Көліктегі қылмыстардың жеке құрамдары. Темір жол, әуе немесе су көлігі қозғалысы мен оларды пайдалану қауіпсіздігінің ережелерін бұзу (295-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-нақты көлік құралы түрінің жол қауіпсіздігі және пайдалану ережесі. Қосымша тікелей объектісі-заңның диспозициясында көрсетілген зардаптың түріне байланысты-адамның денсаулығы болады. Қылмыстың заты-көліктің 4 түрі: темір жол, әуе, теңіз және су көліктері. Темір жол көлігіне-рельсті көлік құралдары (локомотив, вагондар: жартылай вагондар, платформалар, цистерналар) метролар, тар табанды темір жолдар, және арнаулы бағыттағы темір жолдар, дыбыс беру және байланыс құралдары) бағдаршамдар, телефон линиясы, жолдардағы құрылыстар (көпірлер, құбырлар, туннелдер) жатады. Өндірістік қызметтер атқаратын шахталардағы рельсті көлік, цех ішіндегі электрлендірілген көліктер (электровоз, вагонетқалар) темір жол көлігіне жатпайды. Бұл көліктерді пайдалану ережесін бұзу өндірістік, техника қауіпсіздігі немесе басқадай еңбек қорғау ережелерін бұзғандық (көлік қылмыстары емес) болып табылады. Әуе көлігіне адам немесе жүк тасуға арналған азаматтық авиациялар және азаматтық әуе кемелерінің барлық құралдары (ұшақ, тік ұшақ, планерлар, аэростаттар, дирижабильдер, гидроұшақтар) жатады. Теңіз көлігіне-ірі немесе шағын теңіз кемелері, пароход, теплоход және теңіз көлігі құралдарының барлық түрлері жатады. Өзен көлігіне- шағын өлшемді өзен кемелері, пароходтар, теплоходтар, катерлер, моторлы қайықтар және өзен көлігі құралдарының барлық түрлері жатады. Бұл қылмыстың объективтік жағы: а) нақты көлік құралы түрінің жол қауіпсіздігі және пайдалану ережесін бұзатын іс-әрекеттер (әрекет немесе әрекетсіздік); б) қылмыстың зардабы-адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтірілуі;
в) іс-әрекет пен орын алған зардаптың арасындағы себепті байланыс арқылы сипатталады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі ережесін бұзу көлікті жүргізудің белгіленген ережелерін орындамау немесе шала орындау әрекеттері арқылы көрініс табады. Мысалы: жылдамдықты арттыру, бағдаршамның өтуге, қозғалуға тыйым салған талабын бұзу, ұшу маршруттарын сақтамау т.с.) Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуға-көлік құралдарын техникалық ақауларымен пайдалануға шығару, оларды мақсатсыз пайдалану, мас күйіндегі немесе көлікті жүргізуге құқығы жоқ адамды көлік құралын жүргізуге жіберу, көлікке артық жүк тиеу немесе артық жолаушылар отырғызу сияқты әрекеттер жаатады. Көліктің тиісті түрін пайдалану ережелері арнаулы ведомстволар арқылы бекітіледі және оның орындаушыларға дер кезінде белгілі болуы шарт.Заң бапта көзделген (295-бап 1,2,3-тармақтары) зардаптардың тууына көрінеу қауіп төндірген жағдайды көрсетіп отыр, яғни бұл қылмыс құрамы формальдық, көрінеу қауіп төндірген сәттен бастап қылмыс аяқталған деп саналады. Қылмыс субъективтік жағынан жол қозғалысы мен қауіпсіздік ережелерін бұзу жөнінде де және одан туындайтын зардап жөнінде де тек абайсыздықпен істеледі. Қылмыстың субъектісі арнаулы: есі дұрыс, қылмыс істеген кезде 16-ға толған, орындайтын жұмысына немесе атқаратын қызметіне байланысты заңда көрсетілген ережелерді сақтауға міндетті адам (диспетчер, көлік капитаны, экипаж командирі, ұшқыш, көлік жүргізуші т.с.с).
Достарыңызбен бөлісу: |