Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі курсының пәні дегеніміз-қылмыстың жеке түрлерін қылмыстық жауаптылық белгілеу және осы қылмыстың белгілерін, оларға тиісті жазаны анықтайтын нормалардың мазмұнын ашу болып табылады.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларының нақты мазмұнын ашудың түпкі мәні олардың әлеуметтік-саяси бағытын анықтау болып табылады. Мұндай бағыттарды анықтау үшін ең алдымен қылмыстық заң нормаларын қабылдаудың қажеттіліктері мен себептерін, қылмысқа қарсы күресте осы қабылданған заңдардың атқаратын қызметі, қылмыстық іс-әрекеттердің қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтау, қылмыстық құбылыстың себептері мен оған жол беретін жағдайларды зерттеу қажет.
Мысалы, Қылмыстық құқықтағы банкроттық деген құрамның мазмұнын ашу үшін ең алдымен осы норманы қабылдаудың қажеттілігін, осы құрамның қоғамға қауіптілік дәрежесін, мемлекет, қоғам үшін осындай іс-әрекетті жасаудың зардабының мазмұнын ашу керек. Сонда ғана бұл қылмыс түрінің құрамына ғылыми анықтама беріледі. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын оқығанда оны формальды-тоғышарлық әдіспен пайдалануға ешқандай да жол берілмеуі керек.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын Жалпы бөлім нормаларымен байланыссыз, жеке дара, оларды әлеуметтік-саяси бағыттарынан тысқары, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайынан мүлдем сыртқары түрде зерттеу-формальды-тоғышарлық әдіс болып табылады. Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімін формальды-тоғышарлықпен оқып білуге, зерттеуге үзілді-кесілді тыйым салыну керек.
Сонымен бірге Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің нормаларын оқып үйренуде нигилистік көзқарастарға жол берілмеуі керек.
Нигилистік көзқарастар қылмыстың құрамының белгілерін өзінше, заңға байланыссыз талқылау немесе арнаулы қылмыстық заң нормалары жоқ болғанына қарамастан, соған ұқсас басқа заңдармен қылмыстық жауапқа тартуды көздейді. Мұндай көзқарас заңдылық принципіне мүлдем қайшы.
Сондықтан да ҚР ҚҚ Ерекше бөлімінің нормаларын оқып үйренуде осындай жат көзқарастарға мүлдем жол бермеу маңызды мәселенің бірі болып табылады.