Сот төрелігін жүзеге асыруға немесе алдын ала тергеу жүргізуге байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері (341-бап)
Бұл қылмыс Қылмыстық кодекстің 339-бабында көрсетілген құрамға объектісі, жәбірленушісі бойынша ұқсас. Бұл екі құрамның айырмашылығы әділсоттылықты жүзеге асыруға кедергі келтіру тәсіліне ғана байланысты. Қылмыс құрамының объективтік жағының құрылысы формальдық, ол Қылмыстық кодекстің 341-бабының 1 және 2-тармақтарының диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін (өлтіремін деп, денсаулыққа зиян келтірумен, мүлкін бүлдірумен немесе жоюмен қорқыту) істеген немесе күш қолдану әрекеттерін жасаған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыстық кодекстің 341-бабының 1 және 2-тармағында алдын ала тергеу жүргізілуіне, істің немесе материалдардың сотта қаралуына, не үкімнің орындалуына, соттың шешіміне немесе өзге сот актілеріне байланысты судьяға, прокурорға, тергеушіге, алдын ала анықтауды жүргізуші адамға, қорғаушыға, сараптаушыға, сот приставына, соттың атқарушысына, сол сияқты олардың туыстарына қатысты өлтіремін, денсаулыққа зиян келтіремін, мүлкін бүлдіремін немесе жоямын деп қорқытқаны үшін жауаптылық белгіленген. Мұндай қорқыту нақты жүзеге асырылатындай негіз болуы шарт. Қорқытудың нақты орын алатындығы істің нақты жағдайларына, қорқыту тәсілі, жәбірленуші мен кінәлының ара қатынасы, кінәлының бұдан бұрыңғы мінез-құлқы, оның мінездерімен байланысты анықталады. Қылмыс қорқыту әрекеттері орын алған уақыттан бастап (заңда көзделген адамдарға оның әсер еткеніне немесе әсер етпегеніне қарамастан) аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Кінәлы адам баптың диспозициясында тізбектеліп көрсетілген жәбірленушілерге арнайы қорқыту білдіргенін сезеді және соны жүзеге асыруды тілеп әрекет істейді. Осы қылмыстың субъективтік жағының міндетті белгісі-қылмыстың мақсаты заңда көрсетілген жәбірленушілерді кінәлының беттеген әрекеттерін істеуге мәжбүр етуі болып табылады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.
Достарыңызбен бөлісу: |