Қосымша морфемалар - өз алдына жеке тұрып ешбір мағына бере алмайтын, тек түбір морфемаларға қосылып, оған әр түрлі қосымша мағыналар үстейтін морфемалар. Демек, қосымша морфемаларда не мағыналық, не тұлғалық, не қолдануда дербестік болмайды, оның мән-мағынасы, қызметі түбір морфеманың ыңғайында ғана ашылып, анықталады. Ол тек түбірге жалғанып қолданылатындықтан, түбір морфеманың дыбыстық ерекшелігіне лайық әуеніне еріп, өзгеріп, нұсқаланып, түрленіп отырады. Сондықтан да бір қосымша морфеманың бірнеше дыбыстық нұсқасы болады. Мысалы, көптік жалғаудың -лар, -лер,- дар,- тар, -тер (6 нұсқасы), ал сөйлеу тілінде одан да көп – ерін үндестігіне байланысты ңұсқалары 1-жақ тәуелдік жалғаудың -ым, -ім, -м (3 нұсқа), сын есім тудырады деп танылып жүрген қосымшаның -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті (6 нұсқа) нұсқалары араларында не мағыналық, не қызметтік, не стильдік айырма жоқ.
Сондай-ақ түбір морфема дербестігімен, атап айтқанда, қосымша морфемаға қарағанда мағыналық, қолданыстық, тұлғалық дербестігі арқылы ерекшелінеді. Бұл – түбірдің мағыналық дербестігі. Тұлғалық дербестігі де оның дыбыстық өзгеріске түспей, керісінше оның дыбыстық сипатына қарай қосымша морфеманың құбылып, әр нұсқада жалғануы болып табылады. Сондай-ақ түбір морфема осындай дербестігімен бірге жалқылығымен де ерекшеленеді. Ал қосымша морфемада жалқылық болмайды, белгілі бір грамматикалық топқа тәндік байқалып отырады. Мысалы:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін Жоқ – барды, ертегіні термек үшін. (А.) Осындағы жаз -ба -й -мын, өлең -ді, бар-ды, ертегі -ні, тер -мек сөздері осындай бірнеше морфемадан тұрады. Мұндағы қосымша морфемалар тек осы сөздерге ғана емес, сол тектес басқа да көптеген сөздерге жалғана алады: жаз-ба-й-мын -қаз-ба-й-мын, бар-май-мын, айт-пай-мын т.б. Өлең-ді, сөз-ді, үй-ді т.б. тер-мек, бер-мек, сөй-ле-мек т.б. Морфемалардың түр-түрлеріне тән өзіндік ерекшеліктері болады. Ең алдымен түбір морфемалар мен қосымша морфемалардың қосылуында кездейсоқтық болмайды, ол белгілі заңдылыққа сүйенеді де, жүйе құрайды. Бір тектес қосымша морфемалар грамматикалық қасиеттері бірыңғай, біркелкі түбір морфемаларға жалғана алады. Мысалы, болымсыздықты білдіретін -ма, -ме, ба-, -бе, -па, -пе, шарттылықты білдіретін -са, -се, шақтық мағынаны білдіретін -ған, -ғен, -қан, -кен, -ды, -ді, -ты, -ті, т.б. қосымша морфемалар тек қимылды білдіретін сөздерге және қимылды білдіретін сөздердің баршасына (етістіктерге), ал меншіктік-тәуелдікті білдіретін -ым, -ім, -м, -ың, -ің, -ы, -і, -сы, -сі, тура объектіні білдіретін -ды, -ді, -ты, -ті, -н, т.б. зат атауын білдіретін және барлық зат есімдерге, тағы сондай сөздерге ғана жалғана алады, керісінше жалғанбайды. Өйткені тілдің талай ғасыр даму барысында негізгі сөздің мағыналық топталу ерекшеліктеріне байланысты, олардың өзгеруі, түрлену жүйесі қалыптасып, тұрақталуы, сол жүйелердің көрсеткіштері болып саналатын, грамматикалық мағынаны білдіретін тұлғалар мағыналық жағынан сұрыпталып, белгілі топтағы, грамматикалық қасиеті жағынан бірыңғай, бір тектес сөздерге жалғануға икемделіп қалыптасады.
Негізінен алғанда, түбір морфема жалқы болып келетіндіктен оған қанша қосымша морфема қосылса да, сыртқы тұлғасын өзгертпейді, ал керісінше, қосымша морфема түбірдің тұлғалық ерекшелігіне сай формасын өзгертіп отырады: бар-ған, айт-қан, көр-ген, бала-ның, хат-тың, іні-нің т.б. Кейінді ықпал заңы бойынша қ, к, п, дыбыстарына біткен сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда қ дыбысы ғ-ға, к дыбысы -г-ге, п я б-ға, я у-ға айналып кетуі түбірдің тұлғалық дербестік сипатына, қосымша морфеманың дербестігі жоқтығына нұқсан келтірмейді. Тек кейде тілдің даму барысында негізгі түбірдің өлі түбірге айналуына байланысты кейбір дыбыстық өзгерістер, деформациялар болуы мүмкін, бірақ олардың өзгерісінде қосымша морфемалар тікелей рөл атқармайды.
Қосымша морфема қай түбірге және қанша түбірге жалғанса да, олардың әрқайсысына жаңа - әр түрлі мағына үстемейді, жалпы бір түрлі грамматикалық мағына үстейді: кел-ді, көр-ді, сөй-ле-ді, оқы-ды, және мал-дар, үй-лер, ауыл-дар. Бұлардың әрқайсысы әр мағынадағы сөз болғанмен және оларға үстелген қосымшалардың дыбыстық ерекшеліктері болғанмен, оларға қосымша бір түрлі грамматикалық мағына үстеген, ол – қимылдың жаңа ғана болуы (шақтық мағына) және заттың көптігі.
Бір түбір морфемаға кейде бір емес бірнеше қосымша морфема қосыла алады. Ондайда сөзге (түбірге) қосымша морфемалардың жалғану тәртібі белгілі қалыптасқан дәстүр бойынша және тілдің тұрақтанған негізінде болады:
оқы-т-у-шы-лар-ымыз-да-ғы, айт-ыл-ған-дық-тан т.б. Бұндағы қосымша морфемаларды керісінше етіп тізбектеуге бола бермейді, өйткені бұл мағынаны білдіретін осы сөзді құрауда әрбір қосымша морфемалардың өзіне тән тиісті мән-мағынасы, алатын орны, атқаратын қызметі бар. Қосымшалардың тұлғалық сипаты келесі тақырыпта арнайы сөз етіледі.
Түбір морфеманың мағынасы нақтылы, ол мағына түбірдің тікелей өз бойында және өзі дербес болса, қосымша морфеманың мағынасы тым жалпы, тек сөздің құрамында ғана анықталады, түбір білдіретін мағынаға ғана негізделеді, олар дербес қолданылмайды. Осымен байланысты тілімізде түбір морфемалар сан жағынан қосымша морфемадан әлдеқайда көп.
Тарихи жағынан бұл екеуі де жетіліп отырады, олар көбейіп, өзгереді. Кейбір морфемалар тілімізден шығып қалса, кейбір морфемалар екінші бір морфемамен қосылып кетіп, өлі морфемаға айналады: уан, -уат, -оят, -оян, -ұзын, -ұзақ, -қызыл, -қыздар, барғаннан соң -барған соң -барғасын, шейін -ша/ше т.б. Қосымшалар белгілі топтағы сөздерге жалғанады, олардың өз ішінде де мағыналары мен қызметтері бірдей емес. Біразы өздері жалғанған сөздерге жаңа лексикалық мағына үстесе (жылқы-шы, апта-лық, шеге-ле, біл-ім) сөйтіп, сөзжасам тәсілінің бір түрі болып танылса, енді біразы сөздің мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, таза грамматикалық мағына үстеп, ол сөзді басқа сөзбен байланыстырып тұрады. Осындай мағыналары мен қызметтеріне қарай қосымшалар көпшілік грамматикаларда жұрнақ – жалғау болып бөлініп жүр. Демек, морфемалық құрамы жағынан түбір, қосымша (жалғау, жұрнақ), сөз деген бөліктер мен ұғымдар болады. Бұлардан басқа кейбір еңбектерде сөз, туынды түбір деген ұғымдармен сәйкес келетін негіз (сөздің негізі) деген термин де аракідік қолданылып жүр. Сондай-ақ мағыналық жағынан қосымша морфемалардың яғни қосымшалардың өз ішінде омонимдік, синонимдік, антонимдік, моносемиялық – полисемиялық сипаттары, құрамы жағынан жалаң және күрделі, құрамы, шығуы жағынан төл және кірме қосымшалар бар екенін ескерткен жөн.