Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар шығару немесе сату, жұмыс орындау не қызмет көрсету (269-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-халықтың денсаулығы, қосымша тікелей объект-тұтынушылардың мүліктік құқығы, қауіпсіздігі. Қылмыстың, заты-тұтынушылар өмірінің немесе денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін тауар, жұмыс орындау, не қызмет көрсету, сол сияқты аталған тауарлардың, жұмыстың немесе қызметтің қауіпсіздік талаптарына сай келетіндігін куәландыратын ресми құжат. Тауар-тұтынушылық құны бар, сату үшін өндірілген еңбектің өнімі. Жұмыс-құрылыс, жөндеу немесе басқа нәрселерді жасау немесе өңдеуге байланысты өндірістік қызмет. Қызмет көрсету-тұрғындарға тұрғын-үй, коммуналдық, тұрмыстық, медициналық және басқа да көмек көрсету арқылы біреуге пайда келтіретін әрекеттер.Шығару деп-өндірушілердің тауарларды тікелей тұтынушыларға беруін базарларға, магазиндерге, сауда орындарына өткізуін айтамыз. Сату деп сертификаты жоқ тауарларды немесе жалған сертификатпен тауарларды белгілі бір ақыға өткізуді айтамыз. Жұмыс орындау деп-адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін өндірістік қызмет немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуді айтамыз. Мысалы, тұрғызылған тұрғын жай санитарлық нормаға сай емес, жөнделген зат сапасыз. Қызмет көрсету деп-белгілі бір коммуналдық, тұрмыстық, почта-телеграф, қонақжайлық қызметтерді атқаруды айтамыз. Аталған тауарлардың, жұмыстың немесе қызметтің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтіндігін куәландыратын ресми құжат беруге-мемлекеттік стандартқа сай келмейтін әр түрлі құжаттар, тұтынушыларға лицензиялар; талондар, кепілді квитанциялар беру жатады. Қылмыстың объективтік жағының міндетті белгісі көрсетілген әрекеттердің адам өміріне зиян келтіруі болып табылады. Зиян денсаулыққа, жеңіл, орта, ауыр жарақат келтіру, адамды дертке ұшыратумен ұштасуы мүмкін. Жоғарыда көрсетілген әрекеттер мен орын алған зардаптың арасында себепті байланыс болуы қажет. Қылмыс құрамы—материалдық. Қылмыс субъективтік жағынан кінәлының абайсыздық нысанында жүзеге асырылады. Қылмыстың субъектісі-жалпы, 16-ға толған адам.
Достарыңызбен бөлісу: |