С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет82/97
Дата29.09.2023
өлшемі2,04 Mb.
#111873
түріОқулық
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   97
Байланысты:
исаев морфология

Осы шақ сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың, іс-әрекеттің болып жатқанын, өтіп жатқанын білдіреді. Басқа шақ түрлеріне қарағанда осы шақтың жасалуында кейбір ерекшелік бар, ол қалып етістіктерінің отыр, тұр, жатыр, жүр негізгі етістік мәнінде, немесе негізгі етістіктің көсемше (-а, -е, -й, -ып, -іп, -п) тұлғасына қалып етістіктерінің көмекші етістік мәнінде тіркесіп тікелей жіктеліп барып жасалуында. Бұлар грамматикаларда нақ осы шақ деп беріледі.
мен отыр-мын, жүр-мін, келе жатыр-мын, айтып тұр-мын.
сен отыр-сың, жүр-сің, келе жатыр-сың, айтып тұр-сың.
сіз отыр-сыз, жүр-сіз, келе жатыр-сыз, айтып тұр-сыз.
ол отыр- , жүр- , келе жатыр- , айтып тұр.
біз отыр-мыз, жүр-міз, келе жатыр-мыз, айтып тұр-мыз.
сендер отыр-сыңдар, жүр-сіңдер, келе жатыр-сыңдар, айтып тұр-сыңдар.
сіздер отыр-сыздар, жүр-сіздер, келе жатыр-сыз-дар, айтып тұр-сыздар.
олар отыр-, жүр- , келе жатыр- , айтып тұр- .
Осыдан анық көрінетіндей, осы шақтың бұл түрі қазіргі кезде арнайы грамматикалық тұлғалар арқылы жасалмай, қалып етістіктерінің негізгі немесе көмекші етістік мәнінде жіктеліп келуінен (жіктелу шақ көрсеткіші емес) жасалады. Шақтық мән отыр, тұр, жатыр, жүр қалып етістіктерінің өз семантикасында бар. Көне кезде отыр-олтұрұр, тұр-тұрұр, жүр-жұрүр, жат-жатыр осы тұлғасын тек жатыр етістігі сақтап қалған түрінде қолданылғанда да, сөз соңындағы -ур, -үр қосымшасы процессуальдық мәнді, болып тұрған қимылды білдірген, М.Оразовтың көрсетуінше, -ар, -ер, қосымшалары (ашық дауысты нұсқасы) келер шақтың, -ыр, -ір, -р (қысаң дауысты нұсқасы) осы шақтың көрсеткіші болған, ол қазіргі азербайжан тілінде сақталған. Ал -ур, -үр, -р қосымшасы ХІ-ХІV ғасырлар аралығында өз мағынасын түбір морфемаға беріп, өздері басы артық элементтерге айнала басталған" (О.-Қ, 89, 97). Сөйтіп, қосымша түсіп қалса да, қосымша білдіретін мағына түбірге ауысқан қалып етістіктері (отыр, тұр, жатыр, жүр) осы күйінде шақ көрсеткіші де болып қалыптасқан. Сондықтан да қалып етістіктері тіліміздегі барлық етістіктерден өзгеше болып келеді: әрі түбір етістіктер сияқты бұйрық райдың 2-жақ анайы жекеше түрімен сәйкес келеді: сен отыр, сен жүр, сен тұр, бірақ сен жат (жатыр емес), әрі 3-жақтың жіктелу тұлғасында тұрады: ол отыр, ол жүр, ол тұр, ол жатыр (жат емес), әрі тікелей ешбір есімше, көсемше, шақ, рай тұлғаларсыз-ақ жіктеле алады да, сөйлемде тікелей қолданыла береді. Сөйтіп, қазіргі тұрғыдан нақ осы шақ арнайы грамматикалық тұлғаларсыз-ақ қалып етістіктерінен жасалады, ал тарихи тұрғыдан грамматикалық тұлғалары болған деген тұжырым жасауға болады.
Процессуальдық мәнді білдіретін әсіресе баспасөз тілінде 3-жақта жиі қолданылып жүрген -уда, -уде тұлғасы (жатыс септіктегі тұйық септіктің баяндауыш қызметінде келуі) да осы шақтың грамматикалық көрсеткіші деп беріліп жүр: ,,-да, -де формалы тұйық етістіктер осы шақты білдіргенде, дәл сөйлеу үстінде болып жатқан іс-әрекетті білдірмейді. Сөйлеп тұрған уақыттан бұрын басталған, қазірде де болып жатқан, яғни жалпы осы кездерде процесі тоқталмаған іс-әрекеттерді білдіреді" (Қ-ҚІІІ, 83)
Көсемшінің -а, -е, -й тұлғасындағы етістік жіктеліп қолданылғанда, осы шақ мағынасын білдіреді. Оны бір грамматика ауыспалы осы шақ деп берсе (ҚТГ.200), енді біреуі жалпы осы шақ (ЫА.-ҚҚТ, 342), үшіншісі ауыспалы келер шақ (М.И.-ҚҚТ, 136-140-) деп береді: құс ұшады, сиыр мөңірейді, әнші ән салады т.б. А.Ысқақов осы шақтың тағы бір түрін неғайбыл осы шақ деп береді: негізгі етістік көсемшенің -ғалы, -гелі, -қалы, -келі тұлғасынан немесе -айын, -ейін, -йын, -йін деп тұлғасынан болып, оған қалып етістіктері отыр, тұр, жүр, жатыр жіктеліп тіркесу арқылы жасалады: барғалы тұр, айтқалы жүр, көрейін деп отыр, келейін деп жатыр т.б. „Бұл форма келешекте істелмекші амал туралы ойды сөйлеп отырған кезде осы шақта жүзеге асырылатындай етіп көрсетеді" (Ы.А.-ҚҚТ, 343). Бірақ негізгі қимылды, іс-әрекетті білдіретін көмекші етістік емес, негізгі етістік қой. Ал бұндай конструкциялы етістіктерде негізгі қимыл, іс-әрекет әлі іске аспағанын көрсетеді: әлі барған жоқ, барып жатқан жоқ, тек барғалы тұр; айтқан жоқ, айтып жатқан жоқ, тек айтқалы жүр; көрген немесе көріп жатқан жоқ, тек көрейін деп отыр; келген я келіп жатқан жоқ, тек келейін деп жатыр, яғни болып жатқан қимыл, іс-әрекет емес, болудың ниеті ғана. Сондықтан бұндай үлгідегі етістікті осы шақ деп тану өте қиын.
Өткен шақ қимыл, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәттен бұрын болып кеткенін (немесе болмай қалғанын) білдіреді. Әдетте өткен шақ, жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ауыспалы өткен шақ болып бөлінеді (ҚТГ, 198-199). АЫсқақов 1) анық айғақты өткен шақ: а) -ды, -ді, -ты, -ті; ә) -ған, -ген, -қан, -кен; б) -атын, -етін, -йтын, -йтін; в) -ып еді, -іп еді, -п есі; г) -ған еді, -қан еді, -кен еді; е). -ушы еді, -уші еді, д) тұр еді, жүр еді, жатыр еді, отыр еді; 2) танық (айғақсыз) өткен шақ: -ып, -іп, -п – -ған екен, -ген екен, -қан екен, -кен екен, б)-а -да екен, -е- ді екен, -й-ды екен, -й-ді екен, 3) неғайбыл (ауыспалы) өткен шақ (а) -ар еді, -ер еді, -р еді; ә) -мақ еді, -бақ еді, -бек еді, -пақ еді, -пек еаі; б) -ғай еді, -қай еді, -кей еді, в) -са еді, -се еді; г) -са керек еді, -се керек еді; е) -са игі еді; -ар екен, -ер екен, -р екен; д) -са екен, -се екен; е) -йын деп еді, -йін деп еді; е) -йын деген екен; йін деген екен" (ЫА.-ҚҚТ, 339-340).
Айта кету керек, негізгі етістік пен көмекші етістіктен тұратын және екеуіндегі шақ көрсеткіші екі түрлі (негізгі етістік келер шақ, көмекші етістік өткен шақ) тұлғада келетін, мысалы, бар-мақ -ді (бол-ды, бол-ған), ал-ғай еді т.б., етістіктердің қай шаққа жататынын айқындау оңай емес: әңгіме негізгі етістік білдіретін қимыл, іс-әрекет болса (бару, алу), әлі орындалмағанын (келер шақ мәнін) білдіреді, әңгіме сол амал, ниеттің ойға алынуы (модальдылық) болса (еді, болды, болған), онда ол ниеттің басталып кеткенін білдіреді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   78   79   80   81   82   83   84   85   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет