық грамматикалық тұлғалар қасиеті шеңберінен шығаратын белгілер болса керек. Бірақ солай бола тұрса да, етіс қосымшалары әр уақытта өзі жалғанған етістік түбірдің мағынасын, лексикалық мәнін өзгертіп жібере ме, әр қашан жаңа лексикалық мағыналы сөз жасай ма? Мысалы, Ол баласына хат жазды. Бұл хат кеше жазылды. Баласына хатты маған жаздырды. Ол екеуі бір-бірімен ылғи хат жазысады. Осы сөйлемдердегі хатқа байланысты жазу (жазды), жазылу (жазылды). жаздыру (жаздырды), жазысу (жазысады) етістіктері бөлек-бөлек сөздер ме? Тіпті хатқа байланысты болуын арнайы көрсетпегеннің өзінде (кітап, өлең, шығарма т.б.) толып жатқан затқа байланысты жалпы жазу қимылы, іс-әрекеті өзгерді ме? Не өзгерді? Етістіктің (жазудың) жалпы грамматикалық мағынасы яғни жазу қимыл-процесін білдіруі өзгерген жоқ, сөзжасам қосымшасы болса, оны өзгертіп жіберер еді: шеге зат атауы, шегеле оған байланысты қимыл, қара белгіні, түсті білдіретін сын, қарай сол түске айналу процесі (қимыл-әрекеті) т.б. Тек бұл жазу етістігі емес, оқы-оқыл-оқып-оқытқыз, айт-айтьм-айтыс-айтқыз-айтқыздыр, сөйле-сөйлем-сөйлес-сөйлет-сөйлеткіз, шегеле-шегелес-шегелет-шегелеткіз т.б. етістіктерде етіс жұрнақтары жаңа сөз тудырмайды, етістік түбір білдіретін семантикасын өзгертіп жібермей лексикалық және жалпы грамматикалық мағынасы сақталып қалады, тек сабақтылық-салттылық мәні өзгеріп, сөйлемде субъект мен объект арасындағы қатынасы ауысуы мүмкін: оқы етістігінен жасалған кітап оқылды дегенде тура объект (кітап) грамматикалық бастауышқа айналып, тура объект керек етілмей қолданылса, ол бізге кітап оқытты (оқытқызды) деген оқу қимылының иесі, іске асырушысы ол болып тұр да, бірақ ол сол қимылды (оқу әрекетін) тікелей өзі атқармай екінші біреу (субъект) арқылы іске асырып отыр, яғни оқу қимылын тікелей жүзеге асырушы – біз, ол қимыл, іс-әрекетті тікелей орындаушы субъект, агенс деп аталады, бірақ грамматикалық бастауыш (субъект) емес, грамматикалық жанама объект мәні мен қызметінде қолданылған. Сондай-ақ оқу етістігі (оқытты) тура объектіні міндетті түрде талап етіп отырады (кітапты): ол жуынды дегенде жуу қимылын іске асырушы субъект (ол) сол қимылды өзіне бағыттайды, сөйтіп, қимыл, іс-әрекеттің субъектісі белгілі дәрежеде объектісі де мәні мен қызметінде жұмсалады, бірақ ол грамматикалық субъект болып қала береді; ол екеуі бір-бірімен хат жазысады дегенде қимыл, іс-әрекеттің бір ғана субъекті тарапынан емес (іс-әрекетті орындаушы біреу емес), бірнеше екенін білдіреді. Бұл сияқты етістік түбірге етіс қосымшалары жалғанғаннан кейін пайда болатын мағыналар мен синтаксистік қарым-қатынастар, негізінен алғанда, етістік түбірдің жалпы грамматикалық мағынасын өзгертпейді, тек сабақтылық-салттылық мәнін ғана өзгертуі мүмкін.
Сондай-ақ етіс тұлғаларының тіліміздегі етістік атаулының бәріне я белгілі бір тобына (ырықсыз және өздік етіс қосымшалары тек сабақты етістіктерге жалғануы) жалғана алуы, яғни әмбебеп қасиеті, сөйтіп барып И. Мамановтың көрсетуіндей грамматикалық абстракция жасай алуы, өнімділік-өнімсіздік, құнарлылық-құнарсыздық сипатының болмауы, соның арқасында қосымшалары жалғанған жердің бәрінде жаңа сөз тудыру қатарын құрай алмауы етіс қосымшаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына қосуға болмайтындығын көрсетеді. Ал кейбір етістіктің құрамында келіп, жаңа туынды түбір, демек негізгі түбірден өзгеше жаңа лексикалық мағына білдіретін жоғарыда көрсетілген тәрізді сөздердің ( [қыз] айттыру [таң] асыру [бір көрген] біліс, [екі көрген] таныс [үйге кіріп] жылынды, [үйді] жы-лытты, [рұқсат беруді] өтінді, [бұған екеуі де] келісті, [екі дайға келгенде ол маған] болысады, [оқуға] берілді, [ауруынан] жазылды, [олар бәрібір] табысады) айтылудан айттыру, асудан асыру, білуден білісу, танудан танысу, жылудан жылыну мен жылыту, өтуден өтіну, келуден келісу, болудан болысу, беруден берілу, жазудан жазылу, табудан табысу тәрізді жеке лексема болып, сөздік құрамнан бөлек-бөлек орын алуы тек қана етіс (өзгелік, ортақ, өздік, ырықсыз) қосымшаларының жалғану нәтижесі емес, одан да гөрі семантикалық процестің (сөзжасамның синтетикалық тәсілінен гөрі семантикалық) тәсілінің басым болуы, ондай процестер тілімізде аз емес, мысалы, көлемдік септік тұлғасында бір топ сөздердің адвербиалданып, үстеуге айналуы, немесе -у тұйық етістік пен -с, -іс, -ыс ортақ етіс я қимыл есімдерінің соған қатысты жаңа заттық ұғымдардың тілде пайда болуымен байланысты заттанып, зат атауын білдіретін сөздердің пайда болып тұрақтануы (көсеу, егеу, тұсау, айтыс, соғыс, жарыс т.б.) яғни ішкі мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн.
Етіс тұлғаларының тағы бір ерекшелігі бар. Ол етіс қосымшалары етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді, яғни етіс тұлғалы етістіктер түбір (негізгі, туынды) етістіктерше 1) сырттай бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы, түрімен сәйкес келеді; 2) тікелей жіктелмейді, тек рай, шақ (көсемше, есімше) тұлғаларын үстеп барып жіктеледі және сол тұлғалар (рай, шақ) жалғануға негіз, бола алады. 3) сондықтан да сөйлемде сол тек етіс тұлғасында етістік қолданылмайды. Осы сияқты қасиеттерінің негізінде И.Маманов жалпы етістік атаулыны негізгі етістіктер және функциялық етістіктер деп екі топқа бөліп, негізгі етістіктер оның грамматикалық категорияларын жасауға негіз болады дей келіп, оның өзін екі түрге бөліп, бірін түбір етістіктер, екіншісін модификациялы етістіктер деп, модификациялы етістіктердің қатарына етіс, болымсыз етістік, күшейтпелі етістік және күрделі етістікті (көсемше формаларының көмекші етістіктермен тіркесуі) ерекше бөліп жатқызады. (М.И. -ҚҚТ, 9-10, 33-34). Сөйтіп, етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілген сипаттары (және тұлғалар жүйесінің сөзжасамға қарама-қайшы барлық етістікке түбірлерге жалғана алу мүмкіндігінің арқасында) негізінде етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады. Етіс категориясы түрлері жайында да талас пікірлер жоқ емес. „Мектеп оқулықтары мен арнаулы курстарда негізінен төрт түрге бөлініп баяндалып келген бұл категория арнаулы зерттеушілер еңбегінде беске бөлініп жүр. Мұның өзі соңғы жылдары дәстүрге айналып отыр.
Мағыналық ерекшеліктері мен синтаксистік қызметіне және тұлғалық ерекшеліктеріне негізделіп, қазақ тіліндегі етістіктерді де: негізгі етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс және өзгелік етіс деп беске бөлуге болады. Соның төртеуі әрқайсысы өзіне тән аффикстермен түрленеді, ал біреуі негізгі етіс, өзінің ондай аффиксі болмағандықтан тұлғасынан ерекшеленеді. Сондықтан да етіс аффиксімен әлі тұлғаланбаған негізгі және туынды түбір етістіктерді тұтас алып, өз алдына жеке бөліп, негізгі етіс деп атаймыз. Бұл жағдайда субъекті мен объектінің іс-әрекетке деген қарым-қатынасы етістіктің бастапқы семантикалық мәніне қарай анықталады", - деп көрсетеді академиялық грамматика (ҚТГ, 169)Бұл пікірді А. Ысқақов та толық қолдайды: „Етістер жұрнақтарының түрлеріне, олардың мағыналары мен қызметтеріне қарай төмендегідей бес түрге бөлінеді: І) негізгі етіс, 2) ортақ етіс, 3) өзгелік етіс, 4) ырықсыз етіс, 5) өздік етіс.
Негізгі етістің арнаулы көрсеткіші болмайды. Оған әрбір түбір я туынды етістіктердің де, күрделі етістіктердің де негіздері жатады. Әдетте етістік негізінің субъекті мен объектіге қатысы я субъекті мен объектінің етістік негізіне (амалына) қатысы сол негіздің бастапқы лексикалық семантикасына қарай анықталатындықтан, оның семантикалық ерекшелігі, грамматикалық (синтаксистік) қызметі туралы да арнайы сипаттама беру қажет болмайды" (ЫА -ҚҚТ, 297). Осыдан анық көрінетіндей, негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғымынан, мейлі негізгі түбір, мейлі туынды түбір, мейлі күрделі түбір болсын, не семантикалық жағынан, не формалық жағынан, не синтаксистік қызметі, басқа сөздермен қарым-қатынасы жағынан ешбір айырмашылығы жоқ екен. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория (түрлеріне) негіз болатын тұлға яғни негізгі етіс деп аталған, дұрысында етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді, сол категория түрлеріне негіз ғана болады. Сондықтан негізгі етіс деген етіс категориясының түрі жоқ, етіс категориясына, түрлеріне негіз болатын негізгі, туынды, күрделі етістік түбір деген ғана ұғым бар. Сол себепті де И.Мамановетіс категориясының өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс дегендерді (төрт-ақ түрін) көрсетеді (М.И. -ҚҚТ, 36).