Көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзгедей сот актісін шығару (350-бап)
Қылмыстың объектісі-сот жүйелерінің бір қалыпты қызметі, әділсоттылық мүддесі, оның беделі. Қосымша тікелей объект-жәбірленушінің, заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары. Қылмыстың затына-сот үкімі, шешімі немесе өзге де сот актісі (қаулы, қорытынды) жатады. Объективтік жағынан бұл қылмыс тек әрекет арқылы істеледі. Құрылысы жөнінен қылмыс формальдық құрамға жатады және ол судьяның (судьялардың) көрінеу әділетсіз сот өкімін, шешімін немесе өзгедей сот актісін шығарған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Істің жағдайларына және материалдық немесе іс жүргізу заң талаптарына көрінеу қайшы шығарылған сот актілерін әділетсіз үкім, шешім немесе өзге де сот актісін шығару деп түсінген жөн. Бұлар қылмыстық іс бойынша сот үкімінің жиналған дәлелдемелерге сай емес жағдайда шығарылуы, қылмысты дұрыс сараламау, әділетсіз жаза шараларын белгілеу, істі сотталушының сыртынан қарау, оны қорғану құқығынан айыру, заңсыз сот құрамымен істі қарау т.с.с. арқылы, ал азаматтық істер бойынша талапты негізсіз қанағаттандырмау немесе дәлелдемелері жоқ талапты қанағаттандыру, істі заңсыз өндірістен қысқарту немесе оны қарамай тастау, келтірілген зиянның мөлшерін орынсыз ұлғайту немесе азайту, негізсіз жұмысқа қайта орналастырудан бас тарту арқылы көрініс береді. Әкімшілік-құқықтық қатынастардан пайда болатын істер бойынша да әділетсіз сот актілері орын алуы (мысалы азаматтардан салық түрін заңсыз өндіру, әкімшілік орындарының немесе лауазымды адамдардың теріс әрекеттері туралы азаматтардың шығынын қанағаттандырмай тастау т.с.с.) мүмкін. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Мұның өзі заңның мазмұнынан тікелей туындап отыр. Онда «көрінеу әділетсіз сот үкімін, шешімін, өзгедей сот актісін шығару» деп тура көрсетілген. Қылмыстық ниет (пайдакүнемдік, кек қайтару, өзара қатынастардың қайшылығы, қара ниеттік т.с.с.) болуы мүмкін. Пара алған жағдайда әділетсіз үкім шығару-қылмыстардың жиынтығын құрайды. Заңсыз үкім, шешім немесе өзгедей сот актілері судьяның көрінеу кәсіптік біліктілігінің жеткіліксіздігінен дәлелдемелерді дұрыс бағаламаудан, іске салақтықпен қарау салдарынан, яғни сот қателігіне жол берілуіне байланысты орын алса, онда істің нақты мән-жайларына қарай кінәлы адам тәртіптік жазаға немесе қылмыстық салақтық үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Қылмыстың субъектісі арнаулы-көрінеу заңсыз үкім, шешім немесе өзгедей сот актісін шығарған барлық сот инстанцияларының судьясы.
Достарыңызбен бөлісу: |