С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология


Еліктеу сөздердің түрлері



бет90/97
Дата29.09.2023
өлшемі2,04 Mb.
#111873
түріОқулық
1   ...   86   87   88   89   90   91   92   93   ...   97
Байланысты:
исаев морфология

Еліктеу сөздердің түрлері. Еліктеу сөздер мағынасы жағынан айналадағы әр түрлі дыбысқа және қимылға, іс-әрекетке еліктеуді білдіруіне байланысты еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.
Еліктеуіш сөздер. Табиғаттағы заттардың қозғалуы, бір-бірімен қақтығысуы, соғылуы сияқты алуан түрлі қимыл, амал-әрекеттердің нәтижесінде әр түрлі дыбыстар пайда болады. Сол дыбыстарға еліктеуден туатын сөздер еліктеуіш (тарс етті, дар-дар айрылды, сарт-сұрт етті, тарс-тұрс ұрды, т.б.) деп аталады. Мысалы: Боз, күрең, жирен, ала, шұбар, Өтеді ауыздығын қарш-қарш шайнап (Ж.Ж.). Ырғалып қарға қарқ етті, ірімшік жерге салп етті (А). Еліктеуіш сөздер көмекші етістікпен (көбінесе ет көмекші етістігімен) тіркесіп жұмсалады. Мысалы: тырс етті, сарт етті, қыңқ етеді, топ ете түсті, қор ете қалды, гүрс ете түсті, саңқ етті, т.б. Еліктеуіш сөздер қайталанып, қосарланып та жұмсалады. Ондайда көмекші етістікпен тіркесіп, онымен бір қызметте немесе жеке тұрып қимылдың амалын білдіреді. Мысалы: тарс-тұрс етті, дүңк-дүңк етті, ырс-ырс етеді, сарт-сұрт болды, шаң-шұң болды, арс-арс етеді, шарт-шұрт сынды, пыр-пыр ұйықтайды, т.б.
Бейнелеуіш сөздер. Бейнелеуіш сөздер – табиғаттағы әр түрлі қозғалыс, әрекеттерді бейнелейтін сөздер (жалт қарады, елең етті, жалп ете түсті, қорбаң-қорбаң жүгірді, т.б.). Мысалы: Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп амандасып қалды (М.Ә). Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ең деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады (С.М.). Селк ете қалды кең далам, Селк ете қалды тау іші (Ж.Ж.).
Берілген мысалдардағы жапыр-жұпыр сөзі бірнеше адамның (аттылардың) бірінен соң бірі рет сақтамай-ақ тез-тез сәлем беруін, кілт сөзі бірден, тез тоқтауды, жалт етіп бұрылып қарауды, селк сөзі бейғам даланың (тау іші) бірден шоши қозғалуын білдіріп тұр.
Бейнелеуіш сөздер көмекші етістікпен (көбінесе ет көмекші етістігімен) тіркесіп жұмсалады. Мысалы: Жылт ете түсті, жалт қарады, қалт етті, ербең етті, т.б. бейнелеуіш сөздер қайталанып, қосарланып, көмекші етістікпен тіркесіп жұмсалады. Мысалы: маң-маң басты, жалт-жұлт етті, жылт-жылт етті, жарқ-жұрқ етті, далаң-далаң жүгірді, қызараң-қызараң етті, қиқаң-қиқаң етті, ербең-ербең етті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   86   87   88   89   90   91   92   93   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет