Дәрігерлік құпияны жария ету (144-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-дәрігерлік құпияны қамтамасыз етуді реттейтін қоғамдық қатынастар. Қылмыстың жәбірленушісі-сырқатқа ұшыраған пациент. Қылмыс объективті жағынан әрекетсіздік арқылы пациенттің сырқаты немесе медициналық куәландыру нәтижелері туралы мәліметті кәсіптік немесе қызметтік қажеттіліксіз жария ету арқылы жүзеге асырылады. Арнаулы нормативтік-құқықтық актілер дәрігерлік құпияның жария етілмеуін реттейді. Бірақ-та оны сақтауға міндетті адам ондай құпияларды ешбір негізсіз жария етеді, яғни әрекетсіздікке жол беріледі. Қылмыс құрамы формальдық, ал дәрігерлік құпия жария етілген сәттен бастап аяқталған деп танылады.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақаналықпен істеледі. Қылмыстық ниет-әр түрлі болуы мүмкін: кек алу, қызғаныш немесе басқадай арам пиғылдар.
Қылмыстың субъектісі-арнаулы медициналық қызметкер (дәрігер, медбике, фельдшер, т.с.с.).
Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу (145-бап)
Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі. Қылмыстың тікелей объектісі-тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастар. Қылмыс объективтік жағынан тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс басып кіру арқылы көрініс табады. Тұрғын үйге басып кіру біріншіден заңсыз болуы қажет. Екіншіден басып кіру деп ашық немесе жасырын түрде онда тұратын адамның еркінен тыс тұрғын үйге кіруді айтамыз. Тұрғын үйге-адамдардың түпкілікті немесе уақытша тұратын жеке үйлері, пәтерлері, бөлмелері, қонақүйдегі бөлмесі, саяжайы, бағбаншылық үйшігі, сондай-ақ демалатын, зат қоятын қосымша жайлары жатады. Қылмыс формальдық құрамға жатады және ол тұрғын үйге онда тұратын адамның еркінен тыс жағдайда басып кірген сәттен аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам тұрғын үйге заңсыз кірудің қоғамға қауіптілігін сезеді және соны жүзеге асыруды тілейді. Қылмыстық ниет сан алуан болуы ықтимал. Қылмыстың объектісі-16-ға толған есі дұрыс кез келген адам. Күш қолдануға ұрып-соғып, сабап, дене жарақатын салу, жәбірленушіні байлап тастау арқылы үйге заңсыз кіру жатады. Күш қолданамын деп қорқытуға жоғарыда көрсетілген зорлық әрекеттерді істеймін деп психикалық қысым жасау арқылы жәбірленушінің қарсылығын жоюға бағытталған әрекеттер жатады. Қорқыту нақты және шын жүзеге астындай болуы керек. Түн ішінде тұрғын үйге заңсыз кіру тұрғын жайға ешкімнің тимеуін өрескел бұзу болып саналады. Заңсыз тінту деп заңда көрсетілген негіздерсіз заңсыз тінту жүргізіп, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарын өрескел бұзғандықты айтамыз. Біреуді үйінен заңсыз шығарып тастау деп тұрғын үй заңына қарсы әрекеттер жасап, соттың шешімінсіз немесе прокурордың санкциясынсыз отырған үйінен заңсыз шығаруды айтамыз. Ауыр зардаптарға жәбірленушінің ауыр дене жарақатын алуы, есі ауысқан ауруға шалдығуы, оларға ірі материалдық моральдық зиян келуі, тағы сол сияқтылар жатады. Қылмыс материалдық құрамға жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |