С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет73/97
Дата29.09.2023
өлшемі2,04 Mb.
#111873
түріОқулық
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   97
Байланысты:
исаев морфология

Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура обьектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып, тек сабақты етістіктерден -ыл -іл, -л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын, -ін, -н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтамыз. Мысалы, кітап оқы-л-ды, үй тазала-н-ды, астық жина-л-ды, сөз сөйле-н-ді, хат жаз-ыл-ды т.б. оқу қимылының, іс-әрекетінің тура объектісі – кітап, тазалаудың тура объектісі – үй, жинаудың тура объектісі – астық, сөйлеудің тура объектісі – сөз, жазудың тура объектісі – хат, ал ырықсыз етіс қосымшасы (-л, -н, -ыл) жалғану арқылы, біріншіден, оқу, тазалау, жинау, сөйлеу, жазу іс-әрекеттері өздігінен болғандай, көрсетілген тура объектілері бұл сөйлемшелерде грамматикалық бастауыш қызметін атқарып тұр, соның арқасында, екіншіден, ырықсыз етіс тұлғалы етістіктер салт етістік болып тұр, яғни ырықсыз етіс қосымшалары сабақты етістікке жалғанып, оны (сабақты етістікті) салт етістікке айналдырып тұр. Кейде қимылдың, іс-әрекеттің атқарушы иесі (субьектісі) жалпы сөйлемнің мазмұнынан сезіліп тұрады немесе грамматикалық жанама объекті тұлғаларында (барыс, көмектес септіктерінде, түбір, ілік септік тұлғасындағы сөз бен тарапынан, жағынан деген сөздердің тіркесінен т.б.) тұрып та жұмсала береді. Өздік етіс пен ырықсыз етістің ұқсас та, өзгешелік те жерлері бар. Ұқсастығы: 1) қосымшалардың кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекстен ғана байқалады, сөйтіп, бір-бірімен омоформа да жасайды: ол дәрігерге көрінді және алыстан бір қара көрінді; 2) екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады. Негізгі айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында: өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект-грамматикалық субъект (бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады.
Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті (ол екінші субъекті, қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенс деп аталады) арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып, табылады. Демек, өзгелік етісте қимылды, әрекетті іске асырушы субъекті бір емес, екеу болады: бірі – іс-әрекетті, қимылды орындатушы иесі, сөйлемде ол грамматикалық бастауыш қызметінде болады, яғни бұл логикалық субъекті әрі грамматикалық субъекті болады, екіншісі, іс-әрекетті, қимылды тікелей орындаушы субъекті (агенс) ол сөйлемде берілмеуі де мүмкін, берілсе, барыс септік тұлғасында тұрып, ол сөз сөйлемде жанама толықтауыш қызметін атқарады. Бұл бір. Екіншіден, өзгелік етіс тек сабақты етістіктен жасалады, сабақты етістікке өзгелік етіс қосымшасы үстелгенде, ол баяндауыш болып тұрған сөйлемде тек іс-әрекет, қимылды тікелей атқарушы барыс септіктегі екінші субъект (агенс) ғана пайда болады, баяндауыш сабақты етістікті сөйлемде іс-әрекетті орындатушы субъекті мен объект өзгелік етіс қосымшасы қосылмай тұрғанның өзінде бар болатын. Мысалы, Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (ЫА) деген сөйлемде сал деген сабақты етістіктен -ғыз қосымшасы арқылы өзгелік етіс жасалған. Салу сабақты етістігінің тура объектісі, сарай (ды) және салу әрекетінің иесі, іске асырушы субъектісі (өнер-білім бар) жұрттар. Өзгелік етіс жасалуымен байланысты тура объекті (сарай) да, субъекті (жұрт) де қалып отыр, бірақ өзгелік етіс жасалғанда, біріншіден, іс-әрекеттің субъектісі (жұрттар) қимылды, іс-әрекетті, яғни салу әрекетін, тікелей өзі атқармайды, тек қимылдың орындалуына түрткі болады, екіншіден қимыл, іс-әрекетті тікелей атқарушы екінші субъект агенс пайда болады, ал бірақ бұл сөйлемде арнайы берілмеген, берілсе барыс септік тұлғасында тұрар еді. Яғни өнер-білім бар жұрттар сарайды өздері салған жоқ, біреуге салғызды. Ал салт етістікке өзгелік етіс жұрнағы жалғанғанда І) қимыл, іс-әрекет иесі, орындаушы субъект жаңадан пайда болады да, қимыл, іс-әрекетті тікелей өзі атқарады, орындайды, 2) салт етістік сабақты етістікке айналады 3) салт етістіктегі грамматикалық бастауыш (субъекті) сабақты етістіктің тура объектісіне айналады, 4) бірақ екінші субъект – агенс, қимыл, іс-әрекетті тікелей орындаушы субъекті болмайды. Мысалы, бала шамды сөндірді дегенде сөндіру қимылының субъектісі де, тікелей сол қимылды іске асырушы, атқарушы да біреу-ақ, ол бала. Ал етістіктің түбір күйіндегі яғни салт етістік күйіндегі грамматикалық субъект -шам да (шам сөнді), ол бұл жерде тура объектіге айналған: шамды сөндірді, бірақ шам өз-өзінен сөнген жоқ. Сөйтіп, өзгелік етіс қосымшасы салт етістікке жалғанғанда, салт етістіктен бірден өзгелік етіс тудырмайды, тек салт етістікті сабақты етістікке айналдырады, енді осы сабақты етістікке екінші рет етіс қосымшасы жалғанғанда барып өзгелік етіс жасалады: Бала інісіне шамды сөндіртті. Бұл сөйлемде бала қимылдың иесі, субъекті, бірақ оны (қимылды) тікелей өзі атқарып отырған жоқ, екінші субъект-агенс арқылы іске асырып отыр, яғни сөндіру қимылын тікелей орындаушы субъект агенс – інісі, сөйлемде ол (інісі) барыс септік тұлғасында тұрып грамматикалық жанама объекті (толықтауыш) синтаксистік қызметін (қатынасты) атқарып тұр, ал тура объекті – шамды өзгерген жоқ.
Салт етістіктің субъектісі қызметіндегі жанды заттар мәніндегі сөздер, салт етістікке өзгелік етіс жұрнағы жалғанғаннан, тура обьектіге айналумен бірге екінші субъекті-агенс мәнінде де жұмсалатын сияқты көрінеді. Мысалы, ол баланы ойнатты (бала ойнады), Жолаушы атын оттатты (аты оттады) деген тәрізді мысалдарда ойнату, оттату қимылын іске асырудың бұл сөйлемдердегі тура объектісі, ал салт етістік мәнінде (өзгелік етіс қосымшасы) қолданылған түріндегі субъектіні (бала, ат) екінші субъекті-агенс мәнін де білдіретін сияқты, яғни ойнайтын – бала, оттайтын – ат қой. Бірақ, біріншіден, бұл сөйлемдердегі субъекті ол және жолаушы қимыл, іс-әрекетті орындауға мұрындық қана болмай, өзі тікелей атқарады: өзі ойнатады, өзі оттатады, екіншіден; өзгелік етіс болудың бір шарты екінші субъекті-агенс жоқ, ал баланы мен атты деген сөздер бұл қимылдардың объектісі ғана. Сондықтан да „Өзгелік етіс — субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы, "салт етістіктен жасалған сабақты етістікті өзгелік етіс категориясына жатқызу дұрыс болмас еді" және „өзгелік етіс болу үшін ол сөйлемде барыс септігіндегі жанама толықтауыш қызметіндегі агенсті керек етеді. Агенс сөйлемде айтылуы да, айтылмауы да мүмкін. Салт етістіктен өзгелік етіс жұрнағы арқылы жасалған сабақты етістіктер агенсті керек етпейді.
Салт етістіктен сабақты етістікке айналған етістік тұлғасын өзгелік етіске айналдыру үшін оның үстіне тағы да өзгелік етіс жұрнақтарының біреуі жалғануы шарт" (М.И.-ҚҚТ, 40, 41, 42)


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет